Кітаптан көргендеріміз
Ресейде шындықты айтып, көрсететін интернеттегі азғана арнаның бірінен ноғай даласының тулаққа айналғаны туралы сюжетті көзіміз шалды. Еске отыз жыл бұрынғы оқиғалар оралды. Ондағы жағдайы мәз болмаса да, қазіргіден тәуір еді.
Ноғай халқы туралы алғашқы ақпаратты бала кезімізде "Ақ шағыл" романынан жолықтырдық. Жұмекен Нәжімеденовтің теңдессіз, әлі де лайықты бағасын ала қоймаған трилогиясының алғашқы кітабында "ноғай" сөзі кездеседі.
Басты кейіпкердің бірі, сақау Сейсімет ат үстінде көңілі шалқығанда айтатын екі жол өлеңі:
"Тойы айғый тоқпақ жалды тоғайда бай,
Қыздайдың ең жақсысы ноғайда бай".
Сейсіметтің тілі келмейтін "Р" әрпін қалпына келтіріп жазғанда:
Торы айғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,
Қыздардың ең жақсысы ноғайда бар.
Әлбетте, Жұмекен бұл жерде Сейсіметтің аузына өз жанынан шығарып, өлең салмаған. Ежелгі халық әнін келтіре қойған.
Бұл ән екі халықтың арасын қайта біріктіру, құдандалы ету мақсатында туса керек. Әрі қазақтың ноғай жұртына жақын Батыс аймағында кеңінен тарағаны талассыз. Бала кезде құныға оқыған көркем әдебиеттер арасында қайтып ноғай туралы дерек ұшыраспаған. "Батырлар жырындағы" әлқиссадан кейін келетін "Ноғайлының елінде" деген жолды айтпаған.
Одан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тілші болып қызмет еттік. Сталин билігі тұсында жазықсыз саяси қуғын-сүргінге түскендер туралы түрлі материалдар жариялауға ат салыстық. Біз қызмет атқарған, өзі "социалистік" деген жапсырмадан құтылып, "Егемен Қазақстан" атанған газетте Шәкәрім Құдайберді туралы бірнеше мақала шықты. Архивте қалған шығармаларының үздігі "Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін" оқығанда тағы да ноғай атауы алдымыздан шыққан. Шежіреші әз Жәнібек ханның тұсында қазақ пен ноғай бөлінгенін айтады. Сол кезде "Ел айрылған" күйі шыққан дейді.
Бұл күй екі халыққа ортақ. Ол күй тартылатын домбыра қазақ пен ноғайда бірдей. Домбыра туралы ноғай ақыны Солтан Сүйіновтың бір шумақ өлеңі есімізде:
Досыңменен сөйлессең,
Домбырадай дулайсың.
Иауыңменен сөйлессең,
Иапырақтай тулайсың.
Жалпы ұқсастық жетеді. "Күңіреніп күн түбіне жортқан" Доспамбет жырау екі халыққа ортақ. "Ер Едіге" дастаны екі жақта бірдей нұсқамен сақталған. "Шора батыр" да сондай. Онда:
"Ақтажының әлібиін өлтірдім,
Басымызға кетпес қорлық келтірдім", –
дейтін жолдар бар. Осындағы "Ақтажы" сөзін беріректе Мұхтар Мағауинның "Аласапыран" романынан табуға болады. Екі кітаптан тұратын романның бас кейіпкері Ораз-Мұхамедтің орыс билеушісі Годуновқа жолығар тұсында "ақтажы бояр" деген тіркес кездеседі.
Жаңағы "Шора батырда":
"Қазанды кәпір алды деп
Қазақ шығып барамын", –
дейтін толғанысты тыңдауға болады. Бұл – ноғай мен татарша Яуыз – яғни Жауыз Иван Грозныйдың Қазан хандығын құлатып, біржолата басып алуы тұсын сипаттаған кезі. "Қазақ шығудың" екі мағынасының арасында анау айтқандай айырмашылық көрінбейді. Бір жағынан еркін кетуді білдірсе, екінші жағынан қазақ ортасына барып қосылуды меңзейді.
Айтпақшы, біздің "ноғай" атына соңғы рет жолығуымыз сол Татарстан астанасында болғанын жаза кетелік. Қазан қаласындағы ең үлкен мейманхананың бірі "Ноғай" аталады. Сонда бірнеше күн жатып, бауырлас татар халқының тынысымен танысып едік. Қонақ үйдің фойесіне ноғай тарихынан сыр шертетін көне фотолар ілінген.
Үлгі алатын нәрсе. Қазақ елінің астанасындағы қонақ үйлер мен ойын-сауық, сауда орталықтары мен дүкен-базарларда қайдағы бір ағылшын, француз, орыс сөздеріне жармасқанша Саха, Бұлғар, Құмық, Хақас, Хазар, Мадияр, Түркімен сынды атауларды алуға неге болмасын? Түркі халықтарының бауырластық белгісі ретінде жарқырап тұрар еді. Бірақ, ұлттық, түркілік мәселеде көлеңкесінен қорқатын билік ондайға бара қояр ма?
Оқи отырыңыз: Көршілер еккен каштан
Өмірден өргендеріміз
Ноғайды алғаш көруіміз бен олардың мәселесіне алаңдауымыз 1991 жылдың күзінде болды. Ресейдің Ставрополь өлкесінде жолықтық. Ноғай ұлтының Солтан Сүйінов деген ел ағасы мен Байрам Есбергенов деген іскер азаматын көрдік.
Сойына дейін қазақпен бірдей екеніне сонда таң қалғанбыз. Біздің қаламгер әріптесіміз Есенгелді Сүйінов болса, сол шақта халықтың көз қуанышына айналған әншіміз Зәуреш Есбергенова еді.
– Е-е, бізде сақталып тұрғаны осы атымыз бен фамилиямыз ғана, – деп күрсінген сонда Солтан аға. – Ноғай тілінде балабақша мүлде жоқ. Мектепті де құртқан. Немерелер орысша, біз ноғайша сөйлеп, екі ортаға тілмәш іздеп жатамыз.
Кейін қарастыра жүріп, ноғай халқының шешендік сөздерінен "үш жасында балаға сайрап тұрған тіл бітер" деген даналықты оқыдық. Тура сайрап тіл бітер кезінде орыс тілді ортада жүретін баладан қалай ата-баба тілін талап етпексің.
– Сипатымыз – ноғай, тіліміз – орыс, – деп күрсінген Солтан аға сонда. – Бірақ, орысқа түріміз келмейді, ноғайға тіліміз келмейді.
Кеңестік саясаттың мықтысын қараңыз, ауыл шаруашылығы институтын үздік бітірген Байрам бірнеше жыл бойы орта білімі ғана бар орыс қатынның қол астында бағынышты болып жұмыс істепті. "Қатын" дегенді Байрамның айтуымен жазғанбыз. Ноғай тілінде "әйел" сөзі жоқ.
Сексенінші жылдар соңында Кеңес Одағын басқарған Горбачев жеке кәсіпкерлікке рұқсат еткенде Байрам Есбергенов "Азан" атты ауыл шаруашылық кооперативін құрған. 25 ноғайды біріктірген. 250 гектар суармалы жер алып, оған дәнді дақыл еккен және бақша салған. Бидай гектарына 45 центнерден өнім берген. Өте жақсы көрсеткіш. Әр гектардан 50 тоннадан қарбыз жинаған. Көрсеткіштері өздері бөлініп шыққан "Комсомол" совхозынан анағұрлым артық. 1990 жылы кеңестік есеппен 400 мың сом таза пайда тапқан. Енді 800 бас қой алып, фермер шаруашылығын ұйымдастырмақ екен. Бірақ, ол арманның талқаны шыққан. Ноғай халқының Ресей Федерациясы құрамындағы автономиясын қайта құру туралы үлкен үміті де үгітіліп түскен.
Кеңес Одағы тарқар тұсқа дейін ноғай ұлтының бүкіл тірегі талқандалып кетті. Ұлттық ана тілінде оқытатын мектеп пен балабақша тегіс жабылған. Тіпті, ғайыптан тайып ноғай тілінде мектеп ашыла қалса, оған мұғалім табу мүмкін емес. Оқулықтар сонау қырқыншы жылдардан кейін жазылмаған да, басылмаған. Ноғай халқы мекендеп жатқан бес ауданның арасында Черкес қаласында ғана "Ленин иолы" атты газеті шығатын. Бірақ, оны оқитын оқырман жоқ. Беріде бұл газеттің аты да, заты да қалмаған сыңайлы.
Бес аудан дедік. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес Одағының әкімшілік бөлінісінде Ресей Федерациясының құрамында Қызлар ноғай округі болған. Ол Ашқұлақ, Қойасылы, Қараноғай, Тарым, Шалқы және Қызлар аудандарының басын біріктіріп тұрған. Соғысқа дейін Ашқұлақ пен Қойасылы аудандарын қосып, жаңадан Нефтекум ауданы құрылады. Ноғайға тән ұлттық атауларды өшіру осыдан басталады.
1944 жылы Сталин "соғыста Гитлерге бүйрегі бұрды" деген айыппен Солтүстік Қапқаздағы ұлттық құрылымдарды таратып, оның халқын Қазақстан мен Сібірге зорлап көшірді. Тарағанның ішінде Қызлар ноғай ұлттық округі де болды. Бірақ, Солтан ағаның айтуынша, ноғайлар көшірілмеген.
– Өйткені, біз өте жақсы соғыстық, – деген сол жолғы әңгімесінде майдангер қаламгер Солтан Сүйінов. – Бірде менің ештеңеден қаймықпайтыныма қарап бір орыс "Ей, Момышұлы" деп басын шайқаған. Мен өзімнің қазақ бауырым Бауыржанға ұқсағаныма мақтандым.
1957 жылы Солтүстік Қапқаздағы ұлттық құрылымдар қайта қалпына келтірілгенде, тек Қызлар ноғай округі "ұмыт қалды". Қараноғай, Тарым, Қызлар аудандары Дағыстан автономиялық республикасына, Шалқы ауданы Чешен-Ингуш АССР-іне, Нефтекум ауданы Ставрополь өлкесіне берілді. Сонымен ноғай жер жүзінде өзінің ешқандай ұлттық құрылымы жоқ халықтардың "қаралы тізіміне" енді.
Көкпарға үш жақтан тартылған серкедей болған ноғай халқы мен даласының тарихындағы бұл нешінші бөліну десеңізші. Қазақ пен ноғай болып екі айрылған тұста алда қандай ауыр сынақтар күтіп тұрғанын ешкім білмеген. Білсе, бөлінбес еді. Солтүстік батыстан келетін отарлаушыға бірге қарсы шығар еді. Әттең, олай болмады.
Оқи отырыңыз: Қабырғадағы қағаз қару
Тағдырдан түйгендеріміз
Орыс кездігі тамаққа тірелгенде халықтың тізгіні ағайынды Юсуп мен Смайыл атты аданас, яғни ағайындас бектердің қолында еді. Юсуп қазақ пен Бұқарға, Көшім мен Хиуаға және басқа әзірге жеке отырған халықтарға елші жіберіп, орысқа қарсы бірге соғысуды ұсынады. Смайыл болса орысқа мойын ұсынуды жөн санайды. Сөйтіп ағайынды екеуі ноғайды бөліп алып, өзара қырқысқан. Түркіге тартқысы келген Юсуп жеңіліп, орысқа берілуді жақтаған Смайыл жеңіпті. Бірақ, оның жеңісі түптеп келгенде ноғай халқының лағнет айтар оқиғасы болып шықты.
Одан кейінгі орыс-түрік соғысында тағы осылай болған. Халықтың бір бөлігі түрікті, бір бөлігі орысты қолдайды. Түрікке әскер, орысқа жер керек, осындай саясатпен миллионнан астам ноғай Түркияға көшірілген. Ноғай көше сала жерін орыс патшайымы казачество үлестіріп жіберді.
Бергі тарихта тағы солай. Дағыстан құрамына кірген Тарым мен Қызлар аудандарына аварлар жаппай қоныстана бастайды. Чешен-Ингуш автономиясы мен Ставрополь өлкесіне берілген екі ауданның ұлттық құрамы да аз жылда жедел өзгерген. Бірақ, ноғайдың пайдасына емес. Тек Қараноғай ғана ұлттық ерекшелігін аздап сақтаған. Беріде ол Ноғай ауданы аталды. Орталығы Тереклі мектеп – ноғайдың ең көп шоғырланған аулы болды.
Кеңес Одағы ыдыраған соң ноғай халқы Ресей президенті Ельциннен қатты үміттенді. Автономия сұрап әлденеше рет хат жазды. Басқаларға "егемендікті кеңірдектеріңе келгенше ала беріңдер" деп көсемсіген Кремль бұл тұста тастай қатып қалды. Небәрі 60 мың халыққа аудан деңгейіндегі автономияның өзі артық деп шешсе керек.
Есесіне 2006 жылы Қарашай-Черкес республикасында Ноғай ауданы құрылды. Бірақ, автономия емес. Аудан орталығы Еркін шахар содан бастап Ноғай кенті аталды.
Қазақтың "жығылғанға – жұдырық" деген мәтелі ноғай арасында бар ма, жоқ па, оны білмедік. Бірақ, автономиялық аудан ала алмаған ұлтқа ең үлкен жұдырық боп тиіп жатқаны – ноғай даласы айтақырға айналып барады. Оған себеп біреу.
1996 жылы Дағыстан Республикасы "Көшпелі мал шаруашылығының мәртебесі туралы" заң қабылдайды. Оған сәйкес ноғайлар тұрып жатқан даланың 557,5 мың гектарын мал шаруашылығы үшін пайдалану ұйғарылған. Осы заңды пайдаланып таудағы авар малшылары жаппай етекке түсіп, қисапсыз қой өсіруге кіріскен. Оларда қыстау мен жайлау ұғымы болмаған. Әрі малдың санын шектеп ұстауды ұмытқан. Заңда "жайылымдық жердегі мал санын мөлшерден арттыруға болмайды" деп көрсетілсе де, иен даладағы отар-отар қойды ешкім санауға шықпаған.
– Менің жас кезімде мұнда бәрі гүлденіп тұрған, – дейді ноғай әншісі Әліби Романов. – Жасыл шалғынды кешіп жүретінмін. Атпен шапқанда баурайынан келетін шөп жапырылып қалатын.
Қазір ол көрініс Әлібидің көңілінде ғана қалды, өмірде ешқашан қайталанбайды. Әңгіме әншінің егде тартқанында емес. Аңыратып арғымақтың тізгінін жіберетін қуаты бар. Ағайын арасында ат табылады. Табылмайтыны – мұнда кешетін шалғын жоқ.
Ноғай фермері Бейсенғали Күнмырзаев өз ауылын шарбақпен қоршаған. Шарбақ болғанда қураған ағаштардың құрандысы. Оның аумағынан ары қарай авар малшыларына рұқсат берілген жер басталады. Сол жақтағы құмның шабуылынан қорғану үшін ағаш қалқан жасап отыр.
Ноғай даласынан мал жайылымын алғандардың экологиялық жауапсыздығына не Дағыстанның, не Ресейдің үкіметі назар аударар емес. Тіпті, жерді пайдаланғаны үшін ақы төлеуде алалау көзге ұрып тұр. Атамекенде тұратын ноғайлар жалға алғаны үшін әр гектарына айына 104 рубль төлейді. Ал көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандар, яғни таудан төмен малын айдап келетін дағыстандықтар гектарына ай сайын 21 рубль ғана төлейді.
Ноғай даласында құм басып қалған қора мен малшының үйі бірнеше ондап саналады. Жүздеген шақырым жер тақырға айналған. Шалғын тұрмақ тіс шұқырлық сояу қалмаған.Таулықтар қойдан өкіртіп табыс тапқан соң Қапқаз төсіне қайтып кетеді. Ал бұл аймаққа төтенше жағдай жариялануы керек деп шырылдаған фермер Мұрат Әжімұратов, Ноғай ауданының депутаты Руслан Насыров сияқтылардың дауысы әдеттегідей Кремльге жете қоймайды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.