Тікелей эфир

"Ең әдемі шенеунік". Тұңғыш әйел облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова туралы

Фото 24.kz сайтынан алынды
Фото 24.kz сайтынан алынды
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысы әкімі қызметіне тағайындалды.

Гүлшара Әбдіқалықова

Туған жылы: 1965 жыл, 15 мамыр.

Туған жері: Қызылорда облысы Сырдария ауданы Сұлутөбе ауылы.

Білімі: Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты. 15-тен аса ғылыми мақала мен жарияланым авторы.

Еңбек жолы: 1987 жылы Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасында аға инспектор қызметінен басталды. Әр жылдары атқарған лауазымды қызметтері:

  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (екі мәрте);
  • "Өмірді сақтандыру компаниясы – Мемлекеттік аннуитеттік компания" АҚ басқармасының төрайымы;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Президенттің кеңесшісі және президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
  • Мемлекеттік хатшы;
  • Премьер-министрдің орынбасары;
  • Мәжіліс депутаты.

Марапаттары: "Астана", "Ерен еңбегі үшін", "Қазастан Конституциясына 10 жыл" медальдарымен, "Парасат" орденімен, "Астанаға 10 жыл", "Астанаға 20 жыл" мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Отбасылық жағдайы: 1 қызы бар.

Оқи отырыңыз: "Барымыз да, бағымыз да – тәуелсіздік". Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сұхбатын қазақтілді журналистерге берді

Төменде Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілік етуімен жүзеге асқан жобалар мен оның түрлі жиындарда айтқан өзекті пікірлеріне тоқталамыз.

"Нұрлы көш"

Бердібек Сапарбаев еңбек министрі болған кезде бекітілген "Нұрлы көш" бағдарламасын іске асыру 2009 жылы Гүлшара Әбдіқалықоваға жүктелді. Бағдарлама шеттегі қандастарды, сондай-ақ ел аумағына жұмыс істеуге келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын, қолайсыз аудандарда тұратын тұрғындарды қоныстандыру және олардың жайғасуына жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырылды. Бағдарламаны іске асыруға 2009-2011 жылдарға 197 млрд теңге қарастырылды. Үш жылда 60 мың отбасы, орта есеппен 300 мың адамды көшіріп алу көзделді.

"Жол картасы"

Әлемдік дағдарыс кезінде аймақтық жұмыспен қамту стратегиясы, басқаша айтқанда "Жол картасы" әзірленді. Оны жүзеге асыруға 2009 жылы 194,5 млрд теңге, 2010 жылы 145 млрд теңге бөлінді. 2009 жылы 248 мың адам жұмысқа тұрды. Жұмыссыздық деңгейі 2008 жылғы 6,6% деңгейден 6,3%-ға төмендеді.

"Жол картасы – 2010" жобасы аясында жұмыссыздар 557 мыңнан 481 мыңға қысқарды. Жұмыссыздық деңгейі 6,6%-дан 5,6%-ға төмендеді. Министрлік 130 мың жұмыс орнын құру міндетін қойды. 70 мың қазақстандықтың біліктілігін арттыру немесе жаңа мамандық алуына жәрдемесу көзделді.

Гендерлік саясат

Гүлшара Әбдіқалықова басқару шешімдерін қабылдайтын әйелдер үлесін 30%-ға жеткізу мақсаты өзгеріссіз қалып отырғанын айтты. Осы мақсатта Парламентте "Отбасы" арнайы тобы құрылып, әйелдерді мемлекеттік органдарда көтеру жұмысы жүргізілетінін жеткізді. "Нұр Отан" партиясымен бірлесе кардрлық резерв дайындалып жатқанын айтты. Қазақстанда гендерлік саясат 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясына негізделген үкіметпен бекітілген 2009-2011 жылдарға арналған жұмыс жоспарын жүзеге асырды.

2009 жылы Демографиялық саясат және отбасын нығайтудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы ұсынылды. Тұжырымдама жобасында босанатын әйелдердің "қартаюы", қарттардың өлім-жітімінің жоғары болуы, өмір сүру ұзақтығының төмендеуі секілді мәселелер көтеріліп, шешу жолдары ұсынылған.

Министрлік Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерді зерттеді. Оларды жіктеп, арасында қайта оқып, жаңа мәртебе алғысы келетіндерді анықтауды қолға алды.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: "Іскерлік белсенділікті арттырып, орта тап қалыптастырамын"

Жұмыспен қамту 2020

Гүлшара Әбдіқалықова "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасына да жетекшілік етті. Ауқымды жоба өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға жәрдемесуді мақсат етті. Бұл үшін сұранысқа ие мамандықтарға оқыту, ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға көмектесу бастамалары қолға алынды.

Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде:

  • 200 мың тұрақты жұмыс орнын құру;
  • 1,5 млн жуық азаматты жұмыспен қамту;
  • кедейлік деңгейін 6 пайызға дейін төмендету;
  • жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыз деңгейіне жеткізу көзделді.

Министр күнкөріс минимумын жетілдіру мәселесін көтерді. Ол 2015 жылға дейін алғашқы кезеңде халықтың тұтыну шығыстарының өзгеруін ескере күнкөріс минимумы құрылымына өзгерістер енгізілетінін, бұл оның мөлшерінің ұлғаюына әкелетінін айтты.

"Бірнеше жыл бұрын күнкөріс минимумын есептеу әдістемесін жетілдірдік. Бұл жұмыс жалғасады. Болашақта біз Еуропа елдеріндегі сияқты халық табысының үлкен үлесі бойынша анықталатын күнкөріс минимумын анықтаудың медиандық әдісіне көшеміз. Мысалы, егер ең жоғары табыс 40 мың теңге болса, онда медиандық әдіс, яғни жартысы 20 мың теңгені құрайтын болады", – деді ол.

Зейнетақы мен зейнет жасы

2011 жылы зейнетақы мөлшері 30 пайызға көбейді. Базалық зейнетақы көлемі 8 мың теңгеге дейін артып, күнкөріс минимумының жартысын құрады. Ал әскери зейнеткерлердің зейнетақысы 86 АЕК-ден 104 АЕК-ге дейін көбейді.

Министрлікті Гүлшара Әбдіқалықлва басқарған кезеңде зейнетке шығу жасын ұзарту мәселесі бірнеше рет көтерілді. Алайда ол әлеуметтік қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстырғанда зейнет жасын ұзарту туралы ешқайда мәлімдемегенін, министрлік жұмыспен қамту бағдаралмасына басымдық беретінін айтты.

"Егер біз адамдарды жұмыспен қамтысақ, барлығы зейнетақы жарнасын аударады. Сол кезде зейнет жасына қатысты мәселесі туындамайды. Министрлік бұл мәселені көтермейді", – деді ол.

Министр зейнет жасын төмендету мәселесі де қарастырылмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл зейнетақы жинақтарын қалыптастыру кезеңінің қысқаруына әкеледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың зейнетақы жарналарының көлемі қалай өзгереді?

Жаңаөзен оқиғасы

2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылардың еңбек дауына байланысты ереуілі бірнеше айға созылды.

"Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Министрліктегі комитет өкілі арнайы барып, бізге қатысты мәселенің барлығын анықтады. Айлық өз уақытында берілсе де, сыйлықақыға байланысты кейбір мәселе шешімін тапты. Еңбек қауіпсіздігін қорғау мен еңбекақыға байланысты мәселелер бақылауымызда", – деп мәлімдеді Гүлшара Әбдіқалықова сол кезде.

2011 жылы 16 желтоқсанда еңбекақыны көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында қақтығыс болып, адам өлімімен аяқталды.

Еңбек министрлігі ереуілге шыққан "Қаражанбасмұнай" жұмысшыларының талаптары негізсіз және еңбек заңнамасына сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

"Еңбек заңнамасы бұзылмаған. Біз олардың талаптары негізсіз және заңға сәйкес емес екенін дәлелдедік. Бірінші жыл бұлай болып отырған жоқ. Былтыр ғана консенсусқа келдік, барлығы шешілді. Бірақ адамдардың үнемі жалақыны көтеруді сұрайтыны түсініксіз", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

2011 жылы наурызда алғаш рет Қазақстан әйелдерінің съезі өтті. Бұл жылдағы дәстүрге айналды. 2011 жылы "жалғызбасты ана" ұғымы заңды түрде енгізілді. Гүлшара Әбдіқалықова зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-ына дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Еңбек министрлігі аймақтардағы жұмыспен қамту Картасын әзірледі.

2012-2013 жылдары президенттің кеңесшісі қызметін атқарды. Ол маман ретінде ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын теңестірудің маңызын, реформаны тезірек жасау керек екенін түсінгенін айтты. Әйел ретінде соңында айтылған нұсқадан гөрі жұмсақ нұсқаны ұсынғанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: "Ана капиталына" байланысты Үкіметтің ұстанымы айқындалған жоқ

Мемлекеттік хатшы

2013 жылы премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалды. 2014 жылдың қарашасында мемлекеттік хатшы лауазымына тағайындалған алғашқы қазақстандық әйел атанды. Оның төрағалығымен:

  • мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссия;
  • жастар саясаты жөніндегі кеңес;
  • азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия;
  • әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия;
  • мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия;
  • мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия;
  • шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия;
  • "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссия;
  • әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия;
  • ҚР президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және алғысын жариялау жөніндегі Қоғамдық комиссия;
  • әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырыстары өтті.

Мемлекеттік хатшы елшілер мен дипломаттардан сенім грамоталарын қабылдап, түрлі жиындарға қатысып, президент құттықтауларын оқыды.

Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы қызметін қоса атқарып, генедерлік теңдік мәселесін күн тәртібінде ұстады.

"Ұлттық саясаттың денсаулық сақтау саласындағы басымдығының бірі – ана мен баланы қорғау. Мемлекеттік саясаттың ерекше бағытының бірі – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес. Посткеңестік кеңістік бойынша біздің елде ғана әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнаулы бөлімшілер жұмыс істейтінін айта кету керек", – деді ол.

Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет басшысының реформаларын қолдап, осы бағытта жұмыс істеді. Мысалы, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын "Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастырады" деп бағалады.

Оның пікірінше, әр қазақстандық бойында заман талабына сай 6 қасиет болуға тиіс: бәсекеге қабілетті, прагматик, ұлттық бірегейлігін сақтаған, білімді, эволюциялық дамуды жақтайтын, ашық саналы.

Вице-премьер

2019 жылдың ақпанында премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы кезде Қазақстанда аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары басталып жатқан еді. Үкіметтің жұмыс тобы әлеуметтік бастамаларды халыққа түсіндіру мақсатында екі ай бойы аймақтарды аралады.

Үкімет мүшелері 263 кездесу өткізіп, 157 елді мекенде болды. 269 адамды жеке қабылдап, кірісі төмен 72 отбасыға барды. Түсіндіру жұмыстарымен 27 мыңға жуық адам қамтылды.

Кездесулер негізінен көп балалы және аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерімен, қалалар және ауылдардың тұрғындармен өткізілді.

Гүлшара Әбдіқалықова сапардан соң ажырасулар мен алименттер төлемеу мәселесін көтерді.

"Тұрғындармен кездесулер және аз қамтылған отбасыларды аралау кезінде біз әрбір екінші әйелдің тағдыр талқысына тасталғанын көрдік. Ең қорқыныштысы, 5-6 баласымен қалған отбасылар бар. Елімізде жылына 50 мыңға жуық ажырасу тіркеледі, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 912 қылмыстық іс қозғалады. Орта есеппен жылына 3 мың еркек алимент төлеуден жалтарады", – деді ол.

Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттен заңсыз жәрдемақы алып келгендер туралы хабарлады.

"Өкінішке орай, біздің елде игі істер жасалып жатса, содан пайда көріп қалғысы келетіндер міндетті түрде табылады. Атаулы әлеуметтік көмекті табыс көзіне айналдырғандар көп. Осыны көздегендер түрлі айла-шарғыға көшіп жатыр. Араны ашылғандарға тықыр таянды. Жәрдемақыға ортақтасқандардың ісі енді сотта қаралмақ", – деді вице-премьер.

Ол қызметкерлерге тең еңбек жағдайын жасау, еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізу бойынша жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігін бекітуді көздейтін заң жобасы әзірленгенін айтып, шетел жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда шиеленістің алдын алу және болдырмау іс-шаралар жоспары әзірленетінін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа Үкімет құрылды. 11-ші Министрлер кабинеті қалай өзгерді?

Мәжіліс депутаты

2019 жылдың тамызында Парламент мәжілісінің депутаты сайланып, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы атанды.

Ол Парламент қабырғасында аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік сүймелдеу тәсілдерін өзгерту мәселесін көтерді. Ол барлық жұмыс Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне – әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттарға және ассистенттерге жүктелгенін атап өтті. Оның пікірінше, отбасын жекедара алып жүруді жергілікті жерлердегі әлеуметтік қорғау бөлімдеріне және ауыл әкімдеріне жүктеу қажет.

"Жергілікті жерлерде әкімдіктер табысы аз азаматтардың проблемаларын шешуге келгенде өмірлік қиын жағдайға әкеп соққан себептерге терең үңілмейді. Отбасын жекедара алып жүру тетігі отбасын әлеуметтік қолдаудың жаңа форматының түйінді элементі болуға тиіс", – деді депутат.

Мәжіліс депутаты "Ардагерлер туралы" заң жобасын талқылауда Социалистік еңбек ерлеріне және үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне 138,6 АЕК, яғни 367 мың теңгеге дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін арттыру көзделгенін айтты. Басқа мемлекеттердің аумағында соғыс қимылдарының ардагерлеріне 6,19 АЕК (16 409 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу ұсынылады.

Гүлшара Әбдіқалықова депутаттар алдында кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейімен теңестіруді ұсынды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, кедейлік шегінің оңтайлы деңгейі – ең төменгі күнкөріс деңгейі.

"Кедейшілік шегін одан әрі ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін теңдестірілген қаржы экономикалық моделін құру керек. Бұл мемлекеттік органдардың өзекті міндеттерінің бірі болуы тиіс", – деді ол.

Мәжіліс депутаты дене шынықтыру мен спортқа бөлінген бюджеттің үштен бір бөлігі футболды қаржыландыруға кететінін айтып, елде 600 мың шаршы метр спорт алаңы жетіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, мектептердің 27%-да балаларға арналған спорт залы жоқ.

"Қазақстан халқының үштен бірі ғана спортпен айналысады, ал Еуропа елдерінде, Канада, Австралия және Жапонияда бұл көрсеткіш 60%-ға жетті. Алматы, Қостанай облыстарында балалар мен жасөспірімдер клубтары жабылды. Алматыда олар мүлдем жоқ", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Гүлшара Әбдіқалықованың өзекті пікірлері:

"Демократиялық қоғам құрудың негізгі бағыттарының бірі – гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету".

"Әйелдер кемсіту фактілеріне жиі ұшырайды. Ерлер мен әйелдер өршіл, мансап қуғысы келеді. Бірақ жас әйел тұрмысқа шығып, дүниеге бала әкелуге тиіс. Ал біз барлығымыз саясатқа ұмтыламыз. Бірінші міндет – жоғарыдан берілген рөлді орындау".

"Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу оқиғасын киелі Қазақ жеріне ұлттық рухтың оралуына балар едім".

"Әйел энергиясы – ең таза әрі жасампаз энергия!"

"Ғылым мен техниканың дамуына тұрақты түрде қаржы бөліп отыратын мемлекеттер өз халқының әл-ауқатын жақсартып, жаһандық инновациялық трендтен қалыспайтын болады".

"Біздің халық тоталитарлық режімнің бүкіл сұмдығын өз басынан өткерді. Тарихтың бұл қасіретті кезеңдері жұрт жадында әрдайым сақталады".

"Қазақстан азаматы болуды қалайтындар саны жылдан жылға артып келеді. Аталған жайт Қазақстандағы азаматтық институттың халықаралық беделі артқандығын, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесінің тұрақтылығын, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің дамығандығын айғақтайды".

"Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету, сондай-ақ олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту".

"Өткен жүзжылдықтың басында Қазақ автономиялық республикасының алғашқы астанасы болған Қызылорда жерінде Алаш қайраткерлерінің, әдебиет, ғылым саласындағы зиялылардың шоғырланып, рухани құндылықтарымызды сақтап қалу жолында күрескені тарихтан белгілі. Оларды қуғын-сүргінге ұшырату арқылы тоталитарлық жүйе халқымыздың тәуелсіздікке деген арман-мақсатына тұсау салуды көздеді. Бірақ, алаш арыстарының өмірі қатыгездікпен қиылса да, олардың өр рухын өшіре алған жоқ".

"Көп нәрсе шағын және орта бизнес кәсіпорындарын басқаратын әйелдерге байланысты. Әйел басшылардың қоғамдық үдерістерге атсалысуы басқарушылық рәсімі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру сапасына оң әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, инновациялық стартаптар құруда ғылымды қажет ететін экономика драйверлерінің бірі ретінде әйелдер қызметінің белсенділігін арттыру қажет".

"Заң барша халыққа түсінікті және әр адам үшін қалыпты норма болуы үшін қызмет ету керек".

"Балаларымызды тәрбиелей отырып, біз мемлекетіміздің болашақ әлеуетін қалыптастырамыз, олар елдің дамуына атсалысып, Отанымыздың табыстары мен жетістіктерін арттыратын болады".

"Әлем мүлдем және түбегейлі өзгерді. Утопиялық идеология атаулы тарихтың тезінен өте алмай, күлі көкке ұшты. Өмірде тегін ештеңе жоқ – мұны бүгінде жер бетіндегі әркім-ақ біледі. Сондықтан, баспаналы болғың келсе, оны сатып алу керек. Ал ол үшін жақсы жалақың болуы қажет. Кірісің мол болуы үшін, әрине, біліктілігің жоғары болуы керек. Бұл орайда, сөз жоқ, жоғары білім алу – жаһандық үрдіс".

Серіктестер жаңалықтары