Супер кептер самғайды
Тегін тамақ тапқандар
Туған жер кімді өзіне тартпайды дейсіз. Жыл сайын бір-екі рет туған жерге барып қайтамыз. Автокөлікпен. ХХІ ғасырдың басында Алматы – Талдықорған – Үшарал – Аягөз – Ақсуат бағытымен бір рет күз мезгілінде сапарға шыққанбыз. Түн болып қалғандықтан, Үшарал мен Аягөздің арасындағы Таскескенге түнеуге тура келген. Онда құдамыз тұратын. 49 жыл жалға алған жері, соған сай дөңгеленген шаруасы бар іскер кісі. Күнбағыс егіп, дәнін май сығатын цехқа өткізетін.
Ет пен шайдың арасындағы әңгімеде құда кей күндері қалың көгершін алқаптағы күнбағыс дәнін жеп, тойған соң ұшып кететінін айтып қалды. Қайдан пайда бола қалатынын білмейді екен. Біз де бұл жәйтті бірінші рет естігенбіз.
Оқи отырыңыз: Ларри Теслер. Шиыршық ғұмырдың шегі
Кейін мәселенің мән-жайын құстарды зерттейтін Николай Николаевич Березовиковтың арнайы журналға шыққан ғылыми мақаласынан білдік. Бұл кісі – Алматыдағы Зоология институтының ғалымы. Оның жазуынша, 1995-2005 жылдары күзгі айлар мен қыстың басында Мақаншы мен Үржар арасындағы егістікке Қытайдың Шәуешек қаласынан көгершіндер қаптаған. Дәнге тойып, бесін ауған соң өз елдеріне қайта ұшып кетеді екен. Біздің құдамызды аң-таң етіп, маңдай термен еккен дәніне дәндеген дәл осы құс екен.
Ғалым зерттеуіндегі Қытайдың жем іздеген көгершіндері Мұқағали ақынды еске салған:
Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
Терезеңнің алдына келіп тұрмын
Көгершіндей қысты күн жем іздеген.
Құдамыз сияқты көптеген шаруалар күнбағыс дәнін Қытайға саудалайтын. Оның сыртында әлгі елдің көгершін өсіргіштері жемге кететін шығынды азайтудың жолын тауыпты. Құстары бергі бетке өтіп, тегін жемге тойған соң кері ұшады екен.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы
Жалпы, қанаттылар үшін шекара деген ұғым жоқ. Бұл туралы жас кезінде ақын Темірхан Медетбек "Шекараны білмейді шекарадағы торғайлар" деп өлең жазған. Балапаны үшін шырылдайтын торғай шекараның ана жағынан да, мына жағынан да ұясына жем таситыны туралы. Сол өлең шыққалы жатқан кітабы қайшыға түскен. "Кеңестік шекарадан торғай да, тышқан да өте алмайды" деген ғой сол кезде баспаның бас редакторы қызметінде отырған бұрынғы майдангер-шекарашы. Өлең жұлынып, парақ туралып, жас ақынның жаны жараланғанмен, құстар одан қорытынды шығармады. Тегін тамақ үшін шекарадан әрі-бері өтіп жатты.
Бұл жағдайды еске түсірген – 2019 жылдың күзінде тағы да Шығыс Қазақстан облысында, тек енді Марқакөл мен Қатонқарағай өңірінен байқалған Қытай көгершіндері. Үржар-Таскескеннің дәнге жомарт алқаптарына олар топталып келсе, Марқакөл-Күршім маңайында бірлі-жарымдап жолығып жатыр.
Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға
Әрі "бұлар қалай пайда болды" деп біздің құдамыз сияқты таңырқаудың қажеті шамалы, мыналардың аяқтарындағы чип мен пластик сақина қайдан келгенін көрсетіп тұрды. Бұл жолы жан-жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері әлгілерді "Қытайдағы жарыс кезінде адасып кеткен спорттық құстар" деп тұжырды.
Қытайдың мұндай спорттық көгершіндерінің өз елінен адасып кетуі Ресейде де байқалды. Қиыр Шығыстағы Еврей автономиялық облысында бір рет Жапонияның, бірнеше рет Қытайдағы Ішкі Монғолия аймағының көгершіндері жергілікті тұрғындардың қолына түскен.
Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтарОны "шпион құстар" деп біздің марқакөлдіктер сияқты орыс деревнясының тұрғындары біраз дүрліккен. Мамандар келіп, мән-жайды анықтаған. Тіпті, Қытайдан адасып келгенінің иесі табылып, еліне қайтарылыпты.
Бизнестің бабын білгендер
Қытайда болған, аз-маз оқыған кезімізде бірнеше нәрсеге көңіл аударғанбыз. Біреуі – шаян жеу мәдениеті туралы. Екіншісі – ләңгі ойыны туралы. Мынау – көгершін жарыстыруға құмарлық – көңілге түйіп кеткен сондай тақырыптың бірі. Марқакөлге адасып тап болған көгершіндер дәл осы жәйтке қалам тартуымызға түрткі салды.
Бұл елде кәрі демей, жас демей бәрі ежелден кептер асырауға құмар. Мин әулеті билік құрған тұста, демек 1421 жылдан бастап көгершінді хат тасуға қолданған. Ал оларды жарыстыру одан да бұрын болған деседі зерттеушілер.
1984 жылы Қытай көгершін жарыстырушыларының қауымдастығы құрылған соң бұл іс дүркіреп дамыды. Бастапқыда бір ауладағылар, таныстар оны ермек етсе, біртіндеп жарыс ауқымы да, оған қатысатын құстардың саны мен сапасы да еселеп өсті. Бұл жағдай Қытай экономикасымен тура пропорционалды десек, еш қателеспейміз.
Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз
Бір кезде ауыл шаруашылығын тірек еткен ел ХХ ғасыр соңында ересен урбанизацияға кірді. Өмір өзгерді. Осы тұста көгершіндер жарысына жаңа леп келді. Экономикалық еркіндіктің арқасында байып алғандар бұл істі ұйымдастыруды қолға алды.
Жарыс шарты жедел өзгерді. Қорытынды шығару, яғни жеңімпаз көгершінді анықтау ережелері жаңадан бекітілді. Ең бастысы – бәйге қорына өте қомақты сыйақы қойылатын болды. Бұл талайлардың көкейін тесті. Бұрын әркім өз кептерлерін жеке ұстаса, енді ірі қалаларда ортақ көгершін алаңдары пайда болды. Бұлар қазір іс жүзінде кептер кәсіпорнына айналды.
Жоғары дәрежедегі жарысқа көгершін қатыстыру талабы да өзгерді. Кептерді төзімге, жарысып ұшу техникасына баулу енді арзанға түспейді. Жаңа жабдықтар қажет болды. Әр құсқа электронды сканер жасайтын сағат, GPS бағдар анықтауыш пен интернет байланысы керек. Бұған сапалы жем мен құс дәрігері қызметін және спорттық кептерді ұшып шығатын жерге дейін жеткізу көлігін қосыңыз.
Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр
Бейжиндегі ортақ көгершін кәсіпорны 713 шақырымдық жарысқа 1 мың 400 көгершінді бірден қатыстырғанын көргенде көзіміз шарасынан шыққан. Міне, осы жерде әрбіріне электронды сканер сағат керек. Дау-дамай шықпауы үшін. Біздегі 30-40 ат қатысқан бәйге көз алдыңызда өтіп жатқанның өзінде ара-тұра талас туады. Ал мың жарым көгершіннің жарысын қатесіз есептеуге тек жаңа технология мүмкіндік бермек.
Әркім келіп көгершінін өсіретін, баулитын және жемдейтін, ақыр аяғында жарысқа шығаратын кептерхана саны мемлекет аумағында жүз мыңға жетіп қалды. Анау-мынауда Бейжинді менсіне қоймайтын Шанхайдағы бір көгершін алаңы 800 шақырымдық жарысқа мың жұп, яғни екі мың кептер шығарады.
Осының бәрі бір кездегі жай әуесқойлықтың орнын мол ақшалы бизнес басқанын аңғартты.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы
Жарысқа жанын салғандар
Көгершін жарыстырудың өзі бастапқыда бірнеше түрлі еді. Біздің елде, бізге іргелес орыс арасында көбінесе әуесқой адамдар кімнің көгершіні аспанда ұзақ әрі әдемі ұшады деп бір-бірімен салыстырған. Мысал керек пе, Кеңес заманы кезінде Ресейде түсірілген, тәп-тәуір деп бағаланған "Махаббат пен көгершіндер" фильм болды.
Көгершін тауықтың қоразындай төбелесқор емес. Сұлуын болмаса, күштісін анықтау қиын. Иә, көрші түркі халықтарында бәске ақша тігіп қораз төбелестіргенді талай көргенбіз. Бала кезімізде ауылда әтештер өздері-ақ төбелесіп жататын. Балалар жиналып қызықтап тұратынбыз. Беріде Алматының шет-шетінде ақшаға ит төбелестіргенді талай байқадық. Немесе Қарақалпақстанда қошқар сүзістіреді.
Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе
Қытай болса ықылым заманнан көгершін жарыстыратынын айтып кеттік. Оны бір кездері екеуара ұйымдастыратын. Айталық, сіз көгершінді алып басқа жақтағы бәсекелеске барасыз. Ол көгершінін алып керісінше сіз жаққа келеді. Дәл белгіленген уақытта аспанға жіберілген көгершіннің қайсы өз мекеніне бұрын оралса, соның женгені.
Енді екі емес, екі мың кептерді мың шақырымға апарып, бір мезгілде ұшырады. Қайсы ортақ көгершінханаға бірінші, одан әрі жүлделі он орынның қатарында келгені анықталады.
Құстың меншікті мекеніне басқалардан озып келуі үшін түрлі амал-айла жасалады. Кейбіреулер жержаңғақпен асырайды екен. Шамасы, мың шақырымнан жіберген кезде кептер жержаңғақ жейтін ұясына тез жетуге тырысады.
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
Жалпы, туған үйге оралу, оны аңсау – адамға ғана тән сезім десек те, барлық жан-жануардың бойында ондай түйсік болады. Мысалды алыстан іздемей, қазақ ақынынан табамыз:
Аруана жаудың қолына түссе,
Ботасын шайнап өлтіріп.
Қаралы мойнын қайтадан артқа
Бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен,
Моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Төлеген Айбергеновтің бұл өлеңі таныс шығар. Түйе өзінің туған жеріне қайту үшін өзге жақта, жау қолында туған ботасын шайнап, тарпып кетеді. Өйткені, ботаның туған жері басқа, ертіп кетсе анау бәрібір мұнда оралмақ. Қиын түйін солай шешілген.
Қулығына құрық бойламайтын қытайлық көгершін жарыстырғыштар туған мекен түйсігімен бірге Жаратушы барлық аналық тіршілік иелеріне дарытқан келесі қасиетті де пайдаланады. Олар жарыс басталарға екі-үш күн қалғанда көгершіннің ұябасарының бауырына бірнеше жұмыртқа салады. Жұмыртқадан енді балапан шығатын уақытта кептерді жарысқа жібереді. Сонда көгершін жұмыртқада қалып қойған балапандарын шығару қамымен қаншама жерден жанын салып ұшып келмек.
Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер
Қадыр Мырза Әлиде бір өлең бар еді. Патша өзіне қарсы шыққандарды жазалау үшін зынданға салады, дарға асады, атып тастайды. Соның бірі де ерлерді қаймықтырмайды. Ақыры патша жазалаудың ерекше амалын тауып, оларды алысқа жер аударады. Өлең былай аяқталатын:
Содан патша оларды
Қанатынан қайырып,
Жер аудара бастаған
Туған жерден айырып.
О, зұлым-ай, зұлым-ай,
О, ант атқан, ант атқан!
Осал жерін ерлердің
Қалай ғана дәл тапқан!
Көгершін жарыстыратын қытайлар да осал жерді қалайдәл тапқанына таң қалмасқа болмайды. Айналып келгенде адам ақша үшін не істемейді?! Бір айта кетерлігі, мұнда да біздегі ат бәйгесіндей бас жүлдеге автокөлік қойылып жатады. Тек, джип емес, одан қымбат BMW, тіпті, Rolls-Royc автокөліктері.
Өзіміз көрген жоқпыз, кейінгі кезде қабықтың ішіндегі балапанның қозғалысын айнытпай қайталайтын механикалық жұмыртқа пайда болыпты. Көгершінді бұлай алдау тек қытайдың қолынан келген сияқты.
Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар
Бағы мен бағасы асқандар
Қазіргі Қытайдағы көгершін жарысына жіберілетін – негізінен өз елінің байырғы құсы емес, шетелден әкелінген спорттық кептер. Біздегі ат бәйгесіне қалталы жігіттер ағылшын, араб сәйгүліктерін сатып әкеліп жүр емес пе! Мынау да тура сондай.
Хебей көгершін өсірушілер федерациясының вице-президенті доктор Ванг Ченьжян ашқан кептерханада Бельгияның Янссен тұқымынан 300 жұп кетпер бар екен. 500 шақырымдық жарысқа қосам десеңіз, ләппай, сатып алыңыз.
Янссен – жүйрік, бәлкім ұшқыр деу керек пе, кептер өсіретін ағайындылар. Бельгияның Арендонк атты қалашығында тұрады. Олардың мекен-жайы жарты Қытайдың қолында жүр десек, жаңылыса қоймаймыз.
Жалпы,әлемдегі ең жылдам көгершін Бельгияда өседі. Бұл туралы екі ғасырбұрынғы Британ энциклопедиясынан-ақ білуге болады. Онда Бельгияда пошта көгершінінің тұңғыш жарысы 1818 жылы өткені тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған
Бельгиядан басқа Голландия, Германия, Словакия, Чехия осындай спорттық көгершінді сатады. Бәрібір бірталайының арғы түбі сол Янссен тұқымы болып жатады.
Германияның Йюхен қалашығында Хайнц-Вилли Риц деген қария да көгершін сатып байыған. Кептерді өзі жаттықтырады. Жаттығу қашықтығы – 600 шақырым. Құстың ұшу жылдамдығы – сағатына кемінде 90 шақырым. Егер жел оңынан соқса бір сағатта 120 шақырымға жете алады.
Бұл кісі де Қытай мен Тайвань үшін өте танымал. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бірінші спорттық кептерін 20 мың неміс маркасына сатқан. Иә, ол кезде Еуропа әлі одаққа бірікпеген, ұлттық валюталары әрқилы еді. Алғашқысы Қытайдағы жарыста алдына құс салмаған соң келесі кептері аукционда 75 мың неміс маркасына саудаланған. Біріншісінен үш есе артыққа!
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Еуропа елдері бірігіп, бәріне ортақ ақша – евро шыққаннан бергі кептер бағалары да көзді қызықтырады. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының ортасында Еуропаның ең жылдам Болт атты көгершінін қытай кәсіпкері 310 мың евроға қуана-қуана алып кеткен. Көгершін тегіннен-тегін Болт атанбаған. Ямайканың аңызға айналған желаяғы, Олимпиада чемпионы Усэйн Болттың құрметіне қойылған.
Енді 310 мың евроға таңырқау емес, күле қарау керек шығар. 2019 жылғы наурыз айында Бельгиядағы аукционда бір көгершін 1 млн 250 мың евроға сатылды. Бұл – әзірге әлемде көгершін үшін төленген ең қымбат баға. Ол – Ормандо атты көгершін 2017-2018 жылдары Бельгиядағы жарыста алдынан құс салмаған. 2018 жылы Еуропада оған теңдес көгершін болмаған.
Бір ғажабы – Ормандо Қытайға барған соң еш жарысқа қатыспайды. Оны тек жаңа чемпиондар жарып шығатын жұмыртқа табу үшін сатып алған. Бір Ормандо Қытай аспанында самғайтын мың-мың жас орманда олар пайда болуы үшін керек болыпты. Ал оның бірең-сараңы адасып, Алтай мен Тарбағатайдан бері асып жатса дереу ұстап алыңыз. Сіздің де миллионер болуыңыз ғажап емес.