Тікелей эфир

"Ана капиталына" байланысты Үкіметтің ұстанымы айқындалған жоқ

Сурет mordovmedia.ru сайтынан алынды
Сурет mordovmedia.ru сайтынан алынды
Қазақстан халқы 2020 жылдан бастап "қартайған" мемлекеттердің қатарына қосылуы мүмкін. Қазақстанда кәрілер саны қазір 6,6 пайыздан асып қалыпты.

Бұл туралы 17 қыркүйек күні БЖЗҚ басшыларымен кездескен Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова айтты.

Жалпы БҰҰ сараптамасына сәйкес 65 жастан асқан азаматтардың саны 7 пайыздан асса, ол мемлекеттің қартая бастағанын білдіреді. "2020 жылдан бастап біздің елдегі 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 7,4 пайыздан асады. Бірнеше жылдан кейін біз де қартайған елдердің қатарына қосыламыз", – деді Бірғаным Әйтімова кездесу кезінде.

Қазақ "қартайса" жұмысты кім істейді?

2025-30 жылдарға қарай жұмыс істеуге жарамды қазақстандықтардың қатары азайып кетеді деген болжам бар. Сарапшылар халықтың қартаюының алдын алу үшін алдағы 10 жылда көп балалы отбасылардың қатарын көбейту керек дейді. Бала санын көбейтуді мемлекет тарапынан ынталандыра алмасақ, елдің болашағына қауіп төніп тұр.


Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтардың үлес салмағы 6,6 пайыздан асып қалыпты

Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтардың үлес салмағы 6,6 пайыздан асып қалыпты / ҚР Статистикалық комитеттің дерегі бойынша дайындалды


Қазақстан кезінде Кеңес мемлекеті кеңістігінде топтасқан елдер арасында халқының саны бойынша Ресей, Украина және Өзбекстаннан кейін төртінші орында еді. 1990 жылдары халқының саны жағынан бізбен шамалас болған Өзбекстанда қазір демографиялық дүмпу. Оның себебі үлкен зерттеулерге сұранып тұр.

Экономист Сағындық Сатыбалдин өзбек халқының күрт көбеюіне шығыстық менталитеттен іргесін аулақ салмауы әсер еткенін айтады. Өзбек қыздары қазақ құрбылары тәрізді мансап қуып, ғылым соңына түсуді армандамайды.

– "Әр баланың ризығы Алладан" деген қағидаға басымдық беріп, жастайынан шаңырақ құрады. Демографиялық ахуалдың тым тереңдеп кетуі оның психологиялық астарына байланысты. Жастар өз болашағына алаңдайды. Бұл қаперге алып жүретін фактор, – дейді ол.

Төрткүл дүниедегі біраз мемлекеттерде бала тууды арттырудың әртүрлі жолдарын қарастырып келді. АҚШ, Сауд Арабиясы, Малайзия, Ресей экономикалық жолмен шешпек, яғни қаржылай көмектесуді қолға алса, Түркияда жасанды түсік жасауға тыйым салып, құқықтық жағынан түбірімен тосқауыл қойып жүр.

Ал Қазақстан балабақша, аурухана, мектеппен толық қамту сияқты әлеуметтік жағынан ынталандыратын елдердің қатарына жатады екен.

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаева бізбен әңгімесінде балаға берілетін жәрдемпұлдың отбасындағы қажеттілікті жаппайтынын айтады. Мұның бәрі демографияға жанама болса да әсер етеді. Бірақ халық санын өсірудің өлшемі – ана капиталы емес, ата-ананың ұрпақ жалғастырамын деген ықыласы.

– "Ана капиталы" бағдарламасы бір­неше өзекті мәселелерді шешу арқылы жү­зеге асырылады.Олардың ішіндегі ең бас­тылары – ба­лабақша, емханаларды салу, әйелдерді жұ­мыспен қамтып, әлеуметтік тұр­ғыдан қорғау. Кешенді мәселелер шешіл­генде ғана, "Ана капиталының" қазақстандық баламасы жүзеге асуы мүмкін, – дейді ол.

Қазақстандағы қартаю процесі екі мәселеге қатысты

Сарапшылар осылай дейді. Бірі – демографиялық мәселе, екіншісі – ер азаматтар арасындағы өлім-жітімнің артуы. Бұл фактор әлемде де халықтың қартаю процесін жылдамдата бастады.

Қазір 164 елдің 41-інде зейнетке шығу жасы ұзартылды. Еуропа Одағына мүше елдерде еркектер 61,5, ал әйелдер 60 жаста құрметті демалысқа жіберіледі. Әлем демографиялық дағдарыстың табалдырығында тұр.

Лондон Warwick университетінің түлегі, "Тengri Capital" инвестициялық компаниясының басқарушы директоры Әнуар Үшбаев бізбен әңгімесінде әлемдік деңгейде дағдарыстың жоқтығын, тек демографияның экономикалық өсімге кері әсер етіп отырғанын айтады.

– Біздің елде қаржылық дағдарысқа қатысты үгіт-насихат пен профанцияның бәсі басым болып тұр. Қаржылық дағдарысты демографиялық дағдарыспен шатастыруға болмайды. Сол себепті біздің ел ойдан шығарылған үгіт-насихатты жиып қойып, демографиялық саясатты қалыпқа келтіретін жобаларды қолға алу керек, – дейді Әнуар Үшбаев.

Жәрдемақы жаялыққа да жетпейді

Қоғам қайраткері Ғани Қасымов 2012 жылдың қаңтарында парламентте Қазақстанда ресейліктер тәрізді ана капиталы арқылы бэби-бум жасауға болатынын айтты. Ол үшін мемлекет әрбір бөпеге 2 миллион теңге жәрдемпұл беруі тиіс.

Сенатордың жанайқайына сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова "Оған еш қажеттілік жоқ" деп жауап берген. Министрдің айтуынша, елдегі демографиялық жағдай "ана капиталынсыз-ақ" жақсы екен.

Үкімет бұл мәселеге "алаңдайтындай негіз жоқ" дегенмен, экс-сенатор "ана капиталын берейік" деген ұстанымынан әлі айнымапты.


Қоғам қайраткері "Бала тууды ынталандыру үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр?" деп әлі алаңдап жүр

Қоғам қайраткері "Бала тууды ынталандыру үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр?" деп әлі алаңдап жүр / Фото Ғ.Қасымовтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


Ғани Қасымов бізбен әңгімесінде халық санының орташа табиғи жылдық өсімі 484 мың адам екенін тілге тиек етті.

– Біздің елде бала туғаны үшін бір реттік жәрдемақы 60-90 мың теңгенің арасында. Екінші бала туғаны үшін берілетіні 5-6 мың теңгеге ғана артық. Босанған анаға денсаулығын қайта қалпына келтіруі үшін профилилактикалық ем-шара алуы керек. Ал мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы жәрдемақы баланың жаялығынан артылмайды. Одан басқа алатын заттар жеткілікті. Бұл – қандай көмек? – дейді ол.

Ғани Қасымов сөз арасында шенеуніктер тарапынан "Ресей біздің тәжірибемізді үйренуге ықылас танытып жүр" деген бос әңгімені көп айтатынын еске салып өтті.

– Ресейден енді біз үйренейік. Ресейде бірінші және екінші бала берілетін ана капиталы бізден көп, – дейді Ғани Қасымов.

Оның айтуынша, бұл мәселемен қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық институттарға шындап айналысатын кез келді.
– Демографиялық саясатты түбегейлі өзгерту керек. Үкіметке бұл мәселені шындап қаперге алмаса болмайды. Бірақ олар ықылас танытпайды. Себебі үкімет мүшелерінің басым көпшілігі жас. Бүл мәселені түбірінен түсінбейді. Бала үстінде қайтыс болып кететін аналар көбейіп кетті. Берілген жәрдемақы баланыың жөргекпұлы мен тамағынан артылып, сапалы білім алуына жетуі керек. Нағыз ана капиалы дегеніміз осы.

Әлеуметтік бағдарламалар демографияға дем бере ме?

ЕАЭО-дағы бізбен серіктес елдердің 2018 жылдан бастап "Ана капиталы" бағдарламасына ерекше басымдық бере бастағаны байқалған. Ресейлік дерек көздеріне сенсек, "Ана капиталы" жұмыс істеген 10 жыл ішінде 5 млн 700 мың отбасы қамтылыпты.

Аталмыш бағдарлама Ресейдің демографиялық жағдайын 60 пайызға дейін жақсартқан. Оған қатысқан отбасылардың 70 пайызы "Ана капиталын" тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қалған 30 пайызы балаларының білім алуына жұмсаған.

2018 жылы Ресейде ана капиталына өзгерістер енгізіліп, ана мен балаға төленетін жәрдемақы мен бір реттік сыйақы мөлшері өскен. Екінші баласын өмірге әкелген аналарға 453 026 рубль беріледі, бұл – теңгеге шаққанда шамамен 2,5 млн теңге. Одан кейін бала туылса немесе асырап алса да дәл осы сома төленеді. Ана капиталын зейнетақы қорына қосады не болмаса өздерінің баспана мәселесін жеңілдетуге, баласын оқытуға жұмсай алады.

Ана капиталы 2021 жылға дейін жалғасады

Тек бізде емес, Ресейде.

2008 жылы Еңбек және әлеуметті қорғау министрі болған Гүлжан Қарағұсовадан көрші елдегі бағдарлама туралы сұрағанбыз. Ол: "Ресей бұл қадамға Президент сайлауы, Дума сайлауы қарсаңында барып отырғанын естен шығармаңыз. Мұны бір жақтан электоралды кезеңнің алдында әлеуметтік мәселелерді көзір ретінде шығарды десе де болады. Мұның нәтижесіне баға беруге әзірге асықпайық. Егер, бәрі сәтті болса, алдағы екі-үш жылдың ішінде жаңа туған балаларға берілер бір ретті жәрдемақы, жөргекпұл Ресей үкіметі уәде беріп отырған деңгейге жетіп қалар деп үміттенеміз" – деп жауап берген болатын.

Бірақ оның ешқандай сайлау алды бағдарлама болмағанын өмірдің өзі көрсетті. Ал біз бір реттік жәрдемақы, жөргекпұл беру жағынан Ресей үкіметі уәде беріп отырған деңгейге 10 жылдан бері жеткен де жоқпыз.


"Ұлттық ата-аналар" қауымдастығы қоғамдық ұйымдарды дамыту орталығының жетекшісі Марианна Шевченко

Марианна Шевченко / Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


"Ұлттық ата-аналар" қауымдастығы қоғамдық ұйымдарды дамыту орталығының жетекшісі Марианна Шевченко бізге берген сұхбатында жас отбасылардың дүниеге сәби әкелуін ынталандыруды мемлекеттің басты міндеті дейді. Оны бірінші немесе төртінші бала деп кезең-кезеңге бөлу – заңдастырудың үлгісі ғана екен.

– Біз бір реттік төлеммен жас отбасының қаржылық жағдайына экономикалық тұрақтылық әкеле алмаймыз. Бірақ оларды қолдауға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді, – дейді Марианна Шевченко бізбен әңгімесінде.

Марианна Шевченко Ресейде кез келген демограф "Ана капиталының" демографиялық өсімге мультипликативті әсер еткенін жоққа шығара алмайтынын айтады. Мемлекетте 1990 жылдардағы демографиялық ақтаңдақтардың кері әсері әлі күнге дейін сезіледі екен.

– Статистикалық комитеттің дерегі бойынша Ресейде 2016 жылы 1,8 млн бала дүние келді. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 50 мың балаға кем. Бізге бұл бағдарламаны алдағы онжылдықтарға дейін тоқтатуға болмайды. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты бала туамын деп декреттік демалысқа шыққан барлық әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталуы керек, – дейді ол.

Марианна Шевченко "Ана капиталы" жобасының әлеуметтік қырын да, саяси әсерін де жоғары бағалайды. Себебі, бұл құжаттың әлеуеті әуел баста 2016 жылға дейін ғана деп есептеліпті.

– Құжатқа өзгерістер керек. Оны бір уақытпен шектеп қоюға болмайды. Бала тууды ынталандырумен ғана шектеліп қалмай, қоғамның әл-ауқатын көтеруге бағыттау керек. Ана капиталының әлеуетін кедейлікпен күресуге пайдалануға болады, – дейді ол.

Марианна Шевченко бұл бағдарламаның аяқталмайтынын, аяқталды деп қорытынды шығарған күннің өзінде оған балама болар құжаттың керек екенін айтты.

Демографиялық секторға Үкіметтің интервенциясы керек

Саясаттанушы-әлеуметтанушы Әзімбай Ғали демографиялық секторға Үкіметтің интервенциясы керек дейді. Бұл міндетті ЕАЭО-тағы бізден өзге елдер қолға алып үлгеріпті.

Көпке дейін ЕАЭО-та арбаның бесінші дөңгелегі болып танылып келген Арменияда – бірінші балаға 5000 драм (100 АҚШ доллары), екінші, үшінші және төртінші балаға 1 млн драм (2000 АҚШ доллары), ал бесінші балаға 1,5 млн драм (3100 АҚШ долларын) береді.

Тіпті Украинада 2018 жылы бірінші балаға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы – 41 280 гривен (376 АҚШ доллары), қазақстандық сәбилерге төленетін жәрдемақыдан 5 есе көп екен. Бұл қаржыны украиналық ата-ана бірден ала алмайды. Алғашқы 10320 гривен бала туған кезде ата-ананың қолына беріледі. Ал қалған қаржы 3 жыл бойы ай сайын 860 гривен көлемінде төленеді.

Белоруссия Президентi А.Лукашенко да жергiлiктi тұрғындардың санын үш есеге көбейту керектiгiн БАҚ арқылы жиі айтып жүр. 2017 жылдың аяғында "Бiздiң кең байтақ жерiмiзде бүгiнде бар-жоғы 10 млн адам тұрады екен. Өзiмiзге тиесiлi ұланғайыр жерiмiздi қорғайтын азаматтар туылмайынша, елдiң, жердiң қауiпсiздiгi жайында ауыз ашуға мүлдем болмас" деген сөзін ұмытқан жоқпыз.

Белоруссия Президентi ел қауiпсiздiгi мәселесiнің алдымен халық санының өсімі, бала туу көрсеткiшi арқылы шешiлетінін тұспалдап жеткізді.

Оған қоса "Мемлекет көпбалалы отбасыға деген көмегiн аяп қалмайды. Белоруссияның 30 млн тұрғынды асырауға шамасы жетедi" деп сөзімен қорытындылаған.

Белорусте бір реттік жәрдемақы бірінші балаға 2136, ал екінші және одан кейінгі балаларға 2991 беларусь рублі көлемінде төленеді. Бір беларусь рублі – 175 теңге, сонда алғашқы сома – 374 мың, соңғысы – 523 мың теңгенің маңайында.

– Бұл – қомақты қолдау. Біз тым болмаса Белоруссияның деңгейіне жетсек дұрыс болар еді. Бізге интеграцияға негізделген, прогресивті демографиялық ұлттық саясат қажет. Ресейде кезінде демографияны зерттейтін екі ғылыми институт, Украинада екі институт болған. Ал бізде Ғылыми топтар мен лабораториялар болды. Сондықтан арнайы ғылыми зерттеу институты қажет, – дейді Әзімбай Ғали.

Ананың әлеуметтік мәртебесі ұмыт қалып, жөргекпұл, тамағына жұмсалар қаржыға көңіл ауған

Қазақстанда да осындай бағдарлама қабылдану керектігі жиі айтылады. Себебі әлеуметтік зерттеулер ірі қалаларда жастардың отбасын құруға асықпайтыны, шаңырақ көтергендерінің 30-40 пайызына дейін ажырасып кететіні айтылып отыр.

"Тіпті біз жастарымыздың ажырасуы жөнінен әлемде алғашқы ондықты бағындырыппыз", – дейді "Мониторинг" сараптамалық агенттігі. ЕО елдерінің бас ауруына айналып келген "child free" ағымы бізге де жетті. Олар дәстүрлі отбасыны тәрк етеді, балалы болғысы келмейді. Тек өздері үшін өмір сүргісі келеді. Осы тектес феминистік ұйымдар дүниеге бала әкелуді кейінгі қалдыруға үндейді.

Біздің Үкімет ана капиталы жобасының әзірге жоспарда жоқтығын бұрын да айтқан, қазір де айтып жүр.


Графика ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деректеріне сүйеніп жасалды


2017 жылы наурыз айында сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова журналистермен кездескенде ана капиталын бала туғанда берілетін жәрдемақы мен жөргекпұлға төленетін қаржымен ауыстыруға шешім қабылданғанын айтып, бұл тақырыпқа нүкте қойды.

"Ана капиталын" ұсынуды Министрлік бірнеше рет талқылаған және талдау жасаған болатын

2016 жылы 26 мамыр күні Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова "Ана тілі" газетінде осы тақырыптағы мақалаға: "Қазақстандағы демографиялық жағдайды талдау көпбалалы отбасылардың басым бөлігінің ауылдық елді мекенде тұратынын көрсетті. Сарапшылар мен көпбалалы жанұя­лардың пікірінше, қажетті заттарды, тамақты және т.б. сатып алуға ақшалай көмек бала 3 жасқа толғанға дейін қажет. Осыған байланысты біржолғы ана капиталы төле­мінің орнына жоғарыда аталған ай сайынғы ақшалай жәрдемақыларды төлеу туралы шешім қабылданды" деп жауап берген.

Жақында Еңбек және әлеуметті қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бір сөзінде "Өзінің денсаулығы мықты болуы үшін, өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін болашақ анаға дұрыс тамақтанып, дәрумендерді уақтылы қабылдауы керек" деп қалды. Ауылда балаларының жәрдемақысын күнкөріс көзіне айналдырып отырған ананың 5-6 мың теңге жәрдемақысы "Қойға жете ме, әлде тойға" жете ме? Бұл жанға жайлы кабинеттерінде, жұмсақ креслода отырып алып, "қарындары ашса, неге бауырсақ жемейді" дегенмен тең.

Статистика тілімен сөйлесек, осы жылдың сәуірінде қабылданған "2018-2020 жыл­дарға арналған республикалық бюд­жет туралы" Қазақстан Республи­касы­ның заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң аясында бір жасқа дейінгі балаларға төленетін қаржы көлемі қысқарған. Әлеуметтік салаға бөлінетін 10 млрд 722 млн қаржының көлемі 5 млрд 720 млн теңгеге азайды. 1 жасқа дейінгі балаларға төленетін орташа көлемдегі жәрдемақы және бала күтіміне ай сайын төленетін төлемақыға бөлінетін қаражат қысқартылды.

Қаржыгерлер мемлекеттік бағдарламаларды дайындау мәселесінде Ресейге еліктей берудің қажеті жоғын айтады. Қазақ демографиясының табиғаты Ресейдікініе мүлдем ұқсамайды. Себебі, демографиялық өсім беріп келе жатқан қазақ әйелдері баланы Үкіметтің жәрдемпұлын алайын деп емес, "Үрім бұтағым көбейсін" немесе "Ұл-қызыма серік болсын" деп өмірге әкеледі екен.

Қаржыгер-экономист Ілияс Исаев бізбен әңгімесінде әлеуметтік саясатқа кері әсерін тигізетін экономикалық саясаттың жалаң саясатқа айналатынын айтады. Бұл ретте демографиялық саясатқа ең алдымен мемлекет мүдделі. Себебі демографиялық дағдарысты әлі бастан кешкен жоқпыз.

– Қазақстан – шикізаттық секторға бейімделген ел. Мемлекет тарапынан берілетін "Ана капиталы" қаржысын шикізат секторының табысы есебінен беруге болады. Қаржы көзі жеткілікті. Тек оны бастау мен жүйелі түрде жалғастыруға ықылас болмай тұр, – дейді Ілияс Исаев.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары