"АӘК алатын балалардың 60%-дан астамы – көп балалы отбасылардан. Сондықтан біз олар үшін республикалық бюджеттен бөлек әлеуметтік көмек енгізуді ұсынамыз. Төлем отбасының кірісіне байланысты болмайды. Ол елдегі барлық көп балалы отбасыларға төленеді. Бұл жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланатын болады", – деді бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Айтуынша, орташа есеппен алғанда бір балаға 10-11 мың теңге шамасында болады.
"Жалпы сома 2018 жылдан бастап тоқтатылған ұқсас жәрдемақылардан 4-7 есе артық болады. Бұл көп балалы отбасыларға қосымша қолдау болады деп ойлаймыз", – деді министр.
Аз қамтамасыз етілген отбасын, яғни күнкөріс деңгейінің 70 пайызын анықтау критерийлері сақталады. Әрбір отбасы мүшесіне арналған АӘК мөлшері де бұрынғыдай анықталады. Өйткені ол отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма.
Министрдің айтуынша, табысына қарамай көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындауға негіз бар. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын ғана есептегенде, 400-500 теңге асып кетіп отбасы әлеуметтік көмектен қағылған жағдайлар болған. Сондықтан әлеуметтік көмек бәріне бірдей тағайындауды жөн көрдік, дейді ол.
"АӘК көлемі отбасының барлық мүшесі үшін кедейлік шегі мен орта есеппен жан басына шаққандағы табыс арасындағы айырмашылық арқылы анықталады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, оның отбасының барлық мүшесі АӘК-тен қағылады. Сондай-ақ баласына қарап отырған аналарға олар үш жасқа келген соң еңбекке белсенді араласу ұсынылады",– деді министр.
Сонымен қатар:
"Бүгінде АӘК әр тоқсан сайын қарастырылып отырады. Осы тәртіп алда да сақталады. Ешқандай проблема болмауы тиіс, өйткені қайта-қайта құжат жинаудың қажеті жоқ. Сізге тек ЖСН мен анықтама қажет. Оның үстіне комиссиялардың тексеру және шешім қабылдау уақытын біршама ұзартамыз" – деп түйіндеді министр.