Қоғам жүгін нәзік иықтарында ауырсынбастан артып жүрген ұстаз-әйелдердің күйі қалай?
Кішкентай отбасындағы өзгеге елеусіз күйкі тірлік, міндетті түрде қоғаммен тікелей баланысты екенін мойындайтын кез жетті. Қоғамның күллі саласында қызметкердің басым бөлігі әйелдер екені бесенеден белгілі. Мектепте әрі барса 4-5 қана еркек мұғалім, оның өзі дене шынықтыру мен еңбек сабағынан беретіні, әсіресе ұл бала тәрбиесінде ер мұғалімнің рөлінің маңызы көп айтыла бастады.
Статистикаға мән берсек: соңғы жылдары мектепте жүріп жүйке ауруына ұшырағандар, бұзақылық жасаушылар, нашақорлыққа ұшырағандар, суицидке баратын оқушы саны күрт ұлғайғаны қоғамда үрей туғызады.
Суицидтің көбеюіне не себеп?
Үйдегі баласын тастап, өзгенің баласына сабақ беріп жүрген ұстаздардың бұған еш қатысы жоқ, жазықты емес. Келеңсіздіктің түп-тамыры – отбасындағы тіршілікте. Тұрмыстың сананы билейтіні маған дейін дәлелденген жайт.
Бірде театрға мектепте тәрбие орынбасары қызметіндегі ұстаз келіп, әңгімелесудің жолы түсті. Айналадағы оқиғалар шығармашылығыма тікелей әсері ететіндіктен, көбіне құлағымды түріп жүремін. Тәрбие орынбасарымен болған сұхбаттан көп жайтқа деген көзқарасым өзгерді.
Жесір мұғалиманың мұңы
Тәрбие орынбасары боп жүрген ұстаздың жасы қырық екіде. Екі баласы бар. Күйеуі бұны он жыл бұрын, екінші баласын перзентханада туып жатқанда тастап кетіпті. Ол кезде қалада пәтер жалдап тұрған екен. "Екі баланы қалай асыраймын, пәтерақыны қайтып төлеймін?" дегенді сылтау қылып, босанып жатқан әйеліне мән-жайды айтпастан тайып тұрған. Перзентханадан бұны пәтер иесі орыс кемпір үлкен баласын ерте келіп, күтіп алыпты.
Осы жеріне келгенде, ыздиған түрінен кісі ығарлықтай орынбасар әйелдің дауысы тарғылданып кетті. Терезеге бетін была бергенде көздерінен ыршып шыққан ащы тамшы менің жұмыс үстеліме тамды. Бұндайда ең үлкен көмекші – үнсіздік. Әйелдің өз-өзіне келуін күтіп, үнсіз отырмын. Жалын шығара терең күрсінген орынбасар әйел көмейіне тірелген тасты күштеп жұтып, сөзін жалғастырды.
Тағдыр шіркін "өмір" деген диірменге салғанда, аман шығар жолын шаштың жуандығындай ғана сынадан сығалатып қояды. Тек, сол сыналап қалдырған жіңішке жолға мойымастан ұмтыла алсаң құба-құп.
Жылауға да күш керек...
Қаңтардың қақаған суығында құндақтаулы сәбиі мен екі жасар балапанын жетелеген әйел, орыс кемпірдің үйіндегі жалдамалы пәтеріне келеді. "Жылауға да күш керек екен. Сенесіз бе, жылай алмадым?.." деген сөзіне имандай сендім. Төбесінен жай түскендей ойсырап қалған адамның күйі түсінікті.
"Әйел қырық жанды" дегенді текке айтпаса керек, "жас босандым" деп жатуға мұрша жоқ. Көп қабатты үйлердегі коммуналдық қызмет басқармасы бастығына барып, аула сыпырушылыққа жұмысқа тұрады. "Мектептен декретке кеткенмін. Уақытымнан бұрын шыққаныма директор қарсы. Орныма басқа мұғалім алып қойған екен" деп қинала күлімсіреп, әңгімесін жалғастырды.
"Кәпір" әке"
Құдай бір қолымен ұрса, екінші қолымен арқамнан қақты. Орыс кемпірдің кірін жуып, үйін тазалағаным үшін иманы иіп пәтерақы алмады. Жұмысқа кеткенімде екі балама қарасты. Әшейінде "кәпір" деп орыстарға мұрын шүйіреміз. "Нағыз кәпір" екі баламның әкесі екенін өмір дәлелдеді.
Қожайын кемпір кезінде ауқатты болған екен. Ұлдары Ресейге көшіп кетіпті. Байлығы жеткілікті болғанмен, жалғыздықтан қорыққаннан пәтерге үйін жалға береді екен. Екі балама бауыр басып кеткені соншалық, мен келгенше тамақты өзі пісіріп, қарындарын тойғызып қоятын болды. Ең ауыры, әкесі сол күйі оралмай кетті. Есімді жиып, ауылдағы ата-енеме бардым. "Көшеден тапқан балаңды жинап ал" деп, үйінен қуып шықты"...
Жарасымдылық та жылайды
Жүрек зарын айтып отырған әйелге қарап, осынша теперішті кешкеніне сенбейсің. Сұңғақ бойлы. Қараторы, сопақша бетті, әдемі келіншек. Төбесіне тастай ғып түйген мойылдай қара шашы бар. Денесі әдемі толысқан. Мектеп үлгісіндегі қара костюм-юбка жарасып тұр.
Мұғалімнің жазығы не?..
"Қоғамда мектеп жасындағы балаға бірдеңе бола қалса, дереу біздерге жабады. Шындап келгенде, өз балаларымнан гөрі – халықтың баласына барымды аямаймын. Біреу бұзықтық жасай қалса, жолында өлуге дайынбыз. Ата-аналардың бізді түсінбейтіні қатты қинайды. Сабақ білмегені, тәртіп бұзғаны үшін жәй сөзбен ескертуге шыдамы жетпей, қол көтеріп қоятын мұғалімдеріміздің барын жасырмаймын. Жазалайын десең, күйеуі тастап кеткен жесір әйел. Бір етек баласын бір өзі бағып отырған әйелге не дерсің?! Ұстаз әйелдер – шетінен күйеулері тастап кеткен өрімдей жастар. Жас болған соң әдемі киініп, жақсы өмір сүргісі келеді. Жетіспеушіліктен қиналып, күйзеліске ұшырайды. Дәптер тексеру деген бар. Мектепте үлгермей, үйіне арқалап кетеді. Үйіне келсе, ашқарын бала-шаға алдынан шулап шығады. Тамағы, ертеңге киімін дайындау... Әрине, үйдегі тұрмысы мектепке әсер етпеуі керек. Бірақ, мұғалім де адам ғой?!"
Мұғалім ең алдымен – әйел – ана
Сосын барып – маман. Өкініштісі, алдыңғы екеуі тіршілік арпалысында өздерін құрбандыққа шалады. Содан жүйкесі тозып,ұстаз ретінде өзі де шаршайды. Кейде, мектептен шаршап келген мұғалім-ана бар ашуын үйдегі баласынан алады. Күйіктен арылғысы кеп, баласын төмпештейді. Еңіреген баласын құшақтай қосыла аңырап, ішкі шерін тарқатады. Нәтижесінде, баласының жүйкесін құртады. Ол бала да мектепке барып, кезекті мұғалімнің жүйкесіне тиеді. Үйінде көретіні – Анасы, мектепте көретіні – тағы сол әйел қауымы. Сұсымен айылын жинататын еркек ұстаз жоқтың қасы. Тұйықталған шеңбер!..
Ахуалы осал қоғам
Айналып келгенде мектеп оқушысының білім деңгейі мен әйел мұғалімдердің білім беру деңгейі - әлеуметтік ахуалға кеп тіреледі. Қоғамда бала мен анаға жеңілдіктің жүйелі түрде қарастырылмағаны ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізіп үлгеруде. "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, қажырың мен қайратың екі жақтап..." деген Абай атамыздың сөзін екі жүз пайызға әйелдер асыра орындауға мәжбүр. Арқасүйенер азаматы, ахуалына көмек берер үкіметі жоқ әйел, мемлекетіміздің болашағын әл-шамасы жеткенше тәрбиелеп жатыр.
Тоқ бала – ашығам деп ойламайды...
Қазынадан қалқып ішіп отырған "шөкімдей топтың" ғана ұрпағы шетелде шалқып өмір сүріп жатқаны болмаса, қара халықтың күйі жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын орынбасар әйелдің күйінішке толы сөздерінен аңғара түскендеймін. Жо-жоқ, орынбасар әйел ешкімге алақан жаймайды. Көмек күтпейді. Өлермен еңбекқорлығының арқасында директор орынбасарлығы дәрежесіне жете білді. Үш бөлмелі пәтерді ипотекаға алғанына жеті жыл бопты. Енді он жылда құтылып қалатын түрі бар. Ұлдары үзеңгіге аяқ салып, мектеп бітіруге жақындап тұрғаны бойына қуат, өміріне мән беретінін қуана айтып үлгерді. Қайран, қара нардай қажымайтын қазағымның қыздары-ай?!
Ұстаздардың 60%-дайы жалғызбасты әйелдер
Олар – күйеуден ажырасып, тұрмыстан қажып жүрген жандар. Айлығы – шайлығына бірде жетіп, бірде жетпегенін қарамастан "қазақ қоғамына" бала да туып, оқушы да тәрбиелеп жүрген әйел-ұстаздарға мемлекет тарапынан көмек керек-ақ?! "Бөрі арығын білдірмес, сыртқа қарын томпайтар" демекші, мектептегі ұстаз әйелдердің қайсына қарасаңыз да тап бір "қағанағы қарық" жанша әдемі киініп алғанын көресіз. Солай болуды қоғам, орта талап етеді. Тамағыңнан жырсаң да, талап үдесінен шығуға мәжбүрсің.
Науқанға жегілген ұстаздар
Мемлекеттік деңгейдегі қандай да бір ірі науқан, іс-шара өтсе, басты жұмыс қолы – ұстаздар. Ұйымдастыру алқасында ебіл-дебілі шыға ылғи солар жүреді. Қат-қабат жұмыс қағазымен қоса қоғамдық жұмысқа жегіліп жатқан да ұстаздар. Есіме қараңғы қысқы есігімді қағып, сайлауға дауыс беруге мүмкіндігі бар отбасы мүшелерінің тізімін алған мұғалім келіншек түсті. Сонда деймін-ау, қарапайым майдангерлер – ұстаздар болмаса, мемлекеттің дөңгелегі қалай жүрер еді деген ойға тірелесің.
Шындығы шырқыраған анекдот
Жоғары мінберлерден "ұстаздарды науқанға жекпеу" жайлы айтып та жатыр. Жергілікті билік бас шұлғып алып, бәрі бір мұғалімдерді жеккенін қояр емес. Ішіндегісін ақтарып, жанын егеген жүктен жеңілдегендей қабағы жарқыраған орынбасар көңілін серпіп салып: "Біз жайлы тоқетері мына анекдотта. Бірде мұғалімдердің не айтса да көне беретініне таңқалған қала бастығы оларды сынамаққа үлкен жиналыс жасап: "Ертең бәріңді қала алаңында дарға ассақ деген ойдамыз" дегеніне қарсы ешкім үндемейді. Бір кезде мұғалім әйел қол көтереді. "Туһ, құрығанда біреуі қарсы тұратын болды ғой?!" деп бастық қуанып: "Айтыңыз!" десе, әлгі мұғалім: – Ағай, асатын жіпті үйден өзіміз әкелейік пе?! – депті.
Екеуміз қосыла күлдік. Анекдоттың өмірден алынады. Мектеп мұғалімдерінің күйін айғақтайды. Ұлт болашағын ойласақ, білім бесігін тербеткен әйел ұстаздардың жағдайын жасауды – мемлекеттік деңгейдегі парызымыз деп қарасақ игі болар еді. Патша мен батыр, ақын мен ғалым да ұстаздың алдынан шыққанын естен шығармай, ұстаздарға қамқорлықты қолға алуға мүмкіндік бар ғой. Неге іс жүзіне асырмасқа?
"Мектепте – ұстаз, үйде – әйел-Ана"
Осындай әйелдер қауымына алдымен "рақметті қоғам айтуы тиіс" деп қараған кезде ғана таразының екінші басындағы ең үлкен күш – ұстаздар мерейінің үстем болары хақ. Қос майданда қатар күрескен қаһармен әйел-ұстаздарға өз басым тәнтімін. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолында жұқарған жүйкелеріңіздің әр талшығына коғам құрметпен қарауы тиіс.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 23 ноября
- 2753
- 0
- 2
-
2🥈Казахстанский фигурист Михаил Шайдоров завоевал "серебро" на гран-при в Китае
- 2648
- 0
- 34
-
3™️TikTok хочет использовать Илона Маска как посредника в переговорах с администрацией Дональда Трампа
- 2603
- 0
- 11
-
4‼️Один убит, трое ранены: что произошло возле посольства Израиля в Иордании
- 2590
- 0
- 8
-
5🇬🇧Букингемский дворец три года не будет принимать государственные визиты
- 2399
- 2
- 23
-
6💰Сколько стоят доллар и рубль в обменниках Казахстана 24 ноября
- 2456
- 0
- 8
-
7⚡️Серик Сапиев и Азамат Имашев — новые руководители областных управлений спорта
- 2133
- 1
- 84
-
8😱Шокирующий случай в Индии: Мужчина ожил прямо перед кремацией
- 2265
- 4
- 51
-
9✈️Над Астаной пролетели истребители
- 2247
- 11
- 33
-
10⚡️Авиаудар ЦАХАЛ по Бейруту: число жертв возросло до 20, "Хезболлах" обстреливает Израиль
- 2132
- 3
- 21