Тікелей эфир

"Аналар үйіне" қалай тап болады? Немесе жалғызбасты ана атанудың азабы

informburo.kz суреттемесі
informburo.kz суреттемесі
Қазақстанда жиырма бес "Аналар үйін" 300-ге жуық ана мен бала паналап отыр. Мұнда төрт жылдан бері 2810 бала жетімектің күнін кешпей, ана мейіріміне бөленіпті.

Әселдің таңдаған жігіті үш рет түрмеде отырған болып шыққан

24 жасар Әсел беті, аяқ-қолы көгеріп, "Аналар үйіне" екі жас бес айлық сәбиімен келген. Азаматтық некеде бір жарым жыл бірге тұрған жігіті белдікпен ұрған кезде, үйден қашып шығыпты. Жігіт пен қыз болып жүргенде-ақ, құрсақ көтеріп қойған еді.

Әселдің кішкентайында әкесі мен шешесі ажырасып кеткен. Әжесінің қолында тәрбиеленген.

Оқи отырыңыз: Жалғызбасты ана алты баламен көпқабатты үйдің шатырында тұрады. 60 мың теңге жәрдемақыға өмір сүріп жатыр

"Құжат жүзінде ата-анам бар. Бірақ өмірімде көрген емеспін. Мейірімге зәру болып өскендіктен, өзімнен он жас үлкен жігітпен көңіл жарастырып қойдым. Ішімдегі балам жеті айлық болғанына қарамай, қақаған аязда қатты ұрған еді. Амалсыздан оның үстінен арыз жаздым. Оның үш рет түрмеде отырып шыққанын сол кезде білдім. Қорқып кеттім де, "Аналар үйіне" қашып келдім", – дейді Әсел көмейіне жас тығылып.


Әсел "Аналар үйінде" екенін жігіті біліп қоя ма деп және қорқады

Әсел "Аналар үйінде" екенін жігіті біліп қоя ма деп қорқады / Фото informburo.kz


Ажырасқандар азайыпты

"Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек. Бірі – жар таңдаудан, екіншісі – мамандық таңдаудан", – деген тәмсіл сөзді жаттап алыңыз!

Әйтпесе, ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінінің мәліметтеріндегі сандарға қосыласыз. 2016 жылы тіркелген заңды некелердің саны 142 мыңға жетті, олардың 17 мыңы айырылысып кеткен. 1753 әйел жесір қалған.

Оқи отырыңыз: Екі миллион бойдақтың арасынан жар таппаған қыздардың бес қорқынышы

Санды қайтадан дөңгелетсек, 2015 жылы некесін бұзған азаматшалар саны – 16706, тұл қалғандар – 1842. Сәл де болса азайыпты.

Некесіз туылған балалар саны артып келеді

2017 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, елімізде 140 ұйымда некесіз туылған 7236 бала тіркелген.

Олардың 3460-ы балалар үйінде, 1011-і мектеп интернаттарда, 88-і отбасы үлгісіндегі балалар үйінде, 833-і отбасы үлгісіндегі балалар ауылында, 186-сы жеткіншектер үйінде, 173-і жетім балалар үйінде. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің берген ақпараты.

Сондай-ақ, құрсағына шарана біткеннен туыстары тұрмақ, ата-анасы теріс айналғандар, қысастық пен қорлыққа шыдамағандар "Аналар үйі" дағдарыс орталығынан пана тауып отыр. "BI-Group" холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевтың қолдауымен 2013 жылдың сәуір айында құрылған мекеменің арқалап отырған жүгі ауыр.

Оқи отырыңыз: Жалғыздық синдромы туралы

Атқарушы директоры Бибигүл Махметованың айтуынша, "Аналар үйіне" 2013 жылы 83, 2014 жылы 388, 2015 жылы 581, 2016 жылы 746 бала қабылданған.


Дуалмен қоршалған үш қабатты ғимаратқа бас сұққан бойда, күнге кептірілген сәбилердің киімдеріне еріксіз көзіміз шалды.

Дуалмен қоршалған үш қабатты ғимаратқа бас сұққан бойда, күнге кептірілген сәбилердің киімдері көзге түседі / Фото informburo.kz


Басында заңды некемен шаңырақ көтермегеніне өкінеді

"Маған ештеңе емес. Керек болса, сені өлтіре салам!" деп жігітінің қорқытқанынан жүйкесі әбден жұқарып кеткен Әсел үйден кетер алдында киімдеріне де қарамай, тек құжаттарын ғана алып қашқан.

Заңды некеге тұра алмаған себебі – жігіті түрмеде отырғанында басқа қызбен некеде тұрған. Бірге тұрмаса да, ажыраспаған.

Енді басқа барар жері жоқ. Әжесі қартайды, қазір нағашы ағасының қолында. Ал жеңгесі 5-6 жыл бойы бала көтере алмай жүргендіктен, Әселді жақтыра бермейді.

Оқи отырыңыз: Отыр, екі! Әйел мұғалімнің күйеуіне қоятын бағасы көп жағдайда осындай

"Аналар үйінде" алты ай ғана тұра алады

"Аналар үйінде" жігері жасып, сағы сынған жандардың еңсесін жазып, қайтадан аяқтарына тұруына жағдай жасалған. Тас төселген аулада балалардың арбасы қаз-қатар тізіліп тұр. Үйдің іші-сыртына бейнебақылау орнатылыпты.

"Бұл нысанның төрт бөлмесінде 14 қыз, 12 бала қамқорлыққа алынып отыр. Оның ішінде екеуі жүкті. Әрбір бөлмеде 3-4 ана мен бала бар.

Мамыр айына дейін бір немесе бір жарым жыл тұратын еді. Аналардың басым көпшілігі мамыражай өмірді көріп, қамсыз жататындығы көбейгендіктен алты айға шегерілді.

Сол аралықта жұмыс тауып, осы үйден кейінгі өміріне әрекет ету керек. "Аналар үйінде" болған күннің өзінде жұмыс істеуіне болады. Бір қызымыз солай жасап отыр. Екі қызымыздың жұмысқа шығу жоспары бар", – дейді Астана қаласындағы екінші үйдің үйлестірушісі Гүлнар Нарымбайқызы.

Оқи отырыңыз: "Балалар үйінен бала асырап алғым келеді". Бала асырап алушылар қандай жәрдемақы алады?

Кәмелет жасқа толғанша паналай алады

"Аналар үйінде" отыз жасқа дейінгі қыздар бір жасқа толмаған баласымен алты ай, балалар үйінің түлектері бір-бір жарым жыл тұра алады. Ал кәмелетке толмағандарға 18 жасқа дейін тұруына болады.

Көбіне жас аналарды перзентханадан жібереді. Барар жері, басар тауы болмаған соң, өздері тауып келетіндер де бар. Баспана, тамақ, балалардың жөргегіне дейін тегін. Осы жерден кеткен күннің өзінде байланыс үзілмейді. Өмірден орындарын тапқандары келіп, өздерінің ақылдарын айтады, – дейді Гүлнар Нарымбайқызы.

Тәртіпке бағынбағандар шығарылады

Әуелі, темірдей тәртіп керек. Күйзеліске ұшырағандардың басы қосылған соң, арагідік араларында дау-дамайдың туындайтыны анық. Кикілжіңді ушықтырмай, әр жағдайды жеке-жеке таразылаймыз.

Екінші, тазалыққа назар аударамыз. Үйді жинау, тамақ әзірлеу үшін кезекшілік ұйымдастырылған.

Үшінші, кешкі тоғыздан кейін сыртқа шығуға болмайды. Маңызды, өте қажетті жағдай болса, алдын-ала ескертуі тиіс", – дейді Гүлнар Нарымбайқызы.

