Статистика Covid-19
в Казахстане:
Заразились:
170 098
Выздоровели:
154 449
Умерли:
2 423 (19.01.2021)
Коронавирусная
пневмония:
Заразились:
46 866
Выздоровели:
34 656
Умерли:
542 (19.01.2021)

Қасым-Жомарт Тоқаев: Шенеуніктер көрпесіне қарай көсіліп, мемлекеттің ақшасын жөнсіз шашпауы керек

Қазан айының соңында Қарағанды облысына барған Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы басқосуда осы мәселені төтесінен қойды.

"Ең үлкен джипті мініп, ең үлкен кабинетте отырмаса өзін қор сезінетін менталитеттен арылу керек!" – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сенат төрағасы Еуропа елдерінің талай жерінде болғандығын, онда басшылардың кабинеті жұмыс орнына сай ресми безендірілген, салтанатты емес екенін айтты.

Мұны 2014 жылы Иран сапарында да байқағанбыз. Облыс губернаторының жұмыс кабинеті, интерьері 1980 жылдардағы мектеп директорлары кабинетін еске түсірген. Баспасөз қызметкерлері мұны шенеуніктердің сән-салтанат пен қымбат көліктерден бас тартқанымен түсіндірді. Басы артық қаражат халықтың әлеуметтік қажетін өтеуге жұмсалады.

"Жаңа облыс, жаңа аудан ашылса, жұмысты әкімшілік ғимаратты сәулетті етіп салудан бастайды. Ендігі мәселе осы қарапайымдылық пен үнемшілдікті шенеуніктерден Сіз бен біздің талап етуімізге байланысты болмақ" – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Соңғы 20 жылда Қазақстанда халықаралық форумдарды өткізу жиілеп кетті

Сарапшылар"абырой мен атақ" үшін дегенді желеу етіп, бюджет қаржысын қисапсыз жұмсалатындығын айтады.

"БҰҰ-мен ынтымақтастық керек. Онда жұмыстың қалай жүргізілетініне мен қанықпын. Олар форумдарды дамушы елдерде өткізілгенін қалайды. Осы мәселелерді Сыртқы істер министрлігінің қарастырғаны жөн. G-global-ды аяқтадық, тағы бір форум тұр. Одан кейін тағы да солай өте береді", – деді Тоқаев мырза.

АҚШ-та Ақ үйге қойылатын шырша үшін лотерея ойналады

Екі жыл бұрын АҚШ-қа іс-сапармен барғанда Ақ үйдің алдында тұрған шыршаның салтанатына көңіліміз толмай қалған-ды. Жұпынылау көрінген. Себебін сұрастырғанда таң қалдық. Мұнда қойылатын шырша үшін ел көлемінде лотерея ойнатылады. Оған ауласында биіктігі 5 метрден асатын шырша өсірген әрбір америкалық қатыса алады. Бағы жанғаны алпауыт елдің сол жылғы №1 шыршасының иесі атанады екен.

Ақ үйдегі салтанатты шараның шығыны лотереядан түскен қаржыдан өтеледі.

"Мұндай үрдіс Рейганның тұсында басталды" дейді журналистер

"2018 жылы 18 қараша күні АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп өзінің инстаграм парақшасында бірнеше сурет жариялады. Жаңа жылдық ұлттық шыршалар қауымдастығы мен шыршаны өсірген Смит отбасына алғысын айтты" деп жазды маrieclare.ru сайты.


АҚШ, Ақ үйге жаңа жыл шыршасы пәуескемен жеткізілді / Фотоmarieclaire.ru сайтынан алынды

АҚШ, 2018 жыл. 18 қараша. Ақ үйге жаңа жыл шыршасы пәуескемен жеткізілді / Фото marieclaire.ru сайтынан алынды


Америкалықтардың ақша жұмсауға ұқыптылығы Ақ үйге де тәбеттерін шектеп жүруді үйретті

Бұл – АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкері Тимур Сейтмұратовтың пікірі.

"Өйткені, адамдар шеруге, бәсекелес партия өкілдері тікелей эфирге шығып, бюджет қаржысының ашықтығын тексеруді талап етеді. Сол себепті Ақ үй бюджеттегі қаржы шеңберінен шықпауға тырысады", – дейді ол.

Тимур Сейтмұратов Алматыдағы тиінге қатысты әкімшіліктің стрит-арттың құндылығын бағалай алмай отырғанына тоқталып өтіпті.

"Ал екінші жағынан – нәтиже оң. Алматылықтар қаржыны оңды-солды шашуға көз жұмып қарай алмайды екен. Енді әкімдікке мұндай қадамға бармастан бұрын қаттырақ ойлануға тура келеді" – дейді Тимур Сейітмұратов.

Трамп президенттікті миллиадер болып бастап, миллионер болып аяқтауы мүмкін

Қазақ кәсіпкері Ақ үйдің Вашингтонда әскери парад өткізу үшін сұраған 90 млн долларын да бекітпей қойғанын туралы мынадай жазба қалдырыпты.

"Вашингтон мэрі Мюриэль Боузер Ақ үйдегілердің ұстанымымен келіспей, қарсылық танытқан. Ал Трамп әкімшілігі жауап ретінде "Сайлаушылардан қорықпасаңыз, қаланың бюджетін қалауыңызға қарай жұмсай беріңіз" деп жауап беріпті".

Ал сол кезде wikipedia.org/wiki Д.Трамп АҚШ президентіне тиесілі жалақыны армия ардагерлерінің қажеттілігіне аударғанын айтты. Трамптың 5 млрд доллар тұратын "Бойнг" ұшағынан бас тартқаны да белгілі болды.

Кейін осы сайт Трамптың байлығы президенттігінің алғашқы жылында 100 млн АҚШ долларына кемігенін айтып "Осы қарқынды сақтаса, қызметінің соңына дейін қарапайым миллионер болып қалуы мүмкін" деп жазды.

Санкция қысқан Ресей де үнемдеуге көшті

ВВС 2018 жылы қаңтар айында Ресейдің федеральдық бюджеті 2016 жылмен салыстырғанда 500 млрд рубльге қысқаратыны туралы хабар таратты. Сәуір айында РФ қаржы министрі Антон Силуанов "Ресей шақырады" форумында басы артық шығынға жол бермейтінін ескертті.

Максималды үнемдеу саясаты 2017-2019 жылдарға арналған федеральдық бюджет жобасынан да байқалып қалды.

2019 жылы экономиканы қолдауға байланысты денсаулық және қорғаныс салаларына бөлінген қаржы азайып, ғылым-білімге бөлінген қаржы өсті.

ВВС сарапшылары бюджетті үнемдеу саясаты мен қаржы саясаты инфляция деңгейін түсірген кезде ғана нәтиже беретінін айтады.

Бірақ бұл заңдылық Ресейге келгенде жүрісінен жаңылып қалады екен. Инвесторларды шошытатыны – проблемалар тым тереңдеп кеткен.

Бізде қалай?

Қазақстанда мемлекеттік деңгейде үнемдеу саясаты бірнеше рет көтерілді.

Есте қалғаны қала әкімдерінің жайлы көлігін тастап, велосипедпен көшеге шыққаны, Астананың экс-әкімі Әсет Исекешевтің әуежайда нөкерсіз жалғыз тұрғаны және қала шенеуніктерін таксиге отырғызғаны. Сарапшы Тоғжан Қожалиева әкімдердің ниеті дұрыс еді, бірақ бұл бастаманың кейбірін блогерлер әлеуметтік желіде әжуаға айналдырып, жалғасуына мүмкіндік бермеді дейді.

Астананың жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов та қымбат көліктен бас тартып, отандық көлікке басымдық беретінін айтты. Блогерлер назарына ілініп қалған маңызды мәселе осы сияқты. Әзірше.


Сарапшы Тоғжан Қожалиева билік өкілдерінің қоғамға жақындауына мүмкіндік берейік дейді/Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Тоғжан Қожалиева / Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Сарапшы Тоғжан Қожалиева ауқаттылар мен қарапайым отбасылар тұрмысы арасындағы айырмашылықтың тым тереңдеп кеткенін айтады. Ауқаттылар аттан түсіп, қарапайым өмірге араласқысы келеді. Әлеумет оған сенбейді.

– Фейсбуктің қожайыны Марк Цукербергтің, Франция президенті Эммануэль Макронның саябақта қыдырып жүруі, студенттерге арналған асханадан тамақтануы – қалыпты жағдай. Ештеңеге таң қалмай, ештеңеге назар аудармай өмір сүруді үйренейік, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Бәсекелестік пен дарақылық синдромы қазақтың қанына сіңіп бара жатыр

Белгілі актер Сәбит Оразбаев та бұл мәселені жиі көтеріп жүр.

– Қазір интеллектуалдар емес, той-бизнес өкілдері төрге озды. Мен туып-өскен Түркістан облысының Сайрам ауданында өзбек ұлтының өкілдері тұрады. Өзбек әніндегі екі сөздің бірі – "мехнат", ал қазақтікі – "ойна, күл". Той бизнесі идеологияда үстемдік етуі – қауіптің басы. Қазақ үнемдеуді отбасынан бастаса, билік соған қарап көш түзейді, – дейді ол.

Біздің қалталылар жеті атасынан бері байлығы кертілмеген ағылшын миллиардерлеріне мүлде ұқсамайды

Ресейлік режиссер Егор Кончаловский қазақ пен орыстың байлыққа көзқарасы ақшаны бей-берекет шашуымен ерекшеленеді дейді.


Егор Кончаловский қазақ және орыс қалталылары ментальдық жағынан бір-біріне ұқсап бара жатқанын айтады/Фото әдеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Е.Кончаловскийдің пайымдауынша қазақ және орыс қалталылары ментальдық жағынан бір-біріне ұқсап бара жатыр / Фото әдеуметтік желідегі парақшасынан алынды


– "Үшінші әлем" өкілдерінің бет-бейнесін осылай қабылдаймыз. Батыстық ауқаттылар гауһармен көмкерілген "Ролекс"-терді, 200 мың АҚШ доллары тұратын "Мерседес"-терді сатып алмайды. Орыстар өзінің менталитеті жағынан шығыстық топқа жатады. Сырттай еуропа нәсілдес, ал ішкі жан-дүниесі шығыс. Сондықтан мемлекеттік құрылым демократиялық жүйеден жекелеген адамдардың бақылауына негізделген жүйеге тез ойысып кетті, – дейді Егор Кончаловский.

Үнемдеу саясаты мемлекет үшін трендке айналу керек

Экономист Берлин Иришевтің пайымдауынша, қаржыны бей-берекет шашудан билік пен пен әлеумет бір-бірімен жарысып жатыр. Шеттен келгендер біздің мұнай-газ мәселесі төңірегінде қордаланып қалған парадокстерді білмейді. Әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандаған кезде, біздің елде бензин тапшылығы сезіледі немесе қымбат жанармай экономикалық өсімге кері әсер етеді.



– Девальвация, инфляция кезінде халықтың жиған-тергені арқылы экономиканы қолдау үшін тым көп ақылдың да қажеті жоқ. Қиыншылықты мұндай "жеңіл" жолмен шешуге болмайды деп ойлаймын,– дейді Берлин Иришев.
Мысалы, Франция кез-келген форумды халықаралық демейді. Қаламақыға ғылыми форум өткізу бұл елдің тәжірибесінде кездеспейді. Өте қалған күннің өзінде, спикер немесе модераторлар үшін ғана қаламақы қарастырылады. Шектен шығуга жол жабық.

Ақиқаттың өзегі пікірталаста ашылады

Берлин Иришев "халықаралық форумдар өткізе беру тиімсіз" деген тұжырымды да қолдамайды. Түрлі тақырыптағы талқылаулар қажет.

– Жоғарғы оқу орындары мен мемлекеттік ұйымдарда қаншама экономистеріміз жүр! Олардың білімі мен білігін ел игілігіне жарататын кез келді.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша Батыс елдерінде білім алған жас ғалымдар мен экономистердің толқыны да пісіп-жетілді. Біз олардың көрінуіне, танылуына жол ашуымыз керек.

Жақында қазақстандық жас ғалым Әнуар Үшбаевтың монетарлық саясат туралы жақсы мақаласын оқып шықтым. Тоқсанға таяған Нобель лауреаты Роберт Манделланы әкелудің түкке де қажеті жоқ. Өзіміздің Әнуарларымыз бар, – дейді Берлин Иришев.

Манделла ЕО-қа еуро мәселесін шешу жайлы ештене айта алмады. Ал қазақ теңгесі жайлы не айта алады?

Бұл – Берлин Иришевтің жеке тұжырымы.

– Ғалам интернетке байланып тұр. Форумдар интернет арқылы "онлайн" АҚШ пен Жапония арасындағы кез келген корифейді қатыстырып өткізуге болады. Өз ғалымдарымызды тәрбиелеуді қолға алуымыз керек. Елдің сыртқы имиджі үшін ғалымдарымызды шетелдік форумдарға шақыру – маңызды. Жағдай қазіргідей жалғасса, ғылым тоқырауға ұшырап, ғалымдарымыздың бойында сенімсіздік пайда болады.

Ғалымдарының әлеуетін бағалай алмаған ұлттың, мемлекеттің болашағы жоқ

Бұл да – Берлин Иришевтің жеке тұжырымы.

Қазақстандық БАҚ-та жарияланған "интеллектуалды эмиграция белең алып барады" деген ақпаратты ол жаны жабырқап қабылдапты.

– Мұнайлы экономика көп кемшілігімізді сырт көзге байқатпай жатыр. Нағыз экономикалық дағдарыс мұнай түгесілген соң басталады. Бұл – болмай қоймайтын жағдай. Біз мұнайлы экономикадан соңғы кезеңге балаларымызды да бейімдеуіміз керек. Ол кезде шетелдік сарапшыларға төлейтін қаламақымыз да болмайды. Бізді ел мен жерге деген патриоттық сезімі өшпеген отандық ғалымдар ғана тығырықтан алып шығады. Елдің болашағы да солардың қолында, – дейді Берлин Иришев.