Тікелей эфир

Билік өзгерістерге дайын ба? Сараптама

Сурет freepik.com сайтынан алынды
Сурет freepik.com сайтынан алынды
Сарапшылар "билік өзгергісі келсе де, келмесе де, өзгеріске ұшырайды" деген пікірде.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Қазақстандағы билік жүйесі қандай?

Cаясаттанушы Шалқар Нұрсейітов "бұрын атқарушы билік президент пен үкімет болса, 2019 жылдың 19 наурызынан бастап, ол кітапхана, Ақорда, Үкімет деген үш сатылы атқарушы билікке айналды" дейді. Ал, Айдос Сарым әріптесінің бұл сөзімен келіспейтінін айтады:

"Қазақстанда үш сатылы жүйе бар дегенге сенбеймін. Кітапхана деген билік органы жоқ. Екі билік, үш билік деген жоқ. Қазақстандағы саяси жүйе қазір өзінің эволюциялық жолын ары қарай іздеп жатыр. Одан не шығатынын дәл қазір дөп басып айту қиын".

Шалқар Нұрсейітов қазіргі уақытта билікке деген сенім және легитимдік туралы сөз қозғалуы қажет деп есептейді:

"Неліктен бізде әкімдер өзіне жауапкершілік алмайды? Өйткені, оларды біреу тағайындайды. Не үшін бізде президент, министр, Үкімет өздеріне жауапкершілік алмайды? Себебі, олар бәсекеге қабілетті емес және әділ сайлауда жеңіске жете алмайды.

Былтырғы президент сайлауынан кейін көпшіліктің көкейінде биліктің легитимдігіне байланысты сұрақ туды. Былтырғы сайлау алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев қатыспағаннан кейін басқаша сипатта өтті. Оны тәуелсіз бақылаушылар, түрлі қоғамдық ұйымдар мен тіркелмеген саяси партиялардың әрекетінен көрдік. Мұның барлығы биліктің легитимдігіне қатысты сұрақ туғызды. Билік әлі күнге дейін бұл сұраққа жауап бере алған жоқ. Протестік көңіл-күйді бір арнаға бұру үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Ұлттық кеңесті құру туралы әңгіме былтыр инаугурация кезінде айтылды. Билік осы әрекетімен бұған дейін Қазақстанда реформалар болмағанын, саяси тоқырау болғанын мойындағандай болды. Логикаға салатын болсақ, Ұлттық кеңес саяси реформалармен айналысатын болса, бізге Парламенттің не қажеті бар?"

Оқи отырыңыз: Митингілер жайлы заң жобасын Сенаттан Мәжіліске қайтару жайлы

Денсаулық сақтау министрлігіне Алексей Цой келгелі қандай жұмыстар атқарылды?

Заңгер Айгүл Орынбек денсаулық сақтау саласына жаңа министр келгелі жасалған қандай да бір өзгерісті әзірше көрмегенін айтады:

"Өткен жолы Цойдың тапсырмасымен Шымкентке арнайы комиссия келіп, ауруханалардағы жасанды дем беру аппараттарының санын тексерді. Сонда шымкенттік белсенділер де комиссия құрамына кіргісі келіп еді, бірақ, ешкім оларды жолатқан жоқ. Комиссия құрамына тек әкімдік маңында жүрген "өз адамдары" ғана кірді".

Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Алексей Цой қызметке келгелі статистиканы манипуляциялау шарықтау шегіне жеткен:

"Президенттің өзі "біз шындыққа тура қарауымыз керек" деп еді. Бірақ, айтылған сөз айтылған жерінде қалды. Коронавирус пен пневмонияның статистикасы қосылмады, екеуі екі бөлек беріледі. Мұны мыңдаған адамның өміріне құрметсіздік таныту деп есептеймін. Ауырып қалған дәрігерлерге тиісті үстемақысын бермеу, басында 10 млн теңге деп айтып, соңында 1 млн теңге беріп құтылу, мұның бәрі биліктегі тиімсіз басқарудың жылдар бойы қордаланған проблемасын пандемия кезінде көпшіліктің алдына шығарды".

Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық

Айдос Сарым жаңа министрдің жұмысының нәтижесін көру үшін күзді күтуіміз қажет дейді:

"Дәл қазір біздегі ауруханалардың дайын-дайын еместігін дөп басып айта алмаймыз. Күз кезінде дәстүрлі пневмония мен тұмаудың уақыты келеді. Бәрі сол кезде белгілі болады".

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі билікшіл болып кеткен жоқ па?

"Билікшіл болып кеттіңіз бе?" деген сұраққа қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым былай жауап берді:

"Біздің елде қазір сөйлеудің өзі қиын болып кетті. Бір нәрсе айтсаң, бірден "Ақорданың шпионы" не "Қытайдың шпионы" деп айыптай бастайды. Менің қазір күресіп жүргенім – мәдениет мәселесі. Әрбір адамның кез келген ұстанымды ұстануына және оның қудаланбауына хақысы бар".

Ал, қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі, заңгер Айгүл Орынбек өзінің негізгі міндетін былайша түсіндірді:

"Біздің міндетіміз - билікке аймақтағы шағымдарды жеткізіп отыру. Біз қоғамдық кеңестен жалақы алмаймыз, оған кіргенге дейін де қоғамдық жұмыстармен айналысқан адамдармыз. Президент "біз еститін мемлекетті құруымыз керек" дейді. Мен жергілікті жер туралы айтайын. Аймақта болып жатқан проблемаларды әкім-қаралар билікке дұрыс жеткізбейді. Мысалы, Арысты алайық. Шенеуніктер "Арыстағы барлық үйлер салынып бітті" деп ақпарат береді. Ол жалған. Әлі құрылысы басталмаған үйлер де жетерлік. Бірақ, әкім-қаралар президенттің алдында "тапсырма 100 пайыз орындалды" деп есеп береді. Осындай мәселелерді біз, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері билікке жеткізіп отырамыз".

Оқи отырыңыз: Карантин бізге неге керек?

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне "демократиялық имитация" деген баға берді:

"Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған кезде оны биліктің сөзін сөйлейтін саясаттанушылар мен мемлекеттік БАҚ өкілдері Парламенттен де асыра жарнамалады. Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин "ел ішінде болып жатқан "саяси реформаларға" осы Ұлттық кеңес жауапты" деген месседж таратып отыр. Одан бөлек, осы кеңеске мүше болған Бағдат Мусин, Шыңғыс Мұқан секілді азаматтар өздерін танытып, мемлекетте меритократиялық жүйе қалыптасып жатыр.

Бізде күрессіз ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ, күресу үшін бізде кедергі көп. Саяси партиялар тіркеле алмай жүр. Әлнұр Ілияшев, Әсия Төлесова сияқты саяси белсенділер қудаланып жатыр. Осы жерде негізгі жауапкершілік - 30 жыл бойы ешқандай бәсеке көрмеген билікте".

Шалқардың пікірінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі заңдық күші жоқ болғандықтан, Парламенттің рөлін қайталай алмайды. "Ол елдегі саяси имитацияны жасау үшін қызмет етіп отыр" дейді ол.

Ал, "Хақ" қозғалысының жетекшісі, қоғам белсендісі Тоғжан Қожалиева Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерін "биліктің үміт беруші инструменттері" деп атады:

"Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерінің көбісі – менің достарым. Барлығы да жұмыс істеп жатырмыз дейді. Дегенмен, билік оларды құрал ретінде пайдаланып отыр. Тоқаев олардан өзіне лояльді пул дайындап жатыр".

Оқи отырыңыз: Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Бұл пікірге Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек былайша жауап қайтарды:

"Халық пен түрлі ұйымдар саяси сауатты болып, кімнен не сұрауды білуі қажет. Біздегі ұйымдар мәселенің мән-жайын 30 жыл бойы келе жатқан Үкіметтен сұрауды білмейді. Кеше ғана құрылған бір жасар бала сияқты Ұлттық кеңестен сұрайды. Көптеген ұйымдар әкімдіктің қолдауына қарап отыр, тендерге байланған. Бірақ, нақты жұмысын нәтижесін көрсетер кезде сол ұйымдарды таппай қаламыз".

Билік халықтың несиесін кешіруі керек пе?

Тоғжан Қожалиева 100 мың азамат жиналып, қол қойған биліктің несиені кешіруі туралы ұсынысына "популизм" деп баға берді:

"Мен азаматтардың несиесін кешіруге келіспеймін. Бұл - мемлекет экономикасының құлдырауына әкелетін қадам. Кеше осы мәселені әріптестеріммен талқыладық. Олар да мұны популизм деп отыр".

Ал, Айгүл Орынбек "кез-келген қарыздың қайтарымы болуы керек. Несиесін кешіру халықты масылдыққа алып келеді. Халық банктер несие пайызын төмендетсін деп талап қойса, мен оны қолдаймын" дейді.

Оқи отырыңыз: Саясат пен саяси шоу немесе өзгерістердің жауапкершілігі турасында

Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, қазір халық былтыр Үкіметтің несиені кешіру үшін 115 млрд теңге бөлгенінің зардабын шегіп отыр:

"Ол ақшаға аурухана, мектеп салынған жоқ, дәрі мен оттегі аппараты алынбады. Яғни, осындай мақсатта қаржы бөлінген кезде оның экономикалық зардабы сіз бен бізге бәрібір байқалады. Телефонды несиеге алғандар да, ипотекамен үй алғандар да, кәсіпкерлер де несиемді кешіріңдер деп шығады. Оның бәрін қамту мүмкін емес, қайткен күнде де зардабын тартамыз".

Қазақстандағы билік қашан өзгереді?

Шалқар Нұрсейітовтің пікірінше, жауапкершілікті билік басында отырған жандар өз мойнына алмайынша, елдегі жағдай өзгермейді:

"Бізде көп жағдайға соңында учаскелік полицей мен дәнекерлеуші кінәлі болып шығады. Билікте отырған азаматтар осы жүйеде 30 жылдан бері отыр. Биліктің табиғаты – билікті сақтап қалу. Олар қолындағы құзіретті сақтап қалу үшін бәріне барады. Яғни, қазір реформа жасайтын болса, олар бәсекеде жеңіліп қалуы мүмкін. Сол себепті олар өз қолын өзі шабатындай реформа жасамайды".

Ал саясаттанушы Айдос Сарым мәселенің екінші жағы туралы айтты:

"Кез келген экономикалық не басқа да құрылым белгілі бір дәрежеде шарықтау шегіне жетеді. Менің ойымша, Қазақстан өзінің шарықтау шегіне 2008 жылы жетті. Одан бері әртүрлі әлеуметтік мәселені, шулы мәселелерді мұнайдың арқасында жабумен келе жатырмыз. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та, бүгінгі жүйе өзгеріске түседі. Экономикалық құрылым да өзгереді. Ол өзгеріске түспесе, оны төңкеріп жібереді. Мен Қытай не Ресей Қазақстанға әскерін кіргізіп, біздің осындай олқылықтарымызды пайдаланып кете ме деп қорқамын".

Айгүл Орынбектің ойынша, қазір халық пен Үкіметтің бірігетін уақыты келді:

"Мемлекеттегі түбегейлі өзгеріске ағартушылық жолмен ғана жетеміз. Аймақтарда әкімдер қоғам белсенділерін тыңдамайды. Тәуелсіздігімізді сақтап қалғымыз келсе, билікте отырғандар біз сияқты қоғам белсенділерімен біріге отырып жұмыс істеу қажет. Қазір соның уақыты келді".

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары