Тікелей эфир

Аружан Саин: Оқушылар мектепте тегін тамақтанып, тегін форма киуі қажет

Баланы мектепке дайындау – отбасы үшін үлкен шығын.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Informburo порталының тілшісі Оксана Трофимованың сұрақтарына instagram желісінде тікелей эфирде жауап берді. Сұхбаттың қазақша мәтінін оқуға ұсынамыз.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Informburo.kz (@informburo.kz)

Баланы мектепке дайындау – үлкен шығын

– Биыл – балалар жылы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған үстірт қарамау керек екенін айтты. Осы уақытқа дейін нақты не істелді және Сіз не үшін күресіп жүрсіз?

– Былтырдың соңында президентке балалардың құқығын қорғау, өмір сапасын арттыру туралы бірқатар ұсыныс жібердім. Сонымен қатар мен іске қосылған реформалардың жайын білу үшін сұраныс жіберіп тұрамын. Бірақ, олар баяу жүріп жатыр. Қазір балалар мүгедектігін азайту реформасы іске қосылып, оның жол картасы жасалған. Онымен денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрліктері айналысуы керек. Өкінішке қарай, баяу және қиын жүріп жатыр.

Ал балалар тәрбиесі мен әр баланы өнер үйірмесімен қамтамасыз ету мәселесіне келcек, оған да қоғам тарапынан үлкен қарсылық бар. Біз бұл туралы жиі айтамыз.

Жаңа реформалар жайына тоқталсақ, мен 1-11 сыныпта оқитын оқушыларды тегін түскі аспен және мектеп формасымен қамтамасыз етуді ұсындым. Қазір мектепте классикалық киіммен жүруге рұқсат берілген. Бірақ, классикалық киім мектеп формасынан арзан тұрмайды. Бағасы бірдей. Баланы 1 қыркүйекке дайындау отбасылар үшін үлкен шығын болып отыр. 

– Үйірмелер туралы халықты алаңдататын сауал көп. Біреу баласын беріп үлгерді, біреу үлгермеді. Жазға немесе күзге қарай бұл үйірмелер қайта ашыла ма?

– Біз мәселенің түп-төркінін, неге қазір бұл реформаларға қарсылық болып жатқанын түсінеміз. Себебі, 2019 жылы президентпен бірінші кездесуімізде түрлі диагнозы бар, мүмкіндігі шектеулі немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемасынан бөлек, өкінішке қарай, Қазақстанда қоғамның білімі, тәрбие деңгейі төмен түсіп кеткені сөз болды. Білім беру жүйесінде не істеу керек екенін мен айта алмаймын. дегенмен, жасалып жатқан реформалар – педагогтардың мәртебесі туралы заң, сапалы маман тарту мақсатында еңбекақыны көтеру өз нәтижесін береді деп үміттенемін.

Ал тәрбие ісінің іргетесына дейін сын көтермейді. Инфрақұрылым, нысандар сатылып, жеке меншікке өтіп кеткен. Балалардың басым бөлігі өзінің қабілеті мен талантын дамыта алмай отыр, себебі ата-анасы секция мен үйірме ақысын төлей алмайды.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады? Министр түсіндірмесі


2019 жылдың ортасында уәкіл қызметіне тағайындалған кезде балаларға деген мемлекеттік саясатты өзгерту керек екенін, аймақтарда балалар қалай өмір сүріп жатқанын айтып өңір басшыларына хат жаздым. Бір кері байланыс ала алмадық.

Осыдан кейін балалардың құқығын заң жүзінде бекітіп, атқарушы билік органдарын осы заңдарды іске асыруға мәжбүрлеу туралы шешім қабылданды. Мұны іске асыру үшін үйірмеге, секцияға барып жүрген әр балаға бөлінген ақша тиесілі жеріне жетуі үшін механизм ойлап таптық. Бұл аз дегенде мәдениет пен спорт басқармасындағы ақша қайда кетіп жатқанын максималды түрде көруге мүмкіндік береді. Осы заң қабылданған сәттен бастап барлық жиналыста бірнеше мәрте айтылғанына қарамастан, президент әкімшілігі де, үкімет те әкімдерге олардың сәйкес орындар туралы есеп беруін талап етті.

Ал президент өзінің 2020 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында ақшаны түрлі имидждік, тиімсіз, керексіз шараларға жұмсамай, салықтан түскен қаражатты кәсіби клубтар мен командаларды ұстап тұруға құртуды қойып, барлық ақшаны балаларға арналған өнер үйірмесі мен спорт секциясына аударуды айтты. Соған қарамастан, біз кей аудандық мәдениет басқармасы мен спорт басқармасындағы ақша ағынының халыққа шынымен керек іске бағытталмайтынын көрдік. Себебі, аймақтарда орындаушылық тәртіп жоқ, әкімдер аумақ халқын ойландыратын мәселені басты тапсырма ретінде қарамайды.

– Кей әкімдер бұл ақшаның республикалық бюджеттен бөлінуі керек екенін айтады. Аумақтарда бұл ақша қайдан болуы мүмкін? 

– Барлық әкімдерге 2021 жылдың ақпан айында аймақта қанша бала тұратыны, осы реформаға сай келетін 4-17 жастағы қанша бала бар екені, спорт пен өнердің үйірмесінің орташа тарифі туралы файл таратылған еді. Барлық әкім түсінді, тіпті онда балаларды қамту туралы есептер болды. Шамамен, 45 пайызға жуығы бюджет қаражатын құюды қолдады. 4,5 млн бала осы реформаға сәйкес келетіні түсінікті. Бұл балалар аудандарға бөлінген. Яғни, есепте балалардың сұранысы ескерілуі керек. Олар 200-500 млн теңге бөлуді қарастырып отыр, ол бірнеше мың балаға ғана жетеді. Ал қалғаны ше? Жергілікті басқарушы органдардың жоспарлау сапасы өте төмен.

Түрлі диагнозы бар балаларды дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесін алайық. Оларға медициналық жолдама беру керек. Қай аймақ қандай диагнозы бар балаларға қанша ақша бөлуді жоспарлағанын білу үшін қанша уақыт кетеді. Бұл ақылға сыйымсыз. Балалар көп жағдайда дәрімен қамтамасыз етілмейді. Біз тағы да оларда ақша жоқ деп естиміз. Бірақ, осындай диагнозы бар балалар туралы, олардың дәрісі қанша тұратынын, бюджеттен қажетті қаражатты есептеп шығару қаншалықты проблема екенін білесіз бе?

Бюджет баланың, мүмкін ересек адамның құқығы мен тұтынушылығын ескере отырып жоспарланбайды. Қанша теңге бөлетініне қарап жоспарланады. Олардың бюджетті қалай жоспарлайтынына лайықты негізді жауап ала алмадым. Бірнеше рет сұрадым.

Спортта да солай. Ауданның бюджеті шартты түрде жыл сайын 15 млрд теңгені құрайды. Біз спорт мектептерін, мектептің басқару аппаратын және тағы басқа қажеттіліктерді ұстап тұруға ақша қалдырдық. Кәсіби клубтар мен командаларға ақша бермедік. Жиналып өткізетін шаралардан бас тарттық. Ақшаны балалардың қоғамдық спортына аудардық. Бұл ақша бәрібір жетпей қалды. Сол себепті республикалық бюджеттен көмек сұраймыз немесе бұл бағдарламаларды республикалық бюджеттен қаржыландырылатын қылып қайта қарауды сұраймыз.

Бірақ, олар не істемек? Олар өздерінің бірнеше жыл бойы осы спорт клубын, футбол клубын, тіпті ат спортын, компьютер ойындарын қаржыландыруды сақтауды ойлап тұр. Біріншіден, оларға миллиардтаған қаражат кетеді. Екіншіден, олар мемлекетке ешқандай спорттық абырой әкелмейді.

Барлық елде кәсіби клубтар мен командалар коммерциялық ақшаға, демеушілер берген ақшаға, билеттің ақшасына қаржыландырылады. Еш жерде салық төлеушінің есебінен ұстап отырған жоқ.


Оқи отырыңыз: "Мектеп директорлары үндемей қалуға бейім". Бала құқығын кім және қалай қорғап жатыр?


Азаматтардың шынайы қажеттілігі қайсы екеніне қарайтын болсақ, бұл – оларға күн сайын керек қажеттіліктер. Сол себепті, шартты түрде референдум өткізіп, аудан тұрғындары ақшасын қайда жұмсағысы келетінін сұрау керек. Балаларының сабағы мен секцияларына жұмсай ма, әлде футбол клубына беруді қалай ма? Басым көпшілігі балалар үшін дауыс беретініне сенімдімін. Бірақ өз аймағыңызда бюджетті саналы түрде бөле алмаған соң, қаржыландыруды республикалық бюджетке беру әділетсіз.

Осы кәсіби клубтар мен балаларға арналған спорт мектептерін салуға, түрлі іс-шараларды өткізуге бөлінген ақшаны босқа құрту және ұрлау жөнінде қанша қылмыстық іс қозғалды? Бірақ бұл аймақтардағы бірде-бір әкім сол спорттық клубтарды қаржыландыруды тоқтатпады. Қазір ақшаны балалар секциясы мен үйірмелеріне аударуға міндетті кезде "бұл мемлекеттік тапсырыста құқық бұзушылық бар" деп, жай ғана қаржыландыруды тоқтатқан аймақтар бар.

Олар мұны дәлелдеген күнде де бұл құқық бұзушылыққа жол бергендерді ғана жазалай алады. Бірақ бұл балаларға әсер етпеуі керек. Сол себепті мен Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырманың орындалуы жөнінде қайтадан сұраныс жібердім.

Біз әртүрлі мемлекеттік органмен жұмыс істейміз. Соның ішінде мәдениет және спорт министрлігімен де. Жуырда ата-аналармен болған онлайн-жиналыста мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мырза мәслихаттар мамыр айында 80 млрд теңгеге жуық қаражатты осы жобаға бөлуге рұқсат беру керек екенін айтты. Бірақ, мен оған сеніп отырған жоқпын.

Себебі, бұл жағдайда мәслихат та халықтан сайланған заңды билік ретінде, балалар құқығын қорғауға міндетті депутат ретінде аймақтық бюджеттерді балалар мен дәрілерге, оңалтуға, секциялар мен үйірмелерге бөлінген қаражатсыз бекітпеуі керек. Олар жыл сайын еш сауалсыз, көлемін ұлғайтуды талап етпестен, жай ғана бекіте салады. Бұл жерде депутаттар мен мәслихаттың жұмысын қайта құру керек. Президент айтып жүрген реформа, ондағы саяси өзгерістер мәслихат жұмысын да түпкілікті өзгертеді деп сенемін.

Балаларына пайдалы тамақ алып беруге отбасылардың шамасы жете бермейді

– 1-11 сыныптағы барлық балаға тегін ыстық тамақ беру неге қазір өзекті болып отыр? Оған дейін де қанша жыл тек әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары тамақ ішіп жүрді, солай емес пе? Қазір сіз оны кеңейтуді қалайсыз. Неге?

– Біріншіден, бізде, өкінішке қарай, барлық отбасының өзі мен балаларына пайдалы тамақ алып беруге шамасы келмейді. Көкөніс пен жеміс-жидекті есептемегенде барлық отбасы қажетті мөлшерде ет жей алып отыр ма? Бұлай кете берсе, келесі ұрпақ әлсіз, аурушаң болады. Осы аурушаң ұрпақтың баласы өте әлсіз болады. Жалпы бізде дұрыс тамақтану мәдениеті мен білімі аз. Балалар түрлі зиянды тамақтарды жеп жүр. Мен фаст-фуд, газдалған сусын туралы айтып отырған жоқпын. Сол себепті БҰҰ-ның халықаралық деңгейде World Food program-ы бар. Оның негізгі бөлігі – мектепте тамақтандыру туралы. Бұл мемлекеттегі адами капиталдың деңгейіне әсер етудің бірден-бір жолы.

– Тамақтану мәселесі қай елдерді көбірек мазалайды? Дамыған елдерді ме, дамушы елдерді ме?

– World Food program 100-ден астам елде жұмыс істейді. Олардың ішінде дамыған да, дамушы елдер де бар. Елдердің 98 пайызында бұл шығынды мемлекет өтейді. Яғни, бұл бюджет қаражаты. Бұл тек балаларға пайдалы болуымен ғана мәнді емес. Себебі, балаларды тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймай, оны қалай қамтамасыз ету керек деген мәселе шығады. Дамыған елдердің көпшілігінде мектептегі тамақтандырумен арнайы қоғамдық тамақтану институттары айналысады. Мектеп тек білім береді. Ал тамақпен тамақтаныдырумен айналысатын ұйымдар айналысады. Ол үшін тамақтану комбинаттары байқау негізінде, жоғары талаптары, қауіпсіздікті, өлшемді сақтай отырып, іріктеледі.


Оқи отырыңыз: Мұғалімді ата-ана сыйламаса, бала дұрыс білім алмайды


Бұл программа бойынша зерттеулер балалардың денсаулығы, интеллекті, мектептегі оқу үлгерімі 25 пайызға артқанын көрсеткен. Балалардың сабаққа қатысу жиілігі артқан. Себебі, бала дәмді тамақтанса, ата-анасы да оның мектепте тамақтануына мүдделі болса, бұл отбасының бюджетін үнемдеуге де айтарлықтай әсер етеді. Мектептегі тамақтандыру мемлекет үшін өте тиімді. Көптеген елдерде мектептегі тамақтандыруды ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған.

– Неге?

– Қазақстанда 3,6 млн оқушы бар, оларды оқу жылы бойы күн сайын тамақтандырып отыру үшін азық-түлік өндіру керек. Көкөніс, жеміс-жидек, ет, құс еті, балық, нан, дәнді дақылдар қажет, яғни бұл – фермерлер үшін табыс көзі. Ал бізде Қазақстанда ауыл шаруашылығы ақшасын жоспарлау, субсидиялау туралы сауал көп. Бірақ бизнес бұл салаға ақша құйылса, өзінің өніміне сұраныс болатынына кепілдік береді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етеді. Яғни, әр ауыл шаруашылығы, логистика, азық-түлікті сақтауға қатысты бизнес пен қоғамдық тамақтану – бәрі жаңа жұмыс орындары. Олар бір ғана жерде емес, бүкіл Қазақстан бойынша ашылады. Себебі, Қазақстанның барлық жерінде бала бар, мектеп бар.

Шартты түрде алғанда, бұл жемқорлыққа қарсы ең күшті бағдарлама. Әлемде статистика бойынша, мемлекет осы тамақтандыруға салған әр долларын 3-10 доллардан қайтарып алады. Яғни, мемлекет ыстық тамақтың ақысын өтеп береді, бірақ бизнес арқылы бұл шығынның 30 пайызы салық ретінде қайтып келеді. Ол жерде зейнетақы аударымдарын аудару, медициналық сақтандыру және ары қарай әр жыл сайын ел экономикасына салық болып келіп тұрады. Ең бастысы балалар дұрыс тамақтанды, спортпен, өнермен шұғылданды. Олар ұзақ уақыт бойы қымбат медицналық қызметті алмайды. Себебі, сау адам больницаға бармайды. Бұл медицина жүйесіндегі ақшаны да үнемдеуге көмектеседі.

Сонымен қатар бұл бала үшін де үлкен мотивация. Себебі, мемлекет есебінен сапалы білім алу, сүйікті спортымен айналысып, даму мүмкіндігіне ие болу, дәмді және пайдалы тамақ жеу, мектеп формасын алу – кез келген азаматтың шынайы патриоттық сезімінің негізгі іргетасы. Бұған әртүрлі елдерде мысал бар. Маған Сингапур мысалы ұнайды. Сингапурда білім реформасының ұстанымы – балалар үшін "Арманыңа Сингапурда қол жеткіз" болса, үлкендер үшін – "Болашақ бүгіннен басталады". Осы идеядан алғанда, мектепте тамақтандыру балалардың өмір сапасын жақсартады, азаматтарымдың отбасылық бюджетін жеңілдетеді.

Маған кейде адамдар түрлі пікір жазады. Сондай бір хат жазған адамның үш баласы бар екен. Бұрын оларды секциялар мен үйірмелерге беру үшін айына 100 мың теңгеден көп ақша төлеген. Ал қазір ипотека несиесін еш қиындықсыз төлеп жүр. Бұл маңызды ғой. Балалардың айналасында мемлекеттік экожүйе құру арқылы ұлтты сауықтыру, сапалы ұрпақ өсіру сынды көлемді мәселелерді шешуге болады. Бұл елдегі қылмыс көрсеткішіне, суицид көлеміне –  бәріне қатты әсер етеді. Себебі, таңнан кешке дейін дұрыс іске жұмылдырылған бақытты балалар ондайға бармайды.

– Тамақты дайындайтын мамандар қаншалықты сапалы болады? Қалай іріктеліп, қалай бақыланады?

– Қазір аз қамтылған отбасылардың балалары ғана тегін тамақтанады. Мен екі проблема көремін. Мен ұсынып отырған реформаның мәні неде? Біріншіден, ол барлық балаға қатысты. Ата-анасының әлеуметтік статусына, баланың денсаулық жағдайына, отбасына қатысы жоқ. Бұл барлық баланың құқы. Қазір мектептерде беріліп жатқан тамақтар қандай да бір ЖШС-мен келісім шарт деңгейінде жасалып жатыр, өте көп арыз-шағым көремін. Ең аз дегенде бала жемейтінін, дәмсіз екенін айтатындар көп.

Бұл жерде жемқорлық тәуекелі жоғары. Себебі, балалар үйінде, сауықтыру орталықтарында, интернаттарда жағдай мәз емес. Мысалы, жуырда Алматыдағы бір мекемеде болдым. Аяқ астынан түскі ас уақытында барғанымда фарштан жасалған 250 гр тамақтың орнына самса беріп отыр. Ал самса екінші тамақ есебіне жатпайды.


Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?


Алдыңғы жылы президентке жеке сараптама жазып, хат жібергенмін. Онда интернат типті мекемелердегі балалар құқығы туралы жазылған еді. Біз онда балаларға дұрыс тамақ бермейтінінен бастап, азық-түлік сапасына дейін мәселе көтердік. Ол жерде мониторинг агенттігі, бас прокуратура үлкен жұмыс істеді. Көптеген фактілер анықталды. Сот болды. Бірақ ата-анасы бар балалар оқитын мектептердегі, балабақшадағы жағдай да осыған ұқсас болуы мүмкін. Бұған қатысты арыз-шағымдар да бар. Сол себепті мектептегі тамақтандыруды тамақтандыру комбинаты арқылы жасаған тиімдірек.

Себебі, бір комбинат тәулігіне 5 мыңнан – 70 мыңға дейін балаларды тамақтандыра алады. Бұл комбинаттарды бақылау да оңайырақ.  Сол себепті осы әлемдік модельге өту үшін реформаға бизнес араласып, тамақтану комбинатын құруы қажет. Қазақстанда ондай бар. Аз емес. Ресторандар үшін тамақ әзірлейтін комбинаттар бар. Ең қарапайым мысал – ұшақ жолаушыларына тамақ беретін кобинаттар. Ол жерде бәрі нақты жазылған. Қалай сертификатталады, қандай ережелерді сақтау керек. Тек оның қандай нормаларға сай келу керек екенін қарау керек. Ол нормалар кеңес кезінен бері қаралмаған болар. Одан бері жаңа өнімдер пайда болды, балаларды талғамы өзгерді. Дәрумендерді балаларға олар жейтін күйде беру керек. 

Қазақстандағы барлық ата-ана мәзірді талқыға салуы, көруі керек.  Бір жылға арналған мәзір барлық ел үшін бірдей болуы керек. Яғни, әр дүйсенбі күні барлық мектепте бірдей мәзір болуы тиіс. Бұл бақылауды жеңілдетеді. 

Тамақтандыру комбинатын бақылау мектеп асханаларын бақылаудан айтарлықтай жеңіл болар еді. Мектеп асханасы бір-екі мектебі ғана бар ауылдарда, комбинат бара алмайтын шалғай ауылдарда болуы мүмкін. Дегенмен, бәрі бір ережеде жұмыс істеу керек.

– Бұл жобаның құны қанша екені есептелді ме? Сіздің ойыңызша, бұл қашан енгізілуі мүмкін?

– Өкінішке қарай, мектептегі тамақтандыру мен мектеп формасына қатысты реформалар үкімет бекіткен жоспарға енбеді. Бұл нонсенс. Мен премьер-министрмен, вице-премьермен кездесіп, сөйлестім. Президент әкімшілігінде болдым. Білім және ғылым министрімен сөйлестім. Жалпы түсінік бар екенін көремін, бірақ мемлекеттік органдар бұны шығыны көп норма деп шешіпті. Шығын көп норма деген не? Шамамен есептегенде, бұл реформа бір жылда мемлекет үшін шамамен 800-950 млрд теңге болады. Бұл 3,6 млн бала үшін. Бір жағынан өте үлкен сома сияқты. Екінші жағынан алғанда, бұл ақша кей жерлерде тиімсіз жұмсалып та жатыр. Кейде әділетсіздік сияқты көрінеді.

Бұл балалардың денсаулығы мен болашағына ғана әсер етіп қоймайды. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикаға әсер етеді. Ауыл шаруашылығын да қозғайды. Бұның бәрі мемлекетке үлкен ақша түрінде кері қайтады. Бұған халыққа, азаматтарға жасалған инвестиция деп қарау керек. Бұған қайтарымсыз әлеуметтік көмек деп қарауға болмайды. Бұл қате тұжырым.

– Мектеп формасы туралы не ұсынасыз?

– Әлем елдерінің басым бөлігінде мектеп формасы бар. Оның негізгі мәні – балалар теңсіздікті сезінбеуі керек. Біреуінің жақсырақ киінуге жағдайы келсе, екіншісінде ондай жағдай болмауы мүмкін. Сондықтан мен мектеп формасы керек деген пікірдемін. Мәселе, оның қандай болуы керек екенінде. Ол өте сапалы болуы керек. Себебі, бұл балаларға арналған форма. Балалар оны күннің көп бөлігінде киіп жүреді. Ол табиғи матадан тігілген болуы тиіс. Қазір мектеп формасының таңдауы кең. Қаншамасы импортталады, бұл отандық өндірушілердің дамуына жол бермей отыр. Екінші жағынан, елге әртүрлі форма кіріп жатыр, сапасы да әртүрлі. Сол себепті сапалы форма алып бере алматын ата-аналарда арзанын алудан басқа амал жоқ.

Екіншіден, мектепке бара жатқан бала киімнің бағасына қарай кемсітілмейтініне сенімді болады. Тіпті, қазір әлеуметтік аз қамтылған отабсынан шыққан балалардың кейбірі мектептегі тегін тамақты жеуден ұялады. Себебі, бұл оның "ерекшелігін" бірден көрсетеді. Мектеп формасы да солай. Ол бойынша жылына 200 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалуы мүмкін. Мен екі шалбар немесе белдемше, үш кофта немесе пиджак жинағын ұсынамын.


Оқи отырыңыз: "Бала – ұнамай қалса, кері өткізетін тауар емес". Бала асырап алу агенттігі бұл мәселені қалай шешеді?


Жеңіл өнеркәсіп ассоциацияларымен де сөйлестім. Себебі, көптеген елде бұл өз елінің жеңіл өнеркәсібін қолдау үшін де қолданылады. Осы сала қызметкерлері жеңіл өнеркәсіп орындарынан консорциум құруды ұсынған. Консорциум үкіметпен келісіп, шикізатты, яғни матаны сатып алуды ұйымдастырып, соны тігін цехтары мен фабрикаларға таратады. Себебі бұл әр фабриканың жеке-жеке сатып алуынан арзанға шығады. Соңында мемлекет үшін құнының арзан болуын қамтамасыз етеді. Бірақ елдегі барлық жеңіл өнеркәсіптің бойына қан жүгірер еді. Осындай тәсілдерді қолданбасақ, жеңіл өнеркәсіпті аяққа тұрғыза алмаймыз. Себебі айналамызда Қырғызстан бастап, Қытайға дейін жеңіл өнеркәсіпті жолға қойған елдер бар. Оның сыртында қаншама экспорт бар. Қазақстан өзінікін шығаруы керек.

Мектеп формасын ұсынғанда бұған ата-ана тарапынан қосымша ақы төлене ме деген мәселені де ұсынғанмын. Мысалы, Ұлыбританияда 8-10 фунтты ата-ана төлейді, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Бұл отбасындағы ақшаны үнемдеуге көмектеседі. Бір үйде 5-6 бала болса, өте үлкен үнем болар еді. Мысалы, мен екі балам бар, әр балама аз дегенде 35-40 мың теңге кететін. Себебі, олар жыл сайын өседі.Бұл біз үшін де қымбатырақ еді. Ал егер бұл ақша өз халқына инвестиция ретінде қаралатын болса, адамдардаың тапқан табысы отбасында қалса, олар оны баспанасын жақсартуға, сапалы тамақ жеуге жұмсар еді. Бұл балалардың өмір сапасын жақсартады.

Серіктестер жаңалықтары