Тікелей эфир

"Заманауи протезге мұқтаждар көп". Мүгедектерді әлеуметтік қолдауда қандай мәселелер бар?

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Биыл Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Алайда мүгедектердің 90 пайызы оны қалай қолдануға болатынын білмейді.

Әлемде және Қазақстанда да коронавирус жұқтыру қарқыны бірте-бірте бәсеңдеп, жұртшылық өзінің күнделікті тіршілігіне оралып келеді. Карантинге байланысты мемлекеттік қызметтерді цифрландыру маңызы арта түсті. Әрине, бұл аса қажетті сала, себебі цифрландыру азаматтарға мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ жедел және сыбайлас жемқорлық тәуекелінсіз алуға мүмкіндік береді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, барлық қызметтер тек сандық болуы ғана тиіс емес.

Осы жылдың басынан бастап Қазақстанда Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді, онда мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар мемлекеттік бюджет есебінен қажетті техникалық құрылғылар мен қозғалыс құралдарын өз бетінше таңдап ала алады. Қазіргі уақытта порталда техникалық оңалту құралдарының бір бөлігі бар, одан әрі құралдар мен қызметтердің тізбесі кеңейеді. Порталға толық көшу 2021 жылдан бастап жоспарланып отыр. Тікелей пайдаланушылар үшін осындай формат қаншалықты ыңғайлы? Бүгінгі күні мүгедектерге әлеуметтік мемлекеттік көмек көрсету жүйесі қандай жетілдіруді қажет етеді? Осы мәселелер туралы біз Сая Абашовамен әңгімелестік.

Сая Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұрады және әртүрлі әлеуметтік жобаларда үйлестіруші болып жұмыс істейді. Ол өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетудің қажеттігін жақсы біледі. Саяның өзі пойыз апатынан аяғынан айырылғаннан кейін 2000 жылдан бері әлеуметтік көмекті алушылардың қатарында.


Сая Абашова

Сая Абашова / Фотоны түсірген Әйгерім Нұқпаева


– Сая, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қажетті өтемдік құрал-протездер беру тұрғысынан мемлекеттен көмек көрсету оң өзгеріске бет алды ма?

– Иә, мен 2005 жылдан, яғни 16 жасымнан бастап протездерді қолданамын. Протездерді сатып алуды мемлекет төлейді. Бірақ сапасы, дәлірек айтқанда, ескірген технологиялармен проблемалар бар. Өнім "жаңа технология бойынша сан протезі" деп аталуы мүмкін, шын мәнінде – бұл өткен ғасырдың 80 жылдарының технологиясы, ал бионикалық протездер, 3D-протездер және т.б. бүгінде бар екені бәрімізге белгілі. Менің ойымша, мемлекет ұсынатын протездер стандартына көзқарасты өзгерту қажет, өйткені техникалық нарықта кез келген бұйымдар бар, бірақ барлығы мәселенің бағасына келіп тіреледі.

Мен бұрын стандартты протездерді қолданатынмын, бірақ үш жыл бұрын, заңнамалық нормаларға сәйкес, Қызылорда облысының Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында жас және белсенді жұмыс істейтін мүгедек ретінде маған технологиялық тұрғыдан дамыған, қымбат протезді алу үшін жолдама берілді. Оның жапониялық құрамдас бөліктері, атап айтқанда тізе модулі, сан протезі және табан модулі бар. Ал оны толық жеке құрастыру және тапсырыспен Республикалық протездік-ортопедиялық орталық (РПОО) айналысты.

Мен Алматыдағы осы орталыққа киіп көру және адаптация үшін бардым, енді бір жыл бойы жаңа протездің қолданушысымын. Салыстырмалы түрде айтсам, протезбен шаршау сезімі азайды және ол тез тозбайды. Өйткені, стандартты протездің барлық ауырлығын өзің алып жүруің керек, ол өзі жүрмейді, жаңа протезде маған тек қадам жасау ғана қалады. Мұндай протездің қызмет ету мерзімі 3 жыл – бұл қалыпты жағдай.

Мысалы, ескі үлгідегі стандартты тізе модулі тезірек тозады. Сонымен қатар, ол практикалық емес, өйткені толығымен бүгілмейді – машинаға отыру, жай ғана қонаққа бару мен кереуетке немесе диванға отыру қиынның қиыны. Бағасы да айтарлықтай ерекшеленеді – бір жыл бұрын мен үшін стандартты протездің бағасы 600 мың теңге болатын, ал бұл технологиялық және ыңғайлы протездің құны – 4 миллион теңге. Бірақ, шынын айту керек, адамдардың жаңа, заманауи және технологиялық протездерді ала бастағанын жиі естимін.

– Протезден басқа көптеген адамдар протездерді киюге ыңғайлы ететін силиконды шұлықтарды пайдаланады. Кейде мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар мемлекет осы бұйымдар үшін қаражат бөлмейтініне шағымданады, бұл шынында осылай ма?

– 1 және 2 топтағы мүгедектер үшін мемлекет осы силикон шұлықтарына жұмсалатын шығындардың шамамен 50%-ын жабады, дегенмен мүгедектігі бойынша жәрдемақы айына 50 мың теңге мөлшері жағдайында оларды сатып алу әлі де қосымша шығын. Өйткені, олар 100 мың мен 350 мың теңге аралығында тұрады. Мен, мысалы, оларды жыл сайын сатып аламын, себебі силиконсыз аллергия мазаны алады. Бұл ретте, протезді киюге арналған қарапайым силиконсыз гильзалар тағы да мемлекет тарапынан бөлінеді. Мүгедек жандардың осындай қажеттіліктеріне түсіністікпен қарап, неге көмек қолын созуға болмайды?

– Ал еліміздің протез-ортопедия саласының кәсіпорындары қалай жұмыс істейді, олар өздерінің қамқорлығындағыларды заманауи протездер және сапалы қызметпен қамтамасыз етуге қаншалықты дайын?

– Егер осы саладағы кәсіпорындар туралы айтатын болсақ, бізде олардың саны аз. Мен Республикалық протездік-ортопедиялық орталық туралы айта аламын. Бұл кәсіпорынның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте ыңғайлы ғимараты бар, оны орталық пациенттері өте бағалайды және оны тіпті "екінші үй" деп те атайды. РПОО-та көптеген жақсы және жауапты қызметкерлер, жоғары деңгейдегі мамандар бар, оларға бүкіл Қазақстан аймақтарынан көмекке жүгінеді. Мен протезге алдын ала тапсырыс беретін адам ретінде техниктерге және орталық басшылығына бірнеше рет хабарластым. Көп жағдайда біз бір-бірімізді түсіндік, мен барлық сұрақтарыма жауап алдым.

Кәсіпорынның өз мамандарын оқуға жіберетінін білемін, сондай-ақ басқа елдерден, атап айтқанда, Германия, Ресейден мамандарды өз қызметкерлерін оқыту үшін Қазақстанға шақыратыны туралы да хабардармын. Бірақ, бұл процесс одан да белсенді бола түскенін қалаймын. Өйткені медицинаның жоғары технологиялық заманауи протездерді жасау және пайдалану сияқты саласы қарқынды дамып келеді және жыл сайын көп жаңалық пайда болуда, бұл біздің өміріміздің сапасын жақсартуға, оны толыққанды етуге, ал проблемамен алғаш рет бетпе-бет келгендерге жаңа шынайылыққа бейімделуге көмектеседі. Дегенмен, барлығы әлеуметтік қаржыландыруға келіп тіреледі.

– Осы жылдың басынан бері мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарының 55 түрінің 24-не тапсырыс бере алатын арнайы порталдың іске қосылғаны туралы жарияланды, ал ТОҚ түрінің тағы 31-ін кезең-кезеңімен 2020 жылдың шілдесіне дейін енгізуге уәде берді. Сіздің ойыңызша, бұл жаңашылдық қаншалықты ыңғайлы және пайдалы?

– Біріншіден, барлық анонстарға қарамастан, портал әлі толық дайын емес. Мәселен, менің сауалыма менде ЖОБ (жеке оңалту бағдарламасы) жоқ деп жауап берді. Шын мәнінде ол бар. Екіншіден, бұл нұсқа осындай платформаларды басқара алатындарға қолайлы, бірақ мүгедектердің 90% олармен қалай жұмыс істеу керектігін түсінбейді, мүгедектігіне байланысты компьютерді немесе смартфонды пайдалана алмайды.

Протез – бұл өте күрделі механизм, және көптеген пайдаланушылар оның қалай жиналатыны туралы білмейді. Тіпті 25-30 жылдан бері протезді пайдаланатын адамдар да бұйымдар мен олардың құрамдас бөліктерін таңдау және "ретке келтіру" кезінде мамандардың көмегіне мұқтаж. Осы ретте мүгедек адамдар туралы не айтуға болады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы "мамандарды оқытамыз" деп түсіндірді. Олар мүгедектерге порталды пайдалануға көмектеседі. Алайда, бір ай ішінде оқып-білу қиындау. Бұл басқармалардың мамандары протездің неден тұратынын өздері білмейді, ал мұнда әрқайсысына жеке көзқарас қажет. РПОО мамандарының көп жылдық тәжірибесі бар, ал әкімдік жанындағы қарапайым басқарма қызметкері не істей алады?

Маған жас адам ретінде, барлығын портал арқылы таңдап, тапсырыс беру нұсқасы көңілімнен шығады, алайда әзірге адамдардың басым көпшілігі бұған дайын емес екенін түсінемін. Оның үстіне, мұндай азаматтармен жұмыс істеуде басқа да маңызды салалар бар, онда жаңа көзқарастар маңызды. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл – мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған өтемдік бұйымдарын таңдауға деген көзқарас. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің арасында болуға ұмтылатын біздің еліміз үшін заманауи технологиялық бұйымдарға басымдық берудің кезі келді. Бұл мәселеде уақыт үрдістерін ұстану порталдағы қызметтерді цифрландыруға қарағанда әлдеқайда маңыздырақ.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары