Тікелей эфир

"Көрші ғана емес, тату досқа айналдық": Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы не берді

Фото Ғазиза Ұзақтың жеке мұрағатынан алынды
Фото Ғазиза Ұзақтың жеке мұрағатынан алынды
Журналист Ғазиза Ұзақ Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бүгіні мен болашағы туралы

2024 жыл Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы аясында өтсе, 2025 жыл – Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Өткен жылы екі ел арасындағы туризмнің дамуы осы жоғары қарқын алды. Айталық, қазақстандықтардың Қытайға сапары бірден 31 пайызға артса, керісінше ҚХР тұрғындарының біздің елімізге сапарлауы 50 пайызға өсті. Бұған, әрине екі ел арасындағы тату көршілік саясат пен визалық талаптардың жеңілдетілуі жол ашты. 

Осы орайда БАҚ өкілдеріне арналған CIPCC халықаралық бағдарламасы аясында әлемнің 84 елінен Қытайдағы оқу және тәжірибе алмасу, мәдени байланыстарды күшейту бағытындағы шараларға Қазақстан атынан қатысқан журналист Ғазиза Ұзақпен сұхбаттастық. 


– Ғазиза, сіз Қытайдағы оқудан таяуда ғана оралдыңыз. Көрші ел туралы сапарға дейінгі және кейінгі ой-пікіріңізде айырмашылық бар ма?

– Әрине, бар. Сапар бар болғаны 4 айға созылса да, мен елге мүлде басқа адам болып оралғандаймын. Мерзімі қысқа болды демесеңіз, әрбір күніміз әрі жаңа, әрі қызықты, әрі білім рухани көкжиегіңді кеңейтетін шараларға толы болды. Бұл ретте, әлемнің жүзге жуық елінен келген әріптестермен CIPCC халықаралық бағдарламасына қатысқаныма қуаныштымын. 

Енді Қытайдан алған әсерім туралы айтайын. Біздің еліміз бен Қытай арасындағы байланыс жылдар емес, ғасырлармен есептеледі. Біз көрші ғана емеспіз, біз бүгінде тату достық қарым-қатынасты жолға қоя білген елдерміз. Ұлы Жібек жолы біздің дархан даламыз арқылы өткен, ғасырлар бойы халықтарымыз сауда, саяси-мәдени байланыстарды дамытып, тіпті кейбір дәстүрлеріміз де біте қайнасып кеткен. 

Сондықтан, сапарға дейін мен Қытайды тарихы бай, дамуы қарқынды, әлемдік аренадағы экономика мен саясатқа күшті ықпалы бар ел ретінде білетінмін. Рас, Қазақстанда мен сияқты Қытайдың экономикалық жетістіктерінен, оның мәдени мұраларынан хабардар адам көп. Дегенмен, біз елдің күнделікті өмірін, көпке беймәлім тұрмыс-тіршілігін, заманауи инновациялық жетістіктерін біле бермейміз. Міне, бұл тұрғыда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Қытай туралы көбірек жазса, ел ішіндегі жаңсақ түсініктер жойылып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен қарым-қатынас күшейер еді деп ойлаймын. 

Оның үстіне, қазір екі ел арасында қатынауға виза қажет емес. Шекарадан еркін өтіп, Қытайға саяхат жасап, өз оқырмандарымызға қызықты материалдар ұсынуға мүмкіндігіміз мол.  

Фото Ғазиза Ұзақтың жеке мұрағатынан алынды

Оқи отырыңыз: 2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді


– Қытай халқының дәстүрлері мен күнделікті тұрмыс-тіршілігін қозғап өттіңіз. Біздің мәдениетімізбен қандай ұқсастығы мен айырмашылықтарын байқадыңыз?

– Қытайға сапар маған бұл елде дәстүр мен инновациялардың қалай терең үйлесіп жатқанын түсінуге көмектесті. Қытай және қазақ мәдениеті қонақжайлылық, отбасылық қарым-қатынас және табиғатқа қамқорлық тұрғысынан қабысып жатыр. Алайда, өнер, тамақтану мәдениеті және салт-дәстүрде әр халықтың өзіне ғана тән ерекшеліктері көп. Дәл осы айырмашылықтар екі елдің мәдени байланыстары мен серіктестігін дамытуға берік негіз бола алады деп есептеймін. 

Есте қалар ең ерекше оқиғалардың бірі – ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен ҚХР сыртқы істер министрі Ван И мырзалардың қатысуымен өткен шара болды. Бұл кездесулерге куә болу мені ерекше әсерге бөледі және сол кезде біздің елдеріміздің байланысы қаншалықты тығыз екенін түсіндім. Сондай-ақ, әлемнің әр қиырынан келген әріптес журналистер арасынан көптеген дос тауып, Қытайға олардың көзімен де қарауға мүмкіндік алдым. 

CIPCC бағдарламасына қатысқан әрбір журналист Қытайды танып қана қоймай, басқа да елдердің мәдениеті мен тұрмыс-салтымен танысты. 84 елден келген журналистердің әрбірі өз мемлекетінің айнасына айналып, сол айнаға үңілу арқылы таным көкжиегіміз кеңейді. Біз арқылы әлем елдері де қазақстандық мәдениет, қоғам және журналистика жайлы біршама хабардар болды деген үміттемін.  


Оқи отырыңыз: Елші Цзян Вэй: Қазақ пен қытай қарым-қатынасының басты өзегі – ғасырлық достық


– Қазақстан мен Қытай арасындағы экономика өте тығыз байланысқа ие екенін атап өттіңіз. Дегенмен, экономиканың ауқымы жөнінен алшақтықтар көп. Бұл ретте Қазақстан Қытайды және керісінше Қытай Қазақстанды қалай қабылдайды? 

– Қазақстан мен Қытай экономикаларының ауқымына қарамастан, расымен тығыз экономикалық байланыстарды дамытып отыр. Бұл байланыстар өзара сыйластық пен әріптестікке жол ашады. Қазақстан Қытайға стратегиялық серіктес ретінде қарап, инфрақұрылым, энергетика және логистика салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Біз Қытайды жоғары технологиялар, сапалы тауарлар және бай мәдениет елі ретінде қабылдаймыз.  

Өз кезегінде Қытай Қазақстанды "Бір белдеу, бір жол" бастамасының маңызды бөлігі ретінде, тарихы мен пайдалы ресурстары бай және бастысы әріптестікті дамытуға әлеуеті зор ел ретінде бағалайды. Қытайлықтар қазақстандықтардың қонақжайлығы, ашықтығын және өзара тиімді байланыстар орнатуға дайын екендігін ерекше атайды. Екі ел де бір-бірін сенімді серіктес ретінде қабылдайды, бұл – біздің халықтар арасындағы сенімді арттыру жолындағы маңызды жетістік. 

Бағдарлама шаралары аясында менімен танысқан жергілікті тұрғындар Қазақстаннан екенімді білгенде, ерекше ықылас танытқаны қуантты. Олар біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты жақсы сөзбен еске алып, екі ел арасындағы халықаралық қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті. Тағы бір байқағаным, Қытайдың қарапайым тұрғындары арасында Қазақстан туралы танып-білуге деген қызығушылық жоғары. 

Бейжің орталығындағы Абай ескерткішіне барғанда да ерекше әсер алдым. Бұл – үлкен құрметтің белгісі. Жүрген жерімде қазақстандық және қытайлық композиторлар Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы жайлы айтып жүрдім. Бұл әңгімеге қызығушылық танытқандар өте көп болды. 

Журналист Ғазиза Ұзақ және ҚХР сыртқы істер вице-министрі Хуа Чуньин. Фото Ғазиза Ұзақтың жеке мұрағатынан алынды

– Қытай – географиялық тұрғыдан Қазақстанды басып озатын санаулы елдің бірі. Қанша және қандай қалаларында болып үлгердіңіз? 

– Қытайдағы естен кетпес 4 айда 11 қалада болдым. Олар: Бейжің, Шанхай, Ханчжоу, Сяошань, Сиань, Хух-Хото, Иньчуань, Нинбо, Чэнду, Лянчжу, Анцзи, сондай-ақ Тяньчи аралы. Олардың әрбірі менің жүрегімде терең із қалдырды. 

Бейжіңде Ұлы Қытай қабырғасына үш мәрте көтерілсем, Ханчжоудағы Батыс көлінің сұлулығы тамсандырды. Ал Шаосин мені шай плантацияларының әлеміне сүңгітті. Чэндуда сүйкімді пандалармен танысып, хогоның дәмін таттық. Хух-Хото мен Нинбода ондаған шақырым жолды велосипедпен жүріп өттім. Мұның бәрін неліктен тізбелеп отырмын? Айтпағым – әрбір қала бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Қытай – бір ел болғанымен, әр өңірінің мәдениеті әркелкі және Қытайды тану үшін оның бәрімен де танысу қажет.  

Ішкі Моңғолияның көрнекі жерлерін аралау кезінде бізге ұлттық киімдерді киіп көруге ұсынды. Моңғолдар – бізге жақын халық. Сондықтан, ұсынысқа ерекше қуанып, олардың ұлттық киімін киіп, айналамдағы жандарға "Міне, мен енді Бөртемін" дедім. Оның сырын сұрағандарға жауабым дайын еді: Ұлы Шыңғыс хан мен оның қазақтың сұлу қызы Бөртемен арадағы әдемі махаббат оқиғасын баяндап бердім. Бұл оқиға шетелдік журналистер мен қатар, жергілікті тұрғындарды таң қалдырып, қызығушылығын оятты.

Моңғол халқының ұлттық киімі. Фото Ғазиза Ұзақтың жеке мұрағатынан алынды

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қытай білім саласында бірлескен жобалар жасайды


– Қазақстан мен Қытай қандай бағыттарда әріптестікті дамыта алады деп ойлайсыз?

– Біздің елдер үшін жасыл технологиялар, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында әріптестікті тереңдету мүмкіндіктері мол. Қазақстан үшін Қытайдың урбанизация мен технологиялар салаларындағы тәжірибесін зерттеу пайдалы болар еді. Сол секілді Қытай үшін тұрақты энергетика салаларындағы қазақстандық зерттеулер мен тәжірибелер артық болмайды. Екі ел арасындағы мәдени байланыстарды да күшейту халықтар достығын дамытуда маңызды рөлге ие. 

– Сіздің сапар аясындағы репортаждарыңыз қазақстандықтардың Қытай туралы пікірін өзгертті деп ойлайсыз ба? Кері байланыс болды ма?

– Иә, менің оқырмандарым арасындағы қызығушылық танытып, оң пікірін айтқандар көп. Көп адам Қытайдың мәдениеті, технологиялары және білім алу мүмкіндіктері жайлы сұрап жатты. Соған сай, оқырмандарыма сұранысына орай ақпарат беруге тырысып отырдым. Екі ел арасындағы "достық көпірін" нығайтуға әлі де күш саларым анық. 

– Болашақта Қытайға тағы да барар ма едіңіз? Бұл елмен байланысты жаңа жоспарларыңыз бар ма?

– Мен атақты француз киім модельері Кристиан Диордың сүйікті моделі, Азия елдерінен шыққан алғашқы сән саласының аруы, қазақ қызы Алла Ильчун дүниеге келген Харбинді көргім келеді. Оның әкесі  Қуанхан Елшін ол жақта темір жол құрылысына қатысқан. Демек, ол кісі секілді біршама қазақ ұлтының өкілдері Харбин қаласының құрылысына өз үлестерін қосқанын біреу білсе, біреу білмес. Жақын жылдары белгілі композитор Бақытжан Байқадамов пен Син Синхайға арналған ескерткіш орнатқан Гуанчжоудың көшелерін аралауды армандаймын. Синьцзянға барып, жергілікті тұрғындармен бірге қазақтың дәстүрлі әндерін шырқау да ойымда бар. Қытайға әрбір сапар – бұрынғыға ұқсамайтын жаңа әсер сыйлайды, сондықтан иә, бұл елге баруға мүмкіндік туса, құр жібермеймін. Тіпті, егер маған CIPCC бағдарламасына қатысуға тағы мүмкіндік берсе де, одан бас тартпас едім. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қытай өзара тауар айналымын екі есеге арттырады


Фото Ғазиза Ұзақтың жеке мұрағатынан алынды

– CIPCC бағдарламасы сіздің кәсіби жолыңыз – журналистикадағы бағыт-бағдарыңызға әсер етті ме?

– Мен журналистикаға жұмыс ретінде қарамаймын. Бұл – менің миссиям. Біз – сұрақ қоятын, шындықты іздеп табатын және сол арқылы адамдардың басын қосатын халықпыз. Ал ақпараттан қуатты ештеңе жоқ. Ол әлемді біріктіре де, құрта да алады. Сондықтан, журналист ретінде бізге жүктелген жауапкершілік өте ауыр.  

CIPCC бағдарламасы маған жаңа білім мен тәжірибе сыйлады. Біз Қытайға жан-жақты қырынан келіп, тереңіне бойлап таныстық: саяхаттадық, адамдармен сөйлестік, мәдениеті мен дәстүрлерін, заманауи жетістіктерін зерттедік. Біз әлемге әрі кеңірек, әрі үңіле қарауды үйрендік. 

Бұл ретте әлемнің көптеген елдеріндегі әріптес журналистерге ризашылығымды білдіремін. Біздің арамызда сыйластық пен әріптестікке негізделген берік байланыс орнады. Бұл байланыстарға баға жетпейді және мен олар біз өз елімізге тарап кеткеннен кейін де мығым болып қала береріне сенімдімін. 

Сондай-ақ, CIPCC бағдарламасына, біздің оқытушыларымыз мен тәлімгерлерімізге де алғыс айтамын. Төрт айда алған білім мен әсерлер маған өмір бойы азық болары анық!

Серіктестер жаңалықтары