Ұшып келгендер

Коронавирустың жалы күдірейген кезде Қазақстанның әр қаласына түрлі елдерден өз азаматтарымыз оралып жатты. Анығында олардың қайтып келу сапары ұйымдастырылды. Төтенше жағдайды жүзеге асырып жатқан жедел штаб, ол негізінен үкіметтің өзі емес пе, осылай шешті. Бірін Талдықорғанға, бірін Өскеменге дегендей түрлі қалалардың әуежайына Біріккен Араб Әмірліктерінен, Таиландтан ұшақтар қонып, әр елде қалған өз кісілерімізді жиып-теріп жеткізді. Рас, арасында Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының азаматтары да болды.

Қыдырып барып сайран салған, жасырынып барып табыс тапқан, ресми жария түрде жұмыс істеген, оқып жатқан елдері енді есікті көрсетсе керек. Жаһанды жайпап жатқан қатерлі дерттен әрбір мемлекет өзінің азаматтарын сақтауға кіріскені аңғарылады. Басқа елдің өкіліне күдікпен қарайтын заман келді. Сөйтіп түрлі себеппен туған ұясын тастап кеткендер сол ұяға қайтып келді.

Оқи отырыңыз: "Тауыңды танисың ба?" Коронавирус сұрақ қоя алатын болса, талайлардан тура осылай сұрар еді

Жасырақ кезімізде "Қарындасым, қарлығашым" деген әнді жиі тыңдайтынбыз. Қазіргі сөзі мағынасыз, өзі дүбәра әндерге қарағанда мәнді де, әуезді еді. Халық әні емес, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары шыққан туынды болса да, жанды ерекше баурайтын:

Құстарыңмен келіп,

өз ұяңды көріп

Қайтпайсың ба, еркем?

Біріккен Араб Әмірліктерінен жинап әкелген қыздардың Жетісудағы Текелі қаласының жайлы шипажайының балконында тізіліп тұрған фотосын көргенде әлгі ән ... ойға орала қоймаған. Енді мақала жазу барысында ғана мидан саусақтың ұшына құйылып жатыр.

Не керек, жыл құстарымен жарысып жан-жақтан Қазақстан азаматтары қайта бастады. Құстар болса, өздерінің былтырғы ұяларын жаңалауға, кейбірі жаңадан ұя салуға кірісті. Жылы ұя оларды тағы қарсы алады. Жылда солай. Ал өздерінің еліне оралғандар осындай әсерде болды ма? Қайдам!

Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды

Ұғым тудырғандар

Ұя. Қазақтың ең жақсы сөзінің бірі. Негізі құстың балапан басатын орнын қазекем "ұя" деген. Құстың балапан басуға кіріскен кезін "ұялады" деген. Кешке қарай балапан баспаса да, ұясына қонатын құстарға да бұл ұғым тән болған.

Әдетте, ұрғашысын "ұябасар" деген. Бұл сөзді кітаптан көп кездестіргенбіз. Бала кезімізде жастанып оқыған жазушыларымыздың бірі Сапарғали Бегалин ақсақал еді. Сол кісінің "Саятшы әңгімелері" атты топтамасынан құсқа қатысты көптеген қызық деректерді кездестіргенбіз. Әрі соның талайы өзімізге көзтаныс еді.

Қазір мұндай кітаптар басылмайтын, сондықтан оқылмайтын болды. Ежелгі сөздер мен ұғымдардың естен шығып бара жатқаны жөн емес. Өйткені, сол аспан, сол құс. Бірақ оларға, олардың әрекеттеріне қатысты сөздер ұмыт қалып барады. Бұл мақаланы жазуға түрткі болған әлгі әр қиырдан көктем бойы жанталасып елге оралып жатқандар десек те, ар жақта құстар ұялайтын кездегі бірқатар ұғымдарды қайта сараласақ деген ниетіміз де жатыр.

Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз

Ұядан туындаған "ұялас" деген сөз де бар. Бір қызығы, қазекем мұны құстың бір ұядан түлеп ұшқан балапандарына қатысты айтқан емес. Аспандағы сансыз құстың қайсы қай ұядан шыққаннын кім ажыратып жатсын?! Әлгі бұрын сақина, қазір чип салып қоятын орнитолог ғалымдар болмаса.

Қазақ әдетте "ұялас" сөзін бір қаншықтың бауырында өскен күшіктерге қатысты айтатын. Бұл да байқампаздықтан туған ұғым. Өйткені, олар есейіп төбет болғанда ешқашан бір-бірімен таласпайды. Тіс батыратындай жағдай туындап қалса, екеуі екі жаққа бұрылып кетеді. Осыны өмірдің өзінен көрген қазекемнің "ұялас" деген сөзінде үлкен мағына жатыр.

Қазақтың бейнелі тілі арыда туған үйден, ауылдан өзге жақта өмір сүруге кеткендерді, беріде оқыған мектеп пен институттан өмірдің кезекті сатысына аттанғандарды "ұядан ұшқандар" деп теңейді. Ұстазға айтылатын "Ұшырдың баптап ұядан" деген өлең жолы соның айғағы.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

"Ұшқан ұя" – біртуар тұлға Бауыржан Момышұлының кітабының аты. Жетпісінші жылдар ортасында Алматыда шығып, авторға осы еңбегі үшін республиканың Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал негізі бұл кітап екінші дүниежүзілік соғыс біте сала орыс тілінде жазылған. Он жыл ешбір баспа жарияламай қойған. Ақыры жұлмалап барып қиырдағы Калининградтың бір баспасы шығарып беріпті. Кейін ғана толық нұсқасы оқырмандарға жеткен.

Орысша "Наша семья" аталған романды Баукең ана тілінде "Ұшқан ұя" деп жазғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Қаізргі дәлдүріш аудармашының қолына тисе "Наша семья" бар болғаны "Біздің отбасы" болып шығар еді. Тіпті, сорақы түрде, жойдасыз жауапсыздықпен "Біздің жанұя" деп жаза салар еді. Ал біртуар Баукең ана тілінің қасиетін білген, сақтаған. Сондықтан өзінің түп-тамыры туралы ерекше кітапты "Ұшқан ұя" деп үкілеген.

Атасы мен әжесі, одан әкесі мен әпкесі туралы ғажайып естелікте қазақтың бүкіл мінез-құлқы, дархандығы мен даналығы жатыр. Соның бәрінің сақталған жері – ұя. Содан қыран болып самғап ұшқан батырдың сағынышы мен мақтанышы қоса өрілген. "Ұшқан ұяң сені әрдайым күтеді, қай кезде қайта оралсаң да баяғыдай құшағы ашық" деген пәлсапаға негізделген керемет тәрбиелік кітап бұл.

Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған

Ұя жасағандар

Ауылда өскендіктен ұяның да түр-түрін көрдік. Көп еңбекпен салынатыны, берік те сенімдісі, әлбетте, қарлығаштікі. Ол ұя сенің көз алдыңда салынып жататыны ғажап. Қадыр Мырза Әли жарықтықтың ауыл туралы өлеңдерінің бірі мынандай еді:

Құсбегі қарттар көп мұнда,

Құмары әлі қанбаған.

Қазақтың үйі жоқ мұнда

Қарлығаш ұя салмаған.

Қазір қарлығаштың ескі ұялары болмаса, құстың өзі қазақ даласында сиреп кетті. Қала маңдарына келуді қойды. Жалпақ еліміздің оңтүстіктегі төрт облысында бұрын қарлығаш ұшатын аспанды қазір ғылыми аты – майна, ел ішінде "афганка" аталатын сүйкімсіз бажылдақ құс жаулап алды. Бұл сұмырай ешқашан еңбектеніп ұя салмайды. Өзінің әлі жететін құстардың ұясын тартып алады. Ондай дайын тұрған ештеңені таппаса, кез-келген қуысқа жұмыртқалай береді. Қасиетсіз екені осыдан-ақ аңғарылмақ. Сол қасиетсіздігінен ғой шектен тыс көбейіп кеткені.

Құстардың көбі ағашқа ұя салады. Анығында оны жасайды. Бұтақтарды жинап, қиюластырып қояды. Мұның бәрін тұмсығы арқылы жасайтынын ескерсеңіз, қос қолы, қолында балтасы мен арасы бар адамның әрекеті ойыншық болып қалмақ.

Оқи отырыңыз: "Құлақ" – қоңыр қаз, "мүйіз" – қоқиқаз

Ұя салудың шынайы шебері құрқылтай ғой. Ағаш бұтағына төмен қарай салбыратып салған бұл ғажайып құрылыс былай қарасаң тым нәзік. Бекітілген бұтағы да, ұяның ұшын тіркеген шыбағы да үзіліп кетердей. Одан әрі құрақтан алмұрт жемісі пішіндес тоқылған ұя салбырап тұрады. Бірақ сол нәзік нәрсе бірнеше жұмыртқа мен оны басып отырған құстың өзін құламай көтереді. Таудың желіне шыдайды, нөсерден сақтайды. Адам баласына физика мен геометрияны ұстаздар қазір тоқпақтамаса да, зорға оқытады. Ал әрбір құрқылтайдың осы физика мен геометрия заңдарын миына тоқып туатыны ғажап.

Өкінішке орай, қазір Қазақстанның оңтүстік аймақтарына бұл құс ұялауды азайтты. Сол аз ұяның өзін қазір адамдар алып кете бастады. Әлдебір ауруға ем деседі. Біздіңше, ешқандай ем емес. Қайта құстың ұясын бұзғандар ауру үстіне ауру жамайды. Өйткені, кішкендей құстар өзіне әлімжеттік жасаған адамды қарғайды деген атамыз қазақ.

Торғай-торғай атым бар,

Кіп-кішкентай затым бар,

Мені өлтіргендерің

Ата-анаң өліп, жетім қал!

Құстың тілін қазақ тіліне аударғанда осындай өлең шығады деп отыратын әжеміз жарықтық. Құрқылтайдың ұясын саудаға салғанның бәрінің ойында осы өлең жүрсе дейсің.

Қазақтың жақсы көретін құстарының бірі бозторғай ши мен қарағанның түбіне жұмсақ шөп төсеп, ұя жасайды. Оны да бала кезімізде көп көрдік. Үлкендер оның жұмыртқасын жарғызбайтын.

Оқи отырыңыз: Тарбағатайға Тәңір сыйлаған алқа

Баланы тыю үшін аздап қорқыту қажет. Қорқыту – бейбастақ әрекетке барғызбайтын психологиялық кедергі іспетті. Бұл орайда балаларға арнап "бозторғайдың жұмыртқасын жарсаң, бетің шұбарланып қалады" деген ұғым қалыптастырған қазақ дана халық қой.

Бозторғайдың ұясы туралы өлеңді мектепте-ақ жаттап алғанбыз. Махамбетті оқыған жылы.

Аспандағы бозторғай,

Бозаңда болар ұясы,

Бозаңның түбін су алса

Қайғыда болар анасы.

Қара лашын, ақ тұйғын,

Қайыңда болар ұясы

Қайыңның басын жел соқса,

Қайғыда болар анасы.

Беріде тағы бір тамаша ән туған. Жиі шырқалатын. Кейінгі той әндерінің құла тасқыны көміп кетті ме, қазір эфир мен сахнадан айтылмайтын сияқты. Бірақ құс пен оның даласының арасындағы берік те нәзік байланысты дәл суреттейтін ән еді:

Аяздарға тонбайсың ба, бозторғайым?

Өз ұяңа қонбайсың ба, бозторғайым?

Ерте көктемде, Қалихан ағамызша айтқанда, шыбын шықпаған, шыбық күшіктемеген шақта пойызбен жүрсеңіз, Шу мен Алматы арасындағы қарағаштардан сансыз ұяны көресіз. Кешікпей құстар соған оралады. Ол кезде ағаш жапырақ жайып, онысы күннен күнге қалыңдап,әлгі ұяларды сырт көзден жасырады. Осында балапан шығады. Ол үлкендерге еріп, көктемде осы аймаққа оралады. Үлкендері дайын ұяға келсе, жастары жаңадан жасайды. Қалай жасауды еш университет оқытпаса да, еш шебер көрсетпесе де. Табиғи түрде. Ол ілім-білімнің бәрін құстар жұмыртқаға құйып кеткен. Балапанның бойына сол ақ жұмыртқа, сары уыздан дарыған.

Оқи отырыңыз: Жүрекке жақын ағаш

Тапқырлық танытқандар

Ұя қалса иесіз,

Айдын үшін сол қайғы, –

деп өлең жазған кезінде Есенғали Раушанов. Оны гитарамен Әміржан Қосанов орындағанда Шерхан Мұртаза бастаған бүкіл "Егемен Қазақстан" газетінің редакциясы тебіреніп отырар едік. Енді айдын үстіндегілердің қалай балапан басуға дайындаларын сөз етелік.

Су құстарының көбі қалың қамыс арасындағы тақырлау аралдарға ұялайды. Қауіпсіз. Әйтпесе түлкі бастаған түз тағылары ұядағы жұмыртқаға да, ұя басып отырған құстың өзіне де өш келеді. Бұларға азық керек. Ал құстарға аман-сау балапан ұшыру керек. Тіршілік үшін күресте толас жоқ. Ертеректе Қадыр Мырза Әлидің шекарашылар туралы өлеңінде "Құзғындар жүр бомбасын саңғып көкте, ...өліп кетсең өліп кет, қалғып кетпе" дегені тура ұя басып отырған құсқа арналған сияқты.

Қорғалжында, Алакөлде мұндай аралдардағы ұяларды көп көрдік. Арал болмаса да, қалың қопа-қамыс арасынан құрғақтау жер тауып, соған кейбірі құрақтан, кейбірі саздан ұя жасайды. Лашық тәріздес етіп жасалған ұя да болады. Қанаттылардың тапқырлығы қазіргі сәулетшілердің ізденісінен кем болмаған.

Оқи отырыңыз: Шай мен шәйі

Ірі құстар балапан басуға қолайлы болу үшін оны үлкен етіп жасайтыны түсінікті. Ал әлемдегі ең дәу ұя қай құстікі? Құстар ішіндегі денелі, сөз жоқ, түйеқұс. Бірақ оныкінен анағұрлым үлкен ұя салатын құс бар. Салмағы түйеқұстан бірнеше есе кіші, ал ұясы бірнеше есе үлкен. Бұл – Австралияның жергілікті тұрғындары тостағанкөз атайтын құс.

Иә, көздері бадырайып, төңкерілген тостағаннан аумайды. Шарасына зорға сыйып тұрады. Өзі тауық тұқымдас. Сондықтан тұрқы кәдімгі қораздан көп аса қоймайды. Ал жерге қазған ұясының ұзындығы үш метрге, ені бір метрге жетеді. Әрі шаңырақ тәріздес етіп төбесін жауып қояды. Тырнағы мен тұмсығына сенген тостағанкөзде күрек пен қайла жоқ болса да, амал мен айла бар. Бұл құс балапан басып зарығып отырмайды. Ұяның ішін, төбесін ескі жапырақ пен шөпке толтырып, ішіне жұмыртқалаған соң енді сыртында жүреді. Анау шөп шіріп, ұяда ауа ысиды. Осы ыстықта жұмыртқа өз-өзінен шайқалады. Сөйтіп уақтылы мезгілде балапан шығады. Тостағанкөздің міндеті – ауаның не шектен тыс қызып кетпеуін, не ысымай қалмауын бақылауда ұстау. Әлбетте, қанатының астына тығып жүрген өлшегіші жоқ, ең қажет температураны сақтауды ол да оқымай біледі. Адамдар беріде инкубатор жасағанын мақтан етеді, ол инкубаторды тостағанкөз ықылым заман бұрын жасап қойған.

Оқи отырыңыз: Кеңістік үшін күрес

Ұяны ұмытпағандар

Хош. Сөзімізді адамдардан бастап едік, құстардың ұясы туралы толғанысты осымен тәмамдап, қайта адамзатқа ойысалық.

Жан-жаққа тарап кетіп, енді коронавирус қыспаққа алған кезде Қазақстанға оралғандарды айыптау артық. Адамның қысылғанда жан сақтар жері болуы керек. Ол – ұшқан ұясы. Сол сияқты жан-жаққа тарағандардың зердесінде өздерінің қайдан шыққаны жайындағы ақпарат мәңгі сақталуы тиіс.

Ұяны ұмытпаудың мысалын әркезде көріп келеміз. Мына коронавирус тұсында өзінің туған ұясында қалғандарға қамқорлықты талайлар танытып жатты. Біз бір мысалмен шектелейік. Ағылшынның Премьер-лигасының ойыншысы Мұхаммед Салах Мысырдағы ауылдастарына мың тоннадан көп азық-түлік жолдаған екен. Осылайша коронавирустан зардап шеккен ұяластарына көмектесіпті. Ауылда тұратын жерлестері бұған ризалық білдірген. Көмек азық-түлікпен шектелмеген. Бүкіл ауыл Мұхаммед Салахтың қаржысына зарарсыздандырылған. Әрі медициналық тұмылдырық таратылған.

Ұяңды ұмытпа!