"Күнделікті тағам рационынан сүт өнімдерін алып тастау қажет!" Басқа басқа, диетологтар арасында да мұндай пікірді айтушылар көбейді. Олар, негізінен, екі уәж келтіреді:

  1. Сүттің құрамында денсаулыққа пайдасынан зияны көп заттар бар;
  2. Ересек адамдардың ағзасына сүт өнімдері дұрыс қорытылмайды.

Осыған орай, Informburo.kz сүт өнімдерінің адамға зияны мен пайдасы туралы мәліметтерді жинақтады.

Оқи отырыңыз: Ауыздың уылуын (стоматитті) қалай емдейді? Бұл ауру шынымен қатерлі ме?

Базар сүтінен қауіп көп

Қазақстан Сүт одағының оңтүстік аймағы бойынша ресми өкілі мен сарапшы топтың мүшесі Дінмұхамед Айсауытов қазақстандық тұтынушыларға сапасы күмән келтіретін базарлар мен дүңгіршектерде сатылатын жеке қожалықтардың сүтін пайдалану қауіпті екендігін ескертеді:

"Супермаркет сөрелеріндегі сүт өнімдері шикізат сапасы мемлекеттік және ішкі қадағалау мекемелерінің бақылауынан өткен жеке шаруа қожалықтарынан алынған зауыт-фабрикалардан жеткізіледі. Жеке шаруа қожалықтарынан алынатын сүт құрамында кездесіп қалатын патогенді бактериялар жоғары стандартты және азық-түлік қауіпсіздігі сақталған ірі сүт өндіруші мекемелерінен алынатын сүтте болмайды. Базар мен дүңгіршектерде сатылатын сүт өнімдерінде адам өміріне қауіпті, құрамында денсаулыққа кері әсерін тигізетін патогенді микрофлора және антибиотиктер кездесуі мүмкін", – деді Дінмұхамед Айсауытов.

Оқи отырыңыз: Шымкентте балаларға беретін Humana сүт қоспасын сатуға тыйым салынды

Ересек адамдарға қышқыл сүт өнімдері зиян ба?

Мамандардың айтуынша, сүтті пайдалы немесе зиянды деп бөліп-жаруға болмайды. Мәселе өнімнің сапасы мен оны тұтынатын адамға байланысты. Дәрігерлер азық-түлік өнімінің бұл түрінің әр түрлі жастағы адамдарға маңызы зор екенін алға тартып, ересек адамдардың ағзасына зиян екенін жоққа шығарады. Сүт өнімдері ағзаға оңай сіңетін ақуыз бен кальцийге бай.

"Сүт өнімдерін тұтынудан бас тарту остеопороз ауруының пайда болуына әкеледі. Тіпті, ағзаның лактоза мен сүт қантын қабылдамайтын жағдайында да дәрігерлер таза қышқыл сүтті тағамдарды, мысалы, йогуртты тұтынуға кеңес береді. Бұл ағзаның қажетті мөлшерде ақуыз бен кальцийді сіңіруіне өте қажет", – дейді ресейлік дәрігер-диетолог Евгения Соколовская.

Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?

Сүттің пайдасы

Салмақты сақтауға және бұлшықетті өсіруге көмектеседі

Артық салмақпен күресіп жүрген жандар үшін сүттің пайдасы зор. Диетадан кейін салмақты бір қалыпта сақтауға, бұлшық ет массасын жоғалтпай, өсіру үшін ағзаға тағаммен берілетін макронутриент ақуыз қажет. 100 грамм сиыр сүтінде шамамен 3,2-3,5 грамм ақуыз бар, мұндай ақуыздың сіңу коэффициенті – 1.0. Бұл – барлық қажетті аминқышқылдарды қамти отырып сүт ағзаға толығымен сіңеді деген сөз.

Оқи отырыңыз: Құрттың құтын құрттық

Инсульт және жүректің ишемиялық ауруы қаупін төмендетеді

Сиыр сүтінде майлар шамамен 63 пайызды құрайды. Олар жүрек пен қан тамырлары үшін зиянды деп саналады, бірақ ғылыми дәлелі жоқ. Керісінше, ірімшік, майсыз сүт және қышқыл сүт өнімдері инсульт пен жүрек ауруларының қаупін төмендетеді. Бұдан бөлек, сүтте 4,73 пайызға дейін жүрек пен миға пайдалы май қышқылдары болады. Бұл қышқылдар тек көктем және жазда құнарлы шөппен қоректендірілген жануарлардан көп бөлінеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда сүт өндірісіне жаңа талап қойылады. "Родина" ауылынан фоторепортаж

Сүйектің сынуына жол бермейді

Сүйек пен тіс күшті және сау болу үшін ағзаға кальций қажет. Сонымен қатар, бұл макроэлемент қан тамырларының, жүйкенің және гормондардың жұмысына қатысады. Адам ағзасына кальций жетіспеген кезде денсаулығы сыр бере бастауы мүмкін. 100 грамм сүтте 112 миллиграмм кальций бар. Сүттегі кальций лактозаның, D дәруменінің және фосфордың арқасында ағзаға жақсы сіңеді.

Оқи отырыңыз: Саба пісіп, құрт жасау қалай өзгерді? Жалған құрт-майды қалай білеміз?

Егде жаста мидың жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі

Сүтті жақсы көретін егде жастағы адамдардың миында глутатион көп болады. Бұл мидағы жасушаларды бос радикалдардан қорғайтын күшті антиоксидант.

Сүттің зияны

Сүттің адам денсаулығы үшін пайдасы зор болғанымен, кей жандарға кері әсер етіп, зиян тигізуі ықтимал.

Қатерлі ісіктің даму қаупін тудырады

Сауылатын буаз сиыр сүтінде эстроген мен прогестерон көп болады. Мұндай сүт адамның гормон жұмыстарына кері әсер етеді және аналық без, кеуде, жатыр, қуық қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады. Сондай-ақ, сүт асқазанның кебінуін туғызады. Ағзаның қабыну процестеріне ықпал етеді және қышқыл ортаны құрайды.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

Ас қорытуды бұзуы мүмкін

Сүттегі көмірсулар лактозамен беріледі. Лактозаны бойға сіңіру үшін ағзаға лактаза қажет. Егер бұл фермент жетіспесе, лактоза толығымен қорытылмайды. Демек, сүт өнімдерін қолданғаннан кейін 30-120 минуттан кейін диарея болып, жүрек айнуы, құсу, іш бұлшық еттерінің тартылуы мүмкін. Ағзасы лактозаны қабылдай алмайтын адамдардың емделуіне қажеттілік жоқ. Тек тамақтану рационынан сүт пен сүт өнімдерін алып тастаса, жеткілікті.

Егер денсаулықта келесі проблемалар болса, сүттен бас тарту керек:

  • Лактозаны қабылдамау;
  • Гормон жұмысы бұзылған немесе жатыр, аналық без, кеуде6 қуық обыры болғанда.

Мұндай адамдарға сиыр сүтінің орнына күріш, кокос, бадам немесе жаңғақ сүтін тұтынған жөн. Холестерині жоғары адамдарға май үлесін азайту керек. Сондықтан олар майсыздандырылған сүтті сатып алуға кеңес беріледі.

Оқи отырыңыз: Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?

Супермаркет сөрелеріндегі сүт неге ұзақ уақыт бұзылмайды?

Көпшілік арасында ұзақ мерзімге жарамды сүт пайдасы жайлы күмәнді пікірлер де кеңінен таралып келеді. Тұтынушылар пастерленген сүтте ағза үшін пайдалы минералдар мен дәрумендердің жойылатынын алға тартуда. Ал сарапшылардың айтуынша, заманауи зауыттарда жоғары деңгейдегі асептика мен өндіріс талаптары орындалған кезде ғана шығарылған сүт пайдалы қасиеттерін сақтай келе, дүкен сөрелерінде 2 аптаға дейінгі мерзімге жарамды болады.

"Ұзақ мерзімге (алты айға дейінгі) жарамды сүт – ультрапастерленген сүт. Ол термо өңдеу мен қаптама арқасында ұзақ сақталады. Бұл сүт өңдеудегі заманауи әрі құнтты тәсіл. Сүтті 135-137 °C ысытып, бірден 4-5 °C салқындатады. Сол кезде бактериялар жойылады, бірақ 2-4 секундтық өңдеудің арқасында сүттің пайдалы қасиеттері (ақуыз, көмірсулар, кальций) сақталады", – дейді Евгения Соколовская.