Екі рет ескерту жасалынады. Үшінші рет қайталанса, "Аналар үйінен" шығарылады.

Оқи отырыңыз: Қазақта ажырасу неге көбейді? Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай?

Аяныштан тұрмысқа шыға салуға болмайды

Екінші кейіпкеріміз небәрі 23-те. Баян есімді бойжеткеннің көрмеген қорлығы жоқ.

Өзгеден жылулық іздеудің соңы мазақтан азапқа айналған. Тұрмысқа шыққан. Бес ай ғана таныған жігіттің қыр-сырын білмей жатып, күйеуге шығуға келісім беруінің өзіндік себептері бар екен.

Жігіті Баянды танымай тұрғанда "сенен аяғым ауыр" деген бір қыздан оңбай алданыпты. Содан бері жеке басының шаруасына анасы араласатын болған.

Баянды болашақ енесі үш рет іздеп келіп, баласына тұрмысқа шығуын өтінген. Өзі екінші рет шаңырақ көтеріп, Алматыға кетіп қалған екен. Ал баласы әкесімен бірге тұрса да, анасының басқа біреумен көңіл жарастырғанына намыстанады. Оның үстіне екі рет операцияны бастан кешірген соң, белсіздікке ұшыраған.

Соған жаны ашып, ұсынысын қабыл алған. Өйткені, Баянның да бойында кінәрат бар еді...

Оқи отырыңыз: "Қызымды күйеусіз туғыздым"

Бір-ақ сәт өмірін талқан етті

"20 жасымда екі-ақ рет көрген бір такси жүргізушісі арымды көзімнің жасымен бірге төгіп кетіп еді (егіліп жылады). Ешкімге тіс жармадым. Қудалаған да жоқпын. Өмірімді ойран қылған осы тұсты жігітімнің анасына ақтарылып айтып қойып едім. Сол кезде оның диктофонмен отыратынын білмедім. Өйткені баласына басқаша айтып едім.


Баянның ішкі сырын ұғу үшін екі сағат аздық етті

Баянның ішкі сырын ұғу үшін екі сағат аздық етті / Фото informburo.kz


Ол жігіттің де, менің де "айыбымыз" бар болған соң, некемізді қидыруға шешім қабылдадым. Бірақ, болашақ енем ата-анам, туыс-бауырларыма айыбымды бетіме басып, абыройымды айрандай төкті", – деп ішіндегі толып қалған шеменді тарқатты Баян.

Паналаушыларды психолог пен дәрігерлер жіті тексереді

Әселдің сәбиі мазасыз болды. "Аналар үйіне" келген соң, "Салауатты Астана" орталығы тексерткенде басында сұйықтық бар болып шықты. Енді екі ай дәрі беру керек. Әсер етпесе, операциямен алынады. Ал дәріні алуға қалтасы көтермейді.

Баянның қызының да жамбас сүйектері дұрыс дамымағандықтан, массаж қабылдап жатыр.

Анасының жүйкесінің жұқарғаны баласының денсаулығына әсер еткендердің қатары көп екен. Санасы шытынағандарға қол ұшын созу үшін ғимараттың ішінде-ақ медбике, шаруашылық меңгерушісі, жүргізуші таңнан кешке дейін қызмет етеді. Аптасына төрт рет психолог пен педиатр келіп, әрқайсымен сөйлесіп, бағыт сілтейді.

Оқи отырыңыз: Мектептегі қасырет

Баянның алданышы бала болды

Баянның айтуынша, баланы босанғаннан кейін күйеуімен ара-қатынасы одан сайын ушығып кеткен. Бір айлық баласымен көшеде жүргенде қол көтерген кездері де болыпты. Үйінің босағасын аттай салысымен-ақ, себепсіз ұруды әдетке айналдырған.

Мұндай жағдай жиі қайталанғандықтан екі рет полиция да шақырған. Енесі Баянның үстінен арыз жазып, ұлының ұрпақ сүйер қабілеті бар-жоғын тексеру үшін ғана келіншек ретінде алғанын бүкпесіз айтқан екен.

Енді өз еркімен үйден кетіп қалып, "Аналар үйін" паналап отыр.

Күйеуім татуласпақ болып, кешірім сұрап та келген. "Ата-анамнан кешірім сұра" дегенім намысына тисе керек, қайта қоңырау да шалмады. Бірақ ол жерден жындыханадан бір-ақ шығатынымды білемін" – деген сөздерін естігенде үзілуге шақ қалған Баянды көргендей болдық.

– "Аналар үйінен" шығуыма үш ай ғана қалды. Барар жерім де жоқ. Жүктілік кезінде күйзелісте жүргендігімнен қызымның жамбасы дұрыс дамымаған. Массаж қабылдап жатырмыз. Болашағым бұлыңғыр. Маңдай теріммен тәрбиелеуші мамандығын оқығанмын. Бәлкім... Қызым әлі кішкентай ғой...", – дейді Баян.

Оқи отырыңыз: Отбасы құндылығын жоғалту ұлтты құртады. Қазақтар БҰҰ-ның алғашқы ондығына қалай енді?

20 меценат 25 "Аналар үйін" қаржыландырып отыр

Келте ойдың жетегімен қадамын ағат басқандардың бейкүнә сәбиінің қандай жазығы бар? Ананың аялы алақанын сезініп өскенін қалаған ірі бизнесмендер өз тараптарынан барынша қол ұшын созып отыр.

"441 ана жұмысқа орналастырылып, 183-інің құжаттары қалпына келтіріліп, 146-ы тұрғын үйге кезекке тұрғызылды. 112-іне медициналық көмек көрсетіліп, 91-і әкелік құқығын мойындады. 76 бала балабақшаға орналастырылып, 34 ана баспаналы болды", – делінген "Ана үйі" қоғамдық қорының статистикалық мәліметтерінде.

Бөбектеріміздің болашағын ойласақ, жөргектен тұншықтырмайық

Сіз де "Аналар үйіне" тұруға ниет білдірсеңіз, мына сілтемеден www.dom-mamy.kz көре аласыздар.

Баянның сіңлісінің баласы да балалар үйіне өтіп кетті

Баянның бүгінгі тағдыры – балалықтың ащы дәмі.

"Біз үйде алты қызбыз. Бір ағам бар. Сіңлім екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Бізді көтеріп қалғанда анам қатты өкінген екен. Түсіріп тастайын деп, неше түрлі амалдар жасаса да, жарық дүниені көру жазылған соң,өмірге келіппіз. Содан ба, өзімізбен-өзіміз өстік. Ешкім елемеді де, ескермеді.

Енді мына жағдайдан кейін ата-анам менен мүлдем теріс айналды. Осының алдында сіңлім тұрмысқа шығып, баласымен қайта келген де үйге кіргізбей қойды. Амалы қалмаған соң, бауыр еті бөпесін балалар үйіне өткізіп жіберді. Қазір өкініп жүр. Соны көріп, мен де қатты қорқамын", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары

"Қайғысын анасымен бөлісу керек еді"

Баянның өмір тауқыметін тартуының түпкі мәнін психолог Динара Болат былай түсіндіреді.

"Әсел, Баян мен оның сіңлісіне келсек, олардың дәл осындай жағдайға жетуі ең алдымен ата-анасының ағаттығы.

Әу бастан бала мен ата-ананың арасында қалыпты байланыс болмаған. Сол себепті Әсел мен Баян өзгелердің көңіліне қарайтын жалтақ, дегеніне көне беретін жігерсіз болып өскен.

Әсел, өзі айтқанындай, сырттан жылулық іздеді. Терең ойланып, сезімге ерік бермеуі тиіс еді.

Ал Баян ең алғаш таксистке қорланған кезде-ақ ең жақын құрбысына айналуы тиіс анасына келіп, басындағы қайғысымен бөлісуі керек еді. Анасынан демеу көріп, өзіне сенімділігін жоғалтпай болашағына нық қадам басуы қажет-ті.

Алайда, олай болмады. Баянның өзі де, сіңлісі де бастарына күн туғанда ата-анасы қабылдамай, өзектерінен ажырады.

Ата-ана үшін қыздарының бақытынан гөрі қоғамдық пікірдің маңызды болып шыққандығы, өкінішті. Ең жақын адамдары қабылдамаған қыздарға амалын тауып, сынып кетпеу өте қиын", – деп психолог Баянның өміріне үңіле отырып, қаракөздерімізге олардың тағдырына қайталамау жолын көрсетті.

Толық емес отбасыға мемлекеттен қандай көмек бар?

Баласын жалғыз өзі асырап отырған аналарға көрсетілетін жәрдемақы жөнінде Халыққа қызмет көрсету орталығына қоңырау шалған едік. Жіліктеп, түсіндіріп берді.

Барлық жерге жалғызбасты ана екенін дәлелдейтін "төртінші үлгідегі" құжат қажет. Заңда белгіленген салық (0,3 АЕК – 681 теңге) төлеген соң, бес жұмыс күні ішінде қарастырылады. Дүниеге келген балаға жалпыға ортақ жәрдемақыдан бөлек, толық емес отбасыға тағайындалатын көмек түрі бар.

Заң жүзінде жалғызбасты ана емес, толық емес отбасыға көмектер қарастырылған.

18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау

Отбасының жиынтық кірісі төмен мөлшерде болса, әр балаға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК 2017 жылға 2269 теңге) жәрдемақы беріледі. Ол құжат үш ай сайын жаңартылып отырылуы тиіс. Қызметте болмаса, жұмыспен қамту орталығына тіркелгеннен кейін, төмендегі құжаттарды жинап, тапсыруы қажет:

  • Арыз;
  • Жеке куәлік;
  • Баланың туу туралы куәлігі;
  • 4 үлгі (Форма 4);
  • Толық отбасы емес екендігін дәлелдейтін құжат;
  • Әкетану куәлігі;
  • Банктің 20 санды нөмірі;
  • Ана мен бала бір мекен-жайда тіркелуі керек.

Жеті жұмыс күн ішінде қарастырылып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шешім қабылдайды.

Әлеуметтік мекенжайлық көмек

  • Мекен-жай туралы анықтама;
  • Арыз;
  • Жеке куәлік;
  • Туу туралы куәлік;
  • Отбасы құрамы туралы анықтама;
  • Отбасылық кіріс жөніндегі анықтама;
  • Жекеменшік мүліктері туралы анықтама;
  • 4 үлгі (Форма 4);
  • Әкетану куәлігі;
  • Ажырасқан туралы куәлігі;

Жеті жұмыс күн ішінде қарастырылып, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шешім қабылдайды.

Толық емес отбасы тұрғын үйге мұқтаж болса, кезекке тұра алады

  • Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге;
  • Жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдайтын тұрғын үйге;
Ол үшін төмендегі құжаттарды жинайсыз:
  • Мекен-жай туралы анықтамаңызда, Елорда мен Алматыда 3 жыл тұрғылықты тұруыңыз қажет;
  • Арыз;
  • Жеке куәлік;
  • Баланың туу туралы куәлігі;
  • 4 үлгі (Форма 4);
  • Жәрдемақы туралы анықтама;
  • 12 айдағы айлығы;
  • Баспанасы жоқ туралы анықтама;
  • Ажырасқандығы туралы анықтама;

Осы құжаттарды тапсырған соң, қолхат беріледі. Бір ай қарастырылып, Тұрғын-үй департаментінің шешімімен есепке алынып, кезекке қойылады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары