Тікелей эфир

"Мектеп директорлары үндемей қалуға бейім". Бала құқығын кім және қалай қорғап жатыр?

Биыл 1 қаңтардан бастап балалар игілігінің индексі енгізілді.

ЮНИСЕФ ұйымының 2020 жылдық есебіне сүйенсек, аналар өлімінің көрсеткіші 3 есе ұлғайған, бір жасқа дейінгі балалардың қызылшаға қарсы екпе алу көрсеткіші азайған (тек 73 пайызы алған), студенттердің функционалдық сауатсыздығы өскен. Сонымен қатар, жедел-бағалауға сәйкес, респонденттердің 15,3 пайызы Covid-19 таралғаннан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының көбеюі туралы естігендерін немесе зорлық-зомбылықты бастан өткергенін айтқан.

Қазір бала құқығы нені білдіреді? Жанжал кезінде балаға кім көмектесуі керек? Баланы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтқаруға арналған қандай механизмдер бар? Балалар мен мұғалімдер арасында туындайтын жанжалды қалай азайтуға болады? Мектептегі буллинг қайтсе тоқтайды? Осы мәселелерге байланысты USAID "Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар" бағдарламасы аясында талқылау өтті.

"Мектеп психологы директордан тәуелсіз болуы керек"

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова бұл салада жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтады. 

"Жұмыстар жасалып жатыр, бірақ нәтиже көңілімізден шықпайды. Демек, әлі де шешілмеген жүйелі мәселелер бар деген сөз. Бірінші мәселе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары. Ресми дерекке сүйенсек, елде ондай 1 миллионға жуық бала бар. Олардың әртүрлі қызметке қолы жетпейді. Сапалы қосымша білім алуға мүмкіндігі бола бермейді. Осы миллион балаға қатысты мәселелерді жіті зерттеуіміз керек", – деді депутат.

Сондай-ақ, Ирина Смирнова мектепте буллингтің артқанын сөз етті. Айтуынша, депутатқа мектепте төбелес болатынын, бірақ мектеп әкімшілігі оны жасыратынын айтып шағымданатын ата-ана көп.

"Педагогтер туралы заңда олардың мектепте болған осындай жағдайларды құқық қорғау органдарына жеткізуге міндетті екені жазылған, ал іс жүзінде жағдай басқа. Білім және ғылым министрлігі осы жағдайға назар аударуы керек. Мектептерде психологиялық қызмет маңыздылығы жағынан екінші сатыға түсіп кеткен. Сондықтан, психологиялық қолдау көрсету қызметіне мектеп директорынан тәуелсіз жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Себебі, мектеп психологтары еңбекақыны мектептан алғандықтан, директорға бағынады. Сол себепті кейбір мәселелерді директорға жеткізуге міндеттеледі. Ал директорлар үндемей қоя салуды таңдайды", – деді депутат. 


Оқи отырыңыз: Әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады. Мектеп неге буллинг мекеніне айналды?


Психолог, Just support қоғамдық ұйым жетекшісі Светлана Богатырева да бұл мәселемен келіседі. Ол мәселенің негізі мектеп психологтарын даярлау процесінде екенін айтты.

"Шындығында, ЖОО-лар психология оқытушыларын дайындап шығарады. Ал ол мамандар мектепке психолог болып кіргенде балаларға кеңес беру, суицид диагоностикасы, балаларға кризистік көмек беру мәселелерімен бетпе-бет келеді. Бірақ, онымен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді. Ал, ЖОО-да мұны оқытпаған. Мысалы, Назарбаев мектебіндегі суицид оқиғасынан кейін ата-аналар әлеуметтік желіде мектеп психологтарына сенбейтінін, оған жүгінбейтінін жазып жатты. Иә, мектеп психологы директорға бағынғандықтан, кейбір жағдайларды оларға жеткізуге мәжбүр болады. Бұл кезде құпиялылық жайына қалады. Сондықтан балалар мектеп психологына бармайды, бұл жүйеге сенбейді", – дейді Светлана Богатырева.

Психолог Америка, Израиль, Еуропа елдеріндегі сияқты тәуелсіз психологиялық орталықтарын құруды ұсынды. Оған ата-аналар мен балалар, тіпті педагогтер де барып, көмек ала алады. 

"Бізде бұл мәселелер тек бір жағдай болғанда: бір бала мектепте төбелесіп қайтыс болғанда, өзіне қол салған кезде ғана айтылады. Ал, негізі, мұнымен жүйелі түрде айналысу керек. Психологиялық көмек алудың қалыпты жағдай екенін жеткізуіміз керек. Ата-аналармен жұмысты жандандыру қажет. Ата-ана балаға жауапты екенін ғана айта бермей, оған бұл мәселеде жәрдем беру керек",– деген пікірде психолог.

Сонымен қатар, Светлана Богатырева мектепте Финляндиядағы сияқты антибуллинг кодексін қабылдауды ұсынды. Себебі, жағдай карантиндік шектеулер кезінде тіпті ушығып кеткен.


Оқи отырыңыз: "Баламның мінезі өзгеріп кетті". Жасөспірімдердің ата-анасына арналған 10 кеңес


 «Қорғау астана» қорының жеткішісі Анна Рыль де әріптестерінің сөзімен келіседі. Оның айтуынша, мектеп психологын еш жерге араластырмау керек. 

"Себебі, мектеп психологы бір жерге араласса, әсіресе, балаға қатысты жыныстық зорлық мәселесіне қатысса, кейін неге екені белгісіз, бұл туралы сынып жетекшісі де, ата-аналар комитеті де біліп отырады. Сосын баланы басқа мектепке ауыстыру керек болады. Сондықтан, балаға қатысты кез келген жеке ақпаратты таратқандарға қатаң жаза болуы керек. Мен зорлық туралы барлық БАҚ-тың жазғанын, тіпті кейде суретін қолданғанын қаламаймын. Біз келісімсіз ешбір ақпаратты жарияламаймыз", – деді Анна Рыль және ешкімге жариялауды ұсынбайтынын айтты.

Десек те, психологтың көмегіне мұқтаж оқушылардың қатары қалың. Бұл туралы мектеп оқушылары және жас блогерлер Медина мен Фатима Майсар айтып берді. Олар, сондай-ақ, қазір балалардан "ыңғайлы" адам тәрбиелеп шығарғысы келетіндерді сынады.

"Біздің қатарластарымызға психологтар керек. Олар тегін психологтардың номерін жиі сұрайды. Себебі, көп бала психологқа баратынын ата-анасына айтқысы келмейді, ал жасырын бару үшін ақшасы да жоқ. Сосын, олар сенім телефондарына қарағанда, жүзбе-жүз сөйлесіп, консультация өткізетін психологпен кездесуді қалайды. Ал, мектеп психологына ешкімнің барғысы келмейді. Себебі, оған сенбейді. Ата-анасына айтып қояды деп қорқады",– деді әпкелі-сіңлілер.

"Заңмен байланысқа түскен балаларға арнайы орталық қажет"

Ал "Шанс" әлеуметтік-психологиялық, заңды көмек орталығының жетекшісі, заңгер Ольга Рыль қарапайым оқушылармен бірге заңмен байланысқа түскен, яғни қылмыс жасаған немесе қылмыс құрбаны, куәгері болған балаларға қатысты мәселелерге де назар аударуға шақырды. 

"Мұндай балалардың саны көп. Олар мамандандырылған орталықтарға мұқтаж. Себебі, оларға психологиялық көмек қана емес, заңды қолдау да керек. Ювеналды полиция алкоголь ішкен немесе есірткі шеккен балаларды өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау орталығына, яғни бұрынғы балалар үйіне орналастыра алмайды. Себебі, олар басқа балаларға қауіп төндіреді. Токсикология бөліміне де жатқыза алмайды. Себебі, онда баланы ешкім бақылауда ұстап отыра алмайды. Бізде осындай заңмен байланысқа түскен балаларға арналған орталықтар жоқ. Иә, бала заңды бұзды. Бірақ, мемлекет оған заңды бұзуға жол берді. Мемлекет пен отбасы баланың түзелуіне жауапты, оның дұрыс өмір салтына оралуына мүмкіндік беруі керек. Отбасы дұрыс тәрбие бере алмаса, мектеп ол кемшіліктерді толықтыра алмаса, бала солай жаман жолға түсіп кетеді", – деді Ольга Рыль.

Сондай-ақ, заңгер қылмыс жасаған баланың жан дүниесіне көп ешкім үңіле бермейтінін, не үшін бұл қылмысқа барғанын түсінуге тырыспайтынын айтады. 

"Бізге, полицияға жүгінген балалар өзінің балалар үйінде тұрғысы келетінін, ата-анасын ата-аналық құқығынан айыруды қалайтынын айтады. Ал, сотта бұл балалардың мүддесін кім қорғауы керек? Психолог па? Заңгер ме? Жоқ, арнайы ювеналды адвокатура қорғауы керек. Ал, ювеналды адвокатура бізде толыққанды жұмыс істемейді. Бұның себебі, бізде қамқоршылық органдарының рөлі өте әлсіз. Олар өте аз. Мысалы, елордада штата бес адам ғана бар, оның үшеуі ғана жұмыс істейді", – деді Ольга Рыль. 

Ольга Рыль мектеп психологтарын күшейту керек деген оймен келіспеді. Оның айтуынша, мектеп ішінде мұғалімдермен жұмыс істейтін психологиялық қызмет құру керек. Ал мектеп психологы қиын баланы анықтап, оны жауапкершілік ала алатын арнайы орталыққа жіберуі керек.

"Бізде барлық мәселе – дұрыс стандарттың жоқтығында. Яғни, бізде заңға өзгеріс енгізілгенімен, заңға тәуелді актiлер өзгертілмейді. Оларды да лайықтап жасау керек", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Балалар мен жасөспірімдермен қалай оңай тіл табысуға болады? Психолог кеңесі


Ал медиа-тренер Салтанат Әскербекқызы барлық мәселе отбасындағы жағдайға, ата-анаға байланысты екенін алға тартты. Сондықтан, бірінші ата-ананың санасын өзгертумен айналысу керек деп есептейді.

"Ешбір бала қатігез болып тумайды. Барлығын отбасынан, мектептен үйренеді. Сондықтан, бірінші ата-ананың санасын өзгерту керек. Себебі, көп жағдайда ата-ана өзі бірінші болып баланың құқығын бұзады. Ата-анасы баласын тыңдап үйренуі қажет. Бізде адамдар зорлық-зомбылықты тек физикалық тұрғыда болады деп ойлайды. Шындығында, зорлық-зомбылық дауыс тонында, көзқараста да болады", – деді ол.

Сондай-ақ, осы бағытта Білім және ғылым министрлігіне ЮНИСЕФ және ЮНФПА ұйымдарымен бірлесіп, жұмыс істеуді ұсынды.

Балалар мен жасөспірімдер қайда жүгіне алады?

Қазақстанда бала құқықтарын қорғауға жауапты бірнеше орган бар. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті немесе балалар омбудсменінің қоғамдық қызметі сол үшін құрылған. Сонымен қатар, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар ашылған. 

Қазір елімізде балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетуге арналған "111" және "150" нөмірі бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. 

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықты, зорлық-зомбылықты дереу анықтау мақсатында Telegram мессенджерінде "Bala qorgau" чатын құрған. Онда кері байланыс демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, @bala_qorgau_bot телеграм-боты бар. 

Серіктестер жаңалықтары