Тікелей эфир

Кентаудағы отбасылық балалар үйі. Жұмашевтар әулетінің жақсылығы

Әйгерім Бегімбеттің фотосы
Әйгерім Бегімбеттің фотосы
Журналист Әйгерім Бегімбет Кентау қаласындағы "АрНұр" Жұмашевтар отбасылық балалар үйіне барып, әулет иелерімен әңгімелесіп қайтты.

1993 жыл. Күл-қоқыс арасынан табылған жаңа туған сәби жайлы хабар Кентау халқын дүр сілкінтті. Көп ұзамай №14 мектептің ауласынан тағы бір нәрестені қараусыз қалдырып кеткені жөнінде жаңалық таралады. Оны көшеде жүрген ит талап тастапты. Бұл оқиғаны естіген Ысқақ Жұмашевтың отбасы бір дүрлігіп, көз жастарына ерік береді. Соңында бір шешімге келеді. Тастанды балаларды асырап алу жөнінде жер-жерге хабарландыру іледі, газеттер мен телеарналарға жарнама береді. Осылайша Кентауда "АрНұр" Жұмашевтар отбасылық балалар үйі дүниеге келеді.


Ысқақ Жұмашев немересі Ботамен

Ысқақ Жұмашев немересі Ботамен / Фотоны түсірген Әйгерім Бегімбет


– Өзім анадан екі, әкеден жеті жаста көз жазып, жетімдіктің тауқыметін тартып өстім. Мейірімге шөлдедім. Сол кезде осыдан ержетіп, адам болсам өзім секілді жетім балаларға көмегімді аямаймын, қамқорлығыма аламын деп ойлаушы едім, деп бастады Ысқақ аға әңгімесін.

Алайда кейін өмір ағысымен ол ойын орындауға мұршасы болмаған. Мектеп бітірген соң Алматыға аттанып, медициналық институтта білім алады.

– Үйленіп, үй болдым, ұрпақ сүйдім. Отбасы мен жұмыстың ортасында шапқылап жүргенде Кентаудың әр жерінен тастанды балалар жиі табыла бастады. Бұл өзімнің, жұбайым мен ұл-қызымның жүректерін ауыртты. Содан қалалық әкімдікке барып, үйімізден отбасылық балалар үйін ашу туралы ниетімді айттым. Бірақ олар балалар үйін ашу үшін қандай құжаттар керек екенін айта алмады. Содан Алматыға барып, Білім және ғылым министрлігіне бардым. 1992 жылы 13 тамызда жарық көрген "Отбасылық үлгідегі балалар үйі" туралы ережені қолыма алып, Кентауға қайттым. Осы ереже негізінде 1994 жылы 1 маусым балаларды халықаралық қорғау күнінде отбасылық үлгідегі балалар үйін аштық, – деді Ысқақ аға.

Оқи отырыңыз: Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?


Бауырға басқан сәбилер

Жұмашевтар әулеті бауырына басқан сәбилер / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


– Өзім ұзақ жылдар бойы медицина саласында қызмет атқардым. "Ысқақ ақша үшін бала асырап алыпты", "оларды шетелге сатпақшы екен" деген қаңқу сөздер де желдей есті. Мән бермей, бала күнімдегі арман-мақсаттарымды жүзеге асыруға кірістім. Мемлекетке алақан жаймадым, міндет етпедім. Бар ойым ата-анасы бас тартқан балаларды мейірімге бөлеп өсіру болды. Ойнап жүріп, ауладағы балалар мазақ еткен болуы керек, бір қызым үйге жылап кірді. Тақтайшада "АрНұр" отбасылық балалар үйі" деген жазу жазылып тұратын. Қолыма балға алып, тақтайшаны алып тастадым. Бұл жолда жұбайым мен ұл-қыздарым қолдау көрсетіп, біз үлкен бір әулетке айналдық, – дейді Ысқақ аға.

13 баланы бауырына басқан

Арада күндер сырғып, айлар жылжып, күздің қара суығы басталды. Бір күні кешкісін қақпа жақтан жылаған сәбидің дауысы естіледі. Ысқақ ата мен Гүлжаһан апа ұл-қыздарымен бірге далаға ұмтылады. Біреулер құндаққа оралған сәбиді көше бойына қалдырып кетіпті. Ысқақ Жұмашев дереу дәрігер шақыртып, сәбидің денсаулығын тексертті. Жарық дүние есігін ашқанына небәрі 10-12 күн болған екен.

– Көздері мойылдай қап-қара, сүп-сүйкімді сәби. Қалай қиып тастап кетті деп іштей ойлап, қолыма алдым. Ал оған ат қоюға келгенде таласып қалдық. Сосын ұлым: "ақ параққа өзіміз таңдаған есімдерді жазып, жеребе тастайық" деп ұсыныс айтты. Мен Айым деп жазған едім, сол шығып, азан шақырып атын қойдық. Айым өте еңбекқор болып өсті. Суретші болды. Бүгінде отбасылы, Жаңақорғанда тұрады. Өзіміздің екі қыз, үш ұлымыз бар. Түрлі жағдайлармен әулетімізге келген 13 баланы бауырымызға бастық, дейді Гүлжаһан апа.

Оқи отырыңыз: Егіз қызды жар қылған егіздер


Мейірімі шексіз, жылы жүректі Гүлжаһан апа

Мейірімі шексіз, жылы жүректі Гүлжаһан апа / Фотоны түсірген Әйгерім Бегімбет


Жұмашевтар әулеті бауырына басқан балалардың кейбірін уақыт өте келе өз ата-аналары қайта алып кеткен, кейбірін өзге отбасылар асырап алған.

Қолымызда Айым, Зияш, Бота мен Айша қалды. Бәрінің аттарын өзіміз қойдық. Зияш мейірбан, жүрегі тым жұмсақ. Кішкентай кезімде ары жүрсем де, бері жүрсем де, етегіме жабысып, түнде ұйықтағанда да қолымен мойнымды, қолымды ұстап жатпаса, ұйықтамайтын. Айша өте ақылды, есте сақтау қабілеті өте мықты. Ал Бота өте көңілді. Ешкімге есесін жібермейді. Мектепте де, аулада да өзгелерді қорғап жүретін бала күнінде, – дейді Гүлжаһан апа.


Жұмашевтар отбасы 2012 жылы "Алтын жүрек" сыйлығына ие болды,

Жұмашевтар отбасы 2012 жылы "Алтын жүрек" сыйлығына ие болды / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


– Оларға ешкінің сүтін беріп өсірдік. Бір мезетте сегіз бесікті қатар тербетіп, түнді ұйқысыз өткізетінбіз. Бірі жыласа, бәрі қосылып жылайтын. Бірі ауырса, бәрі ауыратын. Олардың тәй-тәй басқаны, былдырлап сөйлегені, мектепке барғаны – бәрі-бәрі бүгінгідей есімде. Жаялықтың бәрін қолмен жуатынбыз. Үйдегі үш келінім кезекпен қарап, көмектесті. Сол кезде Алла күш-қуат берген шығар. Төрт қыз да кіші ұлымыз Ержанды папа, Гүлнәзды мама деп өсті. Қиындықтың бәрі де артта қалды ғой, қазір күліп еске аламыз. Бәрін түрлі музыкалық, спорттық үйірмелерге бердік, оқыттық, тоқыттық. Жөн-жоралғылардың бәрін жасап, тұрмысқа бердік, – дейді Гүлжаһан апа.

Оқи отырыңыз: Анардың ойыншықтарына Үндістан, Африка, Түркия, Ресей елінен тапсырыс түскен

Ата-әжесінің немерелері

Біз Кентауға барғанда, Бота да туған шаңырағына төркіндеп, қыдырып келіпті. Өзі ашық-жарқын, ақкөңіл қыз екен.

– Құжат бойынша Гүлнәр Арнұрқызымын. Бірақ кішкентайымнан үйдегілер Бота деп еркелетіп атап кеткен. Жасым 23-те. Кішкентайымнан ата-апамыз, ата-анамыз өз балаларындай бар мейірім мен махаббатқа шомылдырып өсірді. Тек 5-сынып оқып жүргенде аулада бірге ойнайтын балалардан "сендерді асырап алған, жетімсіңдер, музейде суреттерің ілулі тұр" деп мазақтаған. Айым жылап, үйге жүгірді. Сол күні атамыз бәрімізді жинап, шындықты айтты. "Біз сендерді асырап алған жоқпыз, тәрбиелеп, жарқын өмір сыйлау үшін алдық. Кез келген адам асырай алғанымен, дұрыс тәрбие бере алмауы мүмкін. Сендер менің немеремсіңдер, жетім емессіңдер" деп басу айтқаны әлі есімде. Одан кейін "жетімсіңдер, сендерді асырап алған» деген сөздерге еш мән бермейтін болдық. Мен өте ерке, бірбеткей, қырсық едім. Тіс дәрігеріне атам мен апам ертіп баратын. Олар қолымды ұстап, қасымда тұрмаса, тісімді емдетпейтінмін. Атам мен апам бізді арқасынан тастамай, арқалап өсірді. Кезек-кезек бізді арқалап, тірлік істеу үшін не деген күш-қуат керек болды деп қазір өзім де ана болғанда ойланамын. Атам мен папамның жолын қуып, медицина саласын таңдадым. Біздің аузымызға бар жылы-жұмсағын тосып, ешкімнен кем қылмай, тәрбиелеп өсіргені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін, – дейді Бота.


Бота Арнұрқызы

Бота Арнұрқызы / Фотоны түсірген Әйгерім Бегімбет


Ысқақ ата мен Гүлжаһан апа 5 ұл-қыз, 29 немере, 4 шөбере сүйді. Берекелі, жылылық пен шуаққа толы шаңырақ. Әлем осындай мейірімді адамдармен әдемі, өмір осындай адамдармен ғажап.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары