Ол анасын үйіне іздеп бармайды. Қақпасы ашылмай қалған көршісінің үйіне бас сұққан келіншек, жетпістен асқан апаның есінен танып жатқан үстінен түседі. Жедел жәрдем шақырып, дабыл көтереді.
Жамал апаның үш ұлы бар. Үшеуі үш қалада тұрады. Ең жақын тұратын кенже ұлының үйі ауылдан бір сағаттық жерде. Үш ұлды туғанда "шаңыраққа ие болатын ұл тудым" деп қалжа жеп қуанған ана қара шаңырақта қараусыз қалды. Еш келін ауылдағы үйде қалғысы, "ауылбай келін" атанғысы келмейді.
Жан сақтау бөлмесінен бір-ақ шыққан Жамал апаның қалта телефонынан бірінші тұрған нөмерді теріп, ұлы екенін анықтап, хабар береді. Ауыл-елден жеткен хабармен ұлдан бұрын бауырлары жетеді.
Бесіктегі баласына қарамай, бауырын артына мінгестіре қашқан әйелдің сыры осы жолы тағы бір өзін дәлелдегеніне көзің жете түседі екен. Бауырлары айқай-шу көтерген соң ғана бір сағаттық жердегі ұл ертеңгісін келеді.
Астында анасы жинаған малға сатып алған джип машинасы бола тұра, керенау келгені ағайындардың ашуын келтіргенде, кенже ұлдың берген жауабы: "Балам үйдегі бейнекамераның тетігін өшіріп қойыпты. Апамның құлағанын көрмей қалдым" болды.
Жамал апаның сіңлісі зерттей келе, ол бейнекамераның істемей тұрғанына айдың жүзі болғанын анықтайды. Жан сақтау бөлмесіне түскен енесінің хал-ахуалын білуді қажет деп таппаған келін, керісінше, кешкі жұмыстан үйіне машинасыз қайтатынына наразы болады.
Жаңа технологияны жан-жақты қолданудың жолын игердік. Ауылдағы анасын бейнекамерадан бақылаумен шектелетін күйге жеттік. Ары қарай не күтіп тұр?..
Оқи отырыңыз: Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?
Ұлдың аты... Той-думанда "шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты – ұл ғой, шіркін, қашанда..." деп әндетеміз. "Ат жалын тартып мінді" десе, сүндет той жасап, ағайын-туғанға жар саламыз. "Қыз – жат жұрттық" деп бауырға теппесек те, ұлдан кейін қоятынымыз тағы бар.
Сөйте тұра, соңғы кезде "күшік күйеу" мен "тасбауыр ұлдар" сапының жауыннан кейінгі саңырауқұлақша көбейіп жатқан жат қылығы кімге де болса, ой салары кәміл. Әлбетте, қызметті сылтауратып қара шаңырақта қалғысы келмеуіне көбіне – "ауылда жұмыс жоқ" деген сылтауды көлденең қоямыз. Таяқтың екінші ұшымен қарасақ, таразының бір басын басарлықтай салмағы бар тас.
Ауыл тұрмақ қаладан жұмыс табу қиын боп тұрған заманда, сөге жамандаудың да ретін таппайсың. Бала-шағасын асырау үшін нан табу керек. Әйтсе де, анасын қараусыз қалдыратын ұрпақтан жақсылық күтудің өзі сорақы. Біржақты кінәрат іздеуге қиналғанмен, ащы шындық жалғыз – қартайған Ана қараусыз қалмауы керек!
Келін боп аттап түскен ақ босағасын қараусыз тастағысы келмеген Ана қарынан қажыры тайғанда от-судан қолы арылмай, кейуана күй кешуге мәжбүр. Ұлдарының қолына барып-ақ тұрар еді. Тек, апта өтпей келіннің тас түйілген қабағынан қаймығатыны болмаса.
Ұзақта тұратын үлкен ұлдар телефон арқылы тілдесумен шектеледі. Кенже ұл үйіндегі бейнекамераны жедел ауыстыруға уәде береді. Сорақысы – бір келін де хабарласуды қажет деп таппағаны.
Келіндер аспаннан салбырап түскен жоқ. Оларды да ата-ана тәрбиелеп өсірген. Өкінішке орай, "Бүгінгі қыз ертеңгі күні білдей әулетке келін болатынын" ата-анасы түсіндірмеу, «ел анасы» болуға тәрбиелемеу үрдіске айналды. Індеп бара жатқан қасіреттің жолын кесу амалын қарастыру – қоғам міндеті.
Өйткені, ол әулет те "бабымызды жасайтын келін келсе екен" деп күтіп отырғаны заңды құбылыс. Енесіне көрсеткен мейірімсіздігі өз ата-анасының алдынан шығуы мүмкін екенін ойланбауы, миға сыйымсыз түсінік болып қала бермек. Ата-анасын былай қойғанда, өзі үміт күтіп отырған ұлына өзіндей келін тап келмесіне кім кепіл?
Оқи отырыңыз: Тап тартысы әлі де бар
Теріс айналған үш келін. Үш бірдей келіннің бірінен-бірі өте қаныпезер болғаны ағайындардың зығырданын қайнатқанымен, Жамал апаның: "Келіндерге тіл тигізбеңдер. Ұлдарымның миын ашытады. Бір етек бала-шағасына ие болсын" дегенінен аса алмайды.
Жан сақтау бөлімінен аман шыққан апасын үйіне әкеткісі келген бауырларына: "Шаңырағым қараусыз қалса, о дүниеге барғанда отағасыға қай бетіммен қараймын" деп үйінде қалып қояды.
Бәрі үйлеріне қайтқанда көрші келіншекке: "Келіннің қолына барғанмен, ішкенім ірің болатынын көріп тұрмын. Балам екеуінің ортасында жексұрын болғанша, үйімде өлейін" деп көзіне жас алады. Шығар жері жоқ тұмшаланған тұйық.
Түн ұйқысын төрт бөлген ата-ананың қараусыз қалғаны қалыпты жайтқа айналып жатқан мәңгүрттену процесінің жүзеге асқаны деп қарасақ, артық болмас. Мәңгүртке "Ана" сөзінің әсері жоқ. "Бала жетесіз болса, ата-анасын жерге қаратады" деген нақыл сөзді еске күрсіне алатын күн туатынын атам қазақ білген болар.
Ұрпақ қамымен қалада жүрген жандардың барлығы дерлік: "Бала-шағамды жеткізсем, қартайғанымда қарасады" деп, Құдайдан үміт күтеді. Құдайдан үміт күтуінің өзінде иман бар деген сөз. Ендеше, иманы мен қаракеті не себепті екі дара?!
Бір қызығы, соңғы кезде қаптаған тренингтен құр қалмайтын ересек аудиторияның игеріп жатқаны – "Ең алдымен өзіңді сүй. Өзіңді сыйла" екен. Дұрыс. Болсын. Бірақ, сонша ілімді игеруге жанталаса отырып, күйдірмей, жауратпай жеткізген ата-ананың қараусыз қалуына жол берудің ақыры қатты соғарын ойламауы санаға сыймас сорақылық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1❓ Какие платежи должны произвести казахстанцы в декабре?
- 6355
- 0
- 16
-
2⚡️Девушка из Афганистана оспаривает в суде отказ в статусе беженца в Казахстане
- 3060
- 42
- 54
-
3⚡️Летний скандал с грантами в Казахстане: одна из выпускниц судится с Миннауки, хотя учится в вузе бесплатно
- 2732
- 6
- 26
-
4⚡️Казахстан выдал первую визу Neo Nomad: её получил энергетик из Британии
- 2640
- 8
- 89
-
5🇰🇿🇨🇳Казахстан и Китай начали обмениваться разрешениями для грузоперевозок онлайн
- 2646
- 2
- 82
-
6🌡Прогноз погоды на 3 декабря: снег ожидается на севере, востоке и в центре Казахстана
- 2850
- 0
- 5
-
7🏅Токаев наградил орденом посла Китая в Казахстане
- 2402
- 22
- 97
-
8⚽️ Появился предварительный список кандидатов в президенты КФФ
- 2412
- 7
- 52
-
9❗️ Курс продажи доллара вырос до 530 тенге в обменниках Казахстана: ситуацию обсудят в правительстве
- 2429
- 5
- 32
-
10📊 Инфляция в ноябре составила 8,4%: какие продукты и услуги подорожали в Казахстане за месяц
- 2412
- 0
- 20