Тікелей эфир

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Іскерлік белсенділікті арттырып, орта тап қалыптастырамын"

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
ҚР Президенттік сайлауында 70%-дан астам дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау салтанаты болды.

Ант беру салтанаты

Салтанатты шараға депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен өзге де лауазымды тұлғалар және Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері шақырылды.


Алдымен ҚР Туы мен ҚР Президентінің Штандарты әкелінді.

Алдымен ҚР Туы мен ҚР Президентінің Штандарты әкелінді / Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Назарбаев 2020 жылы президенттік сайлауға түспейді деп ойлаймын


Одан кейін ҚР Конституциясы қойылды

Одан кейін ҚР Конституциясы қойылды / Фото informburo.kz


Ұлықтау рәсімін Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми бастады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне Конституцияның 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант бергеннен кейін кірісетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз: "Барымыз да, бағымыз да – тәуелсіздік". Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сұхбатын қазақтілді журналистерге берді


Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беріп тұрған сәті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беріп тұрған сәті / Фото informburo.kz


Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып:

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін! – деп халыққа ант берді.

Міне, осы сәттен бастап Президент ресми қызметіне кіріскен болып саналады.

Оқи отырыңыз: "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты президент мақаласындағы 10 өзекті ой

Ант берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Президент куәлігін табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.

"Сайлау шын мәнінде демократиялық талаптарға сай өтті"

– Ең алдымен, маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын! Бұл сайлау, шын мәнінде, демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында, нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды, – деп бастады сөзін жаңа Президент. – Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс.

Оның айтуынша, осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Шенеуніктер көрпесіне қарай көсіліп, мемлекеттің ақшасын жөнсіз шашпауы керек

– Сондықтан, бұл – халқымыздың жеңісі! Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды! Өйткені, халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз, – деді мемлекет басшысы.

Президент ретінде басты мақсатының еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау екенін айтып, халықты саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеуге уәде етті.

– Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз! – деді Қасым Жомарт-Тоқаев.


Президент ант бергеннен кейін сөйлеп тұрған кезі

Президент ант бергеннен кейін сөйлеп тұрған кезі / Фото informburo.kz


Оқи отырыңыз: Жаңа Президент Тоқаев жұмысын "Астана" атауын өзгерту туралы ұсыныстан бастады

Назарбаевтың жолымен

– Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту.

Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін Әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз, – деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясын іске асыратынын айтты.

– Сайлаулды кампания барысында көптеген өңірлерді араладым. Менің платформам – азаматтардың негізгі мәселелеріне жауап. Ең алдымен мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы мен Бес институционалды реформа және өзге де мемлекеттік ірі құжаттарды іске асыруды қолға аламын. Бір сөзбен айтқанда мен Елбасының стратегиясын іске асырамын, – деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда Тоқаевты қолдаушылардың форумы өтті

Әлеуметтік әділдік

– Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – бұл үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу болды. Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныстар жиналды. Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті. Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз, – деген мемлекет басшысы мәселелерге жеке тоқталды.

Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді, деді президент.

Сонымен қатар, оның айтуынша, халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. "Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық - біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет", дей келе:

– Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек. Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет. Тағы бір маңызды, халықты мазалайтын мәселе. Бұл - жолдардың сапасы. Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі, – деді.

Оқи отырыңыз: "Орталық Азияның геосаясаттағы маңызы арта түседі". Тоқаевтың Мюнхен конференциясында айтқан өзекті ойлары

Тоқаевтың он бағыты

Мемлекет басшысы өз жұмысының бағыттарын атады.

Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру.

– Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз,– деді.

Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою.

Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.

Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау.

Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу.

Оқи отырыңыз: Тоқаев мемлекеттік тілден емтиханды қалай тапсырды?

Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту.

Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл - стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.

Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу.

Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.

Алтыншы бағыт. Әділетті әлеуметтік саясат.

Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдарды қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз.

Оқи отырыңыз: Nur Otan Президенттікке кандидат ретінде Тоқаевты таңдады. Съезд қалай өтті?

Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары.

Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.

Сегізінші бағыт. "Рухани жаңғыру" құндылықтары.

Бұл біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.

Оқи отырыңыз: Сайлаудан кейінгі күн қалай өтті? Президентті ұлықтау 12 маусымда болады

Тоғызыншы. Сыртқы саясат.

Қазақстан сыртқы саясатта үлкен беделге ие. Мемлекетіміз халықаралық аренада қазір бейбіт және сенімді елге айналды. Біз көпвекторлы сыртқы саясат құрдық. Әлемдік аренада ұлттық мүддемізді ілгерілетеміз. Ұлттық бизнес пен әр азаматтың игілігіне жұмыс істейміз.

Оныншы. Жас толқынға қарата айтарым, Қазақстанның одан ары дамуында сіздерге үлкен жауапкершілік артылып отыр, – деген мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналғанын айта келіп, – Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! – деп түйіндеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары