Тікелей эфир

Қазақстанда жаңа Үкімет құрылды. 11-ші Министрлер кабинеті қалай өзгерді?

Фото іnformburo.kz
Фото іnformburo.kz
Бүгін, 25 ақпанда Мәжіліс отырысына қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-министрі етіп Асқар Маминді тағайындады. Оның командасына кімдер келді?

Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет отставкаға кеткен соң, үш күн уақытша Премьер-министр қызметін атқарған Асқар Мамин бүгін ресми түрде Үкімет басшысы болып тағайындалды.


Аскар Мамин

Аскар Мамин / Фото informburo.kz


Парламенттің төменгі палатасында Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынған Президент "ол өзін жақсы менеджер ретінде көрсетіп, алдына қойылған тапсырмаларды үнемі орындағанын" айтты.

"Оның тәжірибесі бар, ширек ғасыр менің жанымда жұмыс істеп келеді. Әкім, министр, Премьер-министрдің орынбасары болды", – деді Президент жаңа Премьерді таныстыра отырып.

Орын басқан орынбасар

Асқар Маминнің бұған дейінгі қызметі Премьер-министрдің бірінші орынбасары еді. 54 жасар шенеуніктің негізгі мамандығы – инженер-құрылысшы, экономист. Саясаткер 2005-2006 жылдары Көлік және коммуникациялар министрі, кейін Астана қаласының әкімі қызметін, 2008 жылдан "Қазақстан Темір жолы" ұлттық компаниясын, 2016 жылдан бастап ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары болды.

Жаңа Премьердің су жаңа орынбасарлары

Министрлердің көбі бұрынғы орнына қайтып келгенмен, орынбасарлары түгел жаңарды. Кабминнің орынбасарлары болып Жеңіс Қасымбек, Гүлшара Әбдіқалықова мен Әлихан Смайылов бекітілді. Әлихан Смайылов Қаржы министрі қызметін қоса атқарады. Бұл Үкіметтің құрамында жаңадан құралған екі министрлік бар. Ол – ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Үкіметтің жаңа құрамы

Үкімет құрамындағы 14 министрліктің тоғызына бұрынғы басшылары қайта келіп, бес жаңа министр тағайындалды. Төмендегі тізімде сол жаңа бес министрдің аты-жөнін ерекше бояп көрсеттік.

  1. Қаржы министрі – Әлихан Смайылов;
  2. Әділет министрі – Марат Бекетаев;
  3. Денсаулық сақтау министрі – Елжан Біртанов;
  4. Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы;
  5. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі – Асқар Жұмағалиев;
  6. Энергетика министрі – Қанат Бозымбаев;
  7. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Бердібек Сапарбаев;
  8. Сыртқы істер министрі – Бейбіт Атамқұлов;
  9. Қорғаныс министрі – Нұрлан Ермекбаев;
  10. Ішкі істер министрі – Ерлан Тұрғымбаев;
  11. Ақпарат және қоғамдық даму министрі – Дәурен Абаев;
  12. Ауыл шаруашылығы министрі – Сапархан Омаров;
  13. Ұлттық экономика министрлігі – Руслан Дәленов;
  14. Білім және ғылым министрі – Күләш Шәмшидинова;
  15. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі – Роман Васильевич Скляр.

Жаңа Үкіметтегі министрлер туралы не білеміз?


Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов

Орнында қалған министрлердің бірі – Әлихан Асханұлы Смайылов – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, 2018 жылы 18 қыркүйектен бастап қаржы министрі. Бұрыннан үкімет құрамында жүрді.

2003 жылғы ақпан мен шілде аралығында – ҚР Сыртқы істер вице-министрі. 2008-2009 жылдары – ҚР Қаржы вице-министрі. 2009-2014 жылдары – ҚР Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы. 2014-2015 жылдары – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы. 2015 жылғы ҚР Президентінің көмекшісі болған. 1972 жылы Алматы қаласында туған. Үйленген, екі баласы бар.


Бейбіт Атамқұлов
Бейбіт Атамқұлов

Орнында қалған министрлердің бірі – Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, 2018 жылы 26 желтоқсаннан бастап ҚР Сыртқы істер министрі. Үкіметте бұрыннан жүр.

2016 жылы 7 қазаннан бастап Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған. 1964 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданында туған. Үйленген, үш баласы бар.


Бейбіт Атамқұлов
Нұрлан Байұзақұлы

Орнында қалған министрлердің бірі – Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі. Үкіметтің бұрыннан келе жатқан мүшелерінің бірі.

2007-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі. 2018 жылдың тамызында Қазақстан Республикасыныің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1963 жылы Шымкентте туған.


Ерлан Тұрғымбаев
Ерлан Тұрғымбаев

Орнында қалғандардың бірі – Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі.

Білімі: Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Заңгер мамандығы (1984). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономист мамандығы (2003). Заң ғылымдарының кандидаты. 12.2012-02.2019 жылдары – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары. 12.02.2019 жылдан бастап ҚР Ішкі істер министрі. 1962 жылы Алматы қаласында туған. Отбасылы, екі ұлы бар.


Дәурен Абаев
Дәурен Абаев

Орнында қалғандардың тағы бірі – Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі болды. Министрлік өзгертіліп құрылды.


Үкіметтің бұрыннан бар мүшелерінің бірі. 2011 – 2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы қызметін атқарды. 2016 жылы мамыр айынан бастап Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі болып тағайындалды. 1979 жылы Алматы облысында туған. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.


Әділет министрі Марат Бекетаев
Марат Бекетаев

Орнында қалған – Марат Бекетаев. Жас саясаткер 1998 жылы Қазақ заң университетін оқып аяқтаған. Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебінен магистр атағын алып келді.

Қызмет жолын Сыртқы істер министрлігінен бастаған ол Үкіметте департаменттің сектор меңгерушісі, басқарма басшысы қызметтерінде отырған. 2006-2007 жылдары Қазақстан премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі, кейін тікелей премьер-министрдің кеңесшісі, 2007-2010 жылдары әділет министрінің орынбасары, 2016 жылдан бері әділет министрі қызметін атқарып келеді. Үйленген, екі қызы бар.


Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов
Елжан Біртанов

Елжан Біртанов. Бұл да – бұрынғы орнын сақтаған министр. 48 жастағы шенеунік медицина ғылымдарының докторы. 1994 жылы еңбек жолын қарапайым дәрігер болып бастаған.

Небәрі төрт жылдан кейін (1998 жылы) басшылық қызметке кіріскен. 2008-2010 жылдары денсаулық сақтау вице-министрі, 2010-2012 жылдары "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ басқарма төрағасы, 2012-2014 жылдары "Назарбаев университеті" Атқарушы кеңесі төрағасының кеңесшісі, 2015-2017 жылдары денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі; 2017 жылдан бері Денсаулық сақтау министрі болып келеді. Бүгін соңғы қызметіне қайта тағайындалып отыр. Үйленген, үш баласы бар.


Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы

Ескі министрлердің бірі - Арыстанбек Мұхамедиұлы. 2014 жылдан бері Мәдениет және спорт министрінің орнында отырған ол бүгін қайта тағайындалды. Өзінің "ойланбай айтқан" сөздерімен көп сынға ұшыраған шенеуніктердің бірі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы "қырғыз қыздарға жаным ашиды" немесе "бақытты заманда өмір сүріп жатырмыз ғой" деген сөздерімен сынның астында қалды. "Бақыт құсы", "Жастар вальсі", "Астана", "Асыл сезім", "Достарым" деген әндердің авторы.


Қанат Бозымбаев
Қанат Бозымбаев

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұрынғы орнында қалды. Министр қызметінің алдында Павлодар облысының әкімі болған.

Президенттің кезекті бір Жолдауында ұйықтап отырған қалпы суретке түсіп, қоғамның сынына ұшыраса да, Үкімет құрамына енген Бозымбаев бұл министрлікті 3 жыл басқарып келеді. Жыл сайын егін науқаны мен өзге елдерде жанармай бағасы қымбаттағанда Қазақстандағы бензин дефицитін жоя алмай келе жатыр. 50 жастағы шенеуніктің үш баласы бар.


Асқар Жұмағалиев
Асқар Жұмағалиев

Үкіметке қайта-қайта оралушы – Асқар Жұмағалиев енді жаңадан құрылған цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарады.

Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы, Ақпарат және байланыс министрі (2010-2012) болды, Көлік және коммуникациялар министрі (2012-2014) қызметін атқарған. Үкіметтен Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы қызметінен кейін кетіп, жаңа министрліктің басшысы болып оралды.


Бердібек Сапарбаев
Бердібек Сапарбаев

66 жастағы Бердібек Сапарбаев енді Еңбек және әлеуметтік даму министрлігін басқаратын болды. Соңғы төрт жыл Ақтөбе облысын басқарды. Оның қарапайымдылығы, төтенше жағдайларда халық арасынан табылатындығы жиі айтылады.

Қызылорда облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Ақтөбе облыстарын басқарған. Негізінен, Сапарбаевты да "қайта оралған министр" деуге болады, өйткені, ол 2007-2009 жылдары осы ведомствоны басқарған болатын.


Күләш Шәмшидинова
Күләш Шәмшидинова

Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі. Жаңадан тағайындалғанымен Үкімет құрамында бұрын болып кеткен. 2002 -2005 жылдары ҚР Білім және ғылым Министрлігінде вице - министр болды.

2007 -2009 жылдары ҚР Білім және ғылым Министрлігінде вице-министр лауазымына қайта тағайындалды. 2009 жылдың қазан айынан бастап "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма Төрайымы. 1958 жылы Алматы облысы, Көксу ауданында туылған.


Сапархан Омаров
Сапархан Омаров

Сапархан Кесікбайұлы Омаров – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі.

2014 жылдың 4 наурызынан 2016 жылдың 3 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының вице-министрі болды.

2016 жылдың 24 наурызынан алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мєжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. 1968 жылы Шымкент қаласында туылған. Үйленген, үш баласы бар.


Руслан Доланов
Руслан Доланов / primeminister.kz

Руслан Ерболатұлы Дәленов – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі. Ол да – Үкіметтің құрамында жұмыс істеп келе жатқан шенділердің бірі. 2008 жылғы 11 наурыздан бастап ҚР Қаржы вице-министрі.

21 сәуірден бастап ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болды. 1975 жылы 2017 жылғы Целиноград қаласында туған. Үйленген, үш баласы бар.


Роман Скляр
Роман Скляр / Сурет informburo.kz

Роман Васильевич Скляр – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. Бұған дейін ол Жеңіс Қасымбек басқарған Инвестициялар және даму министрлігінде вице-министр қызметін атқарды.

2011-2013 жылдары ҚР Транспорт және коммуникация вице-министрі болды. Кейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде және ҚР Инвестиция және даму министрлігінде вице-министр, 2016 жылыдан бастап Парламента Мәжілісінің депутаты болды. 1971 жылы 8 мамырда Павлодар қаласында туған.

Бүгінгі тағайындаулармен қатар, Ұлттық банкті басқарған Данияр Ақышев Президенттің атына оставкаға кету туралы өтініш жазды. Оның оставкасы туралы Мәжіліс отырысында Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев хабарлады. Мемлекет басшысының өзі болса, бұл қызметке Ерболат Досаевты ұсынған. Депутаттар Досаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.


Ерболат Досаев
Ерболат Досаев

Ерболат Досаев қызмет жолында қаржы министрі, денсаулық сақтау министрі, экономикалық даму және сауда министрі, экономикалық даму және жоспарлау министрі, Ұлттық экономика министрі болған.

"Бәйтерек" холдингін басқарған, "Даму" кәсіпкерлікті даму қоры директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары