Прямой эфир Новости спорта

Шай мен шәйі

alquds.com сайтынан алынды
alquds.com сайтынан алынды
Көрші елден әкелінетін: бірі – көңіл ашар, бірі – көрік ашар екі нәрсе біздің тұрмысымызбен қатар тілімізге мықтап орныққан.

Көңіл ашар

Онда Париждің атақты соборы өрттен аман тұрған. Сол маңайдағы мейрамханалардың бірінде журналистерді үлкен компания қонақ еткен. Тамаққа, сөз бен музыкаға тойып, жатар жерге қайттық. Бірінші қабаттан бөлме-бөлмеге тарағалы жатқанымызда кілең қаракөздің ортасындағы жалғыз Олеся Колесниченко қазақша "Өзіміз қалып шай ішпейміз бе?" десін. Мейманхананың 24 сағат дайын тұратын шайханасына отыра қалдық. Жай шай ішу тұрмақ... "Өзіміз қалып шай ішудің" әлдеқашан қазақтың дәстүріне сіңіп кеткенін сонда аңғардық.

Шай қазақ ішінде белгілі бір дәрежеде тұрмыстың өлшемі сияқты. Кеңес заманында ауыл жұмысшылары – грузиннің тақта шайын, ғалымдар, партия мен кеңес қызметкерлері – үндінің бұйра шайын ішетін. Екінші тізімге қаламақысы жоғары жазушылар да қосылса керек. Иран Ғайыптың Асқар Сүлейменовке арналған өлеңінде "үнді шайын ішетін сүтке салып" деген жол бар еді.

Кедей, күйсіз уақытты қазақ "қара суға қарап қалды" деп сипаттайды. Бір шөкім шайға зар болған соғыс жылдарындағы әжесін Мұқағали қалай сипаттаған:

Алдында – ақ су,
Шәй қайда!..
Ауылы оның шалғайда.

Шай – бақуат тұрмыстың белгісі болғанына "Біржан мен Сара" айтысындағы мына жолдар дәлел:

Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.

Өзіміз де күнінен бір-екі рет шай ішуді әдет еткенбіз. Қай бір жылы Пәкістанға барғанымызда дұрыс шай іше алмай қиналғанымыз есте.

Есесіне Англия мен Қытайда қанша және қандайын ішемін десең, алдыңда тұрады. Осы екі мемлекет әлемдегі ең шайқорлар саналады.


Шай жапырағын жинаушы әйел

Шай жапырағын жинаушы әйел / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Ағылшын аралына шайды алғаш апарудың тарихы қызық. Саудагерлермен бармаған. Қыздың жүгімен жеткен. Кезінде еуропалықтарда, жай емес ақсүйектерінде күйеуге кеткен қыздың жүгін беретін салт болған.

1662 жылы Англия королі Карл ІІ Португалия королінің қызы Екатерина де Брагансты алуға келісім береді. Иә, қыз емес, жігіт үйленуге келіскен. Демек, мәселе махаббатта еместігі аңғарылады. Португал монархы қызы ағылшын монархына күйеуге шықса, оның жүгі ретінде 500 мың фунт стерлиг беретінін мәлімдейді. Міне, бойдақ билеуші ақшаға қызығады. Өйткені, қарызы бастан асып кетіпті.

Сонымен қалыңдық, оған ілесіп жүгі келеді. Осы кезде Карл ІІ шашын жұлыпты дейді. Өйткені, ол қапшық-қапшық алтын мен күміс күтсе, португал жағы қыздың жүгі ретінде кемеге негізінен қант-шай тиеген екен. Қызбен қоса ақшаға қарық боламын деген корольге енді үйленуден бас тартуға кеш. Қаперінде ештеңе жоқ қалындық той үстінде дәстүрлі шарап емес, қою-күрең ыстық шайды ұрттап, жайдары отырған деседі. Сонда ағылшындар бірінші рет шай ішіп, үш жарым ғасырда шайқорлық жағынан Қытаймен теңдеседі.

Ал қазақ пен ағылшынды қатар отырғызып шай ішкізген көріністі білесіздер ме? Қазіргі шекаралар ашылған кезеңде емес. Мына сұрағымыз "темір шымылдық" заманына қатысты. Бастарыңызды көп қатырмай, өзіміз айтайық. Мұндай көріністі бала кезімізде Қасым Аманжоловтың өлеңінен көргенбіз. Иә, фото емес, картина емес, сөзбен салынған сурет. Көз алдыңызға елестетіңіз:

Қолында Шекспирдің күміс кесе,
Жанында біздің Мұхтар тізерлесе.
– Жазсаңыз, – дейді Мұхтар Шекспирге, –
Қазақтың өмірінен бір пьеса.

"Темір шымылдық" тұмшалаумен қатар "қызыл репрессия" қан қақсатып тұрған 1938 жылы жазылған шығарма. Жамбыл ақсақалдың ауылындағы тойдың ақын қиялындағы көрінісі. Күміс кесемен қатар шай ішіп отырған ағылшын мен қазақ классиктері, пьеса жанрының пайғамбарлары сипатталған өлең біздің балаң санамызға сұмдық әсер еткен.

Хош, басқа классик Мұқаң (Мағауин) айтпақшы, қотанымызға оралайық. Португал елі шаймен одан бір ғасыр бұрын таныс болған. Келуш деген пірәдар556 жылы Қытайға дін таратуға келген. Төрт жылдан соң қап-қап шай мен жәшік-жәшік шәйнек пен кесе тиеп қайтыпты.

Бұл деректерге Қытайдағы Шай жапырағы музейінде қанықтық. Жап-жасыл парк сияқты екен. 5 гектарға жуық жерді алып жатыр. Музей, Шайды насихаттау халықаралық орталығы мен зертханалар ғимараттары шатырдың етегі қайрылған ежелгі қытай стилімен салынған.


Автор шай сапасын тексеруде

Автор шай сапасын тексеріп отыр / Сурет Қ. Олжайдың мұрағатынан алынды


Ауласында қолына кесе ұстаған қарияның ескерткіші тұр. Екі жеңі кеңдіктен салбыраған шапан киген. Шапанның етегі мен жеңдері таңғы желмен желбірей қалыпты. Самалға бетін тосқан шошқа сақалды жүзінен соншалық рахаттанған сезім аңғарылады. Екінші қолында шиыршықты қағаз. Онда өлеңді осылай жазатын. Шапанның желбіреген етегінен әріде үш сирақты қазандық үстіне тұмсығы шошайған шойын шәйнек қойыпты.

Бұл – "Шай туралы ұлағат" кітабын жазған Лу Юя деген ғұлама көрінеді. Тастанды сәби екен. Жағада қаздар қанатымен қорғалап аман алып қалған соң Лу ("құрылық") мен Юя ("мамық") сөздерін қосып есім берген.

Монахтар тауып алған тастанды солардың арасында өмір сүрген. Бала кезден монастырь тұрған Гучжу тауын аралап, өсіп тұрған шай бұтасын зерттейді. "Жасыл жапырақтан гөрі қызғылт-қоңыры шығымды" деп тұжырған. "Жапырақ неғұрлым ширатылып қалса, соғұрлым хош иісі сақталады" деп анықтаған. Император үшін арнайы "Күлгін бүршік" атты шай жинаған. Ақыры, біздің дәуіріміздің 780 жылы аталмыш кітапты жазып, Қытайдағы шай мәдениетін қалыптастырған.

Ханчжоу қаласындағы бұл музей шын мәнінде ғылыми-зерттеу орталығы іспетті. Шайдың пайдасы, оны қалай ішу керектігі жөнінде мыңдаған еңбектер жинақталған. Тарихына қатысты жүздеген кітап жазылыпты. Шай мен оны ішу кезі бейнеленген картина мен бұйымнан көз тұнады.


Шай жапырағы музейіндегі мүсіндер

Шай жапырағы музейіндегі мүсіндер / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Шәйнек пен кесенің жеті атасы жиналған. Тас, қыш, фарфор, ағаш, қалайы, күміс пен алтын шыны-аяқтар бұл елде шай ішу мәдениетінің қаншалықты және қалай дамығанын айғақтайды.

Оған қазіргі термостарды қосыңыз. Иә, біз көрген қытай атқамінерлерінің бәрі жамбасына өз термостарын байлап жүрді.

Мұражайдың ең басты байлағы – шай. Мұнда Лу Юя заманынан бері өсірілген шайдың 300-ден астам түрі жиналған.

Бізде... қымыз музейі бар, онда оның түрлері, саба, торсық, тостағаны жиналған деп айта аласыз ба? Сөйте тұра "рухани жаңғырдық" деп жаһанға жар саламыз-ау.

Көрік ашар

"Құс болсаң жібектен бау тағар едім". Осы халық әнін тіпті, өзбектің "Ялласы" да айтқан. "Шашбау түгіл дамбалым, Бауы жібек диуана". Бұл атақты "Алпамыс батыр" дастанындағы Бадамша мен диуана болып келген Алпамыстың айтысынан.

Неге көз жеткіздік? "Жібек" сөзі қазақта ықылым заманнан бар екендігіне. Жібек – шай сияқты бізге көрші елден бейбіт кезде сауда-саттық, жаугершілік уақытта олжа түрінде келген пайдалы нәрсе.

Жібек матасының да отаны – Қытай. Оның тарихы мен пайдасын баяндамас бұрын осы заманғы бір оқиғаны айта кетелік.

Шанхай қаласында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан қарқынды салынған Пудун атты аудан бар. Әрбір ғимараты ерекше. Осында ортасы шар, екі жағы жартылай шеңбер түрінде салынған еңсесі биік Ғылым мен техника музейі тұр .

Үш бөлімді музейдің бірінші қабатына жер бетіндегі жан-жануарлардың, тіпті керік пен арыстанның, өзімізге таныс арқар мен қасқырдың мүсінінен бастап әлемнің барлық көбелектері мен құстары, қоңыздары мен өрмекшілері қойылған. Бәрі қозғалады, жай емес өздеріне тән қимылмен ыршиды, бұғады, ұшады, қонақтайды, өрмек тоқиды, бірдеңені домалатады. Ырылдап, қырылдап, ызыңдап, пырылдап табиғаттарына тән дыбыстар шығарада. Қаласаңыз тірі жылан мен кесірткені, бүйі мен бақаны да көресіз.

Келесі қабаттағы ғарыш техникасы мен диджитал технология жетістіктерін санап тауыса алмайсыз. Біз Байқоңырдан ұшқан зымырандардың макетін ашық аспан астына қойдық. Мұндағы залдарға солар тұтасымен сыйып кеткен. Бір жерде робот сізбен үстел теннисін ойнайды. Келесі робот-кеденші контрабанданы қас-қағымда анықтайды.

Бұл музей ашылған 2001 жылы Шанхайда Азия-Тынық мұхит елдері ынтымақтастық ұйымы конференциясы өткен. Делегация басшылары музейді аралауға ресми шақырылған. Тек әрбір елдің басшысы алдын-ала тігіліп, өздеріне таратылған жібек киіммен келуі керек. Бұл киімдер Тан династиясы патшалық құрған дәуірдегідей екен. Тан дәуіріндегі матаны алда сипаттаймыз.


Жібек матадағы өнер туындысы

Жібек матадағы өнер туындысы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жібекті қазақ даласы сауда керуендері арқылы Қытайдан алған. Және оның түр-түріне ат қойған. Жібек – ортақ атауы болса, одан торғын, баршын, қамқа, шәйі, шағи, дүрия, торқа, сиса, т. б. болып бояуы мен тоқылу сапасына қарай бөлінеді.

Мұның бірқатары қазақ жыраулары мен ақындарының аузына іліккен. Әлбетте Бұқар бабамыздан бастауымыз керек:

Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.

Қамқа – жібектің қатты, тығыз тоқылған түрі. Түлкі, тіпті қасқыр терісінен тігілген тонның сыртын осы қымбат матамен қаптаған. Ханға арнайы тіккен. Кім білсін, басқаларға мұндай қамқа тон киюге болмаған да шығар. Қазақтың ол заманда этиканы қатты сақтағаны талассыз.

Енді жібектің келесі түріне келейік. Ол Бұқар жыраудан берідегі ақынның тіліне қалай оралды екен? Ортасына бой бермеген, билікке бас ұрмаған Жаяу Мұсаның:

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Жарасар қамзол сұлу, белін қиса, – деген өлеңін бүгінгі ұрпаққа түсіндіру беру керек. Бұл – өзі ақ, өзі тығыз, өзі жалтыр жібек матадан тігілген ұзын көйлектің сыртынан белін қынай тігілген камзол киген қыз.

Тағы бір атауы "шәйі" – жібектің босаң тоқылған түрі. Қазақ поэзиясында бұған да мысал табылады:

О балалық, күндіз түгіл түні күн,
Қымбат елге қылығың мен құлығың.
Шәйі жібек шілтерідей селдірім,
Тамып түскен таңғы шықтай тұнығым!

Кім жазғанын бірден айта салайық. Қадыр Мырза Әлиден адамның үш кезеңі: балалық, жігіттік және кәрілік туралы теңдессіз өлеңдер топтамасы қалған. Соның бірінші бөлігінен.

Қадыр не, одан бірнеше ғасырлар бұрынғы халық әні ше? Әлгі "Дос-Мұқасанды" әлемге әйгілі ететін туындылардың бірі:

Ауылың сенің іргелі,
Шәйі көйлегің бүрмелі..., – емес пе!

Қазақтың қыздары міне осылай жібектің шәйі, сиса сияқты қымбат түрлерінен көйлек тіккізген. Ал ең қымбаты – баршын, оны кей жақта "парша" деп атайды. Өйткені, жібек талшықтарының ортасына алтын жіпті өрнектер қосылады. Қытай шежіресіне қарағанда алғаш рет мұндай мата тоқуды Шыңғыс хан талап етіпті. Шатыры мен тағының қаптамасы баршыннан болған. Әулетіндегі барлық әйелдер мен қыздарға осы матадан көйлек кигізген.


Қытайдың дәстүрлі жібек көйлегі

Қытайдың дәстүрлі жібек көйлегі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Баршын (парша) бес түспен тоқылған. Қара – суды, ақ – металды, жасыл – ағашты, қызыл – отты және сары – жерді білдіреді.

"Алпамыс батыр" жырындағы оның әйелі Гүлбаршын есімі сол жібекке алтын жіппен гүлдің өрнегін салудан шыққан. Келесі жібек түрінен қойылған есім Бейімбеттің классикалық туындысының атауында тұр – "Шұғаның белгісі". Жібектің өзі қайталанбас дастанымыздың кейіпкерінің есімінде мәңгілікке қалды – "Қыз Жібек"!

Жібек тоқуды Қытай компас пен қағаздан бұрын ойлап тауыпты. Өлген адамды жібекпен қабаттап орап барып көмген. Өйткені, жібекті беретін құрттың өзіне қалай қауашақ жасайтынын күнде көретін.

Жібекті бірінші тоқыған қазіргі Сычуань аймағындағы Си Лин тайпасында туған Лэй Цзу есімді қыз деседі. Орманда шай ішіп отырғанда кесесіне бірнеше тұт ағашы құртының қауашақтары түседі. Қыз қауашықты ораған нәзік жіпті тарқатады. Сосын өрмек тоқыған өрмекшіге қарап отырып,әлгі жіпті солай тоқиды. Күйеуге шыққан соң қайын жұртына бұл өнерді үйретеді.

Содан бастап адамдар тері мен жапырақтан жасаған киімді тастап, жібектен киюге көшіпті. Лэй Цзуды беріде Жібек тоқушылардың жебеушісі санайды. Қытайда ғана емес, одан әрі Корея мен Тайландта табынады. Жыл сайын сәуір айында оған арналған мереке өтеді.

Жібекті тоқитын ағаш аспаптар Цинь дәуірінен пайда болды. Оның тасқа басылған барельефтері бірнеше рет табылды.


Жібек тоқитын ағаш станоктар

Жібек тоқитын ағаш станоктар / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Тан әулеті билеген кезде (618-907) жібек жаппай бояла бастады. Оған ағаш пен оның тамырынан алынған бояулар қолданылды. "Тан юйлин" жазбасына қарағанда Сюань Цзун деген императордың кәнизәгінің кішкене сіңлісі екі ағаш тақтаға бояу жағып, жібекке екі жағынан басқан дейді. Сөйтіп сәнді мата шыққан. Боялған жібек дереу шетке: қазіргі Шыңжаң мен Тұрфан, қазақ даласы мен Памир, Кавказ таулары аумағындағы халықтарға сатыла бастады.

Қытай дайын жібекті сатқанмен, оны өсіру құпиясын сақтауға тырысты. Құртты, жұмыртқасын, қауашағын, тұт ағашын басқа жаққа апарғандар өлім жазасына кесілген. Бірақ, тағы сол қалыңдық құрғырмен шекарадан шығып кеткен.

Қытай қызы Хотан билеушісіне тиіпті. Қу жігіт "Біз жақта жібектен басқаның бәрі бар, оның мәселесін өзің бірдеңе етіп шеш" дейді. Жүрегі елжіреген қалыңдық патшаның жарлығына қарамастан тұт ағашының тұқымы мен жібек құртын шашына тығып бөтен елге апарыпты. Одан әрі құпия әлемге әйгілі боған.

Жібек құрты жұмыртқадан, ал жұмыртқасы көбелектен шығатын белгілі. Бастапқыда бұл әр ауылда түнде отқа ұшып шығатын жынды көбелектен туыстас болыпты. Бірақ, қытайлар мың-мың жылдар қолда ұстағанның нәтижесінде кейін ұшатын қабілеттен айрылған. Жейді, шағылысады, жұмыртқалайды. Одан шыққан құрт өзін қауашыққа айналдыру үшін сілекейін орай бастайды. Жібек деген – осы. Бір құрт шамамен 1 шақырымдық жіп береді.

Сөз соңында салыстыру үшін бір мысал келтірейік: біз сияқты ер адамның мойындағы галстугі үшін 111 қауашақ тарқатылады. Әйеліміздің үстіндегі жібек кеудешесі 630 қауашақтың жібіне тоқылған.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров