Тікелей эфир

Жаһандану дәуірінде қазаққа әмеңгерлік салтын жаңғырту керек пе?

Фото islam.kz сайтынан алынды
Фото islam.kz сайтынан алынды
Зиялы қауым өкілдері әмеңгерлік пен көп әйел алу салтын жаңғыртуды ұсынады. Сонда қоғамдағы біраз мәселелер шешімін табады дейді. Ол қандай мәселелер?

Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының қатысуымен туыстар арасында мұқият талқыланып, ортақ ұйғарыммен шешілген. Мұндай неке тек әйелдің разылығымен ғана қиылған. Ал шариғат заңына сәйкес тек дәулетті адамдар белгілі бір себептермен көп әйел алған.

Әкесі өлген баланы өгейсітпеген

Жесір әйелге бұрын күн көру қиын болған, оған қоса шиеттей бала-шағаны жалғыз асырау, мұраға қалған мал-мүлікке ие болу оңай шаруа емес болғандықтан, оны әмеңгерлік жолмен болады-ау деген күйеуінің туыстарының біріне тұрмысқа берген. Осылайша баланы өгейтсітпеудің және мал-мүлікті бөтен адамның иемденіп кетпеуін қадағалаған.

Сондай-ақ, жесір әйел бөтен біреуге күйеуге шығатын болса, баланың әкесінің қандас, аталас туыстары жетімді анасынан ажыратып алып қалуға құқылы болатын. Яғни, баланың өз туыстарының арасында өскенін қалаған. Сондықтан, осы мәселелердің барлығын ескере отырып, "Жеті Жарғы" әдет-ғұрып заңнамасында жесірдің елден кетпеуін, марқұмның қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Марқұмның туған-туыстары жесір әйелдің "әмеңгері" деп аталған.

"Әмеңгерлік жетім мен жесір мәселесін шешеді"

Әмеңгерлік салтын зерттеген ғалым, сыншы Дандай Ысқақ бұл дәстүрді жаңғырту арқылы қазіргі қоғамдағы жетім мен жесір әйел мәселесін шешуге болады дейді. Ал көп әйел алу оның айтуынша, ажырасуды шектейді.

– Қазақтың қай дәстүрін алып қарасақ та жылдар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілік, отбасындағы тәрбие мәселесі, тектілік, қан тазалығы, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу тағы да басқа толып жатқан мәселелердің шешімін табуға бағытталған. Әмеңгерлік салты да солай жетім мен жесірдің қоғамдағы орнын айқындап берген. Яғни, баланың өзге жерге барып, тегін ұмытып кетуіне болмаса оны бөтеннің өгейсітуіне жол бермеген. Сондай-ақ бұл дәстүрдің түп-тамырына үңілсек, одан жеті атасын танып-білген баланың қанының тазалығы, сау ұрпақтың дүниеге әкелуі секілді маңызды мәселелердің шешімін табуға болады. Сонымен қатар баланың жасық болып өсуіне жол бермеген. Ал жесір әйел өзі үйренген ортасында қалып, баланың дұрыс тәрбие алуына атсалысқан.

Салт-дәстүрін сақтай білген халық ұлт болып қалады

– Кеңестік заманда көптеген салт-дәстүріміздің тонын айналдырып, мүлдем теріс бағытқа бұрып жіберді. Қазір тәуелсіз ел болғанымызбен жаһандану кезеңіне аяқ басып келеміз, тоғыз жолдың торабында тұрмыз. Біз не еуропа мәдениетіне еліктеп, солай қарай бағыт аламыз, не болмаса ұлттық салт-дәстүріміздің шашауын шығармай, ұлт ретінде сақталып қаламыз. Ал жаһандану процесі қазақты жұтып жібермесін десек, салт-дәстүрді сақтап қалу өте маңызды. Өйткен ата-бабадан келе жатқан құндылықтарын дәріптеген ұлт қана өзін өзі сақтап қалады.

Дәл қазіргі кезеңде еуропалық тәрбиеге бет бұру, аралас неке құру, ажырасу, жетім мен жесірдің, кәрі қыздардың көбеюі – қоғамдағы ең маңызды мәселелер болып отыр. Сондықтан ұлтты сақтап қалудың әрі осы қордаланған мәселелерді шешудің бір жолы – әмеңгерлік салты деп ойлаймын. Мен ұзақ жылдар бойы бұл мәселені зерттей келе осындай тұжырымға келдім. Яғни, бұл мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарау керек, – деді ғалым.

Қазақстан Орта Азия елдері ішінде ажырасу жағынан көш бастап тұр

– Қазақстанның басты қалалары Алматы мен Астанада өткен жылы ажырасқандар саны 46 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш Өзбекстанда 8, Тәжікстанда небәрі 2 пайыз. Өйткені олар өмір сүру салтын сақтап қалған. Бізбен бірге тәуелсіздігін жариялаған өзбек халқының саны 17 миллионға жетпейтін. Қазір олар 33 миллионға жуықтады.

Олар бұл мәселені тек ажырасушылар санын шектеумен ғана емес, көп әйел алуға рұқсат беру арқылы шешкен болатын. Алайда өзбектердің әлеуметтік жағдайы Қазақстанға қарағанда анағұрлым төмен. Бірақ біздегідей ажырасқандар мен жетім балалар көп емес, жезөкшелік өріс алып отырған жоқ.

Мысалы, өзбектерде ажырасу мәселесін ауыл ақсақалдар кеңесі қарайды. Кінәнің кімнен екендігін анықтайды. Егер дүние-мүлікке қатысты болса, шешімін табуға ықпал етеді. Шамалары келмесе, аудандық ақсақалдар кеңесі шешеді. Яғни, мәселені ажырасуға жеткізбеуге тырысады. Ал ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптылар өтемақы төлеуге міндетті. Содан кейін оларда әйелдер комитетінің өкілдері жұмыс жасайды. Араларында бала болса, алты ай, соңғы шешім қабылдау үшін тағы үш ай уақыт беріледі, – дейді Дандай Ысқақ.


Қазақстан ажырасу жағынан көш бастап тұр

Қазақстан ажырасу жағынан көш бастап тұр / Фото thepicta.com сайтынан алынды


Бұрын қалай шешілді?

– Жалпы жүргізілген зерттеулерге сәйкес, әлемде ұл балалар қыздарға қарағанда дүниеге көбірек келеді. Өмірдегі әртүрлі жағдайлар ер азаматтардың санын азайтып, 20 жасқа жеткенде қыз бен ұл балалар сан жағынан теңеседі екен. Содан кейін еркектер саны күрт азаяды. Жастары ұлғая келе бір шалға 60 кемпірден келеді деген статистика бар. Ал осы құбылысты қазақтар бұрын әмеңгерлік салты арқылы реттеп отырған. Жағдайы бар адамдар көп әйел алған. Яғни, кәрі қыздар мәселесін осы жолмен шешкен, оған қоса баланың некесіз туылмауына мән берген. Қазақ қанша қырғынды бастан өткерді. Соғыс пен аштықтан аман-есен өтуінің бір себебі осында жатыр, – деді Дандай Ысқақ.

Әмеңгерлік мәселесін зиялы қауым өкілдері арасында ең бірінші болып Олжас Сүлейменов өзінің "АЗиЯ" кітабында Әлихан Бөкейхановтың келтірген деректерімен көрсете отырып, жазған-ды. Кітап жарық көре салысымен оны көрген Кеңес өкіметінің шабармандары басқы бетін алғызып тастап, қайта басуға жіберген болатын.

"Біз құлдырауға ұшырап отырмыз"

Дандай Ысқақ көп әйел алу мәселесіне келгенде қарсы болмағанмен, қолдау көрсетуге келгенде ер адамдардың өздерінің селқостық танытатындығы бар дейді.

– Бұл мәселе Парламентте бірнеше рет көтерілгенмен, қолдау тапқан жоқ. Өйткені ұлттық мүдде тұрғысынан қаралған емес. Ал білім алып, мансап қуамын деп жүріп, отырып қалған кәрі қыздар болса, екінші әйел болуға қарсы емес. Өйткені олар да некелі әйел атанып, ана болғысы келеді. Алайда заңды түрде бұл мәселе шешілмегенмен, жағдайы бар ер адамдардың екінші, үшінші әйелдерінің барлығы шындық. Қоғамда қордаланып қалған мәселелердің уақытында шешімін таппауы салдарынан тәуелсіз елдер қатарында біз ғана осындай құлдырауға ұшырап отырмыз.

Біз еліктеп отырған Еуропа да құлдырауға ұшырап отыр. Мысалы, Францияның Маршал деген қаласы тұрғындарының 60 пайызы – арабтар екен. Ал Белгияның астанасы Брюссель тұрғындарының 49 пайызы – мұсылмандар. Яғни, негізгі ұлттың жойылып кетуіне аралас неке себеп болып отыр. Соның салдарынан ақ нәсілдер азайып, арабтар мен қара нәсілділер өсіп жатыр.

Ажырасуды тоқтатудың тағы бір жолы – неке келісімшарты

– Неке келісімшартына осы уақытққа дейін аса мән бермей келдік. Алайда келісімшарт негізінде отбасын құрған ерлі-зайыптылардың тату-тәтті өмір сүріп жатқанына көзіміз жетті. Өйткені олар келісімшартта көрсетілген баптарды бұзбауға тырысады. Менің бір танысым әйелі қайтыс болған соң, екінші әйелімен келісімшарт негізінде отбасын құрған еді. Өзі – зиялы қауым өкілі. Ол алғашқыда балаларына тиесілі қолындағы бар дүниесінен айырылып қалмау үшін сондай қадамға барғанмен, қазір дұрыс шешім қабылдағанына риза. Келісімшарт тек материалдық қана емес, моральдық тұрғыдан яғни, бір-біріне ауыр сөздер айту, қорлау секілді әдеттерден аулақ болуына кепіл болады,– деді Дандай Ысқақ.

Атастыру арқылы бақытты отбасының іргетасы қаланған

– Тағы бір айта кететін жайт, қазақтың атастыру дәстүрі де отбасы шаңырағының биік, керегесінің кең, босағасының мықты болуына септігін тигізген. Өйткені әлеуметтік жағдайына қарай баласын өз теңіне қосқан. Ал атастырған уақыттан бастап, қызына қандай келін болу керектігін құлағына құйып отырған. Ал отбасындағы тәрбие ажырасуға жол бермеген, – дейді ғалым.

100 еркектің бесеуі ғана екінші әйел алардай дәулетті

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев жаһандану дәуірінде әмеңгерлік пен көп әйел алуды 100 пайыз қолдамайды. Өйткені ол жаңашыл жастардың қоғамдық қарым-қатынастары басқаша құрылған дейді.

– Негізі, әмеңгерлік көшпелі патриархат дәуірінде қажет болды. Біріншіден, қыздың қалың малы төленіп қойған. Екіншіден, жесір қалған әйел адам өзін қамтамасыз ете алмады. Сондықтан әмеңгерге белгілі бір жауапкершіілік жүктелген. Ал қазір біздің әйелдер өз жағдайын өзі жасай алады. Отағасы қайтыс болғанмен қайын інісіне тиюге келісе қоймасы анық. Жұмыс жасап жүрсе, "өзім баға аламын" дегенді алға тартады. Қазақта "екі әйел ойран, екі сиыр айран" деген бар. Қазіргі заманда бір отбасында екі немесе үш әйелдің сыйысып тұруы сирек кездесетін жағдай.

Әлеуметтанушылар заң қабылданған жағдайда Қазақстанда 100 еркектің бесеуінің ғана екінші әйел алуға шамасы жетеді дейді. Көп әйел алу үшін еркектің біріншіден, әлеуметтік жағдайының жоғары болғаны керек, екіншіден, физикалық шамасының келуі мен, үшіншіден, моральдық тұрғыдан дайындығы және керек. Ал ер адамдардың барлығы бұл талапқа сай емес. Кейбір мұсылман мемлекеттерінде ресми түрде рұқсат етілгенмен, тек әлеуметтік жағдайы жоғары азаматтар ғана бірнеше әйел алады.

"Қазақстанда ер адамдардың елу пайызының еркектік қуаты нашар"

Бұл жөнінде Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының басшысы Мырзакәрім Алшынбаев журналистерге берген сұхбатында мәлімдеген болатын. Олар 12 жыл бойына "Еркек денсаулығы" бағдарламасы аясында арнайы зерттеу жүргізіп, осындай шешімге келген. Еркек қауқарының төмендеуіне басты себеп – салауатты өмір салтын ұстанбауы дейді. Бас уролог "Ер адамдар әйел адамдарға қарағанда он жыл аз өмір сүреді және 3-6 есе ауруға тез шалынады. Әрі дәрігерге уақытында қаралмайды" деген болатын.

Сонымен қатар уролог мамандар Қазақстандағы демографиялық ахуалды (бала туу мен өлім) зерттеген. Олар ер адамдардың ауруын жасыруы және уақытында қаралмауы елдің демографиялық жағдайына кері әсер етіп отырғанын алға тартты.

"Кеңес өкіметі әмеңгерлік салтын санамызға басқаша сіңірді"

– Сондықтан салтты қайта жаңғырту мүмкін емес. Отарлау саясатының қарқынды жүргізілгені соншалық, әмеңгерлік институты туралы біздің санамыз деформацияланды. Тіпті батыс пен оңтүстікте тұратын қазақтардың қалың малға қатысты пікірі екі түрлі қалыптасқан. Маркстік-лениндік кеңес өкіметі тарихнамасы ғасырлар бойы сыннан өткен ұлттық құндылықтардың ішкі қуатын, қадір-қасиетін өңін айналдыра көрсетіп, феодалдық қоғамның сарқыншақтары деп сынағаны белгілі. Сөйтіп ұлтты төл мәдениетінен жеріндірді.

Ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік тағы сол сияқты дәстүрлер біртіндеп ығысып, ескіре бастады. Дегенмен, қазақ қоғамында салт-дәстүрдің көптеген мәселелердің шешімін тауып отыруына септігін тигізіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Абай, Қаныш – әмеңгерліктің жемісі. Құнанбай атамыздың қайтыс болған туған інісі Құтпамбеттің (Құлмұханбет) атастырылып қойылғанмен "қыздай жесір" қалған Ұлжан анамызды алып, отау көтергенін мысалға келтірсек болады. Бұл некеден Абайдай алып дүниеге келді. Сол секілді Қаныш Сәтпаев та Имантайдың екінші әйелінен туған екен.

Талантты күйші Дина Нұрпейісова да 19 жасында Нұрпейіс Мақатұлына күйеуге шыққан. Сол жылдары құжат аларда қазақы салтты сақтап, атасының атын айтуға дәті бармай, күйеуінің атын тек қылып жаздырған екен. Сөйтіп фамилиясы Нұрпейіс болып кетеді. 1885 жылы аяғы ауыр кезде күйеуі дүниеден өтеді. Дәстүр бойынша күйеуінің кіші інісі Нұралыға күйеуге шыққан. Сондықтан кезінде екінші, үшінші әйел алуға өзіндік себебі болған. Әрі отырып қалған қыздарды алған, – дейді Жаңабек Жақсығалиев.

Тоқал топырлатып бала тумайды

– Біздің қоғамда әмеңгерлік, көп әйел алу заңдастырылмағанмен салтты ұстанып отырғандар бар. Әсіресе, элита өкілдері бірнеше әйел алып, ұрпақ өсіріп отыр. Егер көп әйел алуға заңды түрде рұқсат берсе, отырып қалған қыздарды емес, 18-19 жасар жас қыздарды тоқалдыққа алуға тырысады. Алайда тоқалдың бұрынғыдай топырлатып бала туа бермейтіні шындық. Олар күйеуінің ақшасын шашып, шетелде демалғанды жақсы көреді. Сондықтан бұл мәселеге келгенде бірнеше әйел алу арқылы бала санын көбейтеміз деген бос сөз. Туғаны үшін әлеуметтік көмек жақсы төленсе, бір әйелдің өзі-ақ бала туудан қашпас еді.

Қазіргі таңда жағдайы бар қыз-келіншектер некесіз бала туып алатын болды. Бұл мәселені азаматтық некеге тұру арқылы шешуге болатын еді. Алайда біздің қоғам мұндай некені әлі мойындаған жоқ. Қазақ азаматтық некеде туылғанды ойнастан туған баламен тең көріп, көрдемше деп жақтырмаған. Сонда да кейбір қыздарымыз қазір некесіз бала туғанды жөн көріп отыр.


Тоқал топырлатып бала тумайды

Тоқал топырлатып бала тумайды / Фото ғаламтордан алынды


Ұлтқа төнген қауіп

– Біздің қоғамда жесір әйел мен кәрі қыздар саны шамамен бір миллионға жақындаған екен. Бұны әйел мен ер адамдар арасындағы тепе-теңдікті ғана емес, ұлттық кодтың, жалпы ұлттың жойылуына төнген қауіп десек болады. Сонымен қатар аралас неке де ұлттың жойылуына үлкен әсерін тигізеді.

Қазір Францияда негізгі ұлт өкілдерінің азаюына француздардың өздері кінәлі. Өйткені олар француз қыздары мен әтірін әлемге жарнамалады. Ал қыздары Францияға келген өзге ұлт өкілдеріне күйеуге тие бастады. Қазір француз бен француз үйленсе, ақша төлейтін халге жетті.

Француз гуманист ғалымы Коши Огюстен Луи "мемлекеттік биліктің өлшемі оны құраушы ұлттың санына байланысты" деген. Сондықтан жаһандану дәуірінде ұлттық кодты жоғалтып алмау керек, – деді Жаңабек Жақсығалиев.

Әмеңгерлік көп мәселені шешкен

Таугүл мешітінің бас имамы Нұржан Таласұлы әмеңгерлік дәстүрі бойынша жесір әйелдің балалары жаңа әке қамқорлығына өтіп, "жетім" деген аттан құтылған дейді.

– Осылайша балалар да, жесір әйел де тұрмыстың тауқыметінен, пенделердің сыпсың сөзі мен түртпегінен құтылған. Бұл қалыптасқан жүйе қоғам ішінде жеңіл жүрісті әйелдердің болмауына, жалпы әйел баласының абыройы мен беделінің сақталуына да себеп болды. Оның үстіне әйелді жесір, баланы жетім қалдыру тұтас әулеттің, одан арысы рудың атына сөз келтіретін, сүйегіне таңба салатын масқара іс болатын. Әмеңгерлік тәртібі бұл мәселені де шешті. Негізі, дәстүрлі қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен. Олай істеу өзінің туысының жетім қалған балаларына, яғни өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік ретінде бағаланған. Ал алда-жалда жесір әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығуға ерік берілген.

Қазіргі күннің биігінен, адамгершілік пен иман талабы тұрғысынан қарасақ, кезінде "ескіліктің қалдығы, надандықтың көрінісі" деп айыпталған әмеңгерлікті тамаша дәстүр дейсің. Өзіңіз ойлап көріңіз, жетім қалған балаға өз әкесінің бауырынан артық кім қамқоршы бола алады? Тіпті, теңін тауып, өзі ұнатқан адамымен қосылды деген күннің өзінде, барған жеріндегі әулетті айтпағанда, сол еркектің әйелдің еріп келген балаларына өз кіндігінен тараған ұрпағына қарағандай қарап, қамқор болуы екіталай. Ал әмеңгерлік жолмен бауырының баласын ол еркек өз перзентімен бірдей көретін болады. Өйткені өз қаны,туған бауырының көзі. Тағдыр қосқан жұбайын да, қанатының астына алған балапанын да ол басқа кез-келген еркектен артық бағып-қағады. Өйткені құдайдан қорқады, үлкендерден именеді әрі бауырының әруағынан ұялады, – деді бас имам.

Көп әйел алу – Өзбекстанның басты проблемасы

Біраз уақыт бұрын Өзбекстан президенті Шавқат Мирзояев шариғат заңымен көп әйел алуды сынға алған болатын. Фейсбук әлеуметтік желіде тараған ақпаратта "Көп әйел алу өкінішке орай проблемаға айналып отыр. Көп әйел алудан Ташкент қаласы бірінші орында тұр. Баласына өз анасы екінші, үшінші әйел алып береді. Содан кейін көп ұзамай неке бұзылады. Бала қалады. Ал неке қиған имам жауапкершілікке тартылмайды. Ал одан туылған балалар өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алмайды" деген болатын.

Ал Түркіменстан 2018 жылдың 19 маусым күні Отбасы кодексіне өзгеріс енгізіп, көп әйел алуға тыйым салды. Заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары