Тікелей эфир

"Заң жалаңаш келді". Нұрлан Нығматулин тұрғын үй саласындағы былықтардың бетін ашты

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын мықтап қолға алған екен. Таң атпай "миллионер" басшысын да іздеткен.

Бүгін төменгі палатаның жалпы отырысында екі мәселе қаралды. Бірі – екі жылдың бюджетіне енетін өзгеріс, екіншісі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы жаңа заң жобасы.

"2019-2021" жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң Сенатта қаралып, қайтып келді. Мұндағы өзгеріс – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығына сәйкес, бюджет қызметкерлерінің жалақысын 1 шілде емес, 1 маусымнан бастап көбейту үшін және Елбасының кеңсесін жасақтау үшін қаржы бөлу.

Мәжіліс Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдап, заңды бірден қол қоюға жіберді, осылайша, 2019-2021 жылғы республикалық бюджеттен мына айтылған бірінші міндетке 37 млрд теңге, екінші мәселені шешуге 1 млрд теңге бөлінетін болды.

"Бір үй – бір шот". Роман Скляр жаңа заң жобасын таныстырды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәжіліс депутаттарына "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қазақ тілінде қысқаша таныстырып шықты.


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі / Сурет ашық дереккөздерден алынды


Министрдің айтуынша, заң жобасы бірнеше мәселені шешуге бағытталған. Роман Скляр "Бір үй – бір бірлестік – бір шот" қағидасы бойынша пәтерлерге қызмет көрсететін органдардың қызметін реттеу, кондоминиум нысандарының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу, тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметін жетілдіру, осы салада ашықтық орнату сияқты мәселерді өзекті деп атады.

Осылардың ішінде, депутаттар мен мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына, тұрғындардан жинайтын ақшаның қайда жұмсалып жатқанына назар аударды.

– 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан заң бойынша ай сайын пәтер иелері тұратын үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстарына әрбір шаршы метрі үшін бір айлық есеп көрсеткіштің 0,002 бөлігін төлеп келеді. Бұл – қазір бір шаршы метр үшін айына 51 теңге деген сөз. Жаңа заңда тиісті анализ жасалмастан қалған екен. Алайда, бұл норманың жұмыс істемейтінін білесіз бе? Бұның жаңа заң жобасында неге қайталанып отырғанын түсіндіріп беріңізші? – деді министрге сұрақ қойған депутат Серік Құсайынов.

Роман Скляр бұл ескі заңда бар ереже болғанымен, міндетті тәртіп емес екенін, кондоминумдардың тек 12 пайызы ғана күрделі жөндеуге ақша жинай алып жүргенін айтты. Жаңа заңда өзгергені – енді тұрғындар үйдің күрделі жөндеуі үшін ай сайын шаршы метріне 51 теңге емес, 12 теңге төлейді.

Осы жерде министрдің сөзін бөлген Нұрлан Нығматулин пәтер иелері кооперативтерінің біраз "құпиясын" ашып жіберді.

– Ашығын айтайын, бұл норманың жұмыс істемеуіне 51 теңгенің көптігі ғана себеп емес. Неге жұмыс істемегенін мен айтып берейін:

Қазір жұмыс істеп тұрған заң бойынша күрделі жөндеуге жиналған ақшаның бәрі пәтер иелері кооперативтерінің ортақ шотына түседі. Ортақ шот дегеніміз не? Бұл – ПИК неше үйге қызмет көрсетсе, сол үйлерден жиналған ақшаның бәрі бір шотқа түседі. Тұрғындар төлеген ақшасының қайда кетіп жатқанын білмейді.

Ең алғаш рет, ПИК-тер құрылады дегенде оның жұмыс істеу принципі бойынша, бір ПИК 2, ең көбі 3 үйге қызмет көрсететін. Қазір бір ПИК өз құрамына бестен жоғары көп қабатты үйді ала алады.

Мен әдейі осы отырыс алдында қалалық әкімдіктен біраз мәлімет сұраттым. Қараңыздар. Астанада 408 ПИК бар екен, олар 2609 көп пәтерлі көп қабатты үйлерге қызмет көрсетеді.

"Тұлпар" пәтер иелерінің кооперативі – 11 үй, "Жарық" – 11, "Ақмола" – 15, "Каскад" – 17, "Мечта" – 23 тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Барлығы – көп қабатты, көп пәтерлі үйлер. Шаршы метрі 60 екі бөлмелі пәтерді алайық. 51 теңгені 60 шаршы метрге көбейтсек, айына 3060 теңге, жылына бұл пәтер иесі 40 мыңға жуық теңге төлейді. Міне, бір пәтерден ғана түсетін ақша. Ал, осыны оншақты үйге көбейтейік. Тұрғындар осы қомақты ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білмей де қалады. Сондықтан, "Бір үй – бір шот" принципі керек.

Бұл ұсыныстардың барлығын депутаттар енгізген. Заң бізге "жалаңаш" келген, депутаттар осындай мәселермен толықтырып отыр", – деді Нығматулин.

"Алатыны – миллион, жұмысы – нөл, халқы бейхабар"

Нұрлан Нығматулин Мәжілістің бүгінгі отырысы үшін детективтерден артық мәлімет жинап келген екен. Роман Скляр бұл салада "Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" бар екенін айтқаны сол еді, Нығматулин бұл АҚ-ның да біраз былығын жайып салды.

– Осы орталық туралы айтып тұрсыз, олардың жағдайы жаман емес сияқты. Мен арнайы осы отырыс үшін таңертең орталықтың басшысын шақыртқанмын, тауып үлгердіңіздер ме? – деді залдан аты көп айтыла бермейтін, бірақ дардай қызметі бар Нұрсұлтан Жиенбаевты іздеген ол.


"ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ басқарма төрағасы

Нұрсұлтан Жиенбаев – "ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ басқарма төрағасы / Сурет ашық дереккөздерден алынды


– Сіздің орталықтарыңыздың қызметіне кадр дайындау мәселесі кіреді, солай ма? – деп, сөзін бастаған Нығматулин Нұрсұлтан Жиенбаевқа біраз сауал қойды.

– Жалпы, осы орталықтың жұмысына қатысты шынымды айтсам, сұрақ көп. Бұл орталық 2010 жылы 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен құрылған. Штаттарыңызда 97 қызметкер бар екен, кез келген мемлекеттік органның мұндай құрамы жоқ, – деді Нығматулин.

Премьерден көп орынбасары бар

Әрі қарай Нұрлан Нығматулин орталықтың басшылық құрамына тоқталып, таң қалысын жасыра алмады. "Міне, басшылықты қарайық, басқарма төрағасы, орынбасары, орынбасары, орынбасары... сіздердегі орынбасарлардың саны премьер-министрден көп екен".

Роман Василийұлы (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі – авт.), қараңыз, бұлардың алатын жалақысы да жаман емес екен. Жалақы – әрине, жеке мәселе ғой, дегенмен мемлекеттен алып отырған соң, бір есебі болу керек шығар? Бірінші басшы бір миллионға дейін, қарапайым қызметкерлер 250 мың теңге жалақы алады. Жалпы бұл орталықтың барын жалпақ жұрт біле ме? Нұрсұлтан Ринатұлы, мынандай жалақы алып отырып, елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының күйін жырлайтын сіздер болуларыңыз керек қой? Келісесіз бе?

"Бір жарым жылда бонус алып көрген жоқпыз"

Мәжіліс төрағасының сынынан кейін informburo.kz тілшісі Нұрсұлтан Жиенбаевтан жалақыға қатысты ақпараттың рас–өтірігін сұрады.

– Бізде жалақының әртүрлі сеткасы бар. Жалақы сеткасын директорлар кеңесі қоятын KPI-ға (жұмыс тиімділігінің негізгі көрсеткіштері – авт.) байланысты аламыз. Бірінші басшылар, яғни басқарма төрағасы, екі басқарушы директор мен бір атқарушы директор бар, олардың әр қайсысы әр бағытқа жауапты. Егер KPI орындалса, онда бонустар есебінен жалақы бір миллионға жетеді. Және қойылған міндет 100 пайыз орындалса ғана алады. Бір жарым жыл ішінде әлі бонус алған жоқпыз, – деді Жиенбаев.

Ал, штат санына қатысты сұраққа ол "штатымыздың жартысы 17 аймақтағы қызметкерлер" деп түсініктеме берді.


Нұрлан Нығматулиннің сынына дейін

Нұрлан Нығматулиннің сынына дейін / "ТКШ жаңғырту орталығының" сайтынан скриншот


Бір қызығы, Нығматулиннің сынына дейін орталық сайтында төрт орынбасардың суреті тұрса, мәжілістің жалпы отырысы аяқталмай жатып, сайтта тек екі орынбасардың биографиясы қалған. Басқарма төрағасының төрт орынбасары, үш кеңесшісі (оның бірі – бұрынғы депутат, қазір блогер болып жүрген Тәңірберген Бердоңғаров) бары белгілі.


Нұрлан Нығматулиннің сынынан кейін

Нұрлан Нығматулиннің сынынан кейін / "ТКШ жаңғырту орталығының" сайтынан скриншот


"Үй басқару – хобби емес"

Орталық жұмысын осылай сынға алған Нығматулин ендігі кезекте бұл акционерлік қоғамның басты міндеттерінің бірі – үй басқарушы мен ПИК төрағаларын оқыту екенін айтты.

– Қазір елімізде үй басқарушы мен ПИК төрағасы десе, зейнет жасына жетіп қалған, тіпті, асып кеткен, өмірлік тәжірибесі көп адам елестейді. Ер адам болса – онда міндетті түрде милиционер, ал, әйел отырса – "даукес". Екеуі де – осы саланың маманы емес, қажетті білімі жоқ. ПИК төрағаларының бүгінгі портреті осы. Ренжімеңіздер! – деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, енді осы заңнан кейін басқарушы мен ПИК төрағасының қызметіне тиісті жоғары білімі бар экономист, заңгер, инженер тағайындалуы керек. "ПИК құрып, үй басқару – хобби емес, бұл жұмыс, керек десеңіздер менеджерлік қабілетті талап ететін жұмыс", – деді Нығматлуин.

Заң талқылаудан өткен соң депутаттар оны екінші қаралымға жіберді, яғни, жұмыс тобы бүгін айтылған сын мен пікірлерді ескеріп, заңды екінші оқылымға дайындап әкелуі керек.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы – халқымыз үшін, еліміз үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл салада шешілмеген сұрақтар әлі де көп. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сессияның ашылуында тұрғын үй қатынастарын реттеу туралы нақты тапсырма берген. Сондықтан, бүгінгі заң жобасы осы саладағы мәселелерді жан-жақты реттеуге ықпал етеді, – деді депутаттарды таратқан Нығматулин.

Айтпақшы, мәжіліс отырысы аяқталған соң, журналистер Парламент дәлізінде депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жария еткен кезектен тыс президенттік сайлау туралы ғана сұрақ қойды.

Депутаттар келесі президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастаған бағдарламаларын аяғына дейін жеткізіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеріп, халық үшін талмай еңбек ететін адам болуы керек деген тілектерін айтып жатты.

Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исимбаева "Нұр Отан" партиясы осы аптаның соңына дейін болмаса да, айдың соңына дейін кандидаттарын ұсынатынын айтты. "Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға түсе ала ма?" деген сұраққа ол: "Заң бойынша өзге де дипломаттар сияқты, сайлауға түсе алады. Өйткені, олардың шет елдегі қызметі іс-сапар ретінде саналады және шетелдегі жұмысқа теңестірілмейді" деп жауап берді.

Ал, "Ақ жол" партиясының басшысы Азат Перуашев осыған дейінгі сайлауларда болған кедергілер туралы айтып берді. " Сізге парламент сайлауын мысалға келтірейін. "Ақ жол" партиясын екі рет басқарып, парламент сайлауына қатысқан кезде бір жағдайды байқадым. "Ақ жол" партиясының атынан сайлауға түскен кейбір үміткерлерді салық декларациясына сәйкес, "20 теңге, 40 теңге , 250 теңге" төлемегені үшін сайлаудан алып тастаған кездер болды. Ал енді осы жылғы сайлауға кімдер қатысатыны "Ақ жол" партиясының құрылтайында белгілі болады. Құрылтай осы айдың аяғында өтеді" деді ол.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары