Тікелей эфир

"Қазақтың отбасында жасырын матриархат" дейді психолог мамандар

Әйел билеген шаңырақта береке болмайды. Бүгінгі ажырасудың көбеюінің басты себебі осында. Матриархатқа көнбеген еркек жұдырық жұмсайды, соңы ажырасуға әкеледі.

Ажырасу баланы тұқымынан ажыратады

Ажырасу – бүгінде қазақ қоғамын алқымдап, атаны баладан алыстатқан жау. Статистика бойынша, қазір шаңырақ көтерген жұптың үштен бір бөлігі алғашқы жылы-ақ айрылысып тынады.

Психологтар бұрын шаңырақ шайқалар қауіпті кезең деп бесінші және оныншы жылды айтатын. Жеткен жеріміз сол, жас жұбайлардың жүрегінде маздаған махаббаттың жылуы жылдан аспай суитын болған.

"Балаға бір тиын бермейді...". "Көкек әке", "көкек ана". "Көзіме шөп салды". "Көр кеуде болып шықты...". "Жігіттер жігіт болуды қойды". "Жөні түзу қыз таппайсың". Қоғамда әлеуметтік терминге айналған сөз тіркестері.

Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?

Жақсы қатын – ырыс. Жаман қатын – ұрыс

Бір кезде күйдім-сүйдім дегендердің бір біріне лақтырар тасы, тағар айыбы неге көбейеді? Кесір қайдан шықты? Осы сұрақ Майраны (есімі өзгертіліп алынды) қатты мазалайды.

Төрт баламен Астанадағы зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығында жүр.

Күйеуі үлкен қызына тіл тигізіп, ұлын да, өзін де ұратын болған. Майраның тоғыз жастағы тұла бойы тұңғыш қызы да, сегіз жасар ұлы да бірінші некеден. Ал, екінші күйеуінен тапқан егіз ұл қырқынан енді шықты.

Әрине, еріне оның өкпесі қара қазандай. Енді бағым ашылар деп үміттенген. Ақтамады. Қазір ой тұңғиығына жиі бататын Майра кінәні өзінен де іздейді.

Ішкі істер басқармасының өкіліне күйеуінен көрген қорлығы жайлы жазып, қолын қойып берген. Сол-ақ екен енесі телефонына хабарласып, "жақсы қатын жаман еркекті төрге, жаман қатын көрге сүйрейді" деген, сен баламның басына бәле болып жабыстың", – деп жер-жебіріне жетіпті.

Оқи отырыңыз: Отбасы құндылығын жоғалту ұлтты құртады. Қазақтар БҰҰ-ның алғашқы ондығына қалай енді?

Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді. Жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді

Бұл мақалдар атам заманнан бар. Ал бүгінде жүз жолдың бірі психологқа апарады. Мамандар ұлттық дүниетаным мен психологияның ғылыми ұстанымдарының басын түйістіріп көрді.


Марат Ғұсманов, психолог
Марат Ғұсманов, психолог, кәсіби психотерапевтік лига мүшесі

"Өзі төмен етек әйел, еркек кіндіктісін өзгертемін деу – сол әйел ақыл-есінің проблемасы".

Бабаларымыздан қалған: «Алғаның жақсы болса, ырысыңның тұрағы», «қатының жаман болса, үйіңнен мейманың кетеді» деген секілді нақыл сөздер көп.

– Бұл мақалдарда жауапкершілікті бөлуде психологиялық қателік жіберілген: отбасында ер адамды не жақсы, не жаман «қылатын» әйел сияқтанады, – дейді Марат Ғұсманов.

Гипербола (әсірелеу – авт.) мен сөздің бейнелілігін ескере, ол сөзді жұмсартар едім: әйелі бөгет жасамауға тырысу керек. Соның арқасында күйеуіне жол ашады. Керісінше не болса, соған алаңдатса, күйеуінің қалыпты тіршілік қарекетіне кедергі келтіреді.

Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр

Бұл мақалды ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы аясында қарастырып көрелік. Әйел күйеуін "тәрбиелеп, қолдан жасап шығарады" идеясының зердесіз және жымысқы ортада, мысалы, ата-ана өмірге бейімделмеген, қырсыз ұлын сенімді қолға табыстағысы келгенде ғана дәуірі жүреді.

Әрине, бұл жағдайда әйелінің күйеуін қайта тәрбиелеп шығаруы туралы айтылып отырған жоқ. Қайта ер адамның өз үйінде өзін қонақтай сезініп, еш қам жемей, пансионда жүргендей өмір сүруі жайлы айтылады.

Әдетте, оны "адам" қылуға күші жетпеген жағдайда, баласының басындағы кемшіліктер үшін енесі келініне кінә артады. Ата-ана тәрбиесінде кінарат барын ескермейді, мойындамайды.

Екінші жағынан, "қолда бардан "адам" жасау, соның нәтижесін сүю" идеясы тұрмысқа шықпаған және ажырасқан әйелдердің миын қатырып, ойын шатастырады.

Оқи отырыңыз: Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?

Жаман әйелге қоң бітсе, ер жігітті аздырар

Әйел адамның мансапқа қол жеткізуі, табыс иесі болуы да оның ер адамға, әсіресе күйеуіне деген қарым-қатынасына кері әсері етуі мүмкін. Етпеуі де мүмкін. Орташадан жоғары, «бәрі жетеді» деген қанағат деңгейінен асатын материалдық жағдай мен әлеуметтік жетістік туралы айтамын, – дейді Марат Ғұсманов.

Ырыс-берекені қанағатпен қабылдамаса, соған дайын болмаған адамға кері әсерін тигізеді. "Алтын көрсе періште де жолдан таяды", "семіздікті қой ғана көтереді"деп қазақ бекер айтпаған. Тұрмысының күйлене бастағанын екінің бірі көтере алмайды. Және де бұған мінез-құлқында психологиялық ауытқушылығы бар адамдар жиі ұшырайды.

Жалпы, психологиялық тұрғыдан алғанда әйелдің күйеуін өзгертуі ия күйеуінің әйелін тәрбиелеуі деген мүмкін емес нәрсе. Белгілі бір адаммен тұруға келісу мен келіспеу деген бар. Өкінішке қарай, қыздардың көбі тұрмыс құрғанда, дүкеннен күріш сатып алып, қарақұмыққа айналар деп күткенмен тең өз үмітін арқаланады. Бұл жерде жақсы не жаман еркек туралы айту маңызды емес.

Оқи отырыңыз: Баламен қарым-қатынас құру құпиясы. Қайтсек жақсы ата-ана атанамыз?

Өзі төмен етек әйелдің еркек кіндіктісін өзгертемін деуі – сол әйелдің ақыл-есінің проблемасы. Мұндай бағыныштылық жүзеге асқанның өзінде, қырсық ер адамдар әйеліне еркек ретінде қарауды қояды, ондай әйелді оның көңілі қаламайтын болады.

Бұл – әйел адамдардың жаман еркекпен қарым-қатынасқа немесе некеге келісуі керек деген сөз емес. Сондай-ақ, біреудің жолдасы шынымен көркейіп, дәрежесі өсіп, танылса, адам және маман тұрғысында қадамы өрге басса – ол әйелінің арқасында деу қате. Дұрысы, әйелінің кедергі жасамауының арқасында деп түсіну керек. Әйелдің даналығы осында жатыр.

P.S. (М.Ғұсманов – авт.). Жоғарыда айтқаным толықтай ер адамдарға да қатысты.

Оқи отырыңыз: Кезінде ер баласын хандай көрген қазақ қазір тәрбиелеуге уақыт таппай жүр

Тиран әйел көбіне таяқ жейді


Әсел Жұбанышева, психолог, кризистік жағдайлар психотерапевті
Әсел Жұбанышева, психолог, кризистік жағдайлар психотерапевті

Зорлық-зомбылық көрген адам өзін қалай сезінеді? Әрине, кемсінеді, қорланады, жабырқап, таусылады. Бірақ, мұндай некеде әйел адам жайдан-жай тұрмайтынын да ескеру керек. Бұл психологиялық-әлеуметтік қарым-қатынас моделі Карпман үшкілі деп аталады.

Күйеуі ұрмай тұрып, әйелдің өзі тиранның рөлін атқарады екен. Күйеуінің мазасын ала бастайды. Өзінің де ықылас-ілтипатқа мұқтаж екенін түйсіне бермейді. Қалыпты әлеуметтік тәсілді қолданып, «жаным, маған көңіл бөлші, екеуміз бір жаққа барсақ, менімен көбірек сұқбаттасқаныңды қалаймын» демейді. Оның орнына, «көршіге қара, анау ананы қатырыпты, сен болсаң мынау, диванда жатырсың!» деп құлақ етін жей бастайды. Бұл – күйеуіне жәбір көрсету болып саналады.

Ақыр соңында әйел тираннан зардап шегушіге, ал күйеуі тиранға айналғанын білмей қалады. Әдетте, бұдан соң өзін қол көтергені үшін кінәлі сезінген еркек құлдық ұрып, кешірім сұрайды, ал әйел осыдан ләззат алады. Өзін керек сезінеді. Бұл – коммуникация тәсілі.

Бұндай әйел өзіне басқаша назар аударта алмайды. Үйретпеген. Үйренбеген.

Оқи отырыңыз: Отыр, екі! Әйел мұғалімнің күйеуіне қоятын бағасы көп жағдайда осындай

Жаман әйел алғанның жауы үйінде

Әйел адамның отбасын сақтап қалудағы күш-қарымына қатысты, дәлелденген дүние «3 жастан кейін кеш» деп аталады, кітап та бар.

Жапондықтар бала тәрбиелеуде осыны ұстанады, ал жалпы, психологтар тұлға бес жасқа дейін қалыптасады деп есептейді. Ал, ер адам қанша жаста үйленеді? Жиырмадан кейін. Сондықтан қайта тәрбиелеу идеясы – көптеген әйелдің үлкен қателігі. Бойына о баста алғышарттар сіңірілмеген болса, ешнәрсені алып-қоса алмайсың.

Дегенмен, екеуі бірге тұрғанда, эмоционалдық байланыс болса және әйел еркегінің деңгейіне түсіп, күйзелісін бөлісе алса, ештеңе болмас еді.

Мысалы, ер адам жұмыссыз қалып, шындап қамыққанда, жан дүниесін ұғып, тілін табатын, жақсы көретін әйелінің «қашан жұмысқа шығасың» деп зіркілдегенін емес, «немен шұғылданғың келеді, сен үшін қазір не маңызды», «қандай ойдасың» деген секілді бұл күйзелісті екеулеп жеңуге сеп болар сұрақтарды қойғаны тәуір көреді.

Өкініштісі сол, көп әйелдер күйеуінің жанын жегідей жеп, қақсай беру арқылы айтқаныма көндіремін, дегеніме жетемін деп ойлайды. Керісінше ері мен зайыбын бір-бірінен алшақтата түсіретін басты себеп ретінде қарастырмайды.

Оқи отырыңыз: Әмеңгерлікке Әйел дайын ба?

Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді. Жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді


Айгүл Садықова, ҚР психологтар қауымдастығы сараптама кеңесінің мүшесі, педагогика ғ.к.
Айгүл Садықова, ҚР психологтар қауымдастығы сараптама кеңесінің мүшесі, педагогика ғ.к.

«Аштықта, одан кейін де, талай жұтаған халықтың жүрегі жаралы».

– Қазір түрлі буынның, яғни әр жағдайда тәрбие алған, ділінде айырмашылық бар бірқатар буынның басындағы ахуал әрқилы. Мысалы, кеңес уақытында тәрбиеленген әжелеріміз, содан кейін 40-50 жастағы, балаларын қиын-қыстау 90 жылдары өсіп-жеткізген әйелдер қауымы сияқты буындар.

Меніңше, 80 жылдың аяғынан бастап, 90 жылдардың ортасына дейін туғандар психологиялық тұрғыдан қатты деформацияға ұшыраған. Өйткені, сол бір кезеңде ата-анасының бастарынан кешкен қиындықтары бұлардың жанын жаралағаны анық.

Себебі, белгілі бір ескі ұстанымдардың үдесінен шығу оңай болмады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәрбие сөз жүзінде қалып, бұл буын өте бір маңызды, адами нәрсені сіңірмегендей өсті.

Оқи отырыңыз: Әйелім – әлемім екенін кеш түсіндім

Әрине, барлығы бірдей емес, жалпылай алғанда. Балаларға айтарлықтай, жиі көңіл бөлу қолдан келмеді (ата-ана күн көріс қамын күйттеп кетті емес пе).

Мұның орны немен толтырылды? Балалары мүлдем қараусыз қалып жатты, не болмаса ата-аналары оларды қатты еркелетті. Міне, осыдан да ер бала мен қыз баланың арасы бөлініп, бір-бірінен алыстады.

Жақында ғана, Алматыда, қателеспесем, Ғабдуллин және Әуезов көшелерінің қиылысында бір жігіт қызды көлігімен қағып кетті. Қаққан да кете берген, есеңгіреген қыз жұмысына жеткен. Басшысы жедел ертіп шығып, жаңағы машинаны қиылыстан 150 м жерден тауыпты.

Жігіттің ата-анасы сол жерде айқайлап, қыздың өзін кінәлапған. Тіпті "байғұс баланың машинасын зақымдады" деп қызға тарпа бас салған көрінеді. Ал, «бала» дегені – ересек жігіт. Бұл ерсі ғой? Келісесіз бе?

Оқи отырыңыз: Екі әйелдің алауыздығынан бауырымнан айырылдым

Бұған мақалдың қатысы не дерсіз. Мұнда еркек – өте бір маңызды тұлға болып тұрғандай, бірақ терең үңілсеңіз, әйелге бағынышты адам... Әйел табиғатының өзіндік ықпалында болатыны белгілі жайт.

Түсінсеңіз, ер адам әйелге қалайда тәуелді. Өйткені, дүниеге ұрпақ әкелу тек әйелге берілген. Бұл – өте терең аспект. Сондықтан, ер адам белгілі бір жетістікке қол жеткізе алмаған жағдайда, әйелге ашулы болады.

Еркек дауысты қатында ұят болмас

Әйел адам жүргіш болса, бұл оның жан дүниесіндегі олқылықтың, жарымжандылықтың белгісі. Жүрегінің түкпірінде елге білдірмейтін жан жарасы бар деген сөз. Балалық шағында зорлық көріп, ия біреудің жаман іске демдеуі не инцесті басынан кешкен болуы әбден мүмкін.

Құндылықтардың орны төсек қатынасымен алмастырылған, бұл да сол әйелдің өзі ұғына бермейтін нәрсе. Ер адамға тәнінен өзге не ұсынарын білмейді. Сондықтан, жүргіш әйелдің өзін бағалауы тым төмен деңгейде. Негізінде, олардың көбі – жан дүниесінде пернесі басылмаған түкпірлері көп адамдар. Сол себепті, көбісіне, ғылым тілімен айтқандағы «оргазм» ұғымы жат, тек өтірік кейіп танытады...

Оқи отырыңыз: Жүктіліктің 12 аптасы несімен маңызды? 425 мыңды кім алады?

Ал, дәстүрлі мәдениетті ұстанған әйел үшін көзге шөп салу – өте ауыр нәрсе. Аффектке (ашу қысу – авт.), ішкі күйзеліс кезінде жол беруі мүмкін. Психикалық тұрғыда тірі өлікке айналмас үшін баруы мүмкін. Өйткені, депрессияның ауыр формасында адам өзін тірі өлік сияқты сезінеді.

Өкінішке қарай, осы күйде көп әйел қателікке ұрынады: көлденең көк аттымен шатасады немесе өзге жаман жолды таңдайды. Жылу көрмеген балаға тәтті берсе, кез келген ересек алдап түсіре алады емес пе. Күйеуінің ықылас-назары кемшін әйел де солай. Ал, ер адамдар мұны сезеді де, тұзаққа түсіруі мүмкін.

Әйел дауысты еркекте қуат болмас

Сіз Фрейдтің аталықсыздандыру жайындағы психосексуалдық теориясын білесіз бе? Психология тұрғысынан алғанда, шартты түрде еркектің еркектігі қашан да әйел адамның қолында. Ол ер адамды аталықсыздандырады немесе танытуға мүмкіндік береді: бұл жерде фаллос еркектік нышаны болып тұр.

Яғни, әйел адам жанын жегідей жей берсе, ер адамды аталықсыздандырады, белсіздендіреді. Потенция (белділік) мен потенциалдық сөзінің түбірі бір. Потенциалдық – мен не жасай аламын, неге қабілеттімін дегенді білдіреді. Потенция ер адамның еркектік қауқарлығының белгісі. Міне, бұл жағдайда аталмыш мақал өте орынды.

Оқи отырыңыз: "Отызға дейін босану керек", "антибиотиктер зиян", "балаларды ауыстырып жіберу мүмкін". Жүктілік және босану туралы шындықтар мен мифтер

Алайда, меніңше, біздер бұл мақалдарды сұйылтып жіберген тәріздіміз. Бұрын мақал өз мағынасында қолданылған.

Ұлттық мәдениетті қарастырсақ, солай. Өйткені, әйел ылғи екінші рөлде болды. Өзін белгілі бір айқын шеңберде, шекте танытатын-ды.

Қазақтың қаймағы дейтін оңтүстіктің өзінде матриархат

Тіпті, Қазақстанның оңтүстігін алайықшы, ол жерде де қыздар бұрынғыдан өзгеше. Проблеманың түйіні не екенін білесіз бе? Бізде қыздар алға басып, ұлдар артта қалып қойған сияқты. Өйткені, оларға ананың ықпалы күшті.

Бізде, негізінде, патриархаттық қоғам, бірақ оны әжелер басқарады. Енелер. Ұлдары оларды тыңдайды емес пе. Астарына үңілсек, бізде патриархаттық емес, жасырын-матриархаттық қоғам. Қыз бала келін боп түседі. Дәстүрлі отбасында оған қалай тұрып, қалай жүру керектігі ерікті-еріксіз таңылады.

Ол шыдайды, күтеді. Ұл тапса, бұл иерархияда бірден жылжып көтеріледі. Жылы орынға жеңіспен қолы жеткендей болады. Ендігіде бар үмітін ұлына артады. Эмоционалдық қажыр-қайратын ұлына сіңіреді, өйткені күйеуі онымен тең жағдайда емес.

Оқи отырыңыз: Жаһандану дәуірінде қазаққа әмеңгерлік салтын жаңғырту керек пе?

Сонымен, өзінің ұлы үйленген шақта, енесінің деңгейіне жетеді. Яғни, шыдайды, сосын билейді. Айналасындағылар «әй, мықты, бәріне төзді, отбасын сақтап қалды» дейтін әйел қаншама. Ене болғаннан кейін, есесін келесі буыннан қайтарады.

Бұл бізге, әсіресе, 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басынан бергі дәстүрлі жайт. Неге? Себебі, бір жаққа қарай бағыттап арылғымыз келетін агрессия өте көп. Бұл агрессия ең әлсіз топқа бағытталады. Бұл – қашан да келіндер.

Еркек қашан ез болды?

– Бұл – ұрпақаралық проблема. Ол (жеке менің пікірім) сонау аштық нәубетінен басталды. Көптеген ер адам қаза болды. Одан соң, соғыс. Қаншама қазақ – еркек тоқты құрбандық, кете барды.

Соғыстан қайтқандарды, көзі ақи, аузы қисық, өзі ішкіш болсын, барлығын талап әкетті. Әйел өзіне қараған адамға тұрмысқа шықты, жалғыз қалмас үшін келісті. Олар мұндай еркектерден эмоционалдық жылу сезінбеді.

Сондықтан, ұл тапқан кезде, бар үмітін соларға артты. Ұлдары эмоционалдық тұрғыда нышанды түрдегі күйеуге айналды. Аналары ұлдарын қатты еркелетті. Қай жағдайда да кешіріммен қарады, т.б.

Оқи отырыңыз: Анасын сабайтын ұл

Ал, қамсыздық жағдайында, әрине, жауапкершілік туралы айту қиын. «Қатын көп, басқасын табасыңдар, ал, шешең жалғыз» деген сөз осыдан келіп шықты. Және, бұл буыннан буынға жалғасты. Өте үлкен проблемаға айналды. Алайда, бұрын қазіргіге қарағанда бәсеңдеу, жуылып-шайылып отыратындай еді. Бұл жерде әйел адам – халқымыз бастан кешкен жағдаяттардың құрбаны, – дейді Айгүл Садықова.

Отбасы саулығы қазақы құндылықты сақтауда

Ақиқатында, дәстүрлі қазақ құндылықтарында, ата салтта қаншама халық даналығы жатыр. Оны сақтауда сауаттылық керек. Өйткені сол құндылықтардың тек сырт-пішіні қалып, мән-мағынасы жоғалып бара жатқандай. Ол пішінді орынды, орынсыз жерге апарып тіркей береміз. Адамдар объективті шынайылықтан алыстап барады. Бұл – бойдағы, ойдағы агрессияны біреуге бағыттаудың бір жолы екенін ұғына бермейміз.

Аштықта, одан кейін де, талай жұтаған халықтың жүрегі жаралы. Ал, біздің халықтың бір мінезі, іштегіні сыртқа дабырлап шығаруға жоқ. Мысалға, кавказдықтар әлі күнге дейін ұрсысып, соғысуда. Бұл жағынан алғанда біз басқашамыз. Бірақ бәрібір, жеке-жеке – әрқайсысымызда, іште әлдене жиылып, осындай сиықсыз формада сыртқа шығып жатыр.

Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары

Баланы ата-анамызға апарып тастаған кезде, баяғыда жас жұбайдың киіз үйі ата-ана шаңырағының дәл жанында тұрғаны ескерілмейді. Ол кездегі тұңғыш босанған келін 14-15 жаста ғана болатын. Сол үшін енесі бірінші баланы қолына алып, қалай бағу керектігін жас келінге үйрететін. Мысал көп. Түйсінбейміз...

Р.S. Басқа пәле – тілден

Ертеде күйеумен жиі ұрсысатын бір əйел молдаға келеді. Отбасын сақтап қалу үшін, күйеумен ұрсыспау үшін не істеу керек деп ақыл сұрайды.

Сонда молда бір кішкене тасты оқып жіберіп, қолына ұстатады:

– Ұрсыс басталған кезде осыны аузыңа салып отырсаң, күйеуің ұрысқанын да, ұрғанын да қояды, – дейді.

Біраз уақыттан кейін əйел молдаға келіп, əлгі оқылған тастың көмегі тигенін айтып, оның не сыйқыры барын сұрайды.

Сонда молда:

– Еш сыйқыры жоқ. Күйеуің ұрысқан кезде аузыңа тасты салып, тіліңді тістеп отырсаң, жанжал болмайтынын көрдің ғой? "Басқа пəле – тілден" деп осындайда айтады, – деген екен.

Серіктестер жаңалықтары