Қаладағы автокөлік қозғаласын видео камералар арқылы бақылауға тапсырған полицейлер қол қусырып қарап отырмай, жол жүру ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілерді тәртіпке келтіруге көшті.
Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусиннің Facebook парақшасында жазбасынан білдік. Ол комитет құрастырған жоба полицейге бір сағатта 21 адамға айыппұл салуға мүмкіндік берді деп көсілген.
Айыптыны ұсталған жерінде тырп еткізбей істі тіркейтін жобаны мақтағысы келді ме, әлде осылай ескертіп, елді осылай тәртіпке шақырғаны ма, белгісіз. Бірақ бұл идея ешкімге ұнай қоймады.
Жаяу жүргіншілер де жол қозғалысы ережесіне бағынуы тиіс
– Ертеректен қалыптасып қалған "жаяу жүргіншінікі дұрыс" деген қағида қате. Бұрын абайсызда біреуді қағып кеткен автокөлік жүргізушісі сотталып кететін. Ал біздегі жаяу жүргіншілер осы уақытқа дейін сол санадан арыла алмай келеді, – дейді экономикалық бақылаушы, тележүргізуші Денис Кривошеев. – Жаяу жүргінші жол ережесіне бағынып жүрген жоқ. Жолдан өзінен басқа ешкім жоқтай сезінеді. Қалаған жерден, қалауынша көктей өте береді, тіпті жаяу жүргіншіге арналған жолақтың өзінен дұрыс өтпейді.Мысалы, ережені сақтап келе жатқан жүргізуші аяқ астынан біреудің жолға жүгіріп шыға келеді деп ойламайды. Негізі ереже бойынша, жаяу жүргінші жолдың шетіне келгенде жолдан өткісі келіп тұрғанын ишарамен білдіруі керек. Оң-солға қарап алып, қозғалыстағы автокөлікке кедергі келтірмейтіндей болғанда өтуі керек.
Бізде қалай? Жаяу жүргінші қолындағы смартфонға үңіліп, ешкімде шаруасы жоқ, өте шығады. Жүргізуші тежеуішті басып үлгермей қалуы, тіпті, көрмей қалуы әбден мүмкін ғой...
Ымырт, апақ-сапақ кезде байқамай қалса ше? Ондай ойлар көп жүргіншінің басына кіріп те шықпайды, – дейді Денис.
– Өз басымнан өтті ондай жағдай. Күн батып бара жатқан кез еді. Сағатына 70-80 шақырымға дейін жылдамдықпен айдауға болатын тас жолда көлік жүргізіп келе жатқанмын. Жолдан жүгіріп өткен жаяу жүргіншіні дер кезінде байқамай қалдым. Айналып келгенде, бәрі қарапайым мәдениеттілікке келіп тірелетіні рас.
Алайда... екінші жағынан
Біздегі жаяу жүргіншілер жолағы дұрыс жабдықталмаған. Арнайы жарықтандыру жағы ойластырылмаған. Адамдар көрінбей қалады.
Кей жерде ақылға қонымсыз жерде салынады. Мысалы, бағдаршамға 300 метр жерде тұрады, мүлдем дұрыс емес.
Бір сөзбен айтсақ, жүргізуші үнемі қай жерден жүргінші алдымнан атып шығады деп алаңдап отырады, күйзелісте болады, – дейді Денис Кривошеев.
Айыппұлды АҚШ та салады, бірақ...
Мәселен, АҚШ-та жолақ арқылы жолдың арғы бетіне смартфонына үңіліп өткен жаяу жүргіншіге 35 доллар мөлшерінде айыппұл салуға көшпекші. Оған жүргіншілерді қағып кеткен жол көлік оқиғасы санының күрт өсуі себеп болған.
Ал Еуропаның бірқатар елдерінде, Қытайда смартфоннан көз алмайтындар үшін арнайы жеке жол жасалған. Жолдан өту үшін жерден арнайы жарық жанып белгі беру мүмкіндігі де ойластырылған. Идеяны ең бірінші болып Германия 2014 жылы жүзеге асыра бастаған болатын.
Ал бізде Е-айыппұл...
Е-айыппұл – әкімшілік іспен айналысатын мемлекеттік мекемелердің құзыреттілігін цифрландыруға бағытталған жоба. Бізде ондай 64 мекеме бар, – дейді жоба жетекшісі Евгений Недельский.
Яғни, бірыңғай тізім (реестр) шеңберінде электрондық хаттама толтыру жүйесі талапқа сай, су кірмейтін, соққыға төзімді, арнайы планшетке енгізілген.
– Жобаның артықшылығы көп. Соның бірі – әріптік қатені жою. Бүгінге дейін азаматтардан айыппұл қате жазылып кеткен деген шағымдар көп түсетін. Бұл – адами фактор. Хаттама қолмен толтырылғандықтан базаға енгізуші ондағы жазуды түсінгенінше енгізетін. Шимайы көп болған сайын, жазуы түсініксіз болған сайын, қате де көп болатын. Ең бірінші, бұл жоба осы проблеманы жойып отыр.
Екіншіден, айыппұл төленбей қалу мәселесі жойылады. Бұрын инспектордың қағаз жүзінде толтырған хаттамасы базаға кем дегенде үш-төрт күннен кейін түсетін. Мына жоба арқылы онлайн режимде сол сәтте енеді.
Енді ереже бұзсаң, "Е-айыппұл" жолда тоныңды шешіп алады
Айыппұлды да сол жерде-ақ төлеп кетуге де мүмкіндік туады. Қазір осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, бұйыртса осы жылдың соңына дейін дайын болады, – дейді ол.
Евгений Недельскийдің айтуынша, басты артықшылықтың бірі – уақыт үнемдеу. Яғни, бұрын бір хаттаманы толтыруға бір сағаттан астам уақыт жұмсалса, қазір бірнеше минутта-ақ толтыра алады. Бұл азаматтардың да, полиция қызметкерлерінің де уақытын үнемдейді. Бұрын хаттаманы толтырғаннан төленгенше толық 34 күн өтетін. Енді шаруа 15 минутта бітеді. Бәрі автоматтандырылған.
Жалпы бұл жоба ІІД ғана емес бүкіл мемлекеттік құзырлы мекемелерге икемделген. Бұл әкімшілік істерді өндіру бойынша бірыңғай тізім болып табылады.
Айыппұл салу – инспектордың жұмысы
Бір сағаттың ішінде жиырма шақты адамға айыппұл салу – заң бұзушылық емес. Ойлап қарасаңыз, арнайы белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен азаматтарға айыппұл салды. Яғни, ол оның жұмысы. Заңды тұрғыдан қарау керек. Бұздың ба, төле, – дейді Евгений Недельский.
Жол жүру ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге салынатын айыппұл бес айлық есептік көрсеткіш (2017 жылға есептелген АЕК – 2269 теңге) мөлшерінде. Яғни 11345 теңге. Қайталанған жағдайда бұл көрсеткіш екі еселенеді. Ал бір аптада төлейтін болсаңыз, 50 пайыз жеңілдік бар.
Жеке куәлігіңіз болмаса да төлейсіз...
– Егер жол ережесін сақтамаған азаматтың жан қалтасында жеке куәлігі болмаса, инспектор аты-жөнін енгізіп, базадан қарайды, – дейді Евгений Неделский.
Ол жерде фотосына дейін бәрі шыға келеді. Шетел азаматы болса да жауапқа тарту мүмкіндігі қарастырылған. Оларға да хаттама толтырылып, айыппұл төлеу міндеттеледі.
Бүгінде Астанада 400-ден астам жол полициясы инспекторы болса, соның 60-ында осы планшет бар. Жыл соңына дейін барлығында болады.
– Ал ескерту, алдын алу жұмыстары бойынша ІІД айналысуы тиіс, – дейді Евгений.
Полицейлердің жұмысы жеңілдеді
– Құқық бұзушының деректерін алу үшін ЖСН енгізу жеткілікті. Жүйе жеке тұлғаның іздеуде жүргенін, өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарының бар-жоғын анықтап, бұл әрекетті дұрыс саралауға мүмкіндік береді, – дейді Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибелеу бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Тахир Абдурахманов.
Былтыр жаяу жүргіншілердің қатысуымен 157 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл жыл басынан бері 54-і тіркелген екен.
Ал бұл жоба сынақ түрінде 18 шілдеде енгізілген. Содан бері 6 685 әкімшілік хаттама толтырылып, 58 822 959 теңге айыппұл салынды. Оның жартысы өндіріп алынды, – дейді Тахир Абдурахманов.
"Адамдардан барынша тез әрі көп ақша жинаудың амалы"
Денис Кривошеев ережелерге бағыну үшін техникалық жағдай жасалмаған деп есептейді. Қит етсе айыппұл салу қоғамның ішінде әлеуметтік шиеленіс тудырады, деген пікірде.
– Себебі, бізде техникалық тұрғыда бәрі адамдарға барынша көбірек айыппұл төлетуге икемделіп келеді. Айыппұл көбейген сайын оны жинап алу жағын оңайлату керек ғой. Міне мына жүйе де сол үшін жасалып отыр.
Біздегі айыппұл Америкадағыдай. Салыстырып көріңіз. Орта есеппен қарайтын болсақ, біздегі айыппұл құны 20 мың теңге. Азы да бар, көбі де бар. Енді қараңыз, бұл шамамен 70 доллар. Ал кейбіреулер 40 мың теңге жалақы алып күнін көріп отыр.
Меніңше, ешқандай да тәртіп орнату емес. Айыпталғандардың саны артып, айыппұлды тез жинап алу мүмкіндігі – бюджетке сарқылмайтын алтын көмбе. Себебі, қанша айыппұл салғанмен ол тәртіпті жақсартпайды, – дейді Денис Кривошеев.
Адамдарды айыппұл арқылы тәрбиелеп алу мүмкін емес...
Жазаны жеделдетуді ғана ойлап тұрмыз. Ережені күшейткің келсе, жағдай жаса. Қойылатын белгілерді ереже бойынша орнат.
Мысалы, сен келе жатқан жолақтан солға бұрылуға бола ма, жоқ па дегенді тек ғана бағдаршамға келгенде білесің. Ал негізі бағдаршамға жетпей, алдын ала қай жерден, қай жаққа бұрылуға рұқсат етілгенін білдіретін белгі болу керек. Яғни адамдар, жүргізушілер, жүргіншілер алдын ала ескертіліп отырулары керек. Ал бізде бәрі айыппұл салу үшін орнатылған, – дейді Денис Кривошеев.
Осы уақытқа дейін ұрлық жасағаны үшін адамды қылмыстық жауапкершілікке тартса да, ұрлық жасалмай жатқан жоқ ғой?! Тіпті мәселе айыппұл салуда емес, адамның сол ережеге бағынуы үшін жағдай жасалмағандығында. Мен оны өмір сүру сапасын арттыру деп емес, ақша жинаудың жаңа түрі деп білемін.
Мұнайдан қазынаға құйылған мол қаражаттың дәурені өтті. Енді адам – жаңа мұнай көзі. Барлығы қалтамызды қағып алу үшін жасалып жатыр. Дәлірек айтсам, қалтамызды қағып алу жұмыстарын жеңілдету үшін атқарылған жұмыстар. Ертең ол базаны біздің мекен-жайымызға, не телефонымызға, не банк картамызға қоса тіркеп, ақшамызды автоматты түрде сыпырып отырады. Біз соған келе жатырмыз, – дейді ол.
Е-айыппұл – кінәсізді де кінәлі қылатын жүйе, – дейді Денис Кривошеев
Технология дамыса жақсы, алайда бәрі сатылы түрде жүзеге асуы тиіс. Бірінші ауылдарымызды ауыз суға жарытып алып, кейін айыппұл салу деген сияқты...
– Бізде айыппұл төлету, яғни халыққа репрессия жасау керек болса, оған қалыпты жағдай сияқты қараймыз. Ал адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау керек болса, сен тимесең мен тиме деп отыра береміз, – дейді Денис Кривошеев.
– Меніңше соттық жүйе қалуы тиіс. Әрбір айыппұлды жағдайға байланысты жеке талқылау керек. Барып кінәсіз екеніңді дәлелдеуіңе саған мүмкіндік берілуі керек қой. Кінәлі болып шықсаң – төле! Ал "Е-айыппұл" болса, сені бірден кінәлі қылып тастайтын жүйе.