Әлемнің көптеген дамыған елінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы, кәсіби және мүгедектің жеке қажеттіліктеріне бейімделген протездер жасау жолға қойылған. Мұндай протездерді біз әдетте мүгедектер арасындағы паралимпиадалардан немесе өзге де халықаралық спорт жарыстарынан не би сайыстарынан көреміз. Ал Қазақстанда кәсіби параспортшылар болмаса, өзге мүгедектердің мұндай протезге қолы жете бермейді. Өйткені, заманауи протездер тек бұрынғыдай көмекші құрал ғана емес, технология, медицина, бағдарламалау және өнердің синтезі болып саналады. Сәйкесінше, құны да жоғары.
Осы орайда қазақстандық параспортшы, мүгедектер арасындағы жүзу жарысынан екі дүркін ел чемпионы, сондай-ақ, арбамен билеуден 2018 және 2019 жылғы Қазақстан чемпионы Михаил Бычковский Informburo.kz оқырмандарына саладағы өзекті мәселелер туралы әңгімелеп берді. Михаил 21 жыл бұрын апат салдарынан бір аяғынан айырылған. Бұл уақыт аралығында психологиялық, физиологиялық күйзелістердің бәрінен өтіп, бүгінде өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға үлгі болып келеді.
Оқи отырыңыз: "Заманауи протезге мұқтаждар көп". Мүгедектерді әлеуметтік қолдауда қандай мәселелер бар?
Коронавирус пандемиясының кері ықпалы
Арбамен билеуден Қазақстанның үшінші чемпионатына қатысу жоспарымда бар. Алайда эпидемиялық жағдайға байланысты сайыстың қашан өтетіні белгісіз. Жаттығу залдары жабық болғандықтан, дайындық жасау да қиынға түсіп отыр. Дегенмен, таза ауада жиі жүгіруді қолға алдым.
Тағы бір жоспарым – "Шекарасыз спорт" командасымен бірге велосипедпен Қазақстанның барлық өңіріне баруды жоспарлап отырмын. Бұл – мүмкіндігі шектеулілер ғана емес, он екі мүшесі сау спортшылар да қатысатын инклюзивті жоба. Веложарыс 10 тамыз бен 10 қыркүйек аралығына жоспарланған. Әрине, жоспарымызды коронавирус эпидемиясы бұзып жібермесе деп қауіптеніп отырмыз.
Оқи отырыңыз: Бірінші топтағы мүгедек:"Мені бақытты ететін сүйікті ісім мен жарым"
Көп адам маған киборг көргендей қарайды
21 жылда мен түрлі протезді қолданып көрдім. Оның арасында ағаштан, былғарыдан, тіпті, шинадан жасалғандары да болды. Олармен салыстырғанда қазіргі жоғары сапалы заманауи протездің жөні, әрине, бөлек. Жақсы протез – жайлылық пен сенімділік сыйлайды, дұрыс жүруге, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді. Тек адамдардың көзі үйренбегендіктен, маған киборг ретінде қарайтыны болмаса...
Мен 2000 жылдан бері спортпен айналысамын. Ол үшін протездің сапасы жоғары болуы керек. Бұрынғы сапасы төмен протездер көп кедергі келтіретін. Алайда соңғы жылдары Германияда әзірленген құрамдас бөліктерден жасалған сапалы протезді қолданып жүрмін. Оған Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына өтініш беру арқылы қолым жетті. Спортпен кәсіби түрде шұғылдануым оң ықпалын беріп, мемлекет қаржысына осы жоғары сапалы протезді иеленуге мүмкіндік алдым.
Оқи отырыңыз: Мүгедектер неге несие ала алмайды? Қазақстанда қаржылық инклюзияның дамуы кенжелеп тұр
Қазақстанда сапалы протез жасауға мүмкіндік бар, бірақ қаржыландыру дұрыс жолға қойылмаған
Әрине, менің қазіргі протезім әдеттегіден әлдеқайда қымбат. Оның үстіне ол ұзақ уақытқа шыдайды. Мәселен, мен оны бес жыл бойы қолдана алатын болсам, ескі модификациялы протездің жарамдылығы белсенді өмір салтын ұстанған жағдайда бір жылдан аспайды. Мұндай протезді жылына бір мәрте жөндетуге болады, дегенмен тәжірибе көрсеткендей, протез ол уақытқа дейін істен шығып қалады.
Республикалық протездік-ортопедиялық орталық сапалы протездер жасауға әбден маманданған. Мұнда тәжірибелі де білікті мамандар қызмет етеді. Айталық, Қазақстандағы ең үздік протезші дәрігер Евгения Попкова осы орталықта еңбек ететін болса, менің алғашқы протезімді жасаған Андрей Коржиков бүгінде орталықтың вице-президенті. Мұны айтып отырғаным, орталық заманауи технологияларды қолдана отырып, кез келген күрделі протезді жасауға қабілетті. Алайда орталық мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтіндіктен, құжатта көрсетілген протезді әзірлеуге міндетті. Ал мұндай протездердің құны арзан, технологиясы мен сапасы қарапайым болады. Сәйкесінше, протез оны иеленген мүгедекке белсенді өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануына не қызметпен айналысуына толық мүмкіндік бермейді. Өкініштісі осы.
Оқи отырыңыз: Нәпақа айырудың ерекше жолын тапқан мүгедек
Оңалту ісін жолға қою керек
Мүмкіндігі шектеулі жандардың басты проблемаларының тағы бірі – оңалту ісі. Протез қанша жерден жоғары сапалы әрі заманауи болғанымен, оны дұрыс қолдануды үйренбесеңіз, пайдасы шамалы. Бұған менің өмірлік тәжірибем дәлел. Мен апатқа ұшырап, аяғымнан айырылғанда 13 жастағы жасөспірім едім. Алғашқы протезді аяққа бататындықтан ұзақ уақыт бойы қолданбай не өзіммен сүйрелеп жүретінмін. Ақыр аяғы, омыртқам да қисайды. Осылайша протезді қолдануды үйренуге біршама көп уақыт жұмсадым. Сәті түскен кездерде талай маманнан кеңес алып, интернет арқылы өзім ізденіп ілім жинадым. Егер қазіргі жинаған тәжірибеммен 21 жыл бұрынғы енді ғана мүгедек болып қалған өзіме ақыл айта алсам, дәл бұлай қиналмаған болар едім.
Бір қуанарлығы, қазір Республикалық протездік-ортопедиялық орталықта оңалту бөлімшелері бар. Олар оңалтудың кешенді шараларын, яғни қыздыру, массаж, гимнастика және өзге шараларды сапалы жасайды. Дегенмен, мамандар әрбір мүгедекті оңалтудың барлық кезеңінен өткізіп бейімдесе жақсы болушы еді деп есептеймін. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар.
Оқи отырыңыз: Жәрдемақы мөлшері артты. Мүмкіндігі шектеулі жандар енді қанша ақша алады?
Мүгедектер кеңеске, тәжірибе алмасуға мұқтаж
Мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда қолдау мен көмекті қажет етеді. Өйткені, олардың он екі мүшесі сау адамдармен теңесіп табыс табу мүмкіндігі шектелген. Көбісі мемлекеттік жәрдемақымен күн көреді. Мұндай жағдайда коммерциялық негізде консультация алуды олардың қалтасы көтермейді. Әрине, шамамыз келгенше бір-бірімізден ақыл сұрап, білгенімізбен бөлісіп тұрамыз. Дегенмен, бұл кәсіби консультацияға жатпайды. Өйткені, мүгедектердің алған жарақаттары әртүрлі. Мәселен, аяқ және жамбас протезі бар екі адам болса, бірінің өмірлік тәжірибесі екіншісіне көмек болмайды. Тіпті, кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі жандардың тегін кәсіби консультация алуына барынша жағдай жасалса екен деген тілегім бар.