Тікелей эфир

"Орталық Азияның геосаясаттағы маңызы арта түседі". Тоқаевтың Мюнхен конференциясында айтқан өзекті ойлары

Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Президент экономиканың дамуы саяси реформаларсыз шешілмейтініне назар аударды. "Екеуі қатар жүруі қажет", – деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысты. Конференция аясында панельдік сессияда ол "Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме" тақырыбында сөз сөйледі. Пікірталасты америкалық дипломат, Халықаралық байланыстар жөніндегі кеңес президенті Ричард Натан Хаас жүргізді.

Informburo.kz мемлекет басшысының сөзіне тәржіма жасап, айтқан өзекті ойларын назарларыңызға ұсынып отыр.

Оқи отырыңыз: "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты президент мақаласындағы 10 өзекті ой

Ричард Натан Хаастың алғашқы сұрағы Қазақстанның Қытай мен Ресей арасында орналасуы туралы болды. "Бұл жақсы ма, жаман ба?" деп, әзіл араластыра сұрады ол.

"Бұл жаман ба, жақсы ма, білмеймін. Бірақ, бұл – шындық. Кезінде Доктор Кэйседжер "Кеңес одағы бір ел емес, география" деп айтатын, – деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның Қытай мен Ресейдің арасында орналасқанының артықшылығы көп дер едім. Екі елмен де тығыз байланыс орнатқаннан біздің ұтарымыз көп. Сондай-ақ, Қазақстан – Орталық Азияның табиғи ресурсқа бай, маңызды бөлігі болып саналады. Менің ойымша, қазір Орта Азия географиялық картада ерекше көзге түсіп келе жатыр. Меніңше, Орталық Азияның геосаясаттағы маңызы арта түседі".

Президент Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы жақсы екеніне тоқталды:

"Өткен жылы қыркүйек айында Пекинге барған сапарымда Си Цзиньпин екеуіміз ұзақ мерзімді стратегиялық келісімшартқа қол қойдық. Екі ел арасындағы шекараны 1700 шаршы шақырым бөліп жатыр. Коронавирус шыққанша, Қытай әлемдік экономиканың айдаһары болып келді деуге болады".

Оқи отырыңыз: "Жаңа ақша-несие саясатын әзірлеуді міндеттеймін". Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы қандай тапсырмалар берді?

Ричард Натан Хаас: Айдаһар сіздерге көптік етпей ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жоқ, ең алдымен, экономика саласында Қытай өте мықты серіктес ел. Қытайдың тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азиямен байланыс орнатуда қаржылық мүмкіндігі жоғары. Менің ойымша, Қытай көп мәселеде жақсы серіктес бола алады.
Ал, Ресейдің экономикалық дамуында бірқатар проблемалар болғанымен, бұл ел әлемдегі мықты әскери держава болып отыр. Тағы да география туралы айтар болсақ, Ресей мен Қазақстан арасында әлемдегі ең ұзын шекара жатыр. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік Қазақстанға пайдалы бағытта дамитынына сенемін.

Ричард Натан Хаас: Көршілеріңіздің қайсысын көбірек жақсы көресіз?

Қасым-Жомарт Тоқаев: Екеуін де.

Пікірталас барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда экономиканы әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды. Ол инновациялар мен цифрлы экономикаға басымдық беріп отырғанын айтты.

"Мен әлемдегі ақылды, білімді кісілердің Қазақстанға келіп, бізге экономика өсімінің сапасын күшейтуге көмектесуі үшін барымды саламын. Сонымен қатар, Қазақстан жалпы ішкі өнім алу жағынан Орталық Азиядағы ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі болып саналады. Бірақ, біз мұнымен тоқтамаймыз. Бізге экономиканың дамуына сеп болатын жаңа бағдарлама, жаңа курс қажет. Сондай-ақ, ең маңыздысы, саяси өзгерістерсіз, саяси реформаларсыз бұл мәселе (экономикалық даму – ред.) өздігінен шешілмейтінін де жақсы білемін. Екеуі қатар жүруі қажет", – деді мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Студенттер стипендиясы 25% артады. Жастар жылын қорытындылаған президент тағы не айтты?

Ал модератордың "2-3 жылдан кейінгі Қазақстанды қалай елестетесіз?" деген сұрағына президент екі маңызды мәселені назарға ала отырып, жауап берді:

  1. Азаматтық қоғамды дамытуға күш саламыз. Жақында Парламентте Қазақстандағы азаматтардың бейбіт митингілері және саяси партиялар туралы Заң қабылданбақшы. Жалпы алғанда, біздің елімізде президенттіктің өте мықты институтын қалыптастыру керек деп ойлаймын.
  2. Парламенттің ықпалы күшеюі қажет. Сондай-ақ, үкімет ашық, транспарентті және қоғамға, әсіресе, Парламентке есеп бере алатындай болуы керек.

"Әлемдегі барлық елдер терроризм мәселесіне қатты алаңдап отыр. Барлығымыз жұмылып, терроризмге қарсы күресуіміз қажет. Өткен жылы Қазақстан Ирак және Сирия елдеріндегі отандастарымызды елге қайта алып келу үшін 3 гуманитарлық операция ұйымдастырды. Осы операцияға қолдау білдіргені үшін АҚШ-қа алғыс айтамыз. Біз қазір Біріккен Ұлттар ұйымы және әлемдегі басқа да ұйымдармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселеге бел шешіп кірісіп отырғанымызды айтқым келеді", – деді президент.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саясаты күшті мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда баланс сақтауға бағытталатынына да модератор мен конференция қатысушыларының назарын аударды:

"Таяуда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Қазақстанға келіп кетті. Қазақстан мен АҚШ арасында энергетика саласында әріптестік бар. "Шеврон" сияқты үлкен компаниялар АҚШ-тан Қазақстанға келген алғашқы америкалық компаниялар болып отыр. Менің ойымша, АҚШ тек Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де маңызды рөл ойнайды".

Ричард Натан Хаас: Сіз менің өмірімде кездестірген ең көңілді президентсіз бе, әлде, ең жолы болғыш президентсіз бе?


Қасым-Жомарт Тоқаев: Мен өте қарапайым және ашық президентпін (күлді – ред.).


Ричард Натан Хаас: Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан адамдар бар ма? Жалпы, осы вирусқа дайындықтарыңыз қалай?

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз мәселені назарда ұстап отырмыз. Бұл дертке қарсы тұрамыз. Дайындығымыз өте жақсы. Қазақстанда бұл вирусқа шалдыққан бірде-бір адам тіркелген жоқ.

Оқи отырыңыз: "Қытай босқындарына қауіпсіз пана беруге шақырамыз". Майк Помпео Қазақстанға сапары кезінде айтқан 4 маңызды мәселе

Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясы барысында бірқатар кездесулер өткізді. Олардың қатарында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы Анхел Гурриамен, Әзербайжан республикасының президенті Ильхам Әлиевпен, Кувейттің Премьер-Министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен, "Eurasia Group" компаниясының президенті Ян Бреммермен, Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен, "Siemens AG" компаниясының атқарушы директоры Джо Кэзермен кездесулер болды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары