Тікелей эфир

Елші Цзян Вэй: Қазақ пен қытай қарым-қатынасының басты өзегі – ғасырлық достық

Цзян Вэй ШЫҰ аясында Қазақстан мен Қытайдың бір-біріне жәрдемдесуге дайын екенін айтты.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың мәдени орталықтары ашылғанын айтып, мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған маңызды қадам деп атады. Бұдан бөлек түрлі мәдени шаралар мен арадағы визасыз режимнің жемісін екі ел азаматтары да көріп жатқанына тоқталды. Осы орайда Қытайдың Алматыдағы елшісі Цзян Вэй мұның барлығы екі елдің терең достығының арқасы екенін және алда көптеген оң өзгеріс күтіп тұрғанын айтты. 

Елші Цзян Вэй Қытай Халық Республикасы президенті Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарын мемлекет басшылары арасындағы достықтың айқын көрінісі деді. 

"Біріншіден, бұл мемлекет басшылары арасындағы достықтың тарихы жалғасып келе жатқанының белгісі. Бұл сапар екі көшбасшының өткен жылы Сиань мен Бейжіңдегі кездесулерінен кейінгі кезекті көрісуі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысын әуежайда өзі қарсы алып, Ақорданың үстінен алғаш рет "жойғыштар" ұшып өтті, қазақстандық балалар алғаш рет қытай тілінде ән орындады. Осының барлығы біздің мемлекеттер басшылары арасындағы терең достықты көрсетеді. Екіншіден, бұл кездесу саяси сенімді нығайтудың жалғасы. Сапар барысында мемлекет басшылары екіжақты қатынастардың ағымдағы дамуын жоғары бағалады. Төраға Си Цзиньпин халықаралық жағдай қаншалықты өзгерсе де, біздің достықты сақтауға деген ұмтылысымыз, көп қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген шешіміміз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға деген ұмтылысымыз және ұлттық даму міндеттеріне қол жеткізуге деген сеніміміз өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Қытайдың Қазақстанның жақын досы және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктесі екенін баса айтты. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр", – деді елші. 


Оқи отырыңыз: Елші: Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми серіктестік – ынтымақтастықты сапалы нығайтудың қозғалтқышы


Әрі қарай Цзян Вэй Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі және оның экспортының негізгі бағыты екенін айтты. Сапар барысында тараптар таяу болашақта екіжақты тауар айналымын екі есеге арттыру, экономика және сауда, инвестициялар, өндірістік қуаттар, өзара байланыс және энергетика сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, сондай-ақ негізгі минералдар, жаңартылатын энергия, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация, ғарыш, цифрлық экономика және т. б. салаларда жаңа өсу нүктелерін дамыту туралы уағдаласқан болатын. 

"Үшіншіден, бұл – прагматикалық ынтымақтастықты белсенді ілгерілету. Мемлекет басшылары Қытай мен Қазақстан арасындағы "Бір белдеу және бір жол" жоғары сапалы құрылысына жаңа серпін беретін Қытай-Еуропа Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді іске қосу рәсіміне қатысты. Төртіншіден, бұл кездесу – халықтар арасындағы байланысты нығайту. Сапар барысында төраға Си Цзиньпин мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің мәдени орталықтары мен Пекин Тіл және мәдениет университетінің Қазақстандағы филиалының ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ, келесі жылы Қазақстанда "Қытай туризмі жылын" өткізу туралы шешім қабылданды. Болашақта тараптар гуманитарлық алмасуларды кеңейтуді, өңірлер арасындағы бауырластық байланыстарды көтермелеуді, халықтар арасында достық пен өзара түсіністіктің жаңа көпірлерін салуды жалғастыратын болады", – деді елші Цзян Вэй.

 

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Сондай-ақ, елші Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұстануы тиіс үш қағидаға тоқталды.

"Төраға Си Цзиньпин ұйымға мүше мемлекеттердің тағдыры ортақ екенін, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетіп, "бес ортақ үй" құруға ұмтылуы қажет екенін атап өтті. Олар – бірлік пен өзара сенім үйі, бейбітшілік пен тыныштық, өркендеу мен даму, мейірімді көрші мен достық және әділдік пен құқық үйі. Құрылтайшы-мүше мемлекет бола отырып Қытай мен Қазақстан ШЫҰ шеңберінде тығыз байланыстар мен ынтымақтастықты қолдайды және әртүрлі салада бір-біріне жәрдемдесуге дайын. Араға жеті жыл салып Қытай төрағалық эстафетасын қайта қабыл алды. Біз Қазақстанмен ынтымақтасып бірлескен үлес қосуды жалғастыруға, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы, сондай-ақ "Шанхай рухын" бөлісетін басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен бірлікті және ынтымақтастықты нығайтуға, алға жылжуға дайынбыз. Біз Шанхай ынтымақтастығы ұйымының біртұтас тағдыры қауымдастығын құрудың жаңа кезеңіне ықпал етеміз, ол өңірде және бүкіл әлемде бейбітшілікті, тұрақтылық пен өркендеуді қолдауда сындарлы күшке айналады. Ғасырлық достық, өзара сенім мен өзара көмектің жоғары деңгейі әрқашан қытай-қазақ қатынастарының негізгі өзегі, тақырыбы болады", – деп түйіндеді сөзін Қытай Халық Республикасының Алматыдағы елшісі Цзян Вэй.


Оқи отырыңыз: "Қазақстан – Қытай" форумында 629 миллион доллардың келісіміне қол қойылды


 

Серіктестер жаңалықтары