Жері бай Қазақстанның халқы неге байымайды? Сараптама
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың болжамы:
- Жұмыс істейтін азаматтардың үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін.
- 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұлар – бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер.
- 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
Ал шынтуайтында елдегі жұмыссыздардың саны қазірдің өзінде 450 мыңнан асады. Экономистер ақы төленетін немесе төленбейтін демалысқа кететін 2 миллион адамның денін жұмыссыздар қатарына қосуға болады деп отыр.
Оқи отырыңыз: Covid-19 екінші толқыны: қателік қайталанбай ма? Сараптама
Ресми статистика тіптен қорқынышты: елдегі күнкөріс деңгейінен төмен, яғни 32 668 теңгеден аз табыс табатын азаматтардың саны 1,7 миллионға жетіп жығылады.
"Қазірге таңда пандемияның бүкіл дүние жүзін шарпып, экономикалық дағдарысқа ұшыратып жатқаны белгілі", – дейді Ұлттық экономика министрлігіне қарасты экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Мұқан.
Оның айтуынша, бұл жағдайда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер бар. Мәселен, пандемияға қарсы 6,2 трлн теңге жұмсалған. Оның ішінде 500,9 трлн теңге бірінші пакетте көмек ретінде берілді. 150 млрд теңге денсаулық сақтау саласына, 200 млрд теңге 42 500 теңге әлеуметтік төлемін беруге жұмсалған.
Бұл көмек жалпы ішкі өнімнің 9,2 пайызын құрайды. Көршілес Ресейде бұл көрсеткіш – 1,1 пайыз.
"Кедейленудің себебі – еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі түсіп кетті. Бұрын 40 пайыз еді, қазір 30 пайызға дейін төмендеді. Бұл экономикада ақша жетіспейді деген сөз. Еңбекақы қоры азайып отыр", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?
Бауыржан Мұқанов республикалық бюджетте 2021 жылға дейін 6,9 триллион теңге жоспарланып отырғанын, ал кризис ушығатын болса, экономикалық зерттеу институтының болжамы бойынша 5,5 пайызға (1,5 трлн теңге) бюджет тапшылығы болуы мүмкін екенін айтады. Яғни, салық төлемдерінің түспеу ықтималдығы туындайды. Бұл – ішкі нарықтағы жүйелік проблема.
"Халық көмектен байып кетпейді"
Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов ешқандай өркениетті мемлекет халқын әлеуметтік көмекпен байытпайтынын айтады.
"30 жылдан бері нарықтық экономиканы жүргізсек те, оның жабайы жолына түсіп кеттік. Өркениетті мемлекеттерде экономика мен халықтың әл-ауқаты мемлекеттік деңгейде реттеледі. "Экономиканы мемлекеттік реттеу" деген ұғым бар. Мәселен, байдан кедейге алып береді не бюджеттегі түсімдерді реттейді. Бұдан бөлек те көптеген механизмдері көп. Осы бағытта жұмыс істеу керек", – дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі, кәсіпкер Айжани Нұрланова халықты жұмыспен қамту елдегі басты мәселелердің бірі екенімен келіседі.
"2017 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша қабылданған "Еңбек" бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бүгінде бағдарлама аясында 2 миллионнан астам адам жұмысқа орналасты", – дейді ол.
Ал Атамұрат Шәменовтың айтуынша, жұмыс мәселесі дұрыс шешілмеген. Ауыл тұрғындарының 90 пайызы үй шаруасында. Ауыл шаруалығында үлкен кәсіпорындар жоқ. олар ашылса, жұмыс орны көбейеді. Беріліп жатқан несие, субсидияларды алуға оңай болады.
Жұмыс көп, айлық аз
Айжани Нұрланова мәселе жұмыстың жоқтығында емес, жалақының аздығында екенін айтып отыр. Оның сөзінше, жалақысы аз жұмысты ауылда ешкім істегісі келмейді. Сол себепті жақсы мамандар қалаға кетіп жатыр.
"Халыққа қайтармысыз қаражат беретін "Бастау" бизнесті қолдау бағдарламасынан гөрі "Еңбек" бағдарламасы аясында оқытатын қысқаша курстар тиімді. Өйткені, бұл курсқа қатысушылар нақты бір кәсіпті меңгеріп шығады. Ал "Бастау" бағдарламасы бойынша 21 күн оқиды. Онда көп нәрсе теория жүзінде үйретіледі, қарапайым халық үшін күрделі терминді түсінудің өзі қиын", – дейді Айжани.
Айтуынша, кәсіпкерлік пен бизнес екеуі екі бөлек ұғым. Біз беріп жатқан қайтармызсыз грант ел азаматтарының өз ісін ашып не бар кәсібін дамытуы үшін берілетін мүмкіндік.
Оқи отырыңыз: Банк шотындағы қаржыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?
Қазақ жалқау ма?
GSB UIB талдау орталығының директоры Мақсат Халық қазақты жалқау деп атау – қате екенін айтады. Оның сөзінше, жұмыс жасау көрсеткіші бойынша Еуропалық одақ елдеріне қарағанда Қазақстанда жұмыс күшін төрт есе көп жұмсайды екен.
"Халықтың жағдайы нашарлап барады. 2015 жылы теңге мен доллар еркін айналымға көшкеннен кейін халықтың табысы бірден ортайып қалды. Оны ешкім толтырған жоқ. Нәтижесінде орта тап төменге түсті де, төменгі тап кедейленіп кетті. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейін алып қарасақ, жылына мың теңгеге ғана өсіп отырады. Ол дұрыс емес. Бір адам бір айда 32 мың теңгеге өмір сүреді деу ақылға сыймайды. Осыны есептеп отырған адамдар осындай ақшаға өмір сүріп көрсін", – дейді Мақсат Халық.
Сонымен қатар, экономист орташа жалақы мөлшеріне де тоқталды:
"Орташа жалақы көлемін біз 200 мыңнан жоғары деп көрсетеміз. Бірақ, бұл атаулық жалақы. Жалақыны есептеудің модалық, медиандық түрлері бар. Ол бойынша есептесек, халықтың басым көпшілігінің жалақысы 100 мыңға да жетпейді. Ең төменгі жалақы қазір 70 мың болып, бір-екі жылда оны 100 мың теңгеге көтеру керек".
"Статистика комитетінің есебі қате"
Мақсат Халық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін кінәлауға болмайтынын айтады.
"Статистиканы Ұлттық экономика министрлігі жасап береді. Кінә сол жақта, жауапты осы министрліктен алу керек. Статистиканың бәрі қате. Мысалы, ең төменгі күнкөріс шегін тағамтану акамдемиясымен бірлесе есептейді. Ол жерде тұтынушылық себет деген ұғым бар. Ішінде 50-ге жуық тауар бар. Бірінші кезекте А категориясындағы халық қатты тұтынатын тауарлар санын анықтаған", – дейді экономист.
Оның сөзінше, Еуропа елдерінде тізімде ең кемі 250 тауар болады. Ал Ұлыбритания елдерінде жаңа жылда ататын шампан да тауар тізіміне қосылған. Бізде нанның үш түрі, ет өнімдері, тұз, қант сияқты заттарды граммдап өлшеп, адам күніне мың теңгеге өмір сүре алады деп шығарады.
Дүниежүзілік банк есебі бойынша ең төменгі күнкөріс шегі күніне кем дегенде 5,5 доллар болуы керек.
Мақсат Халық Статистика комитеті келтірген мәліметке сәйкес сандарды мысалға келтірді.
"Жұмыссыздар санын алып қарайық. Пандемияға дейін жұмыссыздың деңгейі 4,8 пайыз деп келтірілген. Олай емес, олай болмаған да. Оған төтенше жағдай кезінде 4,5 миллион халыққа 42 500 теңге берілгені дәлел. Демек, 45 пайыз. Кейін төтенше жағдай мерзімі аяқталып, блок бекеттер ашылған соң жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызға өсті деген мәлімет берді. Сонда 100 мың адам ғана жұмыссыз болып қалды деп отыр. Ал 4,5 миллион адам қалай 500 мыңға дейін қысқарып кетеді?!", – дейді ол.
Бауыржан Мұқан да Статистика комитеті ұсынған сандарды пайдалануға мәжбүр екенін айтады.
"Бізде медиандық табыс пен орта еңбекақы арасындағы алшақтық – 7,1 пайыз. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 1,1 пайыз. Статистика комитетінің өзінің қалыптасқан санау әдістемесі бар. Ол есепті соған сүйеніп шығарады. Ал біз сол статистиканы пайдалануға мәжбүрміз", – дейді ол.
Бауыржан Мұқанның айтуынша, біз импортқа тәуелді мемлекетпіз.
- Инвестициялық тауарларға халықтың тәуелділігі – 88 пайыз.
- Бизнестің тәуелділігі – 60 пайыз.
- Өңдеу өнеркәсіптерінің жалпы жүктемесі – 35 пайыз.
"Сондықтан барлық кәсіпорындар өз қуатын толық пайдаланып жатқан жоқ. Яғни, бәсекеге қабілеті төмен. Тауар ішкі нарықты қанағаттандырып, сыртқы нарыққа сапасы жоғары болса ғана өтеді. Сәйкесінше жұмыс күші пайда болады. Сондықтан біз бәсекелестік қабілетті көтеруіміз керек", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Қой саны, қойшы мәртебесі және фермерлік келісім-шарттар. Қой шаруашылығын қалай дамыту көзделіп отыр?
Аграрлық сала құрыды ма?
"Аграрлық саланы құрыған сала деп айтуға болады. Тоқсаныншы жылдары аграрлық саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34 пайызға жуық болған. Қазір 4 пайыз, ары кеткенде 7 пайызға көтеріледі де, кейін қайта түседі", – дейді Мақсат Халық.
Бұл пікірмен Атамұрат Шәменов келіспейді. Айтуынша, басты ресурс – ауылдағы халық 42 пайызды құрайды. Халық жұмыс істейтін жерлер бар. Алайда сол тетікті жүргізетін саясат жоқ. Аграрлық саладағы экспортты доғарып, өз халқымызды тамақпен қамтамасыз етуіміз керек дейді ол.
Мұнай саласының күйі қандай?
"Экономикалық құрылымды екі түрлі қарастырамыз: тауар өндіру және қызмет. Сол екеуі бірігіп экономиканы құрайды. 2010 мен 2019 жылдарды салыстырған кезде экономикалық құрылымда мұнай секторының үлесі 25 пайызды құраған болатын. Қазір 21 пайызға түсті. Доллармен айтсақ, 58,8 миллард", – дейді Бауыржан Мұқанов.
Қазақстанның үлесі әр компанияда әртүрлі. Кейбір компанияларда мүлде жоқ. Бауыржан Мұқановтың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде бұрынғы экономикалық байланыстың бәрі үзілді. Дербес тәуелсіз мемлекет болғандықтан ел инвестицияға мұқтаж болды. Сол кезде шетел инвесторларын мұнай саласына тарту белең алған. Олар инвестиция салу үшін келгендіктен оларға қолайлы жағдай жасау қажет болды. Көп шарттың мерзімі – 25-50 жыл.
(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)