26 қыркүйекте Алматы қаласы қоғамдық кеңесі митингілер туралы дайындалып жатқан жаңа заң жобасын талқылады. Құжат "Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро" директоры, құқыққорғаушы Евгений Жовтистің жобасы негізінде әзірленіп жатыр. Заңда 27 бап болады. Онда азаматтардың жиналыс, митинг, шеру, пикеттер өткізу тәртібі егжей-тегжейлі жазылады.
Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?
Евгений Жовтис "Бейбіт митингті ұйымдастырушы, бүлік шыққан жағдайда еш жауапкершілікке тартылмауы қажет. Бұзақылыққа барған адам ғана өз іс-әрекетіне заң алдында жауап беруі тиіс" деді. Сондықтан шеру кезінде шу шығарғандар әкімшілік кодекспен жазалануы мүмкін.
Жаңа заң жобасына митинг өткізу туралы өтінішке жергілікті атқарушы орган қанша уақыт ішінде рұқсат ету керектігі де енгізіледі. Ал қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті билік өкілдері мен полицейлер жиынға шыққан азаматтардың ойын ашық айтуына кедергі келтірмеу қажет деді. Сондай-ақ олар митинг өткізетін жерлердің санын арттыру керек деп отыр.
"Қала үлкен. Мысалы, Түрксіб ауданындағы комбинат жұмысшыларына жалақы төлемей қойды делік. Сол кезде қызметкерлер шеруге шығамыз дейді. Ол үшін жұмысшылар қаланың орталығына келіп жүрмейді ғой? Өздерінің кәсіпорындарының немесе жергілікті әкімдіктің жанында мәселелерін көтереді. Сондықтан қаланың сегіз ауданынан бейбіт митинг өткізуге 8 орын белгілеу керек. Бұл ұсыныстарды аудан әкімдіктеріне жолдаймыз" – деді қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.
25 қыркүйекте Алматы қаласы мәслихаты азаматтардың бейбіт жиын өткізуіне арналған екі жер белгіледі. Ол: "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы саябақ және "Оңтүстік" саябаяғы. Дегенмен бұл орындар көпшіліктің талқысынан соң нақты бекітіледі. Қоғамдық талқылау 8 қазанға дейін жалғасады.
Алматының қоғамдық кеңес мүшелері митинг туралы жаңа заң жобасын бірер күнде бітіріп, Парламент пен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қарауына ұсынады.