Көзге шыққан сүйел

Ел астанасында іске аспай қалған жеңіл рельсті көлік жобасы отандық билік пен бәрін соның ырқымен істеушілердің масқарасын шығарғаны даусыз. Қыруар қаржы, қымбат уақыт қор болғанын айтпағанда қаз-қатар бетон тіреу қала көркін бұзып, көзге шыққан сүйелге айналды.

Басқа елдің ірі қалаларында осы тақылеттес қоғамдық көлік түрі бұдан арзанға әрі дер кезінде іске қосылды. Біздікі бірнеше адамды соттатып, тағы бірерін қашқын етіп, сол мелшиген тұғыр қалпы тұр. Үкімет пен қала басшылығы қысып-қымтап, алақан жайып қаржы сұрап, ақыры оны іске қоспақшы.

Біз басқа ұсыныс айтар едік. Тыңдар құлақ табылса.

Ел астанасы жоғарыда жүретін жеңіл рельсті көлікке зәру емес. Әу баста да, қазір де. Қаланың әуежайында көлік таппай ділгіріп қалған жан баласын жолықтырмайсың. Состиған тіреулердің екінші жағы тірелетін теміржолдың жаңа бекетінде тағы солай. Келіп-кетушілерді автобустар мен жеңіл көліктер зырқыратып жедел тасып жатыр. Сонда мына жеңіл рельсті көліктің түкке қажет еместігі аңғарылады.

Әу баста мақтаныш, кеуде соғу және Дубай, Ташкент сынды қалалармен бәсеке үшін керек болған шығар. Әрі елдің есінен шыға бастаған "ЭКСПО-2017" уақытында шетелдіктердің көзін қызықтыру үшін. Ол арманның ешбірі орындалмады.

Ендігі жерде мұны басқа мемлекеттердің қалаларында жоқ, шын мақтаныш бола алатын басқа мақсатта пайдаланған жөн. Біздің сөзіміз сол жайында.


Оқи отырыңыз: Әншілер мен әкелер


Бір жоқты бір жоқ табады

2021 жылы Маңғыстау аймағында көктемде жаңбыр, қыста қар болмағандықтан жерге қылтанақ шықпай, аштықтан сүйегі саудырып, арам қатқан жылқы жайында көп айтылып жатыр. Фотолары мен бейнекөріністері әлеуметтік желіні толтырды. Жері қуаң, желі тынбайтын, сол себепті табиғаты тым қатал өңір үшін мұндай жұт – айналып соғып тұратын құбылыс.

Ал табиғаты жайлы да жұмсақ Еуропаңызда осындай жұт болған. Екі ғасыр бұрын. Бұған себеп жанартаудың атқылағаны көрінеді. Соның салдарынан біраз уақыт Еуропадағы климат өзгереді. Екі жыл шөп шықпай, құнарлы аймақтар тақырланған. Жейтін шөп жоқтықтан жылқы жаппай қырылған.

Ол жақта жылқыны азық үшін өсірмей, көлік ретінде пайдаланатын. Бүкіл жүк пен жолаушыларды қала мен ауылдар арасына тарантаспен, арбамен таситын уақыт. Біздегі шыдамды түйе ол жақта өсірілмейтін.

Осылай кенет дағдарыс басталды. Тамақтың тапшылығына көліктің жоқтығы қосылды. Осы қысылтаяң 1817 жылы барон Карл Фрейхерр фон Дрез "жүгіретін көлік" ойлап тапты. Бұл өзі өте ізденгіш кісі еді. Ауыл шаруашылығының маманы кейін сәулет және физика салаларын зерттеген. Сондықтан қазір адамзат тұтынатын бірқатар заттарды бірінші ойлап тапқан. Оның ішінде өзіміз журналист ретінде бірнеше ондаған жыл, Мұхтар Мағауин ақсақал жазушы ретінде бізден екі есе көп уақыт пайдаланған жазу мәшеңкесін жасаған. Бәрекелді. Әйелдердің жұмысын жеңілдеткен жаңалығы бар. Ол – ет тартатын машина. Тұңғыш жасап берген. Онда қолмен айналдыратын, енді электр мотормен қозғалады. Бірақ, басқасы екі ғасырдан асса да, көп өзгере қоймаған. Физиканы жақсы білудің пайдасы осындай.

Хош, енді  Дрез мырзаның "ағаш атына" оралайық. Бұлай атауымыздың сыры – қаңқасы ағаш болатын. Оған бекітілген екі дөңгелек, былғары ершік пен руль бар. Әзірге қос тепкішек пен берілісті жүзеге асыратын темір шынжыр жоқ. Аяқтарыңмен жүгіріп екпіндеп аласың да, біраз уақыт тыным тауып қозғала бересің.

Әлемде жасалған велик түрлерінің бір тобы. Фото Дүниежүзілік велосипед қорының сайтынан алынды

Менгейм қаласында алғаш жасалған бұйым немістен кейін француз бен ағылшындарға ұнайды. 1860 жылдар басында Пьер Миша деген француз қос тепкішек пен сол арқылы артқы дөңгелекті айналдыратын тетіктерді істеді. Бұл өнертабысы 1967 жылы Париждегі халықаралық көрмеге қойылды. Содан бері велосипед анау айтқандай өзгеріске түсе қоймаған.

Еуропадағы "жылқы қырылған жыл" әлемге осындай жаңалық әкелген. Қазақтың "бір жоқты бір жоқ табады" дегені айна-қатесіз қайталанған. Содан екі ғасырдан бері қазақтыкі осы сөз ғана болса керек. Әсіресе, кейінгі жылдары.


Оқи отырыңыз: Тіршілік шынжырындағы шешуші тетік


Ершікке отырған ел

Осылай жасалған велосипед адамзаттың ең тамаша табыстарының алдыңғы қатарында. Иә, Дрез мырза жасаған ет тартқыш машина, Зингерді өз заманында қазіргі Билл Гейтс сияқты әлемнің ең бай адамының бірі еткен тігін машинасы, ауылда бала кезімізде ызыңы оятатын сүт тартатын машина сияқты.

Біздің бала кезімізде бұл велосипед байлықтың бір белгісі сияқты болған. Қымбаттығынан ғана емес, аз шығарылғанынан. Ай сайын ауылдағы дүкенге біреуі түссе түсті, түспесе жылына бірең-сараңы келетін. Сондықтан бала атаулының арманына айналып еді. Таныс баланың велигімен бір айналып келу үшін оның дөңгелегін бас киімімен сүрткендер туралы жақында ғана естелік оқып, бір мырс еткенбіз. Алпысыншы жылдары ауыл баласының арасында бұл көліктің қадірінің қаншалықты жоғары екенін айғақтайтын мысал.

Ауылда велигі бар баланың көңілі шарықтап, басқалардан айдыны асып тұратын. Анау-мынауды менсіне қоймайтын. Сол заманда балалар журналына шыққан мына шағын өлең соған дәлел болмақшы:

Велик мінген шалағай

Алды-артына қарамай,

Қағып кетті сәбиді

Кіші екен деп аямай.

Солай еді. Енді дүкенде велик жеткілікті. Балаларға арналғанынан бастап қалада тебетін, тауға шығатын, жылдам жүретін және басқасы "мені алшы, мені алшы" деп жамырап тұрады. Бұрын таппай қиналатын ел енді таңдауға қиналады.

Ел демекші, Еуропаның және Азия мен Африканың көптеген мемлекеттерінің тұрғындары великті басты көлікке айналдырған. Астанасындағы басты көшені тек велосипед тебушілерге арнағанды Данияға барғанда көргенбіз. Нерребро аталатын көшеде жүк және жеңіл көлікпен жүруге тыйым салынған. Автобус пен велосипедке арналған.

Қазақстан астанасында Республика мен оның Есілдегі көпірден кейінгі жалғасы Қабанбай даңғылдарын осылай істеп қойғанын көзге елестетіңізші. Немесе Алматыдағы Абай даңғылын. Бізде мүмкін емес сияқты, онда толық солай. Және Нерреброның әр тұсынан қаланың шет жақтарына шығып кететін велик көшелері тағы бар. Өздері "вело хайвей" дейді. Екеуінің ұзындығы 15 шақырымнан, біреуі тіпті 20 шақырымға созылған.

Бұл енді Алматының өлшемімен Достық даңғылын Медеуден Алматы Аренаға дейін немесе Сейфуллин даңғылын Әл-Фараби даңғылынан бастап Бірінші Алматы теміржол бекетіне дейін тек велосипедке берді деген сөз. Біздің ел мен оның қалаларында мүмкін емес нәрсе. Ал әлем оны мүмкін еткенін көзіміз көрді.

Сол елде патшаның қызы екі баласын балабақшадан велик алдындағы арбаға салып әкеле жатқанын көргенде Қазақстан туралы ойлауға ұяласың. Бізде ондайлардың бір баласының өзін міндетті түрде таудай джипке отырғызып екі күзетші апарады. 

Дания принцессасы балаларын великпен тасып келеді. Фото pikabu.ru сайтынан алынды

Оқи отырыңыз: Тақырда қалған туысқан


Ізденген жетер мұратқа

Еуропа мен Азияны аралағанда велосипедшілерге барынша қамқорлық жасалғанын байқайсыз. Дания мен Голландияда және басқа елдерде оны жөндету, дөңгелегін үрлеп алу және басқа қызметтер, сол сияқты таза ауыз су толтырып алатын шүмектер жиі кездеседі. Осы елдер енді веложолдың астына күн көзінен қуат өндіретін панельдер төсеуді бастаған. Сонда жолдың өзі жай жатпай, қуат өндіріп береді.

Бұл орайдағы жаңалықтың көкесін Оңтүстік Кореяға барғанда көрдік. Тэджон деген қаладан шыққанымызда автожолдың ортасы бөлініп тасталғанын байқағанбыз. Сөйтсек бір жағы оңға, екінші жағы солға кетіп жатқан трассаның арасына велосипедшілер үшін жол жасалған екен. Бір-біріне бөгеті жоқ. Велосипедшілердің әр тұста магистральдан қауіпсіз шығып кетуі ойластырылған.

Оңтүстік Кореяның төбесі күн панелімен жабылған вело жолы. Фото selfhacker.net сайтынан алынды

32 шақырымдық веложолдың екі жағының қалқаланғаны ештеңе емес, төбесі түгел жабылыпты. Жай жабынды емес, күн панельдерімен. Сөйтіп бұл веложолдың бірнеше мақсатпен салынғанын білдік.

Біріншіден: екі қаланың арасына жолаушылар еш жанармай рәсуә етпей великпен жүреді. Екіншіден: бұл жол еш қауіпсіз. Үшіншіден: төбеден күн түспейді, жаңбыр жаумайды, жел соқпайды. Оның үстіне осы жол қаншама үйлер мен ғимараттарға, жолдағы бегілер мен бағдаршамдарға қуат беріп тұр. Ол сайып келгенде тағы жанармай шығындамайды. Қуат алу үшін мұнай өнімдері мен көмір жағылмайды.

"Жасыл энергетиканың" нақты мысалын сонда көрдік. Тұрғындар денсаулығын ойлаудың қандай болмағын тағы көрдік. Біздің елдегі үкімет пен әкімдердің құр даңғаза жасап, қаншама қаржыны желге шашуы емес, игілігін халық көріп отырған, шеттен келген біз сияқты туристер тамсанып отырған іс.


Оқи отырыңыз: Көршілер еккен каштан


Бір оқпен бірнеше қоян

Енді сөз басындағы ел астанасына оралайық. Жаңа темір жол бекеті мен әуежай арасындағы сорайып тұрған тұғырларға жеңіл рельс салып шығынданып не керек?

Осылардың екі жағын қалың әйнекпен қаптап, төбесіне күн панелдерін орнатса қайтеді?! Содан кейін бір жағын вело серуендеушілерге, екінші жағын жаяу жүгіретіндердің игілігіне беріп қой. Қаржы анағұрлым аз шығады. Мынаған жеңіл рельс салғанша, мініп-түсетін стансалар жасағанша, одан электр вагондарын әкелгенше не заман? Депосы тағы бар. Бәріне қуат керек. Қарап тұрсақ, шығыны әлі шаш-етектен.

Ал велосипед тебушілерге арнап әйнекпен қаптап шығу ондай қымбатқа түспейді. Әр тұсына жазда салқындатып, қыста жылытатын қондырғылар орнатса жетеді. Оның өзін қуатпен төбесіндегі күн панелдері қамтамасыз етеді.

Осылай жасалса, қаншама қаржы үнемделер еді. Ең бастысы ел астанасы тұрғындарының денсаулығы жақсарады. Қаланың велосипед тебу маусымы төрт-бес ай емес, жыл бойы сақталады.

Дәл осындай веложол әзірге әлемнің ешбір мемлекетінде болмағанын ескергенде, бұл туристер тартудың тамаша тәсілі болар еді. Біз Оңтүстік Кореядағы вело жолға тамсанып келсек, енді өзіміздің әлемді тамсандыратын мүмкіндігіміз бар.

Сөз соңында айтарымыз, осы ұсыныспен салынар болса, бұл веложолға біздің атымызды бермей-ақ қойсын. Шенділермен жағаласамыз деп шекемізге шоқпар тигізер жәйіміз жоқ. Тек шетінен сотталып, іздестіріліп жатқан жауапсыз адамдар қалдырып кеткен қадау-қадау тұғырды тиімді пайдалану туралы дені дұрыс ұсыныс берген осы кісі десе жетеді!