Қазақстанда эпидемиологтар тапшы
Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі, Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті директорлар кеңесінің хатшысы Қадыр Омаровтың сөзінше, Қазақстанда санитария-эпидемиология саласында маман тапшы. 1990-2000 жылдардан бастап инфекциялық аурулар азайған соң бұрынғы инфекциялық орталықтар жабылып не профилін өзгертіп, оқу орындары дайындайтын санитар дәрігерлер саны күрт қысқарған. Кеңес одағы кезінде елде 9 мың эпидемиолог болса, қазір мың ғана маман бар. Оның ішінде арнайы білімі бары – 363 қана. Ал Қазақстан бойынша қажеттілік – 12 мың эпидемиолог.
Оқи отырыңыз: Мектеп пен еңбек ұжымдарында Covid-19 тіркелуі жиілеген. Қатаң шаралар қандай жағдайда енгізіледі?"Бізде енді инфекция тарамайды деп ойладық та, қоғамдық денсаулық сақтау деген жаңа мамандықты даярлай бастадық. Эпидемиологтардың жалақысы 80 мың теңге болса, мұндай ақшаға кім жұмыс істейді? Коронавирус эпидемиясы денсаулық сақтау саласына көп өзгеріс әкелмек. Екінші толқын да, үшінші толқын да келеді. Инфекция жоғалмайды. Сондықтан емдеу жолы мен алдын алу жұмыстарын жүргізу керек", – деді Қадыр Омаров.
Қадыр Омаровтың сөзінше, инфекциялық емханаларда 14 мың төсек орын бар. Қажет болса, 30 мыңға жеткізуге болады. 4 мыңдай жедел жәрдем бригадасы сақадай сай тұр. Жасанды тыныс алу аппараты да жеткілікті. Ендігі мәселе – дәрі-дәрмек пен емдеу хаттамасын дайындау, мамандарды оқыту.
"Басында ауру дәрігерлердің арасында көбейіп кетті. Ауырған 12 500 дәрігердің 197-сі қайтыс болды. Неге? Оларда қорғаныс киімдері болмады және қалай қорғануды да білмеді. Індетке қарсы киімді дұрыс киюді білмедік. Өйткені, инфекциялармен күресуді ұмытып қалдық. Бізде мұндай көлемде індет болған жоқ. Бір Қазақстан ғана емес, барлық ел дайын болмады", – деді ол.
Ауыл-аймақтар дайын ба?
Заңгер, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова коронавирустың екінші толқынына үкіметтің "дайынбыз" дегеніне күмәнмен қарайды.
"Емханаға қараламыз, жергілікті дәріханаға барамыз. Күнделікті көріп отырғанымыз Премьер-министр Асқар Маминнің айтқанымен сәйкес келмейді. Дәрі-дәрмек тапшы. Дәріхана қызметкерлері қазір келген дәріні қазір алып кетіп жатқанын айтады. Бағасын да бақылау жоқ. Бөлінген миллиондаған қаражаттың бәрі ауылдағы, аудандағы амбулаторияға жетеді деп айта алмаймын", – деді заңгер.
Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті директорлар кеңесінің хатшысы Қадыр Омаров коронавируспен көбінесе ауылда емес, қалада тұратындар ауырғанын айтып отыр.
Оқи отырыңыз: Отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды"Коронавирус әне-міне келеді деп күтіп жүргенде алдын алу жұмыстарын қалай жасауды білмей қалдық. Жеңіл формада өткен науқастар тіркелмей қалды. Жағдайы ауыр науқастарды жатқызуға орын болмады. Вирус жұқтырғандар саны азайды. Дегенмен отыз мыңнан асса, карантинге жабуға тура келеді. Әрі қарай ұстау қиын боп кетеді", – деді ол.
Шындықты айтқаны үшін жұмыстан қуылған дәрігер
№4 қалалық клиникалық ауруханасының бұрынғы қызметкері, хирург-дәрігер Риза Есергенова шындықты айтамын деп жұмыстан кеткен. Ауруханада мамыр-маусымда ешқандай провизорлық не инфекциялық бөлімшеге жатпайтын асқынған жарақат және іріңді хирургия бөлімшесіндегі бір науастың ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Науқасқа жеке палата берілгенімен, дұрыс оқшауланбаған, маска тақпаған. Орта және кіші медбикелерде, санитарларда арнайы қорғаныс киімдері болмаған.
"қорғаныс заттары беріліп жатыр" дегеннің бәрі өтірік. Таңертең жұмысқа келгенде оларға бір ғана маска мен резеңке қолғап берді. Сонымен сегіз сағат жұмыс істейді. Қорғаныс шаралары болған жоқ. Қыздар бірінен соң бірі ауыра бастады. Жұмыста жүріп жөтеліп, басы айналып, тері ағып, халі нашарлап жатқан соң "бұлай болмайды, басшыларға жағдайды айтыңдар" дедім. Ғимараттың басшылар отыратын жағын қорғап қойған. Ол жаққа адамдарды кіргізбейді. Ешкімнің шағымы оларға жетпеді. Дәрігерлер бөлімше меңгерушісіне ауырып жатқандарын айтты. 25 мамырда түскен науқастың 12 маусымда ПТР тесті оң нәтиже көрсетті. Жақын қатынаста болған үш медбике мен емдеуші дәрігердің талдауы теріс нәтиже көрсеткенімен, әрі қарай жұмысқа қатынап жүре берді. Олардың жағдайын ешкім бақыламады. Қиналып жүрген қыздарды көріп жаным ашыды. Басшылардың да, бөлім меңгерушісінің де бұл жағдайға шара қолданбағаны бір-біріне жұқтыра берсін дегені ме деген күдік туындады. Сөйтіп жағдайды блогерге айттым", – деді дәрігер.
Блогер Риза Есергеновадан сенімді болу үшін науқастың оң ПТР анализін сұраған. Дәрігер науқастың тегі мен әкесінің атын көрсетпей суретке түсіріп жіберген. Еңбек демалысына кеткен соң оған "осы жағдай туралы ауруханаға келіп түсініктеме беруіңіз керек" деген хат келеді. Еңбек демалысынан шыққан соң барармын деп жүргенде аурухана басшылығы кадр кеңесін құрып, жиналыс өткізіп, "дәрігерлік құпияны жариялады" деген негізбен жұмыстан шығарып жіберген.
Ақпаратты жеткізгені үшін жауапқа тартып, жұмыстан босату қаншалықты дұрыс?
Заңгер Маржан Аспандиярова дәрігер бұл ісімен жоғары деңгейдегі медицина саласының қызметкері екенін дәлелдегенін айтты.
"Ол халыққа жаны ашитынын дәлелдеді. Мекеме басшылары керісінше, алғыс білдіріп, "мәселені дұрыс көтердіңіз" деп, қызметтік тергеу жасауы керек еді. Ал бізде үнемі жасыру, жабу, жазалау, шындықты айтқан адамды жұмыстан шығару, көзін жою ғана бар", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?
Қадыр Омаров коронавирус елге келгенде Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкіметтің дұрыс ақпарат бермеуі маусым-шілде айында қиыншылыққа әкелгенін айтады.
"Ең бірінші қиыншылық күндіз-түні жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге келді. Қорғаныс киімдері болмағандықтан, алдын алмағандықтан, дәрігерлер ауырды. Олар жұмысын тастап кеткен жоқ, қолынан келгенін істеді", – деді ол.
Алайда Алматы инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова бұл жағдайдан хабарсыз. "Науқасты оқшаулайтын жағдай болмаған шығар, не болмаса операциядан кейін жұқпалы ауруханаға ауыстыруға науқастың жағдайы келмеген шығар" дейді ол.
"Дәрігерлерге қорғаныс заттарының берілмеуі басында болған шығар. Біз барған кезде толық жабдықталған. Аралап көрген кезде кейбірі өздері шешіп тастайтынын көрдік. Қабылдау бөлімінде дәрігерлер қорғаныс көзілдірігін кию керек. Неге шешіп тастағанын сұрасам, көрмеймін дейді. Дәрігерлермен де жұмыс істеу керек. Дәрігерлерді қорғауымыз керек. Берген киімді дұрыс киюіміз керек. Маска не қорғаныс киімін бермей жатса, талап етуге толық құқығы бар. Жазалағанды дұрыс деп айтпаймын. Қажет қорғаныс киімдерін түгел алуы керек", – деді Алмаш Ахметова.
Дәрігерлер үсемеақыны неге ала алмай жүр?
Жұмыс кезінде коронавирус жұқтырып алған дәрігерлерге 2 млн теңге, ал қайтыс болса отбасына 10 млн теңге беріледі. Тікелей жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлері үстемеақы алуы тиіс. Өздеріне тиесілі ақшаны ала алмай жүргендер бар. Қадыр Омаров қаржының дәрігердің қолына тимеуіне Денсаулық сақтау министрлігімен қатар басқа органдар да жауапты екенін айтады.
Алмаш Ахметованың сөзінше, ауырған қызметкерге шұғыл хабарлама жіберіліп, 14 күн ішінде қайда болғаны, немен айналысқаны, үйінде кімдер бары, жұмыс орны туралы ақпарат эпидемиологиялық картаға жазылады. Амбулаторлық ауырған адамның картасы да болады. Сол карталарды қарап жұмыспен байланысты ауырған-ауырмағаны тексеріледі.
Риза Есергенова төсек орын жетпейді деп өзі жұмыс істеген бөлімшеге пневмониямен ауыратын 9 науқас жатқызылғанын, оның бірі қайтыс болғанын айтады. Сол науқастарға қараған медбикелер үстемеақы алмаған.
Оқи отырыңыз: Билік өзгерістерге дайын ба? Сараптама
Қоғамдық иммунитет қалыптасты ма?
Заңгер Маржан Аспандиярова ешқандай статистикаға сенуге болмайтынын айтады. Алайда бұрынғы вице-министр Қадыр Омаров қазіргі жағдайды маусым-шілдемен салыстыруға болмайтынын, науқастар азайып, аурухана босап жатқанын тілге тиек етті.
Алмаш Ахметованың сөзінше, карантин шаралары жеңілдетілуіне қатаң, кешенді жасалған жұмыстың нәтижесінде жағдайдың тұрақталуы себеп.
"Халық дұрыс түсінуі керек. Әлеуметтік қашықтық пен тазалықты сақтамаса, маска тақпаса қайтадан көбеюіне әкеледі. Айналамыздан коронавирус кеткен жоқ. Қазірден бастап өзімізді қорғап, қарпайым талаптарды ұстануымыз керек. Тұмауға қарсы 130 мың вакцинаға осал топтағы адамдар тегін егіледі. Сізді емхана шақырмаса өзіңіз барып айтуыңызға болады. Әр емхана осал топта тұрғандардың тізімін жасап, шақыру жұмыстарын жасап жатыр. Коронавируспен бір ауырып, пневмония болып, одан кейін тұмаумен ауырса өкпесінен не қалады? Жағдайды жеңілдету үшін екпе алу керек", – деді ол.
Бірінші толқын қателігіне кім жауапты?
Заңгер Маржан Аспандиярова Қазақстан ақпарат соғысында жеңілді деген пікірде. Қазақстан Ресей мен Қытайдың екі ортасында болғандықтан солардың ақпараттық саясатын ұстанды.
"Біздің үкімет "коронавирус ешқандай қауіпті емес, жеңіл-желпі инфекция, соншалықты қауіптенетін нәрсе жоқ" деп айтты. Қытай пандемия қайнап тұрған кезде ақпаратты жасырды. Бір қаланы жапты да "бәрі жақсы" деп мәлімет берді. Екіншіден, кадр тағайындау мәселесі бар. Бізде маман бағаланбайды. Кез келген министрді тағайындаған кезде біреумен келісу керек. Жаңадан тағайындалған министр Алексей Цойдың кәсіби деңгейіне баға бере алмаймын. Бірақ кез келген облыс әкімі, денсаулық сақтау жүйесін басқарып отырғандар сол қағидамен тағайындалған. Басшы ретінде жұмыс істеу ыңғайлы бола ма, сол бірінші назарға алынады. Қаншалықты білікті маман, адал, жемқорлыққа қатысы жоқ, ол есепке алынбайды", – деді ол.
Оның пікірінше, халық билік тағайындаған шенеуніктерге сенбейді. Қанша ақпарат айтса "жалған ақпарат" деген пікір қалыптасқан.
Оқи отырыңыз: Тұмаудың алдын алудың тиімді жолы қандай? Маман кеңесі"Қарапайым дәрігерді, мейірбикені, хирург-дәрігерді алды да, соғысқа лақтыра салды. Министр жауапты, министрді тағайындаған президент міндетін атқарушы жауапты, бұрынғы президент жауапты. Өйткені елде осындай жемқорлық билеген жүйе қалыптасқан. Жүйені згертпесек коронавирустан да сорақы дағдарыстар болуы мүмкін", – деді құқық қорғаушы.
"Алексей Цой тау етегінде блогерлермен шәй ішіп жүр". Шенеуніктер неге ақпарат бермейді?
Алмаш Ахметова күнделікті коронавирус статистикасы жарияланатынын, баспасөз хатшысы журналистерге жауап беретінін, "мүлдем ақпаратсыз қалдық" деуге келмейтінін айтады.
"Жауап беріп жатырмыз. Басшылар қате жіберді деп айтылып жатыр. Төтенше жағдай біткен соң халық тыңдамай қойды. Қазір көздері жетті деп ойлаймын", – деді ол.
Маржан Аспандиярованың пікірінше, жоғары қызметтегі шенеуніктерде есеп беру мәдениеті қалыптаспаған.
"Қазір арнайы өкіл, ресми өкіл деген өте ыңғайлы болды. Қазір солар журналистерге жауап береді. Тағайындалған адам кез келген сұраққа сақадай сай болуы керек. Істеген іс үшін толығымен жауап беруі тиіс", – деді заңгер.
(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)