Тікелей эфир

Мектеп пен еңбек ұжымдарында Covid-19 тіркелуі жиілеген. Қатаң шаралар қандай жағдайда енгізіледі?

Сурет freepik.com сайтынан алынды
Сурет freepik.com сайтынан алынды
Оқу жылының басынан бері мектепке барған 16 балада коронавирус анықталған. Олармен байланыста болған адамдар 14 күнге үй карантинінде болады.

"Солтүстік Қазақстан облысы мектептерінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 жағдай тіркелді, олар 8 оқу орнында, сондай-ақ, 1 балабақшада анықталған. Мекемелерде эпидемияға қарсы барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Байланыста болған адамдар 14 күн үй карантинінде болады", – деді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында кезекші сыныптар мен шағын мектептерде 4 оқушы коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 16 балада коронавирус анықталған.

Оқи отырыңыз: Ата-ана баласын қашықтан оқуға қалай бейімдегені жөн? Психолог кеңесі

Бағдат Қожахметовтің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанға сырттан түрлі транспорт арқылы келіп жатқан жолаушылар ағынын да бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

"24 қыркүйекте елімізге әуе транспорты арқылы 2 127 адам келді. Оның 2008-і – жолаушы, 119-ы – әуе экипажы. Барлығы да тепловизор тексерісінен өтті. Арасында ПТР анықтамасы бар 479 адам болды. Жолаушылардың ешбірінен вирус анықталған жоқ", – деді ресми өкіл.

Ол еңбек ұжымдарында тіркелген коронавирус инфекциясы жағдайларының артуы алаңдатып отырғанын айтты.

Нақты айтқанда, осы жылдың 17 қыркүйегінде "Барыс" хоккей командасының 40 әкімшілік қызметкеріне профилактикалық тексеру жүргізіліп, олардың 11-інде сынақ оң нәтиже көрсетті. Оларға сол күні Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бас санитарлық дәрігердің нұсқауымен эпидемияға қарсы шаралардың өткізілуі жөнінде тапсырма берілді. Олармен байланыста болған 29 адам тіркелді, барлығына "Барыс-Арена" стадионына келуге тыйым салынған.

"Стадионға дезинфекция жасалып, қалған қызметкерлер арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алайда, 22 қыркүйекте науқастармен байланыста болған 29 адамды тексеру барысында команданың тағы 8 мүшесінен оң нәтиже байқалған. Барлық 19 науқастың денсаулығынан Covid-19-дың белгілері анықталған жоқ, науқастар амбулаторлық ем қабылдауда", – деді ол.

Айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, егер арнайы төсек-орындардың 70 пайызы толып қалса, қатаң карантин шараларын енгізуге тура келеді.

Оқи отырыңыз: 24 қыркүйекте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 61 адам тіркелді

"Бұған дейін біз коронавирусқа шалдыққандар үшін 70 мыңнан астам орын ашылуы мүмкін екенін айтқан едік. Соның ішінде 51 мың орын стационарда, яғни ауруханада болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, егер осы 51 мың орынның 70 пайызы толса, қатаң карантин шаралары енгізіледі", – деді Бағдат Қожахметов.

Ол қатаң карантиндік шаралардың барлығы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілгенін айтты.

"Дегенмен, қазіргі жағдай тұрақты, науқастар мен құрбандардың саны күн сайын төмендеп келеді. Санитарлық нормалар жақсы сақталып жатыр. Әрине, барлығы өзімізге, қоғамдық тәртіпке байланысты болады", – деді ол.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары