Тікелей эфир

Тарихшы: Қазақ елінің шекарасы Абылай ханның тұсында бекітіліп, мойындалған

Тарихшының айтуынша, бұл аумақ Цин императоры Цяньлун сызғызған картада анық берілген.

Қазақстанның мемлекеттік шекарасы Абылай ханның тұсында бекітіліп, мойындалған, деді тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Кенжеахмет "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында.

"Маньчжур империясы жоңғар­лардың шығыс бөлігін, Абылай хан бастаған қазақ батырлары жоң­ғарлардың батыс бөлігін жойды. Содан екі мемлекеттің жері Зайсанда, Ертіс бойында бір-бірімен түйісті. Осыдан бастап Абылай хан Қазақ хандығының шекарасын бекемдеуге кірісті", – деп түсіндіреді тарихшы.

Нұрлан Кенжеахмет 1864 жылы патшалық Ресей мен Цинь империясы арасында атақты Шәуешек келісімі қабылданғанын еске салды. Айтуынша, ол келісім Қытай мен Ресейдің солтүстік-батыс шекарасын бекіткен. Ертіс өзенінен Памирге дейін тартылған бұл шекара сызығы қазақ жерімен де өткен. Келісім бойынша жер қай мемлекетке бөлінсе, онда отырған ел де сол мемлекеттің басқаруына берілген.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Шекара проблемасы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс


"Абылай хан тұсында Қазақ хан­дығының шекарасы Шығыста дәл осы Ертіс маңынан басталып, оңтүстік-шығыста қазіргі Алматы облысындағы Қарқараға дейін жеткен. Бұл Қазақ хандығының мемлекеттік шекарасы.1864 жылғы Ресей мен Цинь империясы арасындