Тікелей эфир

Қазақта ажырасу неге көбейді? Отбасын тұрақтандырудың жолы қандай?

shutterstock.com сайтынан алынды
shutterstock.com сайтынан алынды
Ажырасудың жиілеп бара жатқаны қарапайым халықпен қатар құзырлы органдарды да алаңдата бастады. Бұл мәселеге қатысты мамандар не дейді?

Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасушылар қатарының артқанын айтады. Он жыл аралығында елде 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы осы уақыт ішіндегі ажырасушылар сапында болған.

Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексі ерлі-зайыптыларға "тең құқықтарды пайдалануды, тең міндеттер атқаруды, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауға тең дәрежелі ортақ құқық береді. Ана-әке атану балаларды тәрбиелеуде де теңдей міндеттерді мойынға алу. Бірақ, көптеген ата-ана бүгін осы жауапкершіліктің салмағын сезінбей жүр.

Әлеуметтік жағдай

Іnformburo.kz-ке берген пікірінде психолог, медиатор Әлия Ізбасарова:

– Ажырасуға түрлі себеп әсер етеді. Маған келетіндердің көбісінің айтуынша, материалдық жағдайларының төмендігі, үйдегі жетіспеушілік көбіне ұрыс-керістің шығуына себеп болады. Ерлі-зайыптылар осы жетіспеушіліктен ұрсысып керіседі, содан соң міндетті түрде бөлек жатады. Төсегі бөлінген ерлі-зайыптының арасы суиды. Шаңырақтың шайқалуының тағы бір себебі – ер адамның әйелінің "көзіне шөп салуы". Сүйген адамының мұндай сылтыңбай суық жүрісін әйелдер өте ауыр, жүрекпен қабылдайды. Бүгінгі жас отбасылардың, жалпы отбасының ажырасуының негізгі екі себебі осында, – дейді.

Адами құндылықтардың өзгерісі

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова ажырасудың себебін адами құндылықтардың өзгеруінен іздейді. Оның пікірінше:

– Әлеуметтанулық зерттеулер бойынша ажырасуға себеп болып отырған жағдайларға өзара түсініспеушілік пен тұрмыстағы түйіткілдер – әлеуметтік мәселелер жатады. Бұл ең алдымен құндылықтардың өзгерісімен сипатталады. Алайда, "отбасы", "бала", "денсаулық" ұғымдары сауалнама нәтижелері бойынша ешқашан да бірінші орыннан түспеген.

Демек, санада бар да, ал "әрекетте" жоқ болып отыр. Отбасының негізгі құндылық екендігін мойындайды, "бала – байлығымыз" – деп санайды, денсаулықтың маңыздылығын түсінеді, тек қай-қайсысының болса да қадіріне жетпейді. Табыстың төмендігі, тұрғын үйдің болмауы, жұмыссыздық, төленбеген несие тағы басқа да материалдық жағдайлар шаңырақтардың шайқалуына себеп.

Әсіресе, өкінішке қарай, көп балалы отбасыларда ер адамның отбасын тастап кетуі жиі кездеседі. Бұның тағы бір жағы бар. Кейде ажырасу тек материалдық жағдайға ғана байланысты болмайды. Білімі, табысы жоғары, тұрмысы жақсылар да ажырасамыз деп жатады. Сондықтан, бұл мәселеге көп жағдайда "құндылықтар өзгерісі" себеп болады.

Ененің, туыстардың араласуы

Заңгер, адвокат Марғұлан Шыныбаев іnformburo.kz сауалына:

– Ажырасу бойынша соңғы кездері статистиканың жоғарылағаны шындық. Бізге ажырасу ісіндегі заңдылықтар, мүлік бөлінісі, алимент мәселесімен келушілер көп. Қазақтарда көп түсініспеушілік жас отбасылардың ара қатынасына енесінің араласуы, туысқандардың жеке адамның, ерлі-зайыптының шекараларын сақтамай өтіп кетуінен туындайды. Ер адамның үйден кетіп қалуы да – бірінші орындағы себептердің бірі. Қазір 20 мен 40 жас аралығындағылар көп ажырасады. Қоғамдағы теріс эмоцияның, айналадағы агрессияның да әсері көп, – деп жауап берді.

400 мың ана, 40 мың әке, 1 миллион бала...

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова "ажырасудың әсерінен елімізде толық емес отбасылар, жалғызбасты ана, жалғызбасты әке, «тұл жетім» емес «әлеуметтік жетім балалар» саны артқанын" айтады. Айсұлу Молдабекова "Елімізде 400 мыңнан астам аналар, 40 мыңнан астам әкелер 1 миллионға жуық баланы жалғыз өздері әкесіз, не анасыз тәрбиелеп отыр" – деген ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілі Аяш Макенованың 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі жиынында айтқан дерегін ұсынды.

Сол деректегі сан бүгінде бұдан көбеймесе азайған жоқ.

"Оның салдары демографиялық ахуалға әсер етпей қоймайды. Әрине, бұл жерде тек ажырасқандардың саны ған емес, түрлі жағдайлардың салдары да болуы мүмкін. Бірақ, басым бөлігі - ажырасқандардың балалары екені жасырын емес. Олардың барлығының төрт құбыласы тең, көңілі жарымжан емес деп кім айта алады?! Баланың тұлға болып қалыптасуында ата-ана рөлінің басым екендігін психологтар мойындайды" – дейді ол.

Ажырасу бейсаналы түрде балаға беріледі

Айсұлу Молдабекова тағы бір тұста:

– Көбіне толық емес отбасылардың балалары ювеналды полиция тіркеуінде тұрады, мұндай бала саны елімізде 10 мыңнан асады. Криминологтар қылмыс жасаушылар құрамының жыл өткен сайын жасарып бара жатқандығын алға тартады. Ажырасудың демографиялық ахуалға да әсері бар.

Тіпті тереңдейтін болсақ, ажырасу мінез-құлқы кейбір жағдайда ата-анадан баласына беріледі екен. Баланың санасында бейсаналы түрде ажырасу деген мәселенің шешімі ретінде орнығып, ертең өз басына қиындық түскенде, өз отбасын оңай тастап кететін көрінеді (Әрине, барлық жағдайда осындай деуден аулақпыз. Бірақ, осындай зерттеулер бар), – дейді.

Баланың ойлау жүйесі бұзылады

Мамандар бұл проблеманы зерттеп зерделейтін уақыттың келгенін айтады. Психолог Әлия Ізбасарова:

– Ажырасу процесінің қандай жағынан болса да отбасы мүшелерінің бәріне оңай соқпайтыны анық. Бұл мәселеде ана да, әке де, әсіресе бала да өте ауыр психологиялық соққы алады. Адамдардың "менмені" ешкіммен санаспайтын дәрежеге жеткен кезде оларға ажырасудан басқа жол қалмайды. Бірақ ол еш кінәсі жоқ бала үшін соншалықты ауыр. Оның бұған дейін қалыпты қалыптасып келе жатқан бүкіл сана сезімі, жан жүрегі, ойлау жүйесі бұзылады, – дейді.

Ері бүгежек, әйелі адуын

Заңгер Марғұлан Шыныбаев:

– Отбасы институттарын күшейтпей бұл жағымсыз үрдісті тоқтату қиын" екенін айтады. Яғни, заңгердің ойынша, бұрынғы ата-бабамыз сүйенген дәстүрлі ислам, дәстүрлі имандылық қағидалары әр отбасында қайтадан үстемдік құруы керек. Әйел мен ер азаматтың орны, олардың жекелеген міндеттері өз ретімен жүруі тиіс.

"Әйел отағасын, ері отанасын сыйлап, бір-біріне кішіпейілдік пен құрмет көрсетпей отбасында береке болмайды. Ер азамат сол отбасы алдындағы материалдық, моральдық жауапкершіліктердің бәрін орындауы қажет. Сонда ғана біз өзіміздің ежелгі ата-әжелерімізде болған сыйластықты табамыз.

Қазір біз көптеген істерден көріп жүрміз, ері бүгежек, есесіне әйелі адуын... Әркім өзінің орнын жауапкершілігін әу бастан сезіну керек, – дейді.

Отбасын сақтаудың арнайы бағдарламасы қабылданса

– Қоғамға, мемлекетке қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ең алдымен, отбасы құндылығын барынша дәріптеу керек, "отбасылы адам", "балалы ана", "көп балалы ана" ұғымдарын жалпы жұрт қызығатын, құрметтейтін, мойындайтын құбылысқа айналдыру қажет. Қоғамға танымал тұлғалар, қайраткерлер арасынан елге үлгі отбасыларды көбірек дәріптеу қажет.

Яғни, идеологиялық жұмыстарды күшейту қажет. Азаматтық қоғам, гендерлік теңдік секілді мәселелерді дамытуға бағытталған гранттардың арнасын отбасы құндылығын насихаттауды көздеген жобаларға бұрса дұрыс болар еді. Сонымен қатар, әлеуметтік саясат шеңберінде, отбасыларды сақтау, қолдау бағытында арнайы бағыт, бағдарлама қабылдау қажет деп ойлаймын.

Отбасы және гендер мәселесі бойынша Ұлттық комиссия жұмысының шеңберін үлкейту қажет. Отбасындағы әр бала санына байланысты жеңілдіктері көзделген логикаға сыйымды, халықтың табысына шақ келетін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолдары болуы керек, – дейді ойын қорытқан әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары