Тікелей эфир

Әскери қызметкерлерге баспана беру тәртібі өзгерді

informburo.kz
informburo.kz
Былтыр еңбек өтіліне қарамастан барлық әскериге үй берілетіні жөнінде айтылған еді. Жаңа өзгеріс бойынша, баспананың кілті жоғары балл жинағандарға табысталады.

Бүгінде 60 мың әскери қызметкер "көшпелі қазақтың" күйін кешіп жүр. Соңғы алты жылда олар тек тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алып отырды. Бұл әдіс әскери қызметкерлерді жеке баспанамен қамтамасыз етпейтін еді.

Елбасының "ҚР кейбiр заң актiлерiне тұрғын үй қатынастары мәселелерi бойынша толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасына қол қойып, талқыланып жатқаны жөнінде мақала жазған болатынбыз. Жүзеге асу барысында өзгерістер енгендіктен, осы тақырыпты қайтадан қарастыруды жөн көрдік.

Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?

Енді тұрғын үй төлемдерін тек үй жалдау үшін ғана емес, баспана сатып алу үшін де пайдалануға мүмкіндік берілді. Яғни, төлемнің қандай мақсатта жұмсалатынын әскери қызметкердің өзі шешеді. Ол туралы толығырақ тарқататын боламыз. Алдымен...

Шілдеден бастап "Әскери өнім" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы басталды

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Талғат Жанжүменов informburo.kz тілшісіне әскерилерге баспана беру тәртібіндегі өзгерістер туралы тәптіштеп айтып берді.

Бірінші шілде мен екінші тамызға дейінгі кезеңде ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" АҚ (бұдан әрі – ТҚЖБ) өтінімдер тапсырды. Олар жеңілдетілген ипотекалық кредит алуға қатысу үшін askeri.baspana.kz сайтында тіркеліп, сауалнамаға жауап береді. Онда көрсетілген ақпараттардың растығын жұмыс беруші тексереді.

Оқи отырыңыз: 27 жастан асқандар әскери билетті қалай алады?

Сауалнамада көрсетілген ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, тұрғын үй төлемін алушыға қарыз берілмейді. Сайтта ұпай есептеу және қарыз алатын үміткерлерді іріктеу автоматты түрде жүреді. Әскерилер бұған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен арнайы шот пен салым (депозит) ашып, ЖССБ24 интернет-банкингіне тіркелген.

Бұл тәсілді ТҚЖБ арнайы әзірлеген. 25 шілдедегі жағдай бойынша, банкке Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері 4 664 өтінім берген. Түсінбеген әскерилер болса, 300 немесе 8-8000-801-880 нөміріне қоңырау шалып, бағдарлама жайлы анықтап біліп, мән-жайға қаныға алады.

6 мың әскери баспанамен қамтамасыз етіледі

– Әскери қызметте жүргендердің салалары бойынша банк ипотекалық қарыз алу үшін шекті мөлшер (лимит) белгілеп қойған. Жүзеге асқалы отырған ТҚЖБ банкінің бағдарламасының бірінші кезегінде 6 мың әскери қызметкерге баспана береміз деп жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Әскери қызметкерлерге баспана беру тәртібі өзгерді

Ал, тізімге ілінбеген әскерилер баспана алуы үшін банктің бағдарламаның екінші кезегін қашан жүзеге асыратыны әлі белгісіз. Ең алдымен, белгілеген осы межені жүзеге асырсақ деген жоспар тұр. 6 мың шекті мөлшер дедік қой.

Мұның бәрі тек ҚР Қорғаныс министрлігінің қызметкерлеріне берілмейді. Оның ішінде Әскери прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), Ұлттық ұлан бар. Олардың әрқайсысына баспана алудың шекті мөлшері белгіленіп қойған, – дейді Талғат Жанжүменов.

Оқи отырыңыз:

Қазақ әскерлерінің баспана мәселесі жаңа жылдан кейін шешіледі

ҚР Қарулы күштерінің 2116 қызметкерлеріне үй беріледі

– ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлерінің ипотекалық қарыз алу үшін ТҚЖБ-ке 36,8 млрд теңге бөлініп отыр. Алдағы уақытта 2116 әскери "Әскери өнім" бағдарламасына қатысады, – дейді ол.

Енді бір айдың ішінде ипотекалық несие алуға қатысатындардың тізімі белгілі болады

– Банктің автоматты жүйесі жеңілдетілген ипотекалық кредит алуға қатысатын кандидаттарды іріктейді. Ол қалай жүзеге асады? Әскери қызметте еңбек сіңірген жылдары есептеледі. ҚР бойынша жекеменшінігінде тұрғын үйі болмауы керек.

Банктің жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасынан өтпеген әскерилер мен өтініш білдірмегендер "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. "7-20-25" бағдарламасының талаптарына сәйкес келсе, баспанаға қол жеткізуіне болады. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктің бағдарламаларына да қатыса алады. Бірақ, қазіргі уақытта ең тиімдісі – ТҚЖБ, – дейді ол.

Банктердің ұсынған бағдарламалары әскерилерге ұнамаса ше?

Онда тұрғын үй төлемдерін алуға құқы бар. Бірақ, төлемақы қолма-қол берілмейді. Әскери қызметкер үйді жалдап отырса, иесінің есеп шотына қаржы аударылады. Сондай-ақ, банк депозитінде тұрғын үй төлемдерін жинай алады. Әскери қызметтегілер арнайы жинақ немесе жеке депозиті арқылы бірнеше заем (бұдан былай – қарыз) ала алады.

Тағы бір айта кетерлік жайт: Екінші нарықтағы (вторичное жилье) сатылымдағы жеке жер телімімен үй таңдауға болады.

Егер әскеридің осыған дейін алған несиелері болса, онда "тұрғын үй жинағынан" есептелмейді. Бұл дегеніңіз – басқа банктен алған қарызыңыз болып, төлей алмай жүрсеңіз де, мұндағы шотыңызды ешкім бұғаттай алмайды деген сөз. ТҚЖБ-гі әскери қызметкердің депозитіндегі жиналып жатқан төлем мемлекеттің бюджетінен беріліп жатқандықтан, әскеридің жеке қаржысына жатпайды. Сондықтан, бұл қаржыға ешкім тиісе алмайды.

Әскери қызметкерлердің ішінен қайсыларының бастапқы жарнасыз қарыз алуға мүмкіндігі бар?

Тұрғын үй төлемдері отбасы мүшелерінің санына (тұрғын үй төлемін алушы, жұбайы, балалары) байланысты беріледі. Яғни, отбасындағы адам саны неғұрлым көп болса, тұрғын үй төлемінің сомасы да соғұрлым жоғары болады. Төлемнің мөлшері туралы алдында жазған мақаламызда тәптіштеп түсіндірген болатынбыз.

ТҚЖБ арнайы әскери бағдарламаға қатысушылар үшін алғашқы жарнасыз қарыздар ұсынып отыр. Балалары бар, ұзақ уақыт қызмет еткен, тұрғын үй төлемдерін отбасы болып алатын азаматтарға ұпай жүйесі бойынша үлестіріледі.

  • Әр отбасы мүшесіне;
  • Мүгедектігі бар әр балаға;
  • Әскери қызметтегі әр толық айға ұпай беріледі.
Демек, еңбек өтілі жоғары, көп балалы әскери қызметкер алғашқы жарнасыз-ақ үйлі болады. Сонда басында айтылған барлық әскерилерге бастапқы жарнасыз-ақ несие беріледі деген әңгіме негізсіз болып шықты.

ТҚЖБ нақты есептелетін ұпай санын жасырып қалды

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" informburo.kz тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып, істің анық-қанығын ашып айтты. Онда:

"Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бірінші кезекте біздің банкте ашылған шотқа алдын-ала ақша жинауды және жылдық мөлшерлемесі 3,5%-5% аралығында болатын жеңілдетілген несие алуды қарастырады", – делінген.

Ескерер жайт: Біріншіден, бұл несиені толыққанды өтеу үшін әскери қызметкер 7-15 жылға дейін қызметінен шығып кете алмайды.

Екіншіден, бастапқы жарнаның қажеті жоқ дегендері – жалған болып шықты. Тек жоғары ұпай жинағандар ғана бағдарламаның бірінші кезегіне іліне алады.

Үшіншіден, тұрғын үй төлемі немесе оның бір бөлігі шоттан салымға әскери қызметкердің келісімі арқылы аударылады.

ТҚЖБ нақты есептелетін ұпай санын айтпады. Ал қолымызға түскен бейресми дерек бойынша:

  • Әрбір отбасы мүшесіне – 10 ұпай;
  • Әрбір мүгедек балаға – 20 ұпай;
  • Әскери қызметтегі әр толық айға – 0,5 ұпай;
  • Әрбір 500 000 теңге жинаққа – 10 ұпай.

Әскери қызметшілерді несиелендірудегі басты шарт: қарыз төлемі ай сайынғы тұрғын үй төлемінің көлемінен асып кетпеуі керек.

Алғашқы жарнасыз несиеге өтініш беруді кімдерге кейінге қалдырған дұрыс?

– Алғашқы жарнасыз қарыз сомасы тұрғын үй төлеміне тәуелді. Ал, төлем жоғырыда айтып кеткендей, отбасы мүшесінің санына тікелей байланысты. Сондықтан, әскери қызметші әлі отбасын құрып үлгермесе немесе енді жанұялы болып жатса, әлі ата-ана атанбаса, онда алғашқы жарнасыз несиеге өтініш беруді кейінге қалдыра тұрғаны дұрыс. Қазір өтініш қабылдау аяқталды. Әзірге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, тұрғын үй төлемдерін жинай беруге болады. Кейінірек, алғашқы жарнаға жететін сома жиналғанда, банктен ірі сома алып, үлкен отбасыға арналған кең, жайлы баспана сатып ала алады, – делінген бізге ТҚЖБ жіберген жауапхатта.

Есіңізде болсын! Тұрғын үй төлемдерін пәтер сатып алу үшін тек бір-ақ рет қана пайдалануға болады. Екі балаңыз болып, пәтер алсаңыз... үшіншісі туылғанда баспанаңызды кеңейте алмайсыз.

Мысалы, Астанада қызмет атқарып жүрген әскери жақында ғана үйленді. Әзірге балалы болып үлгерген жоқ делік. Бұл отбасы бірден бастапқы жарнасыз несие алғысы келсе жəне ұпай саны бойынша өтсе, онда банк 9 700 000 теңгені бастапқы жарнасыз қарыз түрінде бере алады. Астанада 9 700 000 теңгеге тек бір бөлмелі пəтер сатып ала аласыз. Болашақта мұндай үй тарлық етеді. Егер тұрғын үй төлемдерін банктегі шотқа жинап отыратын болса, бірнеше жылдан кейін кең пəтер сатып алуға мүмкіндік беретін қарыз сомасын алушы үміткер болады.

Төлемді жинаса...

ТҚЖБ Баспасөз хатшысы Наталья Кутлинаның айтуынша, әскери қызметкердің әрбір отбасы мүшесіне 48 870 теңге төлем беріледі. Егер әйелі мен күйеуі болса, 97 740 теңге ТҚЖБ-гі есеп шотына ай сайын аударылады. Сол соманың "мұртын бұзбай" жинаса, пәтерге тезірек қол жеткізеді. Неғұрлым ұзақ уақыт жинаса, мемлекет сыйлықақысын да соғұрлым көп алып, тұрғын үй қарызы бойынша пайыздық мөлшерлеме де соғұрлым төмен болады.

ТҚЖБ-ның Астана қаласындағы пәтер бағасының шамамен алғандағы анықтамасы:

  • Бір бөлмелі пәтер (40 кв.м) – 9 700 000 –10 400 000 теңге;
  • Екі бөлмелі пәтер (60 кв.м) – 15 600 000 теңге;
  • Үш бөлмелі пәтер (85 кв.м) – 22 100 000 теңге;
  • Төрт бөлмелі пәтер (100 кв.м) – 26 000 000 теңге.

Есеп-шотқа үй бағасының 50 пайызына тең қаражат жинау керек. Оған еңбек өтілі мен бала санын қосыңыз. Ең жоғарғы көрсеткішті жинағандар ең бірінші баспаналы болады. Банктің базасы көлденең адамның қатысынсыз осының бәрін есептеп, нақты шешімін шығарып береді.

Ең төменгі жинақ мерзімінің талабын орындау керек. Ол кемінде 3 жыл. Егер бастапқы жарнаға жетерлік қаржы әскеридің қалтасында болса, оны да жиналған ақшаға қосып, бағдарламаға қатыса алады.

Барлығын жіліктеп түсіндіріп беруін ТҚЖБ-тен сұрап едік, олар оны әскери қызметкерге ғана айтылатын банктің құпиясы деді.

Арнайы шот ашу үшін...

Бірінші кезекте тұрғын үйге мұқтаж екендігі туралы анықтама және тұрғын үй төлемдері бағыттамасын алу үшін қызмет орнындағы тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына рапорт беру қажет. Тұрғын үй комиссиясы өтінішті қарастырып, оған тұрғын үй төлемін алатыны туралы анықтама береді (анықтама банктен арнайы шот ашу үшін қажет).

Осыдан кейін мекеме тұрғын үйге мұқтаж қызметшілердің тізімін әзірлеп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кеңесшісін шақырады. Яғни, тұрғын үй төлемін алушыларға банкке келу міндетті емес. Банк өкілдері жұмыс орнына өздері келіп, арнайы шот ашуға көмектеседі. Тұрғын үй төлемін алып отырған үміткерге келесі құжаттарды дайындау керек:

  • Жеке куәлік;
  • Тұрғын үй төлемі туралы үшжақты келісім-шарт (тұрғын үй төлемін алушы; ол қызмет атқарып жатқан мекеме және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында бекітіледі);
  • Тұрғын үй төлемін алатындығы туралы анықтама (тұрғын үй төлемін алушы қызмет атқарып жатқан мекеме береді)

Қалған құжаттың бəрін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілі ресімдеп береді. Жұмыс орнында тұрғын үй төлемдерін алушылардың тізімі жасалып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кеңесшісі шақырылады. Мекемеге келген банк өкілі:

  1. Шот ашу үшін қажет барлық құжаттардың бар-жоқтығын тексереді;
  2. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігі туралы түсіндіреді;
  3. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымыңыздың бар-жоқтығын тексереді. Болмаса, банк өкілі сол жерде атыңызға жаңа арнайы салым ашып, ол туралы арнайы Сертификат тапсырады;
  4. Тұрғын үй төлемдерін аудару туралы өтініш қабылдайды (ұзақмерзімді тапсырма);
  5. Банктің қолданыстағы комиссиялары мен тарифтері туралы айтып береді;
  6. Жеке арнайы шот ашып береді.

Жеке арнайы шот пен салым ашу кезінде тұрғын үй төлемін алушыға OTP-код (бірреттік құпиясөз) алу үшін ұялы телефон қажет болады.

ТҚЖБ төмен пайыздық несиеден бөлек тиімді мүмкіндіктер ұсынып отыр

– Депозитке жиналған ақшаға 20%-дық мемлекеттік сыйлықақы беріледі. Биыл сыйлықақы берілетін салым сомасы – 200 айлық есептік көрсеткіш (481 000 теңге). Яғни, 2018 жылғы сыйлықақының көлемі 96 200 теңгені құрайды.

– Ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысын қоса есептегенде ТҚЖБ депозит бойынша тиімді жылдық мөлшерлеме 13,3%-ға дейін барады.

– Төлем қабілеттілігін тексеру ісі барынша жеңіл жүреді.

– Ең бастысы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – әскери бағдарламаға қатысатын үміткерлердің шотын тыйым салудан және мүлік ауыртпалығынан қорғайтын жалғыз банк. Яғни, олардың депозиттері ерекше мәртебеге, қол сұғылмаушылық кепіліне ие болады. Мәселен, басқа екінші деңгейлі банктер әлдебір несие бойынша қарыздың уақтылы өтелмеуіне байланысты осы арнайы шотта жатқан ақшаны алу үшін төлем талабын жібере алмайды, – делінген хатта.


Ұзақ уақыт қызмет еткен әскерилерге баспана бірден беріледі

Ұзақ уақыт қызмет еткен әскерилерге баспана бірден беріледі / Мәліметтер hcsbk.kz сайтынан алынды


Баспана алатын ақшаны қалай жинау керек?

Біріншіден, тұрғын үй төлемдері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ашылған арнайы шотқа аударылады.

Екіншіден, тұрғын үй төлемін банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы қосылып отыратын жинақ ретінде пайдалану үшін сізге арнайы салым ашу керек. Арнайы жеке шоттағы тұрғын үй төлемінің бір бөлігі немесе толықтай осы салымға аударылып отырады.

Жинақ неден құралады?

  1. Мемлекет сыйлықақысы;
  2. Банк сыйақысы;
  3. Әскеридің салып отыратын қаражаты.

Үйді елдің кез келген қаласынан сатып алуға болады. Ақшаның қалай жиналып жатқандығын жəне өзге операцияларды ЖССБ24 интернет-банкингіндегі "Жеке кабинеттен" келесі мекенжай бойынша қадағалап отыра алады: https://online.hcsbk.kz

Тапсыратын құжаттардың қалай жүзеге асатыны жөнінде толығырақ білгіңіз келсе, сілтемесі мінекей.

Айта кету керек, 7 тамыз күні ҚР Қорғаныс министрі болып бұрынғы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев тағайындалды. Бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы болды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары