Тікелей эфир

Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап

Сурет azh.kz сайтынан алынды
Сурет azh.kz сайтынан алынды
Биыл бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 31,8 млрд теңге бөлінді. Алғашқы әлеуметтік пакет 25 ақпанға дейін беріле бастайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет беруді тапсырған болатын.

"Аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу", – деген болатын мемлекет басшысы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы Әсия Құрманқұлованың айтуынша, қазіргі таңда кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алатындардың тізімі жасалып жатыр. Әлеуметтік пакет тізім бекітілгеннен кейін беріле бастайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қайда құжат өткізу қажет?

"Қаңтар үшін әлеуметтік пакет әлі берілмеді. Өйткені, кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алатындардың тізімі АӘК тағайындалғаннан кейін ғана жасалады. Қазіргі таңда атаулы көмек тағайындалды, енді жұмыспен қамту бөлімі жеткізушімен келісімшарт жасап, бір жағынан кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алатындардың тізімін бекітіп жатыр. Әлеуметтік пакет 20-25 ақпанға дейін беріледі. Оны алушылардың тізімі ай сайын жаңарып тұрады", – деп түсіндірді Әсия Құрманқұлова.

Осыған орай, Informburo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысымен бірге балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке қатысты маңызды сұрақтарға жауап береді.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекті алудың жаңа шарттары қандай?

№.1 Әлеуметтік пакетті кімдер алады?

Атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалады:

  • 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға – айына бір рет азық-түлік пен тоқсанына бір рет тұрмыстық химия жиынтығы;
  • 6 жастан 18 жасқа дейінгі орта білім беру ұйымдарының білім алушыларына жылына бір рет мектеп формасы мен мектеп жабдықтары, күніне бір мезгіл ыстық тамақ беріліп, қоғамдық көлікте жол жүру ақысының 50 пайызы өтеледі.
Мектеп формасын және мектеп жабдықтарын сатып алу сертификаттарын оқу жылының басталуына дейін, тамыз айында беру жоспарланған.

№.2 Әлеуметтік пакетті алу үшін қандай құжаттар керек?

Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінім беру үшін тек жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Қалған мәліметтер ақпараттық жүйеден алынады. Басқа сұрақтар болса жұмыспен қамту орталығы сауалнама жүргізеді. Өтінім беруші күткісі келмесе, басқа құжаттарды өзі тапсыра алады.

АӘК өтінім берген кезде балалары туралы, олардың жасы, әлеуметтік пакеттің қандай түрі берілетіні анықталады. Аз қамтылған отбасыға АӘК тағайындалған соң, кепілдендірілген әлеуметтік пакет алатындардың тізімі жасалады. Яғни, кепілдендірілген әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін беріледі.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы, жәрдемақы және шәкіртақы өсті. Әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?

№.3 Тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы қандай?

Аз қамтылған отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға тоқсан сайын беріледі:
  • балаларға арналған тіс пастасы, кемінде 50 мл;
  • балаларға арналған тіс щеткасы, кемінде 1 дана;
  • балалар сабыны, гипаллергенді, кемінде 180 г;
  • балалар сусабыны, кемінде 200 мл;
  • балалар кремі, кемінде 45 мл;
  • кір сабын, кемінде 20 г;
  • балаларға арналған кір жуатын ұнтақ, кемінде 800 г;
Әлеуметтік пакет отбасындағы әрбір балаға берілетін болады.

№.4 Азық-түлік жиынтығы қандай?

Аз қамтылған отбасындағы 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға:
  • жеміс пюресі, гипоаллергенді, кемінде 600 г;
  • көкөніс пюресі, гипоаллергенді, кемінде 61 г;
  • балаларға арналған ботқа, гипоаллергенді кемінде 320 г;
  • жүгері жармасы, кемінде 400 г;
  • сұлы үлпегі, кемінде 800 г;
  • балаларға арналған печенье, кемінде 180 г;
  • майлылығы 2,5% пастерленген балалар сүті, кемінде 2 л.
3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға:
  • майлылығы 2,5% пастерленген балалар сүті, кемінде 2 л;
  • қатты сұрыпты бидайдан жасалған макарон, кемінде 800 г;
  • сұлы үлпегі, кемінде 800 г;
  • сұйық май, кемінде 0,8 л;
  • құрамында астық дақылдары бар таңғы асқа арналған сүтті түйіршіктер, кемінде 250 г;
  • балалар печеньесі, кемінде 400 г;
  • арпа жармасы, кемінде 1 кг;
  • қарақұмық жармасы, кемінде 1,6 кг;
  • уатылған бұршақ, кемінде 800 г;
  • ұнтақ жармасы, кемінде 700 г;
  • табиғи бал, кемінде 200 г.
Барлық азық-түлік тауары Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен бекітілген.

Оқи отырыңыз: Баланы бірінші сыныпқа беру тәртібі өзгерді. Енді ата-ана мектепті өзі таңдай алады

№.5 Мектеп формасының жиынтығы қандай?

Жылына бір рет:
  • ұлдарға – пиджак, кеудеше, шалбар, жейде немесе водолазка, аяқ киім;
  • қыздарға – пиджак, кеудеше, белдемше немесе сарафан (шалбар), блузка немесе водолазка, аяқ киім;
Мектеп формасы қажет болмаса, спорттық форма мен аяқ киімге ауыстыруға болады.

№.6 Мектеп жабдықтарының жиынтығы қандай?

1-4 сынып оқушыларына:

  • рюкзак, 20 дәптер, қаламсауыт, сурет салуға арналған альбом (24 парақ), 10 түрлі-түсті қалам, 5 қарындаш, 20 кітап пен дәптер тыс, акварель бояулары, сызғыш, өшіргіш.

5-9 сынып оқушыларына:

  • рюкзак, 20 жай дәптер, 10 қалың дәптер (24 парақ), қаламсауыт, сурет салуға арналған альбом (48 парақ), 10 түрлі-түсті қалам, 5 қарындаш, 20 кітап және дәптер тыс, сызғыш, өшіргіш.

10-11 сынып оқушыларына:

  • рюкзак, 20 дәптер, 10 қалың дәптер (36 парақ), қаламсауыт, сурет салуға арналған альбом (48 парақ), 10 түрлі-түсті қалам, 5 қарындаш, 20 кітап және дәптер тыс, сызғыш, өшіргіш, циркуль.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы

№.7 Әлеуметтік пакет жиынтықтары қалай жеткізіледі?

Жұмыспен қамту бөлімі жеткізушімен тікелей келісімшарт жасасады. Жеткізушілер кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушыларға айына бір рет азық-түлікті, тоқсанына бір рет тұрмыстық химиялық тауарлар жиынтығын жеткізеді.

Мектеп формасын, мектепке қажетті заттарды, ыстық тамақ пен жол ақысын үлестіру Жалпыға бірдей білім беру қоры мен жергілікті атқарушы орган арқылы жүргізіледі.

№.8 Тауар жарамсыз болса, не істеу керек?

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жеткізушімен келісімшарт жасайды. Техникалық сипаттамасында міндетті түрде азық-түлік және тұрмыстық химия тауарлары жиынтықтарының белгіленген жарамдылық мерзімі мен сапасы туралы жазылады. Жеткізуші тапсырыс берушімен келісімшарт жасасқаннан кейін өзіне көрсетілген талаптарға сай болу міндетін алады.

  1. Тауардың мерзімі өтпеген болуы керек;
  2. Тауар сапасына сай болуы тиіс.

Жеткізуші тауарды тікелей әлеуметтік пакетті алатын отбасыға жеткізген кезде оны алған адам міндетті түрде тексеріп алуы керек. Қорапты ашып, заттардың орнында және тұтас екенін тексереді. Жарамдылық мерзімін көреді. Мерзімі өткеп кеткен немесе өзіне ұнамаған тауар болса, одан бас тартуға, қабылдамауға құқығы бар.

Тауарды алып қойған соң, мұндай жағдайлар анықталса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен байланысу керек. Содан кейін бөлім жеткізушімен байланысып, жеткізуші бұл тауарды ауыстырып әкеп беруі тиіс.

Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

№.9 Қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдігі қалай беріледі?

Жеңілдігі бар жолақы әрқалай беріледі. Оны жергілікті атқарушы орган ұйымдастырады. Картамен төлеуге болатын қалаларда карта берілсе, басқа жерлерде қолма-қол ақшалай емес жеңілдігі бар жол жүру құжаты не жол жүру билеттері түрінде беріледі.

№.10 Бюджеттен қанша қаржы бөлінді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғай министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке – 107 млрд теңге, кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 31,8 млрд теңге бөлінді.

2020 жылғы 10 қаңтардағы статистика бойынша, 63 мың аз қамтылған отбасыға, яғни 320 мың адамға АӘК тағайындалған. Оның 209 мыңы – балалар.

Серіктестер жаңалықтары