Тікелей эфир

Қазақстан мектептерінің 16 пайызында кітапхана жоқ

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында белгілі болды.

2021-2022 оқу жылына арнап республика бойынша мектептер "Оқуға құштар" бағдарламасы аясында 2,5 миллионға жуық көркем әдебиет сатып алды. Олардың жартысынан көбі қазақ тілінде, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов. 

"Республика бойынша мектептердің 84%-ында кітапхана бар, олардың 71%-ы оқу залымен жабдықталған. Орташа есеппен 2,9 млн оқушы мектеп кітапханаларына барады. Ал олар оқитын негізгі қорды толықтыру көзі күні бүгінге дейін оқулықтар болып келді. Қосымша әдебиет, соның ішінде көркем әдебиет жетіспеушілігі мен оқу сауаттылығы мәселесі өзекті болған соң, өткен жылдың қазан айында "Оқуға құштар" бағдарламасын жүзеге асыру тапсырылды. Осы орайда, биылғы жылдың сәуір айында 2025 жылға дейін мектеп кітапханаларын дамыту жөнінде кешенді жоспар қабылданды. Аталған жұмыс нәтижелерінің бірі – көркем әдебиет қорының ұлғайтылуы. Көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Осы жылдың өзінде оқу жылы әлі аяқталмады. Бірақ, аралық нәтиженің өзі көңіл көншітеді, 2 439 376 дана көркем әдебиет сатып алынды. Бұл негізгі қорды, соның ішінде көркем әдебиет қорын толықтыруға едәуір септігін тигізіп отыр", – деді Елдос Нұрланов. 

Орталық директоры бәрінен көп көркем әдебиетті Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарының сатып алғанына тоқталды. Дәлірек, ШҚО 594 611 көркем әдебиет сатып алды, оның 43%-ы қазақ тілінде. Ал Жамбыл облысының оқушылары 396 401 дана көркем әдебиетпен қамтылды. Олардың 55%-ы қазақ тілінде. Керісінше Қызылорда облысы мен Алматы қаласы басқа өңірлерге қарағанда өте аз кітап сатып алған. Біріншісі – 11 700 дана, кейінгісі – 4 140 кітап. 

"Кей өңір аз сатып алды. Оқу жылы аяқталған жоқ, бәлкім соңына дейін көрсеткіш әлі өсетін шығар. Бүгінде сатып алған көркем әдебиеттің 51%-ы қазақ тілінде. Сондай-ақ, өткен жылдың қазан айынан бері "Оқуға құштар" бағдарламасы аясында үш бағытта шаралар жүзеге асты: әлеуметтік, виртуалды, кітапхана мен отбасына жақындастыруға арналған. Олардың жалпы саны 3,7 мыңды құрайды", – деп қосты Елдос Нұрланов. 

Сондай-ақ, орталық директоры осы күнге дейін жоба шеңберінде 121 Coworking кеңістік ашылғанына тоқталды. Олардың әрқайсысы қажет техникамен жабдықталған. 

"Бала кітапты құмарланып оқуы үшін белгілі бір кеңістіктің болуы маңызды. Бұны біз "Coworking кеңістіктері" деп айтып отырмыз. Бүгінгі таңда Coworking орталықтарын құрып, IT жабдықтарын орнату кітапханалардың материалдық техникалық базасын күшейтудің бірден бір жолы болып отыр. Осы уақытқа дейін жоба аясында 121 Coworking орталық ашылды. Мұнымен қатар, кітапханалардың контент есебін алу және қолданылуын жеңілдету үшін өңірлер әр алуан автоматтандырылған жүйелерді де орнатып жатыр", – деді Елдос Нұрланов. 

Еске салсақ, Алтай қазақтары "Әліппе" мен "Қазақ тілінің" өзіндік жаңа нұсқасын басып шығарды. Бұл оқулықтар бастауыш сынып оқушыларына арналған.

Серіктестер жаңалықтары