Тікелей эфир

Әншілер мен әкелер

Халық әртісі атанған әншілерге әкелері қуана да, қол соға да алмаған.

Тілші

Егемендікке жетер елең-алаң тұста КСРО Халық әртісі Роза Жамановамен сөйлесіп, мақала дайындағанбыз. Ұмытпасақ, мерейтойына орай болса керек. Сонда әкеден қалай, анадан қалай айрылғанын айтып қалған.

Арада он жылдай уақыт өткен соң "Қазақстан" арнасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бағдарлама дайындау барысында оқиғаға оралып, әке туралы тебіренісін бейнекамераға түсірттік. Оны тағы бірнеше кейіпкердің өміріне қоса өріп, "Азап түннен – азат күнге" деген атпен эфирге ұсынғанбыз.

Бірер жылдан соң Ермек Серкебаевтың үйіне барып, бірнеше сағат әңгімелескенбіз. "Мені Зәкір Асабаевтан басқа қазақ журналисі іздейді екен" деп қуанып қалған, жарықтық. Ол кісінің "Алаш" партиясына кірген әкесі мен Мағжанның жесірімен сырлас болған анасы туралы біраз жәйтке қанықтық.

Семей қаласына барған сайын бұрынғы ет комбинатының ескі дуалын жағалап жүреміз. Осында Бибігүл Төлегенова апамыз өнер жолы басталғанша жұмысшы болып, консерві жасаған. Әкесі тірі болса, он алты жастағы қызының мұндай ауыр бейнетке түспеуі анық.

Әкесінің ізін Қатон Қарағай жақтан іздеуге болады. Ондағы оңаша жұртқа білім мен тәлім беруге талай қайраткер барған. Сұлтанмахмұдтан бастап. Соның бірі – Бибігүл апамыздың әкесі Ахмет.

Ертістен арғы жағалауға, Алтай қойнауына пароммен өткен сайын үйіріле аққан суға қараймыз. Әнші әкесі жайында суыртпақтап сыр іздегенде "Ахметті тұтқындап, пароммен әкеле жатқанда Ертіске секіріп кетіпті" деген аңызға тап болған. Сонда жау қыспаққа алғанда Жайыққа қойып кетіп, бір қолымен жүзіп бара жатқан Шапай батыр сияқты елестейтін. Шындық басқаша екен.

Жыл сайын Қазақстан берідегі саяси қуғындалғандар емес, сталиндік репрессия тұсындағыларын еске алады. Журналист ретінде бұл тақырыпты талай рет зерттеп, әрбір кейіпкерге қатысты жеке-жеке қалам тербедік. Бұл жолы оларды топтастырып жазуға боларын түсіндік. Атақты әншілердің қуғынға ұшыраған, үкімет айлық беріп асырайтын жендеттің оғынан қаза тапқан әкелері туралы. Сонымен...


Оқи отырыңыз: Ескен желдей Ескендір аға


Роза

Роза Үмбетқызы Жамановадан сұрапыл заман туралы естелік сұрағанымызда жылап отырып сөйлеген. Үлкен адамның жүрегін ауырту дұрыс болмаған шығар. Бірақ, бізге көбірек мәлімет керек еді.

Түн ортасы екен. Тоғыз жасар қыз есіктің дүрсілінен бе, әлде үйден шыққан өктем үннен бе, оянып кеткен. Мұны төсектен тұрғызып, жатқан жерін қопарады. Бүкіл үй астан-кестен. Бейтаныс біреулер кішкентай қыздың бөлмесіндегі ойыншықтар мен киімдерге дейін ақтарған. Ол кезде "тінту" дегеннің не екенін білмейтін Роза қорыққаннан жылаған.

Әлгілер үйді тінтіп болған соң әкесін алып кетеді. Соның алдында анасы түс көрген. Екі ұзын бұрымының бірін шорт кесіп тастапты. Осыған көрінгені анық.

Кешікпей ешкім түс көрмесе де, екінші бұрым қиылған. Бұлардың Орынбордағы бес бөлмелі үйін өкімет тартып алып, басқаларды кіргізеді. "Халық жауының" отбасына мұндай үйде тұруға болмайды екен. Анасы балаларды Орал қаласына әкеледі. Бірақ, ешбір туыс жолатпайды. "Халық жауының" отбасына қамқорлық жасаса, өздері сотталмақ.

– Бос қораны таптық. Соның бұрышын паналадық, – деп еске алған әнші апа. – Бірнеше күннен кейін анам әкемнен хабар білмек болып Орынборға қайта кетті. Жолда паспортын ұрлатып, өзін тұтқындапты. Әупіріммен Оралға қайтып келді. Сол жерде мені интернатқа тапсырып, екі баламен Қызылордаға аттанған. Сол кеткеннен оралмады.

Роза балалар үйінде тәрбиеленіп, одан музыкалық училищеде оқыды. Егер жасы толса, сұранып майданға кетер еді. Бірақ, бұл он жетіге шығар кезде соғыс біткен.

"Егемен Қазақстан" газетін Әбіш Кекілбаев ағамыз басқарып тұрғанда Екінші жаһандық соғысқа қатысқан және көбі қаза тапқан қазақ қыздары туралы материалға қол қойып, үлкен ой айтқан. "Бәрінің дерлік не әкесі, не ағасы халық жауы болды. Солардың аттарын ақтау үшін қазақ қыздары өз еркімен майданға сұранды". Қаламгердің бұл сөзі ешқандай дүдәмал болжам емес, нақ шындық еді.

Автор Роза Жаманованың бейнеқорда сақталған әкесі туралы естелігін тыңдап отыр

Хош, сонымен Роза Жаманова есін жинап музыкалық училищені бітірген соң анасын іздестірген. Емшектегі інісі мен анасы қайтыс болыпты. Ортаншы інісі темір жол бойында қаңғып жүргенде біреулер тауып алып, Ташкенттегі балалар үйіне тапсырыпты. Ағайынды екі жетім жылдар өткен соң табысқан.

Опера театрында қаншама қайғылы рөлді сомдаған әншінің өз басының қасіреті олардан асып түспесе, кем емес еді. Бірақ, ресми өмірбаянында, тіпті қазанамасында бұл туралы айтылып, жазылмады. Сондықтан еске түсіріп қойғанның артығы болмас.

Кейін білсе, әкесінің бар айыбы – өзі емес, ағасының "Алаш" партиясына мүше болғаны...


Оқи отырыңыз: Қабырғадағы қағаз қару


Ермек

КСРО және Қазақстан халық әртісі Ермек Серкебаев. Сурет ҚазАқпарат агенттігінің сайтынан алынды

"Алаш" партиясына атақты әнші, КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевтың әкесі де мүше болған. Қатардағы мүшесі. Әйтеуір абақтыға жабылмаған, атылмаған.

– Оған әкемнің мектепте қарапайым мұғалім болғаны себеп шығар, – деп толғанған Ермек аға. – Тұтқынға алмағанмен үкімет маңдайдан сипамады. Ешқашан жоғары қызмет бермеді. Әкемнің білімі мен тәжірибесі, ел алдындағы беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті сол кезде аудан басқарғандардан артық еді. Бұл кісіге колхоздың өзін басқартпады.

Отызыншы жылдардың аштығынан отбасы зорға аман қалған. Соғыс жылдары тіпті қиын болған. Елуінші жылдарды әкесі тағы үреймен өткізген.

– Осындай үрейлі уақытта "әй, әке, "Алашта" нең бар еді" деймін күйінгеннен, – деп еске алған Ермек Бекмұхамедұлы. – Әкем болса "балам-ау, ол партия өз заманында қазақ үшін ең озық бағытты ұсынды. Соны қолдадым ғой" деп шынын айтатын. 

Бекмұхамед жас кезінде Мағжан Жұмабаевпен жақын дос болған. Уфада бірге оқыған. Қашан Мағжанның басына бұлт үйірілгенше қатар жүрген.

– Өзінің сталиндік торға тұтылғанын сезгенде Мағжан менің әкеме: "Беке, енді маған келмеңіз, алыс жүріңіз. Менің бәлемді сізге жұқтырмасын" депті. Сөйтіп екеуі араларын ақылмен ажыратқан. Мағжанды өз басым жиырмасыншы ғасырдың басындағы оқыған қауымның ең озық өкілі деп санаймын. Французша білген. Таланты өзгелерден оқ бойы озық тұрған. Оның көзін құрту тек "Алашқа" қатысты емес, талантын көре алмағандардың кесірі көп тиді, – деп бір ойды түйіндеген Ермек аға.

Әкесі Мағжанмен дос болса, анасы Мағжанның жары Зылихамен сырласып өтті. Екеуі ұзақ жасады. Қазақ тарихындағы тағдыры аянышты, ал өлеңі отты ақынның шығармалары қайта шыққанын көріп кетті. Ермектің анасы Мағжанның шәкірті болған. Бірақ, әдебиетке емес, музыкаға ден қойған. Қазақта алғашқылардың бірі болып скрипкада ойнап, концерттерге қатысқан.

– Менің анамның да аты Зылиха ғой. Екі Зылиха үйде сөйлесіп, шай ішетін. Ондайда әкем иненің ұшында отырғандай күй кешетін, – деп күлген Ермек аға.

Кейін әрине, күлкі. Ал әкесі үшін онда күлетін жағдай емес. Бүкіл өмірі "әне, әкетеді", "міне ұстайды" деген қорқынышта өткен жанға күлкі қайда?!

– Әкем іштей қызыл билікті қолдамай өтті, – деп тұжырған сол жолғы әңгімесін Ермек Серкебаев. – Сондықтан коммунистік партияға өтпей қойған. Мені заманның өзі коммунист етті. Тіпті, театрдың партия ұйымына хатшы етіп сайлады. Қағазы өте көп болған соң келесі сайлауда басқа біреуге өткізіп, зорға құтылғанмын. Театрды директор басқарса жетіп жатыр. Партия оған таршылық әкелмесе, кеңшілік бере қоймайтынын сонда сездім.

Бағамдап отырсақ, Ермек Серкебаевтың "өнерге партия таршылық әкелмесе, кеңшілік бере қоймайды" дегені алтынға пара-пар сөз ғой. Әр театр, шығармашылық одақтың маңдайшасына жазып қоятындай-ақ. Сайлау тұсында өз қатарына өнер өкілдерін жинап әуреге түсетін партиялар бұған құлақ қойса деңіз.


Оқи отырыңыз: Қауашақтың ішіндегі қазына


Бибігүл

КСРО-ның келесі Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың әкесі де – саяси қуғын-сүргін құрбаны. Бұл кісі жиырмасыншы жылдар соңында басшылар даярлайтын Марксизм-ленинизм институтында оқыған. Қазір Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы деген бар ғой. Мынау соның арғы атасы.

Бибігүлдің әкесі Ахмет Марксизм-ленинизм институтын бітіріп, Қатон Қарағай ауданына екінші хатшы болған. Ол кезде қазақтарды аудан мен облыста екінші хатшы етеді. Бірінші хатшы қызметі өздерін "ұлы ұлт" санаған орыстардың қолында.

КСРО және Қазақстан халық әртісі Бибігүл Төлегенова. Сурет КТК арнасының сайтынан алынды

– Әкем жиі командировкаға шығатын. Мен оның тұтқындалғанын білмей, командировкаға кетті деп ойлаппын, – деп еске алған Бибігүл Ахметқызы. – Түр-түсі көз алдымда. Өзім тура әкеме тартқанмын.

Келбеті көз алдынан өшпесе, әкесінің жиі айтатын өлеңінің қайырмасы құлағында қалыпты. Халық әні. Әкесінің неге тек осы әнді айта беретіні қызына кейін түсінікті болған:

Аққу едім көлдегі,

Сұңқар едім шөлдегі...

Сол сұңқардың бәрін торға қамап, шетінен атып отырған сталиндік билікке қайтерсің?! Роза Жаманованың үйі сияқты бұлардың үйі де тінтілген. Іске жарамдысын тартып алып кеткен. Шешесі іс машинасын құшақтап, бермей қалған. Өзі бруцеллезбен ауырады. Күйеуінен қалған бес баланы бағуы керек.

Ахметтің артында қалған ауру әйелі мен бес баласы Ертіске мұз қатар шақта ең соңғы пароммен өтіп, әрі қарай жаяулап-жалпылап Семейге оралады. Бар үміт – әкесінің осы қалада тұратын інісін паналау. Бұлар келгенше ол кісі қайтыс болып кеткен екен. Бұл да қасіретті киноға лайық көріністер емес пе?!

Тағдырда қайғы біріктіретіндер болады. Бибігүл Семей ет комбинатында жұмыс істеп жүріп, көркемөнерпаздар концертінде ән салғанда жазушы Галина Серебрякова байқап қалады. Оның күйеуі Москвада үлкен қызмет атқарып, "халық жауы" болып атылып кеткен. Галинаны жындыханаға жапқан. Одан Қазақстанға жер аударған. Алматыға тұрғызбай, "республика аумағындағы басқа қаланы таңда" деген. Серебрякова "Семей" дей салады. Қаланың ауызға іліккен себебі – кезінде Достоевскийдің осында жер аударылғаны.

"Халық жауының" әйелі "халық жауының" қызы Бибігүлге қамқорлық жасап, мамандармен таныстырған. Музыкалық білім бергізген. Аяғы Бибігүлдің консерваторияға түсуіне жалғасқан.

Бибігүл Ахметқызы әкесінің қалай айыпталғаны туралы құжатты кездейсоқ тапқанын айтқан. Бұрынғы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ғимараты босаған соң "Әділет" сынды үкіметтік емес ұйымдарға бөлмелер берілген. Олар үйіліп қалған қағаздарға тап болады. Соның арасынан Ахметтің ісі шыққан. Әлдебір ұйымнан әлдебір әйел хабарласқанда әнші қатты таң қалған. Іздеуші, зерттеуші емес, елеусіз қалған қағазды парақтаған қарапайым адам тапқан ғой, не керек.  

Үшеуі

Қазақтың айтулы үш әншісі. Үшеуі де сол кездегі әртістер үшін ең мәртебелі КСРО Халық әртісі атағын алды. Әкелерін қудалап, атып, ал балаларына жоғары атақ берген мемлекет жер үстінде көп емес шығар.

Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының труппасының ортасында. Сурет театрдың архивінен алынды

Көңілге демеу болары: үш әнші сол мемлекеттің құлағанын, большевиктік-коммунистік жүйенің қирағанын көрді. Алдыңғы толқынның арманы екінші толқынның өмірінің соңғы жағында жүзеге асты. Кеш болса да.

Үшеу тәуелсіз заманда әкелері туралы естелік айтты, шер тарқатты. Ал әкелері олардың концерттеріне келіп қол соға алмады. Сонысы өкінішті.  

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары