Қарағанды оқушылары "Тарихи хихикаялар" комикстер сериясын шығарды
Оның алғашқы саны "Қазақ хандығының құрылуы" деп аталады.Қарағанды облыстық Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары "Тарихи хихикаялар" сериясымен комикс журналдарын шығара бастады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Мақсат – тарих пәніне деген қызығушылықты заман өзгерістеріне сай насихаттау. Төменгі сынып оқушылары сурет арқылы ақпаратты тез қабылдайды және аниме, манга жанрына құмар. Мұны кітапханаға комикс сұрап келетін балалардың көптігінен байқап, 11-сыныптың оқушыларына қазақша комикс жасап көруді ұсындым. Олар бірден келісті. Алдымен тақырып таңдап, зерттеп іске кірісіп кетті де көп ұзамай мектеп басшылығының қолдауымен "Қазақ хандығының құрылуы" атты комикс дайын болды", – дейді тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаева.
Оқи отырыңыз:
- Тарихшы: Қазақ елінің шекарасы Абылай ханның тұсында бекітіліп, мойындалған
- Тарихшы Қытай мұрағаттарындағы Қазақ хандығына қатысты мұралар туралы айтты
Комикстің алғашқы 10 дана журналы мен электронды нұсқасы мектеп ішінде үлкен сұранысқа ие болған. Қазір осыған байланысты мектепте комикс үйірмесінің ашылып, 15 бала жаңа жанрды иегеріп жатыр. Олар "Тарихи хихикаялар" сериясының екінші шығарылымын ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап отыр.