Тікелей эфир

Отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы еріктілер арасында жүргізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі QazCovid-in қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің I/II фазасын жүргізуге рұқсат берді.

"Бірінші және екінші кезең шеңберінде еріктілерді вакцинациялау жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинациялауға рұқсат берді. Клиникалық зерттеуге тек 244 ерікті қажет болатын. Алайда, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден он күннің ішінде түскен өтініштер саны әлдеқайда көп болды. Хабарландыру шыққаннан кейін бірнеше күн өткен соң өтінішдерді қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық", деп мәлімдеді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

QazCovid-in вакцинасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген.

Вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?

Қазақстан өңірлерінен клиникалық зерттеулерге қатысуға еріктілерден 688 өтініш келіп түскен. Енді олар скринингтен өтіп, вакцинацияланатын еріктілер тобы құрылады.

Клиникалық зерттеулер аккредиттелген клиникалық база – Денсаулық сақтау министрлігінің "Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы" РМК және GCP стандарты бойынша сертификатталған база – "Сentre for Clinical Medicine and Research" ЖШС-де өтеді.

"2020 жылдың 26 шілдесінде QazCovid-in вакцинасын БҚПҒЗИ бас директоры К. Д. Закария бастаған жеті әзірлеуші ғалым, кейін жиырма ғалым өздеріне салдырған болатын. Қазақстандық ғалымдарда иммунитеттің жоғарылауы байқалып, талдау нәтижелері вакцинаның қауіпсіздігі мен жоғары иммуногенділігін көрсетті. Бүгінгі таңда қызметкерлердің жағдайлары жақсы, жұмыстарын жалғастырып жатыр" делінген Білім және ғылым министрлігінің хабарламасында.

Серіктестер жаңалықтары