Тікелей эфир

"Дереу бұзу қажет!" Алматы 2-ЖЭО маңында ел бюджетіне салынған жаңа 740 пәтер несімен қауіпті?

Алмаз Төлекенің суреті
Алмаз Төлекенің суреті
Қалалық экология департаментінің дерегінше, үйлер қызыл сызықтан асып, 2-ЖЭО санитарлық қорғау аймағына салынған.

Жылына 42 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарып, қаланы улы түтінге тұншықтырып тұрған екінші жылу электр орталығының (Алматы 2-ЖЭО) тура жанында көппәтерлі үйлер бой көтерді. Жаңа 13-ықшамаудандағы пәтерлердің басым бөлігі биыл тұрғындарға қолданысқа берілді. Алайда, Алматы қаласының экология департаменті "бұл үйлерді бұзып, онда қоныстанған тұрғындарды дереу көшіру керек" деп дабыл қағып отыр. Себеп – үйлер қызыл сызықтан асып өтіп, 2-ЖЭО санитарлық қорғау аймағына салынған.

Құрылыс, сондай-ақ, магистральды газ құбырының күзет аймағына ішінара кіріп кеткен. Сондықтан, департамент мамандары онсыз да экологияға орасан зиянын тигізетін 2-ЖЭО енді оның дәл түбінде қоныстанған тұрғындардың өмірі мен денсаулығына ерекше қауіпті екенін ескертіп отыр.

  • Құрылыс не себептен 2-ЖЭО өндірістік алаңына салынған?
  • Жер телімінің нысаналық мақсатын өзгерткен кім және құрылыс аумағы неге дұрыс бөлінбеді?
  • Үй құрылысын бастамас бұрын қандай сараптамалар жүргізілді?
  • Тұрғын үйлер 2-ЖЭО аумағының жанында салынатыны және жылу орталығынан атмосфераға тарайтын зиянды заттардың денсаулыққа қаупі туралы ақпарат неге жасырылды?

Іnformburo.kz бұл сұрақтарға жауап іздеді.

"Түтінмен тыныстауға мәжбүрміз"


Нұрсұлтан Асанбеков өзі тұратын үйдің тұсында

ЖЭО түбінде бой көтерген үй тұрғыны Нұрсұлтан Асанбеков / Іnformburo.kz фотосы


Нұрсұлтан Асанбековтың қысы-жазы қара түтіні будақтап, дамылсыз жұмыс істейтін қос мұнараның маңында бой көтерген үйлердің біріне қоныстанғанына көп болған жоқ. Пәтерді жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз беретін бағдарламамен 5 жылға жалға алған. Ай сайын пәтер ақысы үшін 15 мың теңге төлейді. Алайда, Нұрсұлтан "тура қара түтіннің астында өмір сүру үшін бұл баға тым қымбат" деп есептейді. Айтуынша, кей күндері маңайда ыстың иісі мүңкіп, есік-терезені тұмшалап отыруға тура келеді.

"Менің ойымша, сатып алу құқығынсыз жалдап төлегенге 15 мың теңге ақы қымбаттау. Өйткені, алдыңғы кезектегілерге пәтер "Ақкент" тұрғын үй кешенінен берілген екен. Олар айына 5-6 мың теңге ғана төлейді. Біздің үй эконом саннаттағы болғандықтан, қолданыс мерзімі 50 жыл. Пәтер бағасын 50 жылға бөлгенде айына 15 мың теңгеден шықты. Ал "Ақкент" комфорт санаттағы үйге жататындықтан, пайдалану мерзімі де ұзағырақ. Сәйкесінше, айлық жалдау ақысы 5-6 мың теңге болған. Осы тұсы әділетсіз. Олар комфорт санаттағы пәтерді арзан бағаға жалдап отыр, ал біз 2-ЖЭО маңында ыспен тыныстап, әрі ол үшін қымбат ақы төлейміз", – деді ол.

Пәтерді уақытша жалдап отырған Нұрсұлтанның жарасы жеңіл. Жалдау мерзімі біткесін пәтерді өткізіп, қаланың басқа ауданына көше алады. Ал үйді өз қаржысына сатып алған тұрғындарға осындағы экологиялық ахуалға көндігуге тура келеді. Мемлекеттік бағдарламамен үй алып, қара түтінге тұншыққан тұрғындар айналадан үнемі күлімсі иіс шығатынын айтады. Сондықтан, олар балаларын далаға көп шығармай, үйде қамап отыруға мәжбүр.

"Пәтерді ипотекалық несиеге алып, тамыз айында көшіп келдік. Айына 105 мың теңге несие төлейміз. Үйдің 2-ЖЭО жанында салынғанын білсек те, баспаналы болғанымызға шүкір айтып қуанған едік. Бірақ, бұл қуанышымыз көпке созылмады, түтін біз күткеннен қатты будақтайды екен. Жел соққан күндері жанармайдыкі секілді сасық иіс мүңкиді. Терезе ашпаймыз. Соның өзінде иіс үйге кіріп, қолқаны қабады. Жаздағы жағдай осы, ал қыста не боларын елестету тіпті қиын", – деді Гүлжанат Мәшірбаева.


Түрғын үйлер түтінін будақтатқан 2-ЖЭО-ге жақын салынған

Түрғын үйлер түтіні будақтаған 2-ЖЭО-на тым жақын салынған / Іnformburo.kz фотосы


Жаңа ықшамаудан тұрғындарының көбі баспанаға әзер қол жеткізген. Сондықтан, олар маңайды торлаған қою түтіннің зиянын шегіп жатса да, дауласып жатқан жоқ. Барлығы да пәтерді бұл жерден жағдай не өзге амалдың жоқтығынан алғандарын айтады. "Таңдау болса, кәнекей! Түтіннен таза ауданнан пәтер алар едік" деп қынжылды тұрғындардың бірі Айнұр Жақсылыққызы.

"Үйді сатып аларда мұнда 2-ЖЭО барын білген жоқпын. Көшіп келген кезде ғана улы түтіннің маңына қоныстанатынымды аңғардым. Өзім жылу электр орталығына ең жақын орналасқан бірінші үйде тұрамын. Орталықтан қара түтін будақтап жатады, бірақ, одан денсаулығымызға қандай қауіп төніп тұрғанын әзірге білмейміз. Тек күнде таңға жуық орталықта болатын қатты шу мазаны қашырады. Үш бөлмелі пәтерімді 16 млн теңгеге ипотекамен сатып алдым. Бұл бағаға қаланың ішінен мұндай пәтер таба алмаймын. Кең және арзан болғандықтан осы жерге көшуіме тура келді", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Түтіннен жылына 160 мың тонна гипс өндіруге болады". Ғалымдар 2-ЖЭО мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды

Үйлер құрылысына бюджеттен 10,5 млрд теңге жұмсалған

Құрылысына – 10,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған мұндағы 23 үй қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша мемлекеттік бағдарламамен салынды. Пәтерлер "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға және жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз бөлінген.

  • 65 пәтер – жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға;
  • 255 пәтер – 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға;
  • 360 пәтер – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ банк салымшылары арасында сатылады;

Іnformburo.kz сауалхатына берген жауабында Алматы жайлы қалалық орта басқармасы құрылысы 2018 жылы басталған тұрғын үйлерді салу жұмыстары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жобаға сай жүргізілгенін хабарлады. Жобаны сараптамадан өткізуде қаланың барлық мүдделі қызметтерінен келісім алынған. Сондықтан, құрылыстың "еш олқылығы жоқ" деп мәлімдеді басқарма басшылығы.

Үй салуда қандай талаптар бұзылды?

Алайда, Алматы қалалық экология департаменті керісінше пікірде. Олар 2-ЖЭО маңында салынған үйлерге өз бетінше тексеріс жүргізіп, құрылыс кезінде бірқатар олқылық орын алғанын анықтады:

  • Үй салынған жердің нысаналық мақсаты негізсіз өзгертіліп, құрылыс аумағы дұрыс бөлінбеген.
  • Мемлекеттік сараптамаға үйлер 2-ЖЭО маңында салынатыны туралы ақпарат берілмеген.
  • Аталған аумақта құрылысты бастау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы (АПЗ) негізсіз берілген.
  • Үйлер ішінара 2-ЖЭО өндірістік алаңының санитарлық-қорғау аймағына кіріп салынған. Құрылыс 2-ЖЭО өндірістік алаңынан 940 метр қашықтықта орналасқан.
  • Құрылысқа ішінара магистральды газ құбырының күзет аймағында жатқан жер берілген.
  • Үйлер қала көшесінің құрылыс салуға болмайтын "қызыл сызығы" аумағына кіріп кеткен.

Ал Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 5 маусымда шығарған №435/05-23 санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысына сәйкес, 2-ЖЭО санитарлық қорғау аймағы 1 000 метрді құрайды. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурызда бекітілген №237 бұйрығы бойынша, баламалы электр қуаты 600 немесе одан жоғары мегаватт, көмір мен мазутты отын ретінде пайдаланатын I санаттағы жылу электр станцияларының санитарлық қорғау аймағы 1 000 метрден кем болмауы қажет. Демек, талап бойынша үйлер ең кемі – 1 шақырым қашықтықта салынуы қажет болатын.

Сондай-ақ, ҚР "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 заңының, 58-бабына сай, кiмге тиесiлi екенiне қарамастан, санитарлық қорғау аймағында:

  • тұрғын үй;
  • бiлiм беру ұйымын;
  • денсаулық сақтау және демалыс мекемесiн;
  • спорттық-сауықтыру нысандарын САЛУҒА БОЛМАЙДЫ. Тіпті, бау-бақша егіп, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi.

Бұған қоса, құрылысқа берілген жер ішінара магистральды газ құбырының күзет аймағында орналасқан. Ал "Магистральды құбыр туралы" 2012 жылғы 22 маусымдағы № 20-V заңының 1-бабының 9-тармағына сәйкес, магистральды құбыр нысандарына іргелес жатқан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және құбырды қауіпсіз, іркіліссіз пайдалану үшін оның шегінде магистральды құбырға жатпайтын кез-келген нысанды САЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ. Аумақ айрықша күзетті талап етеді.

ҚР "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңының 17-бабының 8-тармағына сәйкес, елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде белгiленген қызыл сызықтардан ауытқу үшін жауапкершілік көзделген. Еліміздің құрылыс нормалары мен қағидалары бойынша жеке және заңды тұлғалар жер учаскелерін құрылыс үшін пайдаланса, қызыл сызықты сақтауы міндетті. Құрылыс нормалары мен ережелері бойынша, қызыл сызықтар шегінде көлік инфрақұрылымына қызмет көрсетуге арналмаған ғимараттар мен құрылыс САЛУҒА РҰҚСАТ ЖОҚ.

Оқи отырыңыз: Алматы түтінге тұншығып тұр. 2-ЖЭО-н газға көшіру қала экологиясын жақсарта ма?

Лас ауадан қауіп мол

Алматы қалалық экология департаменті 2-ЖЭО бөлетін зиянды қалдықтар жақын маңда тұратын тұрғындардың денсаулығына ерекше қауіпті екенін айтып дабыл қағып отыр. Департамент дерегінше, жылу орталығынан бөлінетін зиянды заттар түрлі ауру тудырады. Мәселен:

  • азот диоксиді қатты жөтел мен бас ауруларын туғызады;
  • азот оксиді – қысқа мерзімде сау адамның өкпесін тітіркендіріп, ентікпе және өкпе-тыныс жолдарын зақымдайды;
  • күкірт диоксиді – қан айналым жүйесін бұзады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ауаның ластануы бүкіл әлемде өлім мен аурушаңдықтың негізгі себептерінің бірі болып табылады.

"Алматы электр станциялары" АҚ өндірістік мониторинг деректеріне сәйкес, 2-ЖЭО жыл сайын орта есеппен 19 мың тоннаға жуық күкірт диоксидін және 7 мың тоннаға жуық азот диоксидін шығарады. Яғни, 2-ЖЭО санитарлық қорғау аймағында тұрғын үйлердің болуы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін жерде адамдардың тұрақты өмір сүруіне алып келеді. Бұл өте қауіпті", – деді Алматы қалалық экология департаментінің өкілі.

Департамент мамандары жылу электр орталығының маңында салынатын нысандардың ара қашықтығы үшін 1 000 метр де аздық ететінін айтады. Олар зиянды заттардың қаупін есептей отырып, құрылыс кемі 3 шақырым арыда орналасуы керек екенін айтады.

"Бұл жерде өмір сүру қауіпті, үйлерді дереу бұзу қажет"


13-ықшамауданда 23 үй салынған

13-ықшамауданда барлығы 23 үй бой көтерген / Алмаз Төлекенің фотосы


Бұл үйлерді салуда бірқатар заң талаптары өрескел бұзылды деп есептеген Экология департаменті шілде айында Алматының коммуналдық мемлекеттік органдарымен қоса 13 құрылыс компаниясын да сотқа берген. Азаматтық істі қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарады. Талапкер, яғни, Экология департаменті:

  • Құрылысты жобалау үшін "Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы" берген сәулет-жоспарлау тапсырмасын заңсыз және оны жарамсыз деп тануды;
  • "Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының" эскиздік жобасын заңсыз деп тануды;
  • Алматы қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдеде жердің нысаналық мақсатын ауыстыру жөніндегі № 3-323-1845 қаулысының күшін жоюды сұрады.

"Жауапкер "Құт-сараптама" ЖШС мемлекеттік сараптамаға берген 2018 жылғы 27 қарашадағы № ҚҰТСАР-0054/18 қорытындыда тұрғын үйлер 2-ЖЭО аумағының жанында салынатыны туралы ақпарат жоқ. Бұл жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ, бұрыннан барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бұзу болып табылады", – делінген Алматы қаласы бойынша экология департаментінің сотқа берген шағымында.

Бұдан бөлек, департамент Президент әкімшілігінен бастап, тиісті инстанциялардың барлығына құрылыс кезінде жасалған келісімдердің заңдылығын және мүдделі ұйымдардың қорытындысын тексеруді, санитарлық-қорғау аймағында салынған бұл үйлерді қолданысқа бермей, оны бұзып тастау туралы мәселені қарастыруды сұрап хат жазған.

Оқи отырыңыз: Алматыда ауа сапасын 5 жылда жақсартатын бағдарлама әзірленді. Қала әкімдігі құжатты қабылдауға неге асығар емес?

Сот экология департаментінің арызын қараусыз қалдырды

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Экология департаментінің шағымы бойынша азаматтық істі қарап, талапкердің арызын қараусыз қалдырды. Соттың мұндай шешім қабылдауына жауапкерлердің құқық бұзғаны туралы нақты дәлелдердің жоқтығы және уәкілетті органның қорытындысының болмауы негіз болған.

"2-ЖЭО өкілдері іске жауапкер ретінде қатысуға тартылмаған және оларға қандай да бір талаптар қойылмаған. Сондай-ақ, балансында 2-ЖЭО орналасқан "Алматы электр станциялары" АҚ-ға қатысты тексеру жүргізудің дәлелдемелері ұсынылмаған. Сонымен қатар, талапкерден арыз халықтың, атап айтқанда, 2-ЖЭО-ге іргелес аумақта салынған үйлерде тұратын адамдардың мүддесін қорғау мақсатында берілді. Бірақ, талап қоюшыға халықтың экологиялық заңнама бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы өтініштері сотқа ұсынылған жоқ. Сондай-ақ, аталған адамдардың мүдделеріне орай, талап-арызбен жүгіну үшін өкілеттіктер дәлелденген жоқ", – делінген сот шешімінде.

Бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалып, қоғамдық мәселе көтерілген, оған қоса мемлекеттік органдар өзара соттасқан бұл іске қалалық прокуратура өкілдері қатыспаған. Мұның себебін сұраған Іnformburo.kz тілшісінің сауалхатына Алматы қалалық прокуратурасы былай деп жауап берді:

"Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" заңының 1-бабына сәйкес, сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды. Осыған байланысты қалалық прокуратура осы мәселе бойынша тексеру шараларын жүргізбеген және ден қою шараларын қабылдамаған. Апелляциялық сатыдағы сотта прокурор қатысады, кейін іс бойынша қорытынды береді".

Әкімдік жерді бөлу кезінде шығарған қаулыда заң талаптарын бұзған

Алматы жер қатынастары басқармасының Informburo.kz сауалхатына берген мәліметі бойынша, бастапқыда жер телімінің нысаналық мақсаты білім беру ғимаратына жатақханалармен қызмет көрсету үшін болған. Ал 2018 жылдың мамыр айында Құрылыс басқармасы Алматы әкімдігіне көп пәтерлі тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру туралы өтініш жасаған. Осы хат негізінде жер комиссиясының мүшелері телімнің нысаналық мақсатын "тұрғын үй салуға" өзгертіп, басқармаға 2-ЖЭО маңындағы жерді беру туралы шешім шығарады. Тиісті қаулыға сол жылдары Алматы әкімі болған Бауыржан Байбек қол қойған.

"2018 жылғы 11 шілдеде Алматы қаласы әкімдігінің № 3-323-1845 қаулысымен көппәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін нысаналы мақсаты бар "Алматы қаласы құрылыс басқармасы" (қазіргі атауы: Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасы) КММ 4 жыл 11 ай мерзімге жер учаскесіне уақытша өтеусіз қысқа мерзімді жер пайдалану құқығы берілді. Көп пәтерлі тұғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін, ҚР Жер кодексінің 62-бабына сәйкес, осы жер учаскесі белгіленген тәртіппен кондоминимум объектісінің құрамындағы үй-жайлардың меншік иелерінің ортақ үлестік меншігіне өтеді", – деп мәлімдеді Алматы жер қатынастары басқармасы.


Жер телімін тұрғын үй құрылысына беру туралы қаулы

Жер телімін тұрғын үй құрылысына беру туралы қаулы / Құжатты Алматы жер қатынастары басқармасы ұсынды


Бірақ, Алматы қаласы әкімдігі тарапынан жер учаскесін бөлу кезінде жіберілген заңсыз іс-әрекеттерді тексеру үшін Президент әкімшілігіне жолданған Экология департаментінің арызы бойынша Ауыл шаруашылығына қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, олқылықтар анықтаған.

"2018 жылғы 11 шілдедегі № 3-323-1845 қаулысының негізінде табысталу заңдылығына байланысты комитетпен жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдары тарапынан жоғарыда аталған жер учаскелерін табыстау кезінде Жер кодексінің 43 және 44-1 баптарының талаптарын бұзу деректері анықталды. Осыған байланысты Комитетпен мемлекеттік мекемелердің атына ҚР жер заңнамасын бұзуды жою және жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарды болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдау туралы нұсқамалар енгізілді", – деп көрсетілген комитет хатында.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Алматы әкімдігінің екі басқармасына айыппұл салынды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті де аталмыш үйлердің құрылысы бойынша Алматы жайлы қалалық орта басқармасы және Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Комитет құрылысты бастау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобаны келісу кезінде, сондай-ақ, нысанды пайдалануға қабылдау кезінде талап бұзылғанын анықтайды. Сондықтан мамыр айында қос басқарманың лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту, әрі оларға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама жасалды.

"Сонымен бірге Комитет сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында заң бұзушылықтарға жол берген субъектілерге қатысты белгіленген шараларды қабылдау туралы Алматы қаласының қала құрылысын бақылау департаментіне хат жолдады. Сонымен қатар, Комитет Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жер бөлудің заңдылығын тексеру туралы хат жолдады", – делінген комитеттің жауабында.

Алайда, қос басқарманың басшылығы кемшіліктерді жоюға асықпайды. Сондықтан комитет тарапынан сотқа арыз түсіп, басқарма басшыларына айыппұл салынған.

Басқармалар заң талаптары бұзылғанын мойындаудан бас тартты

Құрылыстың басы-қасында жүрген Жайлы қалалық орта басқармасы мен Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы 13-ықшамауданда бой көтерген тұрғын үйлер барлық санитарлық, сәулет-құрылыс және қала құрылысы нормаларына сай тұрғызылғанын алға тартуда. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановтың мәліметінше, Алматының топогеодезиялық мәліметтеріне сәйкес, 2-ЖЭО ластану көзінен көппәтерлі тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық 1 000 метрден көбірек.

"Құрылысты бастамас бұрын барлық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтті. Тұрғын үйлер 2-ЖЭО маңында салынатыны туралы ақпарат жасырылмай, барлық мәлімет ашық берілді. Шын мәнінде, егер қандай да бір заң бұзушылық болса, мемлекеттік сараптама өз қорытындысын кері қайтарып алар еді. Бірақ, бүгінге дейін ондай әрекет болмады. 2-ЖЭО-ның ластану көзі не? Ластану көзі түтін. Яғни, түтін шығып тұрған құбырлардың өзінен бастап есептегенде ол үйлердің арасы 1 500 метр болады. Демек, санитарлық қорғау аймағына кіріп тұрған жоқ. Бүгінгі күні қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, бұл станцияның қуаттылығы 500 МВт-тан аспайды. Олардың санитарлық қорғау аймағы кемінде 500 метр және екінші санатқа жатады", – деп түсіндірді Алмасхан Ахмеджанов.

Ол үйлердің қызыл сызықтың бойында орналасқанын да жоққа шығарды. Әрі газ құбырының күзет аймағында бірде-бір ғимарат жоқ екенін мәлімдеді. "АлЭС" АҚ мәліметі бойынша, 2-ЖЭО станциясының орнатылған қуаты келесі мәндерге ие:

  • орнатылған электр қуаты 510 МВт;
  • орнатылған жылу қуаты 1 411 Гкал/с.

Дегенмен, Экология департаментінің өкілдері Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасыныңбұл есебінде Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурызда бекітілген №237 бұйрығы бойынша эквивалентті қуаттылық назарға алынбай тұрғанын айтып отыр. "Эквивалентті қуаттылық электр және жылу қуаттылықтарының қосындысы болып табылады. 1 Гкал/сағат 1,164 МВт-қа тең. Сәйкесінше, орталықтың жылу қуаты 1 642 МВт-қа тең, оған электр қуатын қоссақ, 2 152 МВт болады", – делінген Экология департаментінің түсіндірмесінде.

Жайлы қалалық орта басқармасының дерегінше, үйлерді салуға әзірленген жоба бойынша мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама жүргізілген. Сондай-ақ, басқармадағылар жоба мемлекеттік сараптамадан өткен кезде учаске бойынша барлық деректер ұсынылғанын жеткізді. Әрі заңнамаға сәйкес, халықпен қоғамдық тыңдаулар өткізілгенін мәлім етті.

"2-ЖЭО өндірістік алаңы салынып жатқан тұрғын үйден 940 метр қашықтықта орналасқан. Санитарлық қорғау аймағы бойынша бұзушылықтар жоқ. Нысандар магистральды құбырдың күзет аймағына салынбаған. "Алғабас" ықшамауданы жанынан өтетін газ құбыры магистральды емес. Бұл жоғары қысымды газ құбыры (1,2 МПа дейін), оның қорғау аймағы "газ тарату жүйелері" арқылы регламенттеледі. Жақын үйдің жоғары қысымды газ құбырынан қашықтығы – 150 метр", – деп жауап берді басқарма өкілдері Informburo.kz жолдаған хатында.

Алайда, қаланың ситуациялық схемасы бойынша, үй салынған жер учаскесі ішінара көшенің қызыл сызықтарында, 2-ЖЭО күл үйіндісінің санитарлық-қорғау аймағында, магистральды газ құбырының күзет аймағында орналасқан.


Ситуациялық схема бойынша жер телімі туралы ақпарат

Ситуациялық схема бойынша жер телімі туралы ақпарат / Суретті Алматы қалалық экология департаменті ұсынды


Оқи отырыңыз: Көмір лоббиі тұрғанда, Қазақстан жасыл экономикаға ауыса алмайды

Мемлекеттік органдардың тартысы немен аяқталары белгісіз

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов Экология департаментінің 2-ЖЭО маңына өте жақын қоныстанған жер үйлердің тұрғындарын көшіруді қойып, берірек салынған көппәтерлі үйлерге неге шүйліккенін түсінбей дал болды. Ал Экология департаменті жер үйлердің барлығы аумағы жағынан Алматы облысына қарайтынын, тиісінше онда тексеріс жүргізуге құзыры жоқтығын мәлімдеді.

Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Экология департаментінің арызын қараусыз қалдырған соң, департамент қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірген болатын. 3-қарашада қалалық сот апелляциялық шағымды қарап, істі қайтадан аудандық сотқа жіберді. Әзірге бұл даудың қалай шешілері белгісіз. Ал қара түтінге тұншыққан тұрғындардың 2-ЖЭО тездетіп көгілдір отынға көшкенін күткеннен басқа амалы жоқ сияқты. 2025 жылдың соңына дейін орталықтың газға ауысатынын жақында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеген болатын:

"Көптен күткен Алматыдағы 2-ЖЭО-ні газдандыру туралы шешім қабылданды. Қолданыстағы қазандық агрегаттарын қайта құру арқылы қоршаған ортаға күкірт тотығы мен күлдің бөлінуіне жол берілмейді. Ауаға бөлінетін азот тотығы мен көмірқышқыл газының мөлшері де едәуір азаяды. Жоспар бойынша жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады".

Серіктестер жаңалықтары