Тікелей эфир

Отыр, екі! Әйел мұғалімнің күйеуіне қоятын бағасы көп жағдайда осындай

trendymen.ru
trendymen.ru
Әйел мұғалім күйеуіне шәкіртіндей қарайды. Осыны түсінген түріктер 1960 жылдары-ақ бұл мәселені түбегейлі шешіп тастаған.

Баланың тәрбиесіне мұғалім ғана жауапты емес

Толық емес отбасынан шыққан балалар жасқаншақ, ұялшақ, өз ойын еркін айта алмайтын болады. Бұл – педагогика ғылымдарының докторы Қадиша Шалғынбаеваның пікірі. Ажырасудың себебін, күйеуінің қандай екенін білмей тұрып, жалғызбасты мұғалім бала тәрбиелей алмайды деуге болмайды.


Қадиша Шалғынбаева, ЕҰУ кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Қадиша Шалғынбаева, ЕҰУ кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор / informburo.kz


"Сабаққа кірер алдында мұғалім өзінің эмоционалдық көңіл күйін орнықтыра білуі керек. Жүріс-тұрысы, сөз сөйлеуі, киім киюі, шаш қоюы, қимыл-қозғалысы – бәрі назарда. Бала отбасында ата-анасынан, мектепте мұғалімнен үлгі-өнеге алады. Мұғалімнің кескін-келбеті, мәдениеті, өзін-өзі ұстауы – ертең мен де осындай болып өссем ғой деген баланың қиялын ұштайтындай келісті болуы керек.

Баланың тұлға болуына ортасы, туыс-туғандары да, достары, әкесінен берілген тектілігі де әсер етеді. Ұл өсіріп отырған ана да осыны ескеруі керек. Баланы спорттық секцияларға беріп, патриоттыққа баулитын үйірмелерге беруі керек", – дейді ол.

Сонымен қатар, Қадиша Шалғынбаеваның айтуынша, кейбір педагогикалық университеттерде "Әдеп негіздері" мен "Ұлттық тәрбие негіздері" пәндері бар. Өнерімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейді. Осы пәндерді барлық педагогикалық мамандықтар даярлайтын жоғарғы оқу орындарына енгізу қажет.

Мұғалімдердің басым бөлігі – жалғызбасты әйелдер

Мұғалім қыздардың жалғызбасты болуына негіз жоғарғы оқу орнында қаланады. Өзге мамандықты таңдағандардың көбі студенттік кезде-ақ үйлі-баранды болып жатады.

Педагогиканы таңдайтындардың ішінде қыздардың саны басым, 80%-дан астам. Айналасында жігіттердің қарасы аз. Кездейсоқ адамға, жақсы көріп кетермін деп тұрмысқа шыға салуға жүрексінеді. Сөйткен күннің өзінде, ондайлардың некесі тұрақсыз болады.


Ондай неке тұрақты болмайды

Ондай неке тұрақты болмайды / Сурет whatzup.com.ua сайтынан


"Байсыз" мұғалім қайдан шығады?


Жар таңдағанда қояр талаптары молаяды

Жар таңдағанда қояр талаптары молаяды / Сурет nsk.zarplata.ru сайтынан


18-19 жас – ессіз ғашық болатын шақ. Дәл осы кезде бойжеткенде гормондары көбейіп, сүю қажеттілігі артады. Бақыттан басы айналып, жігіттің кем-кетік тұстарын байқамайды.

Жас кезінде тұрмыс құрмаса, уақыт өте, өзі бір жетістікке жеткен кезде, ер адамға өзгеше қарай бастайды. Жасы ұлғайған сайын, қояр талаптары көбейеді. Көн етіктіні менсінбей, көк етікті кездестірмедім деп жүргенде, байсыз қалады.

Күйеуін шәкіртіндей тәрбиелейді. "Тапсырманы" орындамасаң, екі аласың

Мамандықтың кейде жалғызбастылыққа әкелетін әсері бар. Мәселен, педагог жаңа тақырыпты үйретіп қана қоймайды, күнде мектепте бала тәрбиесімен айналысады. Үнемі оқушыларын қадағалап, бағалап отырады. Егер оқушы бір нәрсені дұрыс жасамаса, төмен баға алады.

– Білмейсің, оқымағансың, жазбағансың, тыңдамайсың, тәртібіңе екі! – осылай қыздардан гөрі тентектеу келетін ер балаларға ашуланып, жекіп жатады, соған өзінің де еті үйренеді.

Қарым-қатынас орнатудың осы схемасы сөйтіп әдетке айналады. Кейін ер адаммен көңілі жараса бастаған кезінде көрініс тауып жатады. "Сен үнемі кездесуге кешігіп келесің, осылай жалғаса берсе, екі аласың" дегенге келтіреді.


Ер адамды бала сияқты тәрибелеп алғысы келеді

Ер адамды бала сияқты тәрибелеп алғысы келеді / horoshev.ru сайтынан


Әйел мұғалім кейін үйде де еріне шәкіртіндей қарап, өз қалауынша тәрбиелеп алғысы келіп, шектен шығып жатады. Қалтасын тексеріп, достарымен қалай араласатынын, қашан, қайда бару керектігін қадағалап отырады. Ақырында ондай "қамқорлықтан" ер адам шаршайды.

Әйелі – би, еркегі – жасық үйден ынжық ұл мен көкбет қыз шығады

Еркегi – қожайын, әйелi бағынышты болса, ол үйден ержүрек ұлдар, инабатты қыздар шығады. Әйелi – би, еркегi – жасық үйден ынжық ұлдар мен көкбет қыздар шығады, деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Жуырда, Амангелді Айталы əкесіз өсіп келе жатқан балаларды күйеуімен сыйыспаған мұғалімдердің тəрбиелеп жатқанына алаңдайтынын айтты.


Амангелді Айталы

Амангелді Айталы / aktobegazeti.kz сайтынан алынды


Маған бір мектептің директоры: "Менің оқушыларымның 45 пайызының əкесі жоқ, ажырасқан отбасынан. Ол баланың психологиясы əке-шешесі бар баланың отбасындай тұрақты емес. Менің мұғалімдерімнің дені – əйелдер. Оның 40 пайызы байынан айырылған. Анау да жынды – əкесі жоқ, мынау да жынды – байы жоқ. Сыныпта шарт-шұрт болады да жатады" деп айтты. Бұл – шындық!

Біз бұл мәселені Елорданың екі мыңға жуық оқушысы бар бір мектебінің шеңберінде қарастырдық. Сөйтсек, Амангелді Айталының дабыл қағуы орынды екен.


Бір мектептегі ата-аналар мен оқушылар туралы статистикалық мәлімет

Бір мектептегі ата-аналар мен оқушылар туралы статистикалық мәлімет / Авторға Ватсап арқылы келіп түскен құжат




Ажырасқан мұғалім екінші "сорт" емес

Ағамызды "алаңдатқан" жағдайды Астана қаласы бойынша тағы екі мектеп шеңберінде салыстырып көрдік:



Біз мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне күмән келтіруден аулақпыз. Шаңырағы шайқалған ата-ананың тәрбиесін көрген мен толық отбасында өскен баланың психологиялық жағдайы әр түрлі.

Өзінің жүрегі күпті, көңілі алай-дүлей мұғалім де онсызда өміріне өкпелі баланың мұңын сезбейді, сезінбейді. Өз отбасын әрең асырап жүргенде, біреудің баласына қалай қамқор болсын, оның мұң-шерін жүрегімен қабылдай алмайды. Ағамызды алаңдатып отырған "шарт-шұрт" осы болса керек.

Мектеп – білім мен тәрбие ошағы. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлға да қызға да керек. Ер адамның алдында ұялып, қымсынып тұратын қыздар қылықты, ұятты, инабатты болып өседі. Ер балалар өр мінезді, намысшыл боп тәрбиеленеді. Алайда, жас жігіттер ұстаз болуға ынталы емес.

Мұғалім айлығы пәтерақыдан аспайды

Айдос Аманжолұлы – жаратылыстану ғылымдарының магистрі. Ол мектепте емес, жеке оқу орталықтарында жұмыс істеуді таңдады. 2010 жылдан бері математика пәні бойынша білімін шыңдағысы келетін мектеп оқушыларын ақылы оқытады. Оқушылары біршама жетістіктерге жеткен.


Айдос Аманжолұлы, репетитор

Айдос Аманжолұлы, репетитор / Айдос Аманжолұлының жеке мұрағатынан алынды


"Оқу бітірген кезде маған мектептерден ұсыныстар түсті. Бірақ бас тарттым. Себебі, мектепте қағазбастылық көп. Өз пәнім бойынша сабақ өткізгеннен гөрі, қағаз жазуға уақытым көп кетеді. Бітпейтін есеп беру. Ал төленетін жалақы аз. Жалғыз басымды асырауыма да жетпейтін жалақы ұсынды. Бойдақ жүргенде өзіме жетпесе, мен қалай үйленбекпін, пәтерақыға жетпес айлықты бала-шағама қалай жеткіземін?

Маған бүгінгі жұмысым ыңғайлы. Таңнан кешке дейін байланып отырмаймын. Жұмыс кестем де өзіме тиімді уақытта. Жалақысы да жоғары. Ешкімге есеп бермеймін. Нәтижеге жұмыс жасаймын. Мен білім беруден қашып отырған жоқпын. Алдағы уақытта біздегі білім беру жүйесінің осындай кем тұстары түзелсе, мен қашан болса да мектепте жұмыс істеуге әзірмін", – дейді ол.

Дамыған елдерде әлдеқашан жолға қойылған

Түркияда мектепте ер мұғалімдердің тапшылығы 60-70 жылдары байқалған. Сол кезде олар "ұл-қыздарымыздың мінездері өзгеріп барады" деп дабыл қаққан. Мектеп ұстаздарының тең жартысын ер мұғалім етуді қолға алып, бірнеше жыл ішінде дегендеріне жетті.

Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын елдер ұстаз мәртебесін көтеруге барын салуда. Сингапур, Оңтүстік Корея мен Финляндияда педагогтың мәртебесі жоғары. Жастарды жоғарғы жалақы мен еңбек жағдайы қызықтырады. Бұл елдерде педагогикалық мамандықтарға байқауға бір орынға он адамнан келеді. Сонымен қатар, қойылар талап та жоғары. Арнайы тест пен сынақтан үміткердің кәсіби жарамдылығы анықталады.

Финляндияда да мұғалімнің кәсіби шеберлігіне аса мән беріледі. Мәселен, әр мұғалімде магистр дәрежесі болуы керек. Білім беру мамандықтарына түсуге де талап күшті. Үздік оқушылардың бестен бір бөлігі ғана сынақтан өтеді. Сингапурде жеңілдеу, үштен бір бөлігі ғана. Бірақ мұнда 3-5 жылда өз мамандығына берік мұғалімдерге 10 мыңнан 36 мың долларға дейін сыйақы беріліп отырады.


Финляндияда мұғалімнің кәсіби шеберлігіне де аса мән беріледі

Финляндияда мұғалімнің кәсіби шеберлігіне аса мән беріледі / iac.kz сайтынан алынды


Араб әмірлігінде ер балаларға ер мұғалімдер, қыздарға әйелдер сабақ береді. Түркияның да жүйесі осыған негізделген.

Бұл елдер ер мен әйел ұстаздардың тепе-теңдігін сақтап келеді. Сонымен қатар, мұғалімнің жеке бастарында, үйлерінде ешқандай проблема болмауын қадағалайды. Ол үйден, көліктен, өзге де қажеттіліктерден ада болуы тиіс. Олар оқушының сабағы және тәрбиесімен ғана айналысуға міндетті.

Біз де дамыған елміз...

Дамыған елдерді баса-көктеп озуды меңзеген біздің елде жағдай басқа. Еңбекақысы аз болғандықтан, жігіттеріміз мұғалім болудан қашады. Бұл ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті. Бүгінде ер балалардың жаратылысы өзгеріп кетті. Ұлдарымыз ұсақталып келеді. Босбелбеу, бойкүйездердің саны артып барады. Мұны біздегі мамандар білмей отырған жоқ. Бірақ мектептерге ер мұғалімдерді тарту жағы нашар.

Мұғалімнен қадір қашан қашты

90 жылдарда еліміз ауыр жағдайды бастан өткерді. Ауылдардан береке кетіп, балабақшалар жабылды. Халық қалаға көше бастады. Мектептердегі оқушы саны азайды. Сөйтіп мұғалімнің қадірі қашты. Жалақы аз. Бедел жоқ. Сол кезде тұрмысын түзеу үшін мектептегі ер азаматтардың басым бөлігі жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Бірқатары сауда жасаса, өзгесі басқа салаға кетті.


вававпв

Мұғалімнің мұңы портфельге сыймайды / livemaster.ru сайтынан алынды


Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды ауылға шақырып, жағдайын жасауға бағдарламалар жасақталған. Бірақ бұл – жаңалық емес, қателікті түзету ғана.

Әйел мұғалім бе, мұғалім әйел ме?

Әйел мұғалім дегеніміз – оқушы тұлғасының жан-жақты дамуына ықпал етуші тәлімгер. Теория бойынша осылай болу керек. Іс жүзінде басқаша болуы да мүмкін.

Әйел адам – табиғатынан қамқоршы. Оқыту барысында оның пайдасы зор. Оқушыға да арқа сүйер, өзін тыңдап, ол үшін алаңдайтын адам керек. Алайда қамқор мұғалімдер қалды ма? Олардың оқушыларға жанашыр болуға да мұршасы жоқ, көңіл-қошы да болмайды, шаруасы да басынан асады. Мәселен, аттестация, педагогикалық кеңес, семинарлар, олимпиадалар, электронды күнделік... Шындығы осы.

Әйел қанша білікті болса да, әкенің орнын баса алмайды. Жалғызбасты ана балаларының бар жағдайын жасап бергенімен, әкенің айтар әңгімесін айта алмайды. Өйткені әкенің берер тәрбиесі басқа. Сондықтан мектепте тәрбие беруде отбасындағыдай ер де әйел де болуы керек.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары