Тікелей эфир

Қой саны, қойшы мәртебесі және фермерлік келісім-шарттар. Қой шаруашылығын қалай дамыту көзделіп отыр?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Әзірленген бағдарламаға сәйкес, Қазақстанда қой саны қазіргі 18 миллионнан 10 жыл ішінде 36 млн басқа жетпек. Өсім 7%-ды құрайды.

Қазақстанда қой шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу бастамасын SHOPAN ATA ұлттық қой өсірушілер қауымдастығы көтерді. Қауымдастыққа республикалық қой палаталары мен ғылыми-зерттеу институттары, ғалымдар мен форсайт мамандары көмекке келген.

"Бағдарлама мемлекет қаржысына емес, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының тапсырысы бойынша әзірленді. Бірақ, қазір оны Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап, салалық мемлекеттік бағдарлама ретінде рәсімделіп жатыр. Өңірлермен келісімге келу сатысынан өтіп, басқа да министрліктермен және халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде", – деді "EXIMAR Foresight" агенттігінің төрайымы, форсайт және салалық бағдарламалар әзірлеу жөніндегі маман Айман Тұрсынхан.

Бағдарламаның миссиясы – қой өсіру саласында жаппай жұмыспен қамту және тұрлаулы кәсіпкерлікпен шұғылдану арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге саяды. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай қойдың жалпы саны 36,3 млн басқа жетіп, тұрлаулы тұқымдық құрылым жасақталмақшы.

Оқи отырыңыз: Қазақтың қойы мен түйесінің жүнінің қызығын Қытай көріп жатыр. Неге өзіміздегі барды өзіміз жарата алмаймыз?

Қазақстанда 60 млн гектар жайылым пайдаланылмайды

Бағдарламаның міндеттерінің бірі – қой шаруашылығын азық-түлік және тоқыма индустрияларымен терең интеграциялау арқылы жылына 17 млрд АҚШ долларына бағаланатын жиынтық өнім өндіру, сонымен қатар, жылдық экспорт айналымын кемінде 2 млрд АҚШ долларына жеткізу.

Бұл міндетті орындауға еліміздің әлеуеті толық жетеді. Қазақстанда 187 млн гектар мал жайылымы бар. Алайда, қазір шалғайдағы 60 млн гектар жайылым пайдаланылмайды екен.

"Жуырда президент Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер реформасы бойынша ұсыныстар әзірлеуге тиіс комиссияны қайта құруға тапсырма берді. Қауымдастық мәселені шешудің жолдарын іздестіру мақсатында осы комиссия құрамына кірмек. Аудан әкімдері жердің алыпсатарына айналып отырған қазіргі ахуалды өзгертіп, жерге қазақ фермерлерінің ие болуын қалаймыз", – деді Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев.

Қазақстан мал шаруашылығын дамытудың ең жоғары әлеуетіне ие. Жер қорын қоса есептегенде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жалпы аумағы 225 миллион гектардан асады.

Осындай ұланғайыр аумақта мал санын келесі көрсеткіштерге жеткізу мүмкіндігі бар:

  • ұсақ мал – 49,2 млн бас;
  • ешкі – 6,8 млн бас;
  • ірі қара – 21,5 млн бас;
  • жылқы – 7,9 млн бас;
  • түйе – 0,6 млн бас;
  • үй құстары – 128-130 млн бас;
  • шошқа – 2,4 млн бас.

Бағдарлама әзірлеушілердің айтуынша, юұл экологиялық ахуал мен жайылымдық жерлердің әлсіз экожүйесіне залал келтірмейді. Дегенмен, әлсіз тұстарымыз да баршылық.

Қой түлігінің 60%-дан астамы жеке шаруашылықтарда шоғырланған, еңбек өнімділігі мен ауыл тұрғындарының еңбек ету және тұрмыс ахуалы төмен, мамандар тапшы, ауылдардың айналасындағы жайылымдар жағдайы нашар және жалпы аумағы 60 млн гектарды құрайтын шалғайдағы жайылымдар мүлдем пайдаланылмайды.

Сонымен қатар, қой шаруашылығы мен оның өнімін тұтынушы азық-түлік және тоқыма индустрияларымен арадағы интеграция жойылған, шикізат дайындау инфрақұрылымы жоқ.

"Біз қой санын қазіргі 18 млн бастан 10 жыл ішінде 36 млн басқа жеткізбекшіміз. Бұл шын мәнінде 7% ғана өсім. Ал қазіргі өсім небәрі 3%-4% ғана. Егер мемлекет дер кезінде қолдаса, бірлесе қаржыландыру мәселесі шешілсе, "Қазагроның" кепілдік саясаты өзгерсе, аталған мақсатқа ерте жететінімізге сенімдімін. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде мал ұстау – тиімді, түрлі сыртқы ықпалдардан тәуелсіз шаруашылық екенін халық жете ұғынды. Ол экономикалық құлдыраулар мен дағдарыстардан қорықпауға мүмкіндік береді", – деді Алмазбек Садырбаев.

Оқи отырыңыз: Асыл тұқымды мал импорты ұйымдасқан қылмыстық топтың қолында ма?

Қазақстанда қой саны 2 есе азайды

Қазақстанда 1993 жылы 33,4 млн бас қой болған. Алайда, КСРО құлағаннан кейін 1994-2020 жылдар аралығында Қазақстан мен Ресейде қой саны 2 еседен астам азайған.

Ал осы кезеңде келесі көршілес елдерде қой түлігінің саны керісінше шамамен 2-3 есе өскен:

  • Қытайда 61 миллионнан 161 млн-ға;
  • Моңғолияда 12,1 миллионнан 30,1 млн-ға;
  • Өзбекстанда 9,3 миллионнан 16,8 млн-ға;
  • Түрікменстанда 5,4 миллионнан 14,0 млн-ға.

Қазір Қытай:

  • әлемдік қой санының 13%;
  • қой етінің өндірісінің 23,5%;
  • жүн өндірісінің 22%;
  • жүн экспортының 17% үлесіне ие боп, саладағы әлемдік көшбасшыға айналып отыр.

Қой санының өзгеруі

Қой санының өзгеруі / Дереккөз: FAOSTAT


"Басқа елдерді айтпағанда, Моңғолияда қой санының 12,1 млн-нан 30,1 млн басқа жетуі, жеке шаруашылығында ондаған мың бас малы бар қойшыларының пайда болуына не себеп?" деген біздің сауалымыза сарапшылар келесіше жауап берді:

Алмазбек Садырбаев:

– Елде социализм құлап, капитализм орнай бастағанда олар 12-14 ет комбинатын сақтап қалған. Осы комбинаттар басты операторларға айналдырып, барлық ет соларға сатылған. Сәйкесінше, еттің барлығы осы комбинаттар арқылы өтеді.

Айман Тұрсынхан:

– Қой шаруашылығының Моңғолияда қарқынды дамуына басты себеп – олар осы ғасырлық өмір салтын құрдымға кетірмеген. Ал Башқұртсанда жайылымдық мал шаруашылығын қалпына келтіру үшін ынталандыру шараларын енгізуге мәжбүр болды. Біз де осы жолды ұсынып отырмыз.

Алмазбек Садырбаевтың мәліметіне сенсек, қауымдастыққа қазір 5 мыңға жуық қойшы біріккен. Олар – жеке қосалқы және фермерлік шаруашылықтар.

Ал еліміз бойынша қанша қойшы бар екенін ешкім білмейді, ондай есеп жүргізілмейді.

"Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы шамамен өздеріне сенімді 5 мың тауарлық шаруашылық құруды жоспарлап отырмыз. Тек қой өсірумен шұғылданатын 500-700 мың шаруашылық болса дейміз. 300-ден астам түрлі бағыттағы өнім өңдеуші қажет. Ең бастысы – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Қазір оның үлесі – 10-12%. Бұл санды әлемдік деңгейге, яғни 15-17%-ға жеткізу керек", – дейді қауымдастық төрағасы.

Ал қазір еліміздегі асыл тұқымды қой саны – 3 162 363 басты құрайды.

Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?

Әлемдік ет тұтыну құрылымында қой етінің үлесі арта түсті

Қой шаруашылығы өнімдерінің әлемдік экспортының ауқымы ақшалай есептегенде 20 млрд АҚШ долларына жеткен. Әлемдік қой етінің нарығы 2019 жылы 335 млн тоннаға жетсе, 2030 жылы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының болжамына сәйкес, 339 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін.

2015 жылдан бері әлемдік ет тұтыну құрылымында қой етінің үлесі жылдам қайта қалпына келе бастады. Бағасының қымбаттауына байланысты сиыр етін және эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты шошқа етін тұтыну өсімі баяулаған.

Әлемдік қой еті нарығының сыйымдылығы жылына 11,7 млн тоннаны құрайды, оның 12,4%-ы экспортталады.

Қазақстандық қой еті экспортының географиясы үш логистикалық бағытта қарастырылып отыр:

  • Еуропалық дәліз (Ресей, Германия, Франция, Италия, Бельгия);
  • Оңтүстік-Шығыс дәліз (Қытай, Тайбэй, Гонконг, Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея);
  • Парсы шығанағы дәлізі (Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт, Оман, Иордания).

Қазақстан Ресей, Иран, Қытай, Бахрейн, БАӘ, Оман, Катар және Кувейт елдеріне 2018 жылы 3 028 тонна (15 452 мың АҚШ доллары), 2019 жылы 2 503,5 тонна (12 318,8 мың АҚШ доллары) қой етін экспорттады.

Оқи отырыңыз: Қазақ малы терісінің пайдасын қырғыз бен қытай көріп жатыр. Ал қазақ теріні өңдемек түгілі, былғарыны ажырата алмай қалды

Қазақстан жылына 375-400 мың тонна қой етін өндіре алады

Бағдарлама авторларының есебінше, саланың әлеуеті 2030 жылға қарай жылына:

  • 375-400 мың тонна қой етін;
  • 80 мың тонна жүн;
  • 12,5 млн бірлік қой терісін;
  • 260 мың қаракөл елтерісін өндіруге жетпек.

Отандық терең өңдеу саласымен жақын интеграцияланған жағдайда қой шаруашылығы еліміздегі экспортқа бағытталған аса ірі индустрияға айнала алады. Тікелей субсидиялар рентабельділігі төмен келесі секторларға қажет болмақ:

  • Асыл тұқымды дамыту ісі және аграрлық ғылым;
  • Жаппай қой шаруашылығы;
  • Бастапқы шикізат әзірлеу;
  • Жем-шөп базасы және жайылымды басқару.

Жаңа бағдарламада ауылдық жерлерде 1 420 000 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.

Ол үшін келесі шараларды жүзеге асыру қажет:

  • Ауылдарда қол жетімді баспаналар тұрғызу;
  • Дамыған әлеуметтік тұрмыстық инфрақұрылымды – агроқалашықтарды дамыту;
  • Ауылдарда мектеп интернаттар салу;
  • Жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған фермерлік мектептер ашу;
  • Орта техникалық білім беру жүйесін дамыту;
  • Ғылым, жоғары білім және шаруашылықтардың байланысы арқылы еңбек өнімділігін арттыру.

"Бағдарламаны жүзеге асыруға тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана қатыспайды. Жұмыспен қамту, экология және білім беру мәселелері де бар. Үкіметпен бірлескен үлкен жұмыс күтіп тұр. Жоспардың жүзеге асырылуын біз де қадағалап отырамыз", – дейді Алмазбек Садырбаев.

Оқи отырыңыз: Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт

Қойшының мәртебесін қалай көтереміз?

Ауылдарда жаппай жұмыспен қамту үшін бағдарлама авторлары жайылымдық қой өсірушілердің мәртебесін көтеруді ұсынады.

Қойшының мәртебесін көтеру, жайылымдық мал шаруашылығына мамандарды тарту және оларды ұстап қалу үшін "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы заңының 18-бабына келесі 2 санатқа жеңілдіктер ұсыну бойынша түзету енгізу ұсынылды:

  • Жайылымдық малшаруашылығы шаруашылық субъектілерінің жалдамалы қызметкерлері;
  • Мыңдық малы бар жеке және кооперативтік қойшылар.

