Тікелей эфир

Тіршілік шынжырындағы шешуші тетік

Әлем араның азайып кеткеніне алаңдайды.

Балалық шақта қорқытқан

Ара туралы алғашқы түсінік "шағып алады" деген қорқыныштан туса керек. Ауыл арасында "ара, шаққан жері жара" деген мәтел айтылып қалатын. Аюды қуалап жүрген қалың араның суреті "Балдырған" журналына жарияланған.

Содан болар алғашында бұл жәндікті жақсы көре қоймасақ керек. Ойнап жүргенде жанымызға ызылдап келе қалса, әжеміз үйреткен әлдебір сиқырлы сөзді айтып алыстатып жіберуге тырысатынбыз. Ондайда тілді шығармай сөйлеу керек. Ара тіліңді шақса, ол аузыңа сыймай күп болып ісісе, жаның жаһаннамға аттанып кетуі кәдік.

Ара шаққан жер неге жара болады десек, ол уын жіберіп қана қоймайды, қадаған инесін қалдырып кетеді. Инеде қармақтың немесе біздің ұшы сияқты "мұрт" бар, кері шықпайды. Араның өзінде ол қайта өсіп, келесі шаққанға дайын тұрмақ. Иненің ішінде у болады. Бірақ, жыландыкіндей емес, кісі өлтіре қоймайды.

Негізі араның шаққаны пайдалы. Оның уын ғылымда апитоксин дейді. Оны қайнатса да, мұздатса да, биологиялық белсенділігі сол қалпы сақталады. Араның уында тура балы сияқты микроб болмайды. Ертеректе атақты адам қайтыс болып, жерлейтін жері алыста тұрса, денесі бұзылмауы үшін балға салатын. Бұл туралы Қадыр Мырза Әли өлең жазған:

Қайран қиял түрген ғарыш іргесін,
Әр уақытта қаламыммен біргесің.
Балға батқан бал арасын көргенде
Елестетем Ескендірдің мүрдесін.

Араның балына ғана емес, уына батырып апарса да, солай болар еді. Бірақ, балы жетерлік, уы өте аз. Әрбір алғанда микроскоппен ғана көрінеді. Біз Кескентерек жайлауында омарта ұстайтындардың араны қысқышпен қысып, әйнекке тигізіп, уын сауып алғанды көргенбіз. Беріде зерттесек, араның уын аппаратпен де алатын көрінеді. Ол үшін омартада электр тогымен дүмпу жасайды. Ашуланған аралар ұядан шығарда уын құйып кетеді. Оны арнайы түтік арқылы жинайды. Е-е, адамнан не қулық артылған дейсіз бе?!

Медицинада араның уымен емдейді. Ол адамды тышқақ қылатын, өкпе және сүзек ауруына шалдықтыратын микробтарды жояды. Үлкенді-кішілі тамырды кеңейтеді. Сөйтіп ауыратын тұсқа қанның келуі артады. Тамыр кеңіген соң оның қысымы төмендейді. Осы тұсын ауыл адамдары жақсы білетін. Қан қысымы жоғары жандарға "араға шаққызып ал" деп кеңес беретін.

Араның уымен емдеу. Сурет depositphotos.com сайтынан алынды

Қол-аяғы қақсап, буындары ауыратындар араның уын жақса, пайдасы тиеді. Жүйкені тыныштандырады. Денедегі жара мен қотырдың тез жазылуына көмектеседі. Демек бірнеше ара шаққанына шыдай алсаңыз, денсаулығыңызды біршама жақсартасыз.

Араның уы бет-әлпетін табиғи жолмен сақтағысы келетіндерге қатты көмектеседі. Теріні тырыстырмай сақтап тұратын кератоцит деген зат бар. Жыл өткен, жас ұлғайған сайын ол ағзада азая береді. Уда осы кератоцит жеткілікті. Ол терінің қыртысын жазады, құрғап қалғанын ылғалдандырады.

Мамандар араның уын ботокстың орнына қолдану керек деседі. Өйткені, ол тері клеткаларының жандануына ықпал етеді. Ботекс олай табиғи жолмен көмектесе алмайды.   

Опа-далап, сықпа май шығаратын компаниялар араның уын өз өнімдеріне көптеп қоса бастады. Апитоксиннен жасалған косметика өнімдеріне сұраныс артып барады. Сондықтан тері мен бетке арналған кремдер, ерінге арналған жақпалар шығарылып жатыр.

Осының бәрі бала кезімізде араның шаққанынан бекер қорыққанымызды байқатады. Әрине, тіліңнен шығып алмаса, басқасы пайда болмаса, зиян емес. Айтпақшы, тілден шағып алмауы үшін жазды күні далада тәтті азық пен сусынды ішіп-жеудан бұрын ішіне ара кіріп кеткен жоқ па, соны байқап алған ләзім.

"Жазды күні" демекші, Қадыр ақынымыз өз тұсындағы жастарды "күзгі арадай енжар" деп сипаттаған. Өлеңде емес, әдебиетке қатысты әлдебір мақаласында. Шынында, жарқын жаз өтіп, күз келгенде олардың белсенділігі күрт төмендейді. Жайнап тұрған гүл жоқ. Қауынның, жүзімнің шырынына үймелейтіні сондықтан. 


Оқи отырыңыз: Тақырда қалған туысқан


Әдебиет әлемінде ұшқан

Біртіндеп білім жиналып, алғашқы түсінік молая түседі. Тіпті, оның дұрыс еместігін аңғарасың. Сауат ашылып, әріп таныған соң "Балдырған" журналынан Өтебай Тұрманжановтың құмырсқа мен ара қалай құда болғаны туралы шағын поэмасын оқыдық. Қазақы ұғыммен жазылған, көптеген жәндіктің аты келтірілген, баланың дүниетанымы мен тәрбиесіне пайдасы зор туынды еді. Өзін қазір мектепте, не мектептен тыс сабақта оқыта ма екен? Әлде біздің санамызда жаңғырғанмен немерелердің құлағына жетпес, қолына ілікпес тұста қалды ма?

"Ертеде бір орманда,
Өзі салған қорғанда,
Бір топ ара тұрыпты:
Бәрі еңбеккер жан екен,
Жегендері бал екен,
Тамаша өмір сүріпті.
Алтын екен қорғаны,
Алқалаған орманы –
Асыл, маржан гүл екен".

Сол араның патшасы қызына лайық күйеу іздеп жар салады. Алтын қорғанды патшамен құда болуға бүкіл жәндік жиналады. Инелік, көбелек, маса, шыбын, шіркей, бүгелек, кене, сона, тас күйе, қырықаяқ, өрмекші және басқа қанатты, қанатсыз жәндіктің аттары аталып қоймай, патша алдында көрсеткен өнері сипатталады. Оның бірі де араға ұнамай, ең соңынан келген құмырсқаға қызын ұзатады. Еңбекқор, бейнетқор және ұйымшыл болғаны үшін.

Иә, жоғарыдағы дастанда аттары аталғаны бар, аталмай қалғаны бар мыңдаған жәндік ішінде ара мен құмырсқа топтасып өмір сүреді. Араның өзі екі түрге бөлінеді: бал ара және жабайы ара.

"Біреуі қанатты, екіншісі қанатсыз бұл екі жәндікті құда ету қисынсыз-ау" десеңіз – білім деңгейіңіз төмен екені байқалып қалмақ. Ара мен құмырсқа – биологиялық туыстар. Кезінде құмырсқа да қанатпен ұшқан. Көбінде маусымдық қанат әлі бар. Оны келесі ақынымыз біліп, өлеңге қосып кеткен.  

Бұл махаббат қызыңа, еріңе сын.
Бір берілсең өлердей берілесің.
Өзің жерде болғанмен, ойың көкте,
Ұшып жүрген сияқты көрінесің.

Жолықпасаң, ортайып тағат-құты,
Қамығасың күн күтіп, сағат күтіп,
Махаббаттың айында адам түгіл,
Құрт-құмырсқа ұшады қанат бітіп.

Қадыр Мырза Әли атамыздың қалдырған мол мұрасының арасында осындай шумақтар бар. Оқыған кезден мида сақталып қалған. Махаббат сезімінің адамға қанат бітіретіні ғана емес, құмырсқаның бір мезгіл қанаттанатыны жадымызда жатталыпты.


Оқи отырыңыз: Көршілер еккен каштан


Жер жүзінде азайған

Балын былай қойғанда, уын да айтпағанда, араның жер жүзі үшін үлкен пайдасы бар. Ол әлемдік экология тізбегінің маңызды буынына жауап береді. Гүлді тозаңдандырып, жеміс пен жидек шығуын қамтамасыз етеді. Егер дән мен жеміс болмаса, жер жүзі тұрғындарының аш қалуы өз алдына, бірер жылдан кейін өсімдіктің біразы жойылып кетпек.

БҰҰ-ның Азық-түлік пен ауыл шаруашылық ұйымының мәліметінше, 87 түрлі азық-түлік ара тозаңдандырмаса шықпайды. Сан алуан жидек, алма, алмұрт, какао, көкөністерге қоса, күнбағыс, рапс, май құрмасы сияқты май алынатын дақылдар, мал азығына керек жоңышқа, беде өспейді. Германиялық биологтардың есебінше, Еуропадағы көкөніс, бұршақ, жеміс-жидектің 80 пайызы ара тозаңдандырған соң өнім береді. 

Соңғы жылдары табиғатты тозаңдандыруға жауапты жабайы ара тым азайып кеткен. Дабыл қағарлық деңгейге түсіпті. ХХІ ғасыр басынан бері өсімдік тозаңдандыратын жәндік атаулының жалпы салмағының төрттен үш бөлігі жойылған. Германияда жабайы араның бүкіл түрі "Қызыл кітапқа" енгізілді.

Германияда ғана емес, көптеген мемлекетте жабайы араның азайғанына алаңдау бар. Ғалымдар әзірге басты екі себепті айтады. Біріншісі: химиялық тыңайтқыш, пестицидтерді көп қолданудан. Екіншісі: ара қона қоймайтын дақылдардың алқабы артып, араны өзіне тартатын гүлді дақылдардың аз егілуінен. Әрі араға күн сайын әртүрлі гүл қажет. Олар тек бір гүлден шырын сорудан жалығады екен.

Сондай-ақ, аралар ұя салатын құлаған ағаш пен табиғи жартас қалмауға айналды. Ақыр аяғында оларға зор қауіп варроа атты кенеден келіп отыр. Бұрын мұндай кене әлемге тарамаған. Кейінгі жылдары Қытайда пайда болып, жер жүзіне жайылып барады. Денесіне варроа жабысқан кезде араның саудасы бітті дей беріңіз.

Жабайы араны сақтау үшін Еуропа Одағында дәнді дақыл алқабына түскен күйені жояды дейтін үш химикатты қолдануға тыйым салынды. Голландияның Утрехт қаласында аялдамалардың төбесіне гүл өсіріп, ұя салуға қолайлы қуыстар жасалған. "Араның жасыл аралы" аталатын бұл тәжірибе қазір Батыстағы бірқатар елде қолға алынды. Данияға барғанда фермерлер алқап шетіне ұзыннан ұзақ гүл егетінін көргенбіз. Ол да араны сақтау қамынан туған.

Данияның ауыл арасындағы жолдары гүлге толы. Фото travelask.ru сайтынан алынды

Бірақ, Копенгаген университеті биология факультетінің профессоры Ханс Хенрик Бруунның пікірінше, дақыл егілген алқаптың шетіне бір жылдық гүл еккеннен араға пайда шамалы. Өйткені, оған гүл ғана емес, ұялайтын ағаш діңгегі мен тастың қуысы да керек. Сондықтан алқап шетін жылда жырта бермей, табиғи көп жылдық гүлдердің өсуіне мүмкіндік беру керек. "Сәндік гүлді жайқалтып қойғанша, орманды, шалғынды белдеу жасаса, сонда араға пайдалы болады" деп тұжырыпты ғалым.  


Оқи отырыңыз: Сағымға айналар Сарыторғай


Әйел денесіне жабысқан

Енді осы мақаланы жазуға түрткі болған жәйтті айтып, жабайы араның өсуі мен өрісіне қатысты ойды түйіндейік. Біздің танысы бар, таныс емесі бар топта қыз-жігіттеріміз ақбөкеннің құралайын құшақтап суретке түсіп, оны қоғам күлкі етіп, тіпті айыптап жатқанда жер шарының басқа бөлігінде түсірілген сурет көрдік.

Әлемдік даңққа бөленген әртіс Анджелина Джоли бір ұяның арасын денесіне қондырған екен. Бұл – жер жүзі тұрғындарының назарын араның азайып кеткеніне аудару қамымен түсірілген сурет. Бейнебаяны және бар.   

Әйелдің онсыз да әдемі денесіне ара көп қонуы үшін арнайы май жағылған. Оның хош иісі жәндікті өзіне шақырып тұрады. Әрі араны ызаландырмау үшін Анджелина үш күн жуынбаған. Өйткені, сабын мен шаш жууға арналған сұйықтың иісі мүлде болмауы керек екен.

Фотоға түсірген Дэн Унистерстің айтуынша, әртіс иығын толық, ал кеудесін жартылай жалаңаштағанда студиядағы басқа мамандар тегіс ара кіре алмайтын киіммен тұрған. Міне, әртістің мықтылығы! Дәрменсіз құралайды ұстап берсе, кез-келген бала құшақтай алады, ал денесіне ара қондырып фотосессия біткенше шыдап тұруға анау-мынау жігітің жарай қоймас.

Анджелина Джолидің үстіне ара қондырған сәті. Фото rusjev.net сайтынан алынды

Түсіру басталар алдында әртістің мұрны мен құлағын тығындап берген. Ара кіріп алмауы үшін. Демек, оған түсіру барысындағы 18 минут бойы ауызбен дем алуға, сонда да бүкіл денені айтпағанда беттің терісін қимылдатпай тұруға тура келген. Бәрі сәтті аяқталған соң Джоли бір араның көйлектің ішіне қайта-қайта кіріп, бірде қылтасына, бірде балтырына қонғанын айтыпты.   

Бұл сурет Араны қорғаудың бүкіл жаһандық күніне орай түсірілген. Джоли араға қатысты ЮНЕСКО бастамасын қолдайтынын, сондықтан осындай ерекше әрекетке барғанын айтыпты. Әрі оған БҰҰ-ның "Араның әйел елшісі" мандаты берілген.

Бұл мандат екі мақсатты көздейді. Араны көбейту және әйелдерді жұмыспен қамту. Осы бағдарлама бойынша Анджелина ара өсіруші курсынан өтіп жатыр. Үйінде ара ұстауға кіріскен. Ауласында жабайы гүлдер жеткілікті. Араның шырын жинайтын мүмкіндігі мол. Үйінің шатырына омарта қоймақшы. 

"Егер ара құрыса, жер тақырға айналып, оның тұрғындары тамақсыз қалмақ. Әзірге араны құтқарып қалатын уақыт бар" депті әртіс. Бұл сөзі мен денесіне ара қондырып түскен суреті әлемді ойландырары хақ.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары