Даулы Қарабақ
Төңірек түтіндегенде
Таулы Қарабақтың жағдайы тағы асқынып, оған халықаралық қауымдастық алаңдап жатыр. Ежелдің ерте күнінен ерегескен екі ел – Әзербайжан мен Армения ашық соғыс алаңына шықты. Ұрыс барысы сайттардағы бейнежазбаларда толып тұр. Қару мен әдіс біз көзбен көргеннен басқа екен. Иә, осы даулы аймақта алғашқы атылған оққа куә болып қайтқандардың бірі едік.
1990 жылдар басында Таулы Қарабақта бірінші қарулы қақтығыс басталды. Сол жанжалды тоқтату үшін 1991 жылдың қыркүйек айында Ресей мен Қазақстан президенттері араағайын ретінде аттанған. Татуластыру ниетіндегі төрт тәулік сапарды жазу мен көрсету міндеттелген бірнеше журналистің қатарында болғанбыз. "Егемен Қазақстан" газетіне етектей мақаламыз шыққан.
Соның кейбір түйіндері ойда жүретін, міне, қайтадан ортаға салудың орайы келген сияқты. Әлгі сапарда Баку мен Ганжада, Степанакерт пен Ереванда көп нәрсе естіп, талай жәйтке қанығып едік. Араға отыз жылдай уақыт салып кезекті қарулы қақтығыс басталғанда Таулы Қарабақтың тұңғыш түтінін жұтып қайтқанымыз еске түсті.
Бұл жазбада қазіргі ұрыс барысын сипаттаудан аулақпыз. "Кім күшті" немесе "кімдікі дұрыс" екенін сараламаймыз. Кейбір тарихи жәйттерді талдауды ғана мақсат еттік. Сол арқылы бүгінгі жанжал бұтағының тамыры қайда жатқанын аңғартпақпыз.
Оқи отырыңыз: Долананың дәмі
Межелеудегі миналар
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары патшалық Ресейдің орнына Кеңес Одағы аталған империя пайда болды. Жүздеген ұлт пен ұлысты топтастырып, жер үстіндегі теңдессіз аумақты алып жатты. Мемлекетті қалыптастырған аласапыран уақытта әлгі жүздеген ұлттың тағдыры шешілуі керек еді.
Бастапқы асығыстықта тұтас республикаға топтастырылған Кавказ өңірінің, сол сияқты хандық пен автономияда қатар жүрген Орта Азия халықтары кейін қайта жіктелді. 1936 жылы олар дербес республика, әрі қарай республикаға немесе Ресей Федерациясына қарайтын автономия болып түпкілікті бөлінді. Әрбірінің шекарасы межеленді.
Иә, қай республикаға қандай жер тиесілі екенін айқындаған жұмыс "межелеу" деп аталды. Осы межелеу тұсында әлде білместіктен кеткен қателер, әлде арғыны ойлаған зымияндық әрекеттер белең алды. Шекара атаулы тұрғындардың, ұлт басшыларының, білікті мамандардың пікірі арқылы емес, Мәскеудегі көсемдердің ойы бойынша сызылды. Ол сызық тек картаға түсті. Ал жер үстін аралап кететін ала баған қойылмаған. Өйткені, түптеп келгенде бәрі – бір ел. Ендеше оның ішінде ала баған тұруына қисын жоқ.
Бір ел болып тұрғанда ешкім межелеудегі қисынсыз тұстарды даулай алмады. Бірінші себеп – мемлекеттің бәрібір ортақ екендігі болса, талайлардың тілін байлаған екінші себеп – толассыз репрессия. Қазіргі шекараны сынамақ тұрмақ, халқының тарихын түгендегендер көзінен тізіліп Сібірге жер аударылатын. Оның өзі жазаның ең жеңілі саналатын.
Тек Кеңес Одағы тарқайтын тұста әлгі межелеуге байланысты дау тудырушылар шықты. Соның бірі – Таулы Қарабақ. Қалай алып мемлекетті басқарған Орталық қожырай бастады, солай бұл мина бұрқ етіп жарылды.
Оқи отырыңыз: Қамбаш
Табылмайтын тура шешім
Тәуелсіз болатын елдің шекарасын анықтап беру – халықаралық саясаттағы қиынның қиыны екен. Кеңес Одағының көсемдерін айтпағанда әлемдік саясаттың сұңғылалары бұл міндетті қапысыз атқарып шыға алмапты.
Тіпті, Кеңес Одағы тарих сахнасынан түскенше Қытай Халық Республикасымен арадағы шекараны түпкілікті реттей алмаған. Ол шекара патша заманы мен Қытай императоры тұсында тұтасып отырған қазақ халқын екі жарып өткен. Бұл оқиға Қабдеш Жұмаділовтың "Соңғы көш" және "Атамекен" романдарында көркем көрінісін тапқан.
Тағы бірде таусылмас журналистік жолдар бізді Кашмир өңіріне апарған. Пәкстан жағынан. Бұл Кашмиріңіз – шешілмеген шытырманның бірі. Ұлыбритания Үндістан түбегінен түпкілікті кететін болып, жергілікті халыққа бостандық берер шақта басын ауыртқан. Саны басым хинди тілділер мен тілі урду, әрі діні мұсылмандарды екі ел етіп бөлу оңайға соқпады. Әрбірі жеке, тыныш өмір сүрсін деп еді. Бірақ, діттеген ойы орындалмады. Кашмирге таласқан Үндістан пен Пәкстан содан бері бір-бірімен алакөз. Ақыры екеуі де жанталасып атом қаруын жасап алды.
Бұл екі елді жалғыз Ұлыбритания бөлгендіктен тура шешімін таба алмады делік. Ал Израильдің құрылуын қараңыз. Бүкіл Біріккен Ұлттар Ұйымы болып айқындап берген шекара бәрін риза етті ме? Жоқ. Бұл аймақта бірнеше рет бұрқ ете қалған майдан әлгі шекараны мойындамаудан туындаған еді. Израильде болғанымызда елдің кез-келген сәттегі соғысқа дайын екеніне көзіміз жеткен.
Демек, бұл істе дайын қалып жоқ. Ал өнімді құйып шыққан қалыпты қалай қапысыз десеңіз де, уақыт өте келе оның кемшілігі байқалады. Сол кемшілік кейін халықтар, оның ұрпақтары зардап шегетін жанжалдарға ұрындырады. Таулы Қарабақтың жиі-жиі түтіндеп жатуының бір сыры сонда.
Оқи отырыңыз: Жалғасқан жағалар
Тәркіленген тірек
Жоғарыдағы мысалдар жер дауының мемлекет бодандық қамытынан құтылған соң басталарын байқатады. Үндістан мен Пәкстан қалай екі ел болып бөлінді, солай арадағы Кашмирге таласты. Израильдің құрылуымен бірге жер жүзінде жаңа жанжал ошағы пайда болды. Неге?
Бұл "негенің" жауабы – әу баста белгілеп берген шекараны мойындамау. Қай мемлекет болсын өскісі, өркендегісі келеді. Ықылым заманнан бері солай. Малы көбейіп, дәулеті артқан халық өз өрісін кеңейту үшін көршісінің жеріне көз алартпақ. Жоңғардың қазақ даласына басып кіруінің басты себебі осында. Ол заманда қағазға сызылып, құжатта бекіп, сыммен қоршалған шекара болмады. Елдің шеті әрі кеткенде таудағы обамен немесе ата-бабаның зираты тұрған тұспен белгіленетін.
Беріде ше? Әлгі Үндістан мен Пәкстан, Израиль дербес мемлекет болып құрыларда шекарасы айқындалып еді ғой. Бірақ, олар бұл құжатты мойындағысы келмеген. Оның өздері үшін әділетсіз немесе қолайсыз екенін алға тартқан.
Кеңес Одағын құраған әр республиканың жоғарыда айтқанымыздай, ала баған орнатылмаса да, картаға түскен шекарасы болған. Сол Одақтың күші кеміп, күйі кетісімен Әзербайжанның құрамдас бөлігі болып келген Таулы Қарабақ оқшауланып шығуға ниеттенді. Заңды жолмен емес, қарулы қарсылық арқылы. Сөйтіп, шекараны белгілеген құжатты, елдегі конституцияны тәркі етуге тырысты. Елді бұлай бөлшектеу – жерін азайтып, қуатын кемітіп қоймайды, болашақта мүлде құрып кетуіне бастайтыны түсінікті.
Анклавта тұратын халықтың қолтығына су бүріккен іргелес Армения екені баршаға аян. Осылайша Таулы Қарабақ автономиялық облысы мен ол құрамына енген Әзербайжан Республикасы арасына жік түсті. Асқынған мәселені қарудың күшімен шешу басталды және ол бірден Әзербайжанның ішкі мәселесі емес, Армениямен арадағы қақтығыс болып шыға келді.
Одақ басшысы, беделсіз де берекесіз Михаил Горбачев екі республика арасындағы қақтығысқа қалқан болмаған соң Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының президенттері араағайын міндетін мойынына алған. Ескі тіректер құлаған жерге жаңа тіреу орнату керек еді. Бірақ, оның қашанға дейін шыдайтыны белгісіз.
Оқи отырыңыз: У шығарған шу
Жетесіз жетекші
1991 жылы біз куә болған араағайындық сапар төрт күнге созылған. Алдымен Әзербайжанда, одан заң жүзінде оның құрамында тұрғанымен, іс жүзінде қолынан сусып кеткен Таулы Қарабақта, үшінші күні Арменияда болдық. Соңғы күні Ресейге кіріп, Железноводск қаласындағы тәулікке жуық созылған келіссөздің нәтижесін күттік.
Ол келіссөз тұрмақ, екі ел мен ортадағы Таулы Қарабақтағы жиындарда қаншама тарихи дәлел келтірілді десеңізші. Әр халықтың зиялысы, зерттеушісі сөйлеген сайын бұл жерде бағзыдан бері өз ата-бабалары тұрғанына дерек табады. Бірақ, ол деректі келесі кездесуде қарсыластар жағының сұңғыласы толық жоққа шығарып, басқаша уәж айтады.
Сол сапардан нәтиже болса, 1993 жылы Әзербайжанның бірқатар аумағы басқыншылықта қалмас еді. 2016 жылғы төрт күндік және 2020 жылғы күзгі кезекті соғыс басталып кетпес еді. Саясат сардарлары ұпай жинағанымен, араағайындық суыт сапардың басқа пайдасы болмаған сияқты.
Бірақ, ой салатын бірқатар көрініс болды. Бакудың көшелеріндегі көп керменің бірінде "Муталибов, халқыңды паршалама!" деп жазылғанын оқығанбыз. Онда Аяз Муталибов – елдің президенті. Бірақ, бағына емес, сорына келген сияқты. Билікке жетсе де, мемлекетті ұстап тұра алмады. Таулы Қарабақтың бөлініп кетуге тырысуы дәл осы кездейсоқ президенттің тұсында басталды. Бірер жылдан кейінгі соғыста Армения көкейін тескен 4 400 шаршы шақырымды құрайтын автономиялық облыс тұрмақ, оған іргелес тек әзербайжандар тұратын жеті ауданды басып алды.
Бастапқыда Таулы Қарабақта тұратын әзербайжандар бас сауғалап босқынға айналса, енді Ағдам, Келбежар, Заңғалы, Жәбірейіл, Лашын және Физули аудандарының тұрғындары атамекенді тастап шығуға мәжбүр болды. Әзербайжан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 1989-1993 жылдар арасында 1 миллион 200 мың адам босқын болып тіркелген.
Міне, дарынсыз, жігерсіз, тіпті жетесіз деуге болатын басшының жеткізген жері. Сол кезде өзіміз көрген көптеген ұранның ішінде "Муталибов, халқыңды паршалама!" деген жазудың әлі көз алдымыздан кетпеу сыры осындай.
Оқи отырыңыз: Жапа шеккеннің жебеушісі
Бұқараның байыптауы
Араағайындық сапарда делегацияда болған Әнуар Әлімжанов пен Мұрат Әуезов ағаларды бұрынғыдан жақынырақ танып едік. Әнекеңді тек орыс тілді қаламгер ретінде білетін едік. Онда Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып жатқанымен, әлі құлап түспеген. Бұл кісі Одақ кеңесінің төрағасы ретінде "КСРО өмір сүруін тоқтатты" деген тарихи құжатқа қол қоятын күн әлі алда. Шамамен үш айдай болуы керек.
Сол ағамыз түркі халықтарының тарихынан хабардар екенімен таңырқатты. Мұрат Әуезов екеуі арғы түркі мен бергі әзербайжан халқынан шыққан шайырларды білетін көрінеді. Ганжадағы кешкі кездесу үстінде көптеген көне деректерді ортаға салды. Қызды-қыздымен біз де қазақ ақынның Әзербайжанда өткен Низами мерейтойына барғанда жазған өлеңі барын айттық. Оны университетте оқып жүргенімізде Зейнолла Қабдолов "Әдебиет теориясы" пәнінде мысалға келтірген. Дыбыс үндестігіне қатысты дәрісінде "мына екі жол керемет емес пе" деп оқып берген:
Иран шахқа мұңың шақпа, Низами!
Біздің шақта гүл құшақта, Низами!
Кілең "ш" әрпі шырайын кіргізген өзгеше шумақ еді. Бұл өлеңді кім жазғанын ұмытыппыз. Осы екі жолдан басқасын білмейміз де. Мынау мысалға келтірілгендіктен санамызда сақталыпты. Соның өзі әзербайжандардың құрметтеуіне себепкер болды. Кезінде толық жырын халық жиналған сарайда оқыған қазақ ақыны қандай қошеметке ие болғанын осыдан-ақ аңғарамыз.
Ол кез, одан бергі 1991 жыл тұрмақ, мына 2020 жылғы күзгі соғыс барысында әлеуметтік желі арқылы Әзербайжанды қолдаған, оларға жаны ашыған жазбаларды жиі көріп жүрміз. Бұл – бұқараның пікірі, ал биліктің ұстанымы басқа болмақ. Әдеттегідей, екі жақты жанжалды тоқтатуға, бейбіт үстел басында кездесуге шақыру.
Отыз жыл бұрын да айтылған еді. Оны тыңдаған кім бар?
Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май
Саясаттың сахнасында
Отыз жыл бұрын тек Ресей мен Қазақстан араағайын болып, басқалар бұл аймақтағы жанжалға бей-жай қараған. Қазақта төбелесті көрген кездегі бейтараптықты байқататын "бірің өліп, бірің қал" немесе "қай жеңгенің менікі" деген сөздер бар емес пе! Онда Таулы Қарабақ төңірегіндегі тартысқа қатысты талайлар осындай позиция ұстанған еді. Енді жағдай өзгеріпті.
Армения жағы қарсыласын Түркия қолдап отыр деп мәлімдеме таратуда. Бірақ, өзі де көмексіз қалмаған сияқты. Ресейді айтпағанда, Иранның бұл жанжалда оларға жақтасатын сыңайы бар. Керек десеңіз, сонау Сауд Арабиясы армян еліне іш тартатынын білдіріпті. Өзі тайпааралық тартыстан енді есін жиған Ауғанстанның Әзербайжанға жанашырлығын айтуы Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына шағым түсіруіне жалғасты.
Демек, ендігі жерде бұл мәселе – екі елдің кезекті мүйіздесіп қалуы емес. Жер жүзінде жаңадан екі топ құрылып, бір-біріне қарсы тоқайласуы болғалы тұр. 1991 жылғыдан өзгешелігі осында.
Ал қазір қолданылып жатқан қаруға қарап, әлемнің осы жылдарда қаншалықты дамығанын аңғару қиын емес. Дамымай қалғаны – білекке емес, жүрекке сену болса керек.