Қазіргі қойшыларға қатысты жеңілдіктерді қайта қалпына келтіру үшін авторлар ҚазақКСР үкіметінің 1991 жылғы қаулысын негізге алуды ұсынып отыр:

  • жеңілдікпен зейнет демалысына шығу құқығы: ер азаматтарға – 55 жасқа шыққанда және кемінде 25 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде 12 жыл 6 ай аталған жұмыста болса, әйелдерге – 50 жасқа шыққанда және кемінде 20 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде 10 аталған жұмыста болса;
  • жайылымдық учаскеде қосалқы жайлары бар қызметтік баспананы тегін беру;
  • шаруашылықтың немесе жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен қосалқы аулалық жайлары бар үй құрылысын салып беру, ол малшаруашылықта 10 жыл жұмыс істегеннен кейін қызметкердің жеке меншігіне беріледі;
  • жас қойшы отбасыларына және жайылымдық малшаруашылығының басқа да қызметкерлеріне (30 жасқа дейінгі) жеке қосалқы шаруашылығын құруына арнап тегін бір сиыр мен 10 қой беру және алғашқы бір жылда жем-шөппен қолдау.
  • жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер мен электр қуатының төлемдерінен босату;
  • жайылымдық малшаруашылығы қызметкерлерінің балаларын 17 жасқа дейін толық мемлекеттің қамтамасыз етуімен мектеп-интернаттарға және мектеп жанындағы интернаттарға орналастыру;
  • шипажайлар, демалыс орындары мен басқа да сауықтыру мекемелеріне жолдамамен бірінші кезекте қамтамасыз ету;
  • еңбек ету жағдайының күрделілігіне сәйкестендіре жалақыға үстемеақыны 1,25-тен 1,5-ке дейінгі аймақтық коэффициентпен белгілей отырып, шалғай мал жайылымдарында вахталық жұмыс ұйымдастыру; жұмыс беруші есебінен қажетті арнаулы киіммен, көлікпен, баспанамен, қажетті жабдықтармен, қауіп-қатерден және түз жануарларынан қорғануына арналған қызметтік қару-жарақпен, еңбек міндеттерін бөгетсіз атқаруына арнап азық-түлікпен толық қамтамасыз ету;
  • отбасылық кооператив құрамында жеке шаруашылығын дамытуына арнап "Асыл қой" бағдарламасы бойынша бір отбасына 50 ұрғашы қой мен 2 қошқар түрінде табиғи грант алу құқығымен қамтамасыз ету.

Бағдарлама жүзеге асқан жағдайда кәсіби білікті 606 582 маман, оның ішінде жоғары білімді инженерлік-техникалық қызметкер мамандардан 6 790 адам және техникалық кәсіптік білімі бар 599 792 маман, сондай-ақ, кәсіби біліксіз 600-800 мың қара жұмысшы жұмыспен қамтылады.

Жем-шөп дайындаудан бастап, дайын өнім өндіруге дейінгі салалық жалпы еңбек нарығында айына 350-400 АҚШ долларына дейінгі ең төменгі жалақымен 1,2 млн жұмыс орны құрылмақшы. 5 тоқыма комбинатын қоспағанда, еңбек өнімділігі саладағы әрбір жұмыспен қамтылушыға шаққанда 14 927 АҚШ долларын құрайды.

Жоғары сапалы тұрмыстық және еңбек ету жағдайларын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан халқының 32%-ы ауылдық жерлерде тұрақтап қалады. Жұмыс күші ауылдық жерлерге қайта оралады, ал ауыл тұрғындарының тіршілік деңгейі қала тұрғындарымен теңеседі.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының 30 пайызы халал. Бірақ бұл саланы реттейтін заң әлі жоқ

Бағдарламаның түпқазығы – келісім-шарттық фермерлікті дамыту

Салалық бағдарлама шеңберінде бірнеше шағын бағдарлама әзірлеу қажет:

  • Ет бағытындағы тауарлық қой шаруашылығын, бордақылау алаңдарының желісін және ет өңдеуді дамыту мақсатында "Shopan Ata" шағын бағдарламасы;
  • Шағын отбасылық кооперативтерге біріккен Жеке қосалқы шаруашылықтарға табиғи гранттар беруге арналған "Асыл қой" шағын бағдарламасы;
  • Отандық асыл тұқымды қой шаруашылығын және аграрлық ғылымды дамытуға арналған "Алтын тұяқ" шағын бағдарламасы;
  • Ішкі нарық пен экспорттық мақсатта қой шаруашылығын жүн, тері және қаракөл елтірісін өңдеу индустрияларымен интеграциялауға арналған "QazFurs" және "QazWool" шағын бағдарламасы.

Ең бастысы: бағдарламаның түпқазығы – келісім-шарттық фермерлікті дамыту болуы тиіс.

"Агроөнеркәсіптік кешенде расында да бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін бастапқы мақсатты өзгерту керек. Мақсат "бюджет қаражатын игеру" индикаторы емес, бірінші орында ауыл тұрғындарының әл-ауқаты тұруы керек. "Бай фермер – тұрлаулы салық төлеу – бай мемлекет". Бұл – негізгі принцип", – дейді бағдарлама авторлары.

Олардың пікірінше, ауыл шаруашылығында жиналатын салық мөлшерінің тұрлаусыздығына басты себеп – өндірістің тиімсіздігі мен көлеңкелі айналым үлесінің жоғары болуы. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі салық мөлшерінің ұлғаюына әкеле алмай отыр.

Агроөндірістің өзіндік құнындағы кредиттік және салықтық жүктеменің жоғары болуы шағын тауарлық өндірісті өз айналымын көлеңкеге жіберуге итермелеп отыр. Қазір тек субсидия алатын шаруашылықтар ғана қызметіне қатысты ақпаратты ашады. Ал бұл жүйе келісім-шарттық фермерлік шаруашылықтардың айналымын ашыққа шығарады деп күтілуде. Оффтейк келісім-шарттар мен операциялық лизинг арқылы қаржының құнын арзандату рентабельділікті көтереді.

3-6%-дық салықтық коэффициент ашық жұмыс істеп, мемлекеттік бюджетке салық төлеушілерді көбейтіп, салаға бөлінген субсидияларды толық ақтайды.

Стандартты оффтейк келісім-шарттан айырмашылығына келсек, фермерлік келісім-шарт алдын-ала инвестициялық кезеңнен бастап 5-10 жыл ұзақ мерзімге бекітіледі.

Оқи отырыңыз: "Қойың не, қоғамды құртқан"

Бағдарлама шеңберіндегі инвестициялық жобалар

Осылайша, салалық бағдарлама шеңберінде бірнеше инвестициялық жоба ұсынылып отыр:

  • 10 мың мал сыятын фидлот және бір ауысымда 300 ұсақ малға есептелген ет комбинаты. Жобаның құны – 1,6 млрд теңге, оның ішінде инвестиция 1,14 млрд теңге, айналым капиталы 0,5 млрд теңге. Жобаның ақталу мерзімі – 2 жыл;
  • бір уақытта кемінде 5 мың мал сыятын мал бордақылау алаңы мен қуаттылығы тәулігіне 300 бас ұсақ малды құрайтын ет өңдеу кәсіпорындарын құру;
  • мал бордақылау алаңы мен ет комбинатын құруға арналған 25 га жер телімі;
  • инвестициялық мақсатқа 1 200 млн теңгеге дейінгі қаражат;
  • айналымы капиталын толықтыруға 500 млн теңгеге дейінгі қаражат;
  • жоба бастамашысында оффтейк келісім-шарттарымен қоса келісім-шарттық фермерлік негізінде құрылған шикізаттық базаның болуы;
  • 6 жеке қосалқы шаруашылықтан құрылған 300 бас аналық ұсақ малы бар отбасылық кооператив. Құны – 29-30 млн теңге, оның ішінде субсидияны қоса алғанда, инвестиция мөлшері – 23 млн теңге, айналым капиталы – 5,6 млн теңге. Ақталу мерзімі – 2-3 жыл.

Сонымен, жан-жақты бағдарлама әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылды.

"Бағдарламаны әзірлеуге біз 7 млн теңгеге жетпейтін қаржы жұмсадық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұдан бұрынғы әзірлемелеріне 400 млн теңгеден астам қаржы кететін. Ал бұл жолғы бағдарламаны әзірлеуге министрлік бір тиын да жұмсаған жоқ", – деді Айман Тұрсынхан.

Серіктестер жаңалықтары