Тікелей эфир

Бала бухгалтериясы: Ақша санауды балаға қай жастан үйрету керек?

Фото www.7ya.ru порталынан алынды
Фото www.7ya.ru порталынан алынды
Психологтар баланы ес білгеннен қаржылық сауаттылыққа баулу керек дейді. Онымен айналысатын ата-ананың өзінің қаржылық сауаты аз болса, не істеу керек?

Биыл жылдың басында Өзбекстанның Орталық банк балаларға арналған банктік өнімдерді айналымға шығару ойлары барын айтты.

Банк өкілі Рахман Ибадуллаев осы жылдың наурыз айында журналистермен кездесуде жобаның іске асуына өзбек сумының девальвациясы кедергі келтіріп отырғанын айтыпты. Балаларға арналған банк өнімдерінің максималды айналымында қанша сум болатындығы туралы мәселе талқыланып жатыр екен.

Өзбек жағы балаларға қатысты жобаның бас-аяғын түгендеп жатқанда Ресей бұл мәселені пісіріп қойыпты.

Оқи отырыңыз: Кентаудағы отбасылық балалар үйі. Жұмашевтар әулетінің жақсылығы

2018 жылдың 1 қыркүйектен бастап ресейлік "Сбербанк" "СберKids" деп аталатын қосымшаны айналымға шығаратынын айтты. Кез келген смартфонға жүктеп алуға болатын қосымша арқылы 6 жас пен 13 жастағы балалар электронды банк карточкасы арқылы виртуальды төлем жасай алады. "Сбербанктың" өкілі Александра Алтухова 2 қыркүйек күні журналистермен кездесуде балалар картасының максималды айналымы 40 мың рубль екенін айты.

Ал бізде ше?

Бізде баласына қанша ақша беруді ата-анасының қалтасы шешеді

Ал бізде бұл жүйе әлі ғылыми-қаржылық жағынан негізделген жоқ. Мұның кері әсері ата-анасының ақшасы мен беделін белден басатын "пәленшещиналардың" әрекетінен көріп жүрміз. Бірақ соған қарамай "ұл-қызым бай-қуатты болса екен" деп кез келген ата-ана армандайды.

Бала мен ақша теориясы – қоғамда игерілмеген кеңістік. Қарым-қатынастың мұндай түрін ата-ананың баласына деген шектен тыс махаббаты мен мырзалығы, қалтасы шешіп жүр.

Оқи отырыңыз: SOS – отбасы типтес жетімдер үйі. Мұндағы балалардың өмірі қандай?


Сауалнамаға жауап берген ата-аналардың 59 пайызы жауап беруге қиынсынады екен

Сауалнамаға жауап берген ата-аналардың 59 пайызы жауап беруге қиынсынады екен / "Мониторнинг" сараптамалық орталығынан алынды


Баланың ақша ұстап үйренуі туралы тақырып барлық елдерге ортақ. Бірақ оның сипаты мемлекеттердің ұстанған саясатына байланысты. Мамандар батыс елдерінің көзқарасы ТМД тұрғындарының көзқарасымен сәйкес келе бермейтінін көптен айтып жүр.

26 жасында "Ауқатты әке, кедей әке " бестселлерін жазған Роберт Кийосаки баланың болашағы жақсы тәрбие мен білімде емес, ақшаны бала жастан қалай жарата білгендігінде деп жазған. Себебі қоғамның деңгейі немесе ата-анасының байлығы жайлы баланың түсінігі күнделікті шай-пұлға деп берген ақшаның мөлшеріне қарап қалыптасады екен. Миллиардерлер тарихына №1 болып енген Джон Рокфеллер күнделікті шай-пұлға бөлінген ақшаның басын қосып, оған кәмпит сатып алып, оны бөліп, өзінің бауырларына екі есе бағасына сатып, үстіндегі табысын қажетіне жаратады екен.

Жеті жасында күркетауық өсіріп, шағын кәсібін ашқан. 12 жасқа келгенде 50 долларды көршісіне жылына 7 пайыздық өсіммен қарызға беруді әдетке айналдырған. Уақыт өте келе бұл Рокфеллер отбасындағы бала тәрбиесінде дәстүрге айналыпты.

Оқи отырыңыз: Елордада балалар мен жасөспірімдер қоғамдық көлікпен тегін жүреді

ЕО елдерінде, Германияда баланың күнделікті шығыны заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жасына қарайды. 6 жастағы бала 50 еуроцент алса, 15 жастағы баланың шығыны 50 еуроға дейін өседі.

Ал бізде мұндай заңмен шегеленіп қойған ереже жоқ. Қақпақ ашық.

Ашық қақпақтардан 40 жасқа келгенше ата-анасының мойнына мініп отырған масыл-еркетотайлар шығып жатыр.

Дәулетті отбасыдан шыққан балалардың талантына емес, мәртебесіне басымдық беретіні әлемді алаңдата бастапты

2018 жылы 19 наурыз күні Ұлыбритания парламентінде білім мәселелері жөніндегі хатшы Дж. Грининг "Табысы жоғары отбасылардан шыққан, бірақ академиялық көрсеткіштері төмен балалардың ерекше қабілеттерімен ерте танылған қатарластарымен салыстырғанда 35 жасқа толғанда жоғары жалақы алады" деп мәлімдеді.

Басқаша айтқанда дәулетті отбасылардан шыққан азаматтардың айлық жалақысы әлеуметтік мәртебесі төмен құрдастарымен салыстырғанда 2200 фунтқа жоғары болады екен. "Ата-аналарының табысы балаларының жағдайына ықпал етпеуі тиіс. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ата-анасының байлығының қанша пайызы балаларына тиісілі болатынын заңмен белгілейтін боламыз. Біз бұған дайындықты балалардың қалта пұлының қанша болатынын заңмен белгілеуден бастаймыз. Ұлыбританияда жақын болашақта ата-анасының кім болғандығына емес, әркімнің қабілеті мен біліміне қарай деген заң үстем болады", – депті Дж. Грининг.

Бұл туралы сол елдің The Sunday Times газетінің 2018 жылғы 20 наурыз күнгі нөмерінде жарияланды.

Оқи отырыңыз: Балалар туристік пойызы іске қосылады. Ал Kids go free жобасы Мәжіліс қарауында

Ақша жұмсау мәдениеті

Американдық психолог Алан Фрэнмнің пікірінше, "ақша жұмсау өнерінің өз қалауымызды басқаруға қабілеттілігімізді көрсетеді" және бұл өнерге бала шақтан машықтануы керек. Баланы өмірдің осы жағына қызықтырған сәттен бастап, оны ақшаға мұқият болып, ұтымды ұстай білуге үйрете бастауға болады.

Батыс елдерінде атақты және дәулетті отбасыларда балаларының бухгалтериясы үшін банкирлерді жалдаулары қалыпты құбылыс.

АҚШ-тағы автокөліктерді жалға беретін "Rent-A-Car" компаниясының негізін қалаған Тейлор Байрон Трот АҚШ тарихында ауқатты отбасылардың балаларының бухгалтериясын үйлестіруді ғылыми негіздеп берді. Кейін ол мұны кәсіпке айналдырып, бірнеше штаттардан еншілес компанияларын ашып, балалардың қалта шығыны туралы кітап жазған. Трот ата-аналардың басты кемшілігі ретінде балаларымен табысы жайлы ашық әңгімелеспейтінін атады. Оның пайымдауынша, "Балаға ақша санауды өмірдің өзі үйретеді" деген пікір дұрыс емес.

Ол өзінің клиенттеріне балалардың ақша санауды ерте бастан үйрену қажеттігін үнемі айтады екен. 2014 жылы Мәскеуде жарық көрген "Классикалық бизнестің әліппесі" кітабында 32 жастағы баласына бизнесін тапсырып, содан кейінгі ол тірлікке араласпағанын айтқан.

"Rent-A-Car" компаниясының жылдық табысы – 19 млрд АҚШ доллары, өзі Америкадағы ең дәулетті 30 адамның ішінде 18 орында тұр.

"51 жаста неге үлкен бизнестен кеттіңіз?" деген сауалға "Ұлым 7 жасымнан қасымда жүрді. 21 жасында компанияның стратегиялық жоспарларын дайындады. Мен ұлыма 100 пайыз сенемін" деп жауап берген екен.

Оқи отырыңыз: Балалардың гаджетке тәуелді болуына ата-ана кінәлі. Кішкентайлар экран алдында екі сағаттан артық отырмауы керек

Балаға қымбат пен арзанның айырмашылығын 2,5-3 жастан бастап үйрету керек

Екі арадағы байланыстың ерте басталғаны екі жаққа да тиімді екен.

– Балаға қымбат пен арзанның айырмашылығын 2,5-3 жастан үйрету керек. Себебі осы жаста ол салыстыра алады. Ал 7 жастан бастап ақша санап, бағаның айырмашылығын біледі, – дейді Светлана Меркулова informburo.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.


счм

Ресейлік психоаналитик Светлана Меркулова балаға ата-анасы ақша ұстауды үйретулер керек дейді / Сурет С.Меркулованың әлеуметтік желісінен алынды


Светлана Меркулованың сөзінен ұққанымыз, балаңызға ақшаның заттарға айырбасталатын тек әншейін құнды қағаз екенін түсіндіру керек.

– Кеңес елінде психолог Алексей Леонтьев шеңбер сызып, осы шеңберден шықпай алыста үстелде тұрған затты алу сияқты тапсырманы 5-6 жастағы балаға жүктейді. Өтеміне өте қымбат сыйлық беретінін айтып, балаға көрсетіп те қояды. Баланың затты алуға қолы жетпейді. Шеңберден асса десе шарт бұзылып, ойыннан шығып қалады. Соңында ол бәрібір шеңберден шығып, тапсырманы орындайды. Психолог балаға түрлі мақтау сөздер айтып, сыйлықты береді. Бірақ, бала сыйлықты алудың орнына төмен қарап, сыйлықтан бас тартады. Бұдан шығатын қорытынды: "ұят болды" деген ұғым баланың санасына тәрбиемен бірге енеді. Ақшаның бала дамуына кері әсерін тигізуіне, оның рухани дүниесін бүлдіруіне жол бермеу керек, – дейді Светлана Меркулова.

Светлана Меркулова ХХ ғасырдың аяғында АҚШ-та балаларды қаржылық сауаттылық шеңберінде тәрибелеу дәстүрге айналғанын айтып өтті.

Бұл бағыт қазір АҚШ-та бизнес индустрияға айналыпты.

– АҚШ-та балалардың қаржылық сауаттылығын көтеруге бағытталған тренингтер қазір трендке айналған. Жыл сайын мыңдаған кітаптар шығады. Ондағы құнды деректер мектеп бағдарламасына енгізіледі. Дәулетті ата-аналар балаларын 3-4 жасынан бастап ақша үнемдеуге үйретеді. Тренингтерге апарады. Сол себепті дәулетті отбасыдан шыққан балалардың қалтапұлы қарапайым отбасыдан шыққан құрдастарымен салыстырғанда аз болады. Қаржының, байлықтың табиғаты есепті қалайды. Ес біле бастағаннан ақшаның дәмін сезіп өскен бала оны есепсіз жұмсамайтын болады, – дейді Светлана Меркулова.

Балаға қанша жастан бастап ақша беруге болады?

Әлем ғалымдары бұл сұраққа толыққанды жауап беруге тырысып жатыр.

Себебі кейбір балалар 3-4 жасында өзіне не қажет екенін ата-анасының ақыл-кеңесінсіз-ақ білсе, кейбі­реулері 20 жасқа жеткенше ақ­шаны санай алмайды. Өз қажетіне қанша ақша керектігін білмейді. Психологтар кейбір балалардың ақшаға деген көзқарасына оның туа бітті мінезі де әсер етеді деп оларды ақтап алуға болмайтынын айтады.

"Егер соңғы деміңіз қалғанша өзіңіздің табысыңызға балаңызды тәуелді еткіңіз келмесе, ақшаны қалай жұмсауды кішкентайынан үйретіңіз" деп кеңес береді. Күнделікті ақ­шасын ретімен жұмсай білуді балаға 3-6 жастан бастап үйрете берген дұрыс дейді. Себебі баланың ақ­шаға қызығушылығы ғана емес, сатып алуға болатын, болмайтын заттарға көзқарасы да осы жастан жетіледі екен.

Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары тұрмысы орта дең­гейдегі ата-аналар баласына жомарттық танытатынын анық­таған. Бір қызығы, өте бақуатты тұратын ата-аналар балаларына ақшаны аз береді. Кейбірі тіпті бермейді де. Олардың көпшілігі ақша беру жалқау әрі масыл етеді деп есептеп, баланың ақшаны қалай жарататындығына көбірек көңіл бөледі екен.

Өзінің алғашқы компьютерлік бағдарламасын 13 жасында жаса­ған әйгілі миллиардер Билл Гейтс балаларына бүкіл дәулетінің 1 пайыздай ғана бөлігін қалдырғанын кезінде әлемдік БАҚ-тың бәрі жазды. "Миллиардер болып есею мақсат емес" деп есептейтін Гейтс балаларының өз өздерін қам­тамасыз етуді үйренгенін қа­лай­ды екен. 63 жастағы миллиардер биыл 6 маусымда өз компаниясының 4,6 млрд доллар сомасындағы акцияларын қайырымдылыққа берді.

Шетелде

Швецияда бар­лық балаға емес, тек жақсы оқы­ған балаларға 16 жасқа дейін әр ай сайын 1050 кроннан ($136) төленіп тұрады. Бірақ бұл қаржыны олардың ата-аналары алады екен.

АҚШ-та балалар үшін ашыл­ған қаржылық акаде­миялар бар. Мұнда қаржылық сауаттылықты ар­найы консультативті бағдар­лама ретінде оқы­тады. Оған қатысуды баланың өзі шешеді.

Британдық ата-аналар балалық шақтан айырмау үшін балалардың ақшамен қарым-қатынас жасауына аса ықылас таныта қоймайтын көрінеді. Бірақ ақша жинайтын сандықшалар сыйлап, оған шығын­дарына берілетін ақшаны салып қоюды ұсынады. Аптасына орта есеппен 5-10£ (8-16$), ал жасөспірімге 20£ (31$) береді. Баланың қажеттілігі одан асып кетсе, ата-анасы оған қосымша жұмыс табуды ұсынады екен. 6-12 жастағы балалардың арнайы сайт арқылы өздеріне сыймай қалған киімдерін, қажет болмай қалған ойыншықтарын сатуы Швециядан бастау алған екен.

АҚШ-та "Жеке бюджет", "Табыс табу", "Жи­нау" ұғымдары әрбір кіш­кентай америкалыққа жөргекте жатқан кезінен бастап таныс.

Статистикаға сүйенсек, орта дәулетті отбасыда балаға ақшаны көп береді екен. Дәулеттілер баласына ақшаны аз беріп, оны үнемдеп жұмсау жолдарын үйретеді екен. Америкада кезінде қайрымдылық қорында атақты миллиардер Генри Фордтың ұлы Эдсел Брайант Форд жәшікке 1000 доллар, ал өзі 100 доллар тастапты. Бұл жайт журналистерге қызық боп, "Сіздің байлығыңыз ұлыңыздан кем бе?" деп сұрайды.

Сонда Генри: "Ия, солай. Менің әкем миллиардер емес" деп жауап беріпті.

Ауқатты-қалталы азаматтар мен қалталы-ақшалы балалар де­ген түсінік бізге де жетті

Мұндай пәрменді принцип біздің ұлтқа тән деп айту қиындау. Өйткені біздің қоғам жоқ болса да, "баламыз қатарынан қалмаса екен" деп барын қалталарына салып жібереді. Әке-шешенің бала­сынан барын аямайтыны рас.

Шынында қазіргі балалардың қолындағы ақшаның көптігі былайғы жұртты тіксіндіреді. Деректерге қарағанда, Астанадағы бір мектеп оқушысының бір айдағы жұм­сайтын ақшасы 100 000 мың теңге айналасында болған. 300-500 мыңдық теңгелік қолтелефон қазір екінің бірінің қалтасынан табылып жатады.

Құны 100-200 мың АҚШ доллары тұратын қым­бат авто­көлігімен балаларын мек­тепке алып келетіндердің қатары біздің елде де көбейе бастады.

Қоғамның деңгейі баланың ақшаға көзқарасына тәуелді екенін кеш білдік

Және бұл түсінік балаларға да әсер ете бастапты. Бізде баланың ақ­ша туралы түсінігі, ақшаны дұрыс жұмсау, орын­ды жұмсау мәдениеті туралы пікірлер бір-бірімен теке тіресіп жатыр.


– Бала мен ақша арасындағы байланыс "пәленшещина" деген дертке айналды, бұл қауіпті дерттің басы, – дейді академик Асқар Жұмаділдаев

"Бала мен ақша байланысы "пәленшещина" деген дертке айналды, бұл – қауіпті дерттің басы" дейді академик Асқар Жұмаділдаев / Фото Асқар Жұмаділдаевтың жеке архивінен алынды


Академик Асқар Жұмаділдаев біздің ел балалардың қалтапұлы туралы мәселені бір жүйеге түсіре алмай келе жатқанын айтады. Мұны бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болады.

– Бұл құбылыс "пәленшещина" деген дертке айналды. "Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда" дейтін қарабайыр ұғымның салтанат құрып кеткенін көріп жүрміз.

Біздің ел бұл деңгейге де жеткен жоқ. Нарық адамдардың тұрмысына өзгерістер енгізді. Әке-шешесінің дәулеті балаларының күнделікті шығынынан білінеді. Жоғары оқу орны студенттерінің арасында құны 100-150 мың АҚШ доллары тұратын авкөлікпен сабаққа келетіндер бар. Мектепте де 1 күндік шығыны 5-10 мыңнан асып кететін оқушы бар. Балаларына сұрағанын бере салумен мәселе шешілмейді. Ата-ана сол қаржыны қалай жұмсайтынын және қалай үнемдейтінін назарда ұстау керек, – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Асқар Жұмаділдаев бұл мәселенің бізде аз зерттелетінін айтады. Ғылыми негізде тұжырымдалмаған соң қоғам да оған немқұрайлы қарайды.

– Ақшаның не екенін бала жастай біліп өсуі керек. Күнделікті шығыны оның жасына қарап өсіп отыру керек деген пікірді қолдаймын. Себебі 11 сыныпты бітіргенше қолына көк тиын ұстамаған балалар да көп. Олар үлкен қалаға келген соң тапқанын күн көрісіне жеткізе алмай қиналып қалатынын көріп жүрміз. Қолына кішкентайынан ақша ұстап, оны үнемдеп өскен бала кейін де шаруасын үйлестіріп кетуге бейім болады, – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Сегіз жыл бойы АҚШ-та жұмыс істеген кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов бұл ретте батыс тәжірибесін тым үлгі тұта беруге болмайтынын айтады.

– Батыста, біздегідей 30 жасқа келгенше ата-анасының мойнына мініп алу деген түсінік жоқ. Кәмелеттік жасқа жеткен соң баланың ата-анасымен жолы екіге айырылады. Баласы 18 жасқа толысымен ата-ананың жауапкершілігі тоқтайды. Олар ештеңеге алаңдамай, әлемді аралап, саяхаттап жүре береді. Бізде басқаша. Сондықтан бала мен ақшаның байланысында өзіміздің менталитетімізге сай көріністерді қабылдағанымыз дұрыс, – дейді Ұзақбай Айтжанов.

Баланың ақшаға деген көзқарасын қосымша пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу керек деген пікірді кәсіпкер қостайды екен.

– Бұл – қажеттілік емес, бұл – ғылым. Себебі ақшаны жұмсау, ақшаны ақшаға жұмыс істету – философия. Бизнесте соны түбірінен ұққандардың ғана жолы болады. Қазір қазақ балаларының бизнеске деген қызығушылығы жоғары. Сондықтан мектепте бала ақшаны табу мен жұмсауды теориялық жағынан меңгеріп шығуы керек, – дейді Ұзақбай Айтжанов

Қалтапұлды не үшін береді? Бізде ол жағы маңызды емес

Көптеген ата-ананың баласына апта немесе ай сайын ақша беріп отыруы тұрақты үрдіс­ке айналдырған.

Психолог-маман Мәдина Қадышева: "Не үшін береді? Бала сұрай ма, жоқ па? Ол жағы маңыз­ды емес. Автоматты түрде береді" деп айтады. Балаға қажеттілігін ескермей ақша беру – жазылмаған заңдылық секілді. Ең бастысы, қандай жағдай бол­масын, бала өзінің қалтапұл қаражатын міндетті түрде алаты­нын біледі.

– Білгендіктен жақсы мінез-құлқы мен бағасын бұл­дайды. Олимпиадада алған жүл­десін алға тартады. Тіпті жалғыз баласы екенін міндеттейді. Ол бала ересек адам секілді "ертең ақшасыз қалам-ау, күнімді көре алмаймын-ау" деп уайымда­май­ды. Өйткені ата-анасы бар кезде несіне уайым жейді? Ата-анасы қашан да көмектесуге, оған ақша беруге дайын. Сондықтан көп жағдайда бала ата-анасын қаражат көзі ретінде қабылдайды. Осыдан келіп ойсыз оңды-солды шашу шығады, – дейді Мәдина Қадышева.

"Мұндайда ақша табуға ғана емес, соны­мен қатар өзін тұлға ретінде да­мытуға деген баланың ынтасы жойы­лады" дейді мамандар.
1990 жылдардан бері ТМД елдерінде осы тақырыпта жазыл­ған зерттеулер Батыс елдері тәжі­рибесіне негізделді. Бізге әзірге "баланың ақшаға деген көзқарасы туралы "ақша қайда кетеді?" деген сауалға жауап таба алсақ болғаны.

Психолог Мәдина Қадышева кейбір ата-ананың 10-15 жасқа жеткенше балаларының қолдарына ақша беруден қорқатынын, басым көпшілігі басы артық ақшаның бала психологиясына кері әсер ететінін айтады.

– Бастысы, бала өзіндегі ақ­шаның қалай, қайдан келгенін түсінуі тиіс. Қанша ақша жұмсай­тыны, содан кейінгі мәселе. 7-8 жасқа жетіп, ақылы кіре бастағанда отбасындағы қаражатқа алаң­дай бастайды. Осы шақтан бастап оны әрдайым отбасындағы кіріс-шығыс мөлшерінен хабар­дар етіп отыру керек. Баланың кө­зінше коммуналдық қызмет ақысы мен азық-түлік және киім-кешектің қанша тұратынын үнемі айтып отырған абзал. Бала сол кезде ғана отбасының әлеуметтік жағдайына ата-ананың көзімен қарап, қажеттілігін соның өл­шемімен өлшейтін болады. Кішкентай күнінде қалып­тастырған көзқарасы балада үлкейген кезінде де қалып қояды. Қытайлық балалар әлемін зерттеуші Лу Чин балалардың қаржы-қаражатын бас­қа­руына қатысты мынадай үш ұсыныс айтқан екен. Оның біріншісі – балаға ақша бермес бұрын, алдымен ақшаны қалай жұмсауды үйрету. Екіншісі – бала үшін ақша жинағаннан, оны ақша табуға баулу. Үшін­шісі – мақсатсыз ақша бермеу. Әзірге баланың ақшаға қарым-қатынасын зерттеген дүниелер осы үш ұс­та­ным төңірегінде таралып жатыр, – дейді Мәдина Қадышева.

Әр үйдегі тәрбие әртүрлі өріледі. Біреу баласын таршылықта өсіргенін қаламаса, біреулер баласының қолына артық ақша бермейді.

– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар тым намысқой болып өседі. Балаға шектен тыс ақшаны көп беруге болмайды. Балаға әр ақша берген сайын оның қалай келгенін есіне түсіріп, намысына тиюдің де керегі жоқ. Тек түсіндіру керек.

Мадина Қадышева ақшаның қоғамда салмақты орны барын, онсыз өмір сүруге болмайтынын айтады. Жақсы өмір сүрудің өтеуі барын және соған лайық жұмыс істеуін әрбір ата-ана баласына ес жия бастаған кезден бастап түсіндіру керек.

– Мұны бәрі түсінеді. Бірақ не үшін беру керектігін және баланы оны ақылмен және түйсікпен жаратуды үйрету қажеттігін білмейді, – дейді ол.

Мәдина Қадышеваның ойынша, баланы ақшаға үйретуді 3 жастан бастау керек. Дүкенге бірге барып, оған қажетті заттардың бағасының қанша екенін ғана емес, сапасының қандай екенін айту керек.

– Бұл кезеңде бала ата-анасының табысының қандай заттарды сатып алуға жететінін түсінуі керек. Ал мектеп жасына жақындаған кезде баланы өзіне керектігін өзі сатып алуға дайындау артық болмайды. Ол үшін баламен бірге қажет заттардың тізімін жасап алайық. Бала кішкентай болса да онымен кеңесіп алу керек екенін ұмытпаған жөн. Содан кейінгі кезеңде бала өзі қалаған заттың бәрін сатып алуға болмайтынын түсіне бастайды. Баланы отбасылық бюджеттің қажеттілктерге сай бөліну процесіне қатыстыру, онымен санасу үлкен өмірге дайындықтың басы, – дейді Мәдина Қадышева.

Жеті мен он жас аралығындағы балалардың басым көпшілігі ата-аналары берген ақшасының біраз бөлігін жинап жүргенді дұрыс көреді.

– Қорында қажеттілігінен артық ақша жиналған балада сенімділік пайда болады. Бұл сенімділік ата-ананың кез-келген проблеманы шеше алмайтынын, тек өзіне ғана сенуге болады деген түсінікті қалыптастырады. Ақшамен жұмыс істеуді бала жастан меңгергендер есейгенде ата-анасына көп салмақ салмайды, – дейді Мәдина Қадышева.

Шектен тыс "бауырмалдық" адамға артық салмақ, артық жүк болады


Журналист Назира Байырбек балаларының өздері мән бермейтін құбылыстарға мән беретінін жиі байқайтынын айтады

Журналист Назира Байырбек балаларының өздері елей қоймаййтын құбылыстарға мән беретінін жиі байқайтынын айтады / Фото спикердің әлеуметтік желісінен алынды


– Бірақ мені таң қалдыратыны және сүйсінтетіні үлкен қызым Кәусарда кіріс пен шығыс туралы өз ұғымы қалыптасқан. Мәселен, ол бізге "Сіздер көп жұмыс істеп, аз табыс табасыздар. Ал кейбір мамандар аз жұмыс істеп, сіздердің бір жылда тапқан табыстарыңызды бір айда-ақ табады" деп айтады. Ол байқампаздығынан деп ойлаймын. Сосын дүкенге "барып кел, шауып келге" балаларды жұмсаймыз ғой. Кәусар қай дүкенде баға арзанырақ, қай дүкенде таңдау мүмкіндігі бар – бәріне көңіл бөліп жүреді екен. Алғаш рет "Мама, ана дүкенде нан 70 теңге, мына дүкенде сол нан 75 теңге тұрады" дегенде таң қалғанмын.

Біз жиі сатып алатын нәрселердің бағасын қызым салыстырып, көріп жүреді екен. Берілген ақшаны өте үнемдеп жұмсайтынын байқаймын. Бір жолы күнделікті тамағына деп берген ақшаның аздаған тиын-тебенін жұмсап, қалғанын "тиын салғышқа" салып жинап жүргенін біліп қойдым. Бірақ, онысы ұнаған жоқ. Баланың тамағынан үнемдегені алда оның денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып түсіндірдім, – дейді Нәзира Байырбек.

Көпбалалы ана болғандықтан Назира көпке дейін отбасылық табысым қажеттілікті толық өтеуге жетпейді деген ойға басымдық беріп келіпті. Бірақ, байқаса, қазір көп балалар осындай екен.

– Әр үйде кемі бір бала болса да қаржы мәселесіне байыпты, ақша жинауға, оны тиімді жұмсауға бейім. Ондай баласына ата-аналары да "болашақта малтабар болады" деп қарайды, – дейді Нәзира Байырбек.

Нәзира Байырбекова отбасында бір баланың тасы өрге домаласа, қалғанын масыл қылып, соның мойнына отырғызып қоятын қазақтың әдетін қабылдай алмайтынын айтады.

– Осындай "бауырмалдық" әлгі талапты адамға артық салмақ, артық жүк болатынын, оның өмірі мен денсаулығына әсер ететінін ескермейміз. Бір отбасында өскен балалардың ақшаның көзін табуға бейімділігі мемлекеттегі аймақтардың қаржылық жағдайына көбірек ұқсайды. Бір аймақтың жағдайы тәуір болса, оған төрт-бес аймақты реципиент етіп қояды. Отбасында да солай. Бір бала топ жарып шықса, қаржылық жағдайы түзелсе, оған отбасындағы қалған 8 бала емес, сол сегіз баладан туғандар да иек артады. Ақша дәметеді, нәтижесінде топ жарып шыққан лидердің әлеуеті сарқылады немесе шаршайды. Сол себепті бас көтеріп шыққан лидер балаларға жан-жақтан қолдау білдіріп, жұмысының алға жүріп кетуіне мүмкіндік беру керек, – дейді Нәзира Байырбекова.

Журналистің пайымдауынша, біреуге сеніп, біреуге арқа сүйеп қалған адам ешқашан дамымайды. Сондықтан, бала жастан қаржылық сауатын қалыптастыруымыз керек. Дайындықты мектептен бастап оларды болашаққа керек кәсіптерге икемдеген дұрыс.

– Алда қандай мамандықтардың ескіріп, қайсысына сұраныс артатынын, қайтсе табысты болып, жақсы өмір сүретінін, ай сайын қалыпты жағдайда баланың шығыны қандай екенін және қаражатты қалай үнемдеп жаратуға болатынын мектептегі сабақтарда да оқыту артық болмас еді. Жалпы балаларға өмірге керек нәрсенің бәрін білгені жақсы. Десек те, қазіргі балалар азырақ ақша жұмсап, көбірек және сапалы нәрсе алуға тырысады. Үйден шықпай-ақ нарықтағы бағаны көріп, біліп отыратын мүмкіндік те оларда бар. Бұл мені қуантады, – дейді Нәзира Байырбекова.

Кішкентайынан ақшаның құнын білген бала өскенде жаман болмайды


Балаға ақша қайдан келетінін және неге қымбат екенін түсіндіру керек, - дейді Тоғжан Қожалиева

"Балаға ақша қайдан келетінін және неге қымбат екенін түсіндіру керек" дейді Тоғжан Қожалиева / Фото Тоғжанның әлеуметтік желісінен алынды


Белгілі эксперт Тоғжан Қожалиева қызына ақшаға байланысты, үйге әдемі заттардың қалай келетінін және ол үшін білімді һәм табысты болуды үйретуден бастағанын айтады.

Көптеген ата-ана отбасы бюджетін жоспарлауға балаларын араластырмайды. Ал бұндай жағдайда бала үйге ақшаның қалай келіп жатқанын, оның қайда жұмсалатынынан хабарсыз өседі. Көбінесе осындай отбасынан бір көргенін "алып бер" деп қиғылық салатын бала өсіп шығады. Ал кішкентай кезінен ақшаның қалай келетінін, оның құнын, жинау және жұмсау жолдарын білген бала өскенде жаман болмайды. Ақшаның қадірін түсінетін бала үнемді болады, сауда жасауды біледі, – дейді Тоғжан Қожалиева.

– Ақшаның қайдан келетінін, оны үнемдеу жолдарын, тауар құнын, алыс-беріс, сауда-саттық сынды ең қажетті ақпараттардан хабардар болу – бала болашақтағы тұлғалық қасиетінің қалыптасуына негіз болатын алғышарттардың бірі. Қаржылық сауаты бар бала ата-анасына түсіністікпен қарайды, ақшаның құнын біліп өседі. Қажеттілігін керегінше жоспарлап, дұрыс шешім қабылдауға бейімделеді. Болашақта қанша қаражат керектігін есептеп, оны табу жолдарын іздейді.

Тогжан Қожалиева осы ретте атақты бизнесмен Илон Масктің өз жұмысы жанынан балалары мен қол астындағы қызметкерлерінің балаларына арнап мектеп ашып бергенін тілге тиек етіп өтті.

Ол мектепте журнал жоқ, балаларға баға да қойылмайды екен. Илон мұның себебін "Біздің мектеп оқушының алдына шашылған техниканы қойып жинауды тапсырады, бірақ жинау үшін қандай құрал-саймандар керек екенін, тіпті олардың аттарын да айтпайды. Бала өзі ізденіп жинайды, жинау барысында аспаптармен де танысады" деп түсіндіріпті.

– Баланың ақшаға қарым-қатынасы сондай болу керек. Сіз балаға бірден балықты берсеңіз, өз қолыңызбен болашағына балта шапқанмен тең. Балық бермей тұрып, қармақ беріңіз. Оны аулау әдістерін үйретіңіз. Қолында қармағы болса, балық аулауды ержеткен соң өзі үйренеді.

"Балаға ақша айналымы туралы күрделі терминдерді айтудың қажеті жоқ. Оны әр жастағы балаға әртүрлі түсіндіру керек" деген қортындыға келген Тоғжан қызы 4 жастан асқан кезде жеке бюджеті – қалтапұлын қалай табуға болатынын түсіндіріпті. Нәтиже жаман емес.

– Қызымның сурет салуға әуестігін 2-3 жасынан байқайтынмын. Балабақшасында жүрген кезде олардың салған суреттері арнайы көрмеге сатылуға қойылған. Түскен ақша балалар үйіне жіберілген. Қызымыз әрі сурет салады, әрі қайрымдылықпен айналысады. Бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін қызым 3 жасында қарапайым қағидалармен түсінді, – дейді ол.

Ақшаны үнемдеуді, ақшадан ақша жасауды бала кезден үйренген жаңа заманның менеджерлері керек

Мәскеуде тұратын қазақ ғалымы Ғалым Әбілсейітов қазақ отбасының қаржымен қарым-қатынасы мемлекеттің қаржы саясатына көбірек ұқсайтынын айтады.

1990 жылдардың бас кезінде мұнай дәуірі жұмыс істеп тұрған кезде ағыл-тегіл қаржыны ел игілігіне жарата алмадық. Иелік ете алмай қалдық. Ақша қалай келсе, солай кетті.

– Мемлекеттің қаржы саясатына жергілікті ұлттың менталитеті әсер етеді. Оған қоғам болып кінәліміз. Себебі тәрбиеміз солай. Бесікте жатқанда ақшаны таныған, ес білген күннен бастап оны үнемдеуге және ақшаны көбейтуге үйренген менеджерлер үкімет басына келген кезде экономикалық бағыттың беталысы өзгереді, – дейді Ғалым Әбілсейітов.

Ғалым Әбілсейітов адамның ақшамен қарым-қатынасын филофиялық негізде түсінген бала есейген соң мансабын сатып алатын дүние емес, халықтың аманаты деп қабылдайтынын айтады.

Бізде министрдің баласының холдингті басқаратыны, әкімнің баласының президент аппаратында отыратыны қалыпты құбылысқа айналған. Олар бесіктен баршылықта өсті. Ақша санау немесе оны үнемдеу дегеннің не екенін білмей өсті. Мемлекекеттік қызметке келген кезде отбасында алған тәрбиесі білініп тұрады. Сондықтан біздің елде де баланың қаржылық сауаттылығы, ақша ұстай білуі туралы мәселе терең зерттелуі керек. Оған жаңа көзқарас керек. Бесікте не көрсе, өскенде бала соны қайталайды. Бізге ақшаны үнемдеуді, ақшадан ақша жасауды бала кезден үйренген жаңа заманның менеджерлері керек. Қазақтың жетідегі баласы мен жетпістегі қариясына дейін жұмыс істететін ұлттық экономиканы жаңа заманның менеджерлері қалыптастырады, – дейді Ғалым Әбілсейітов.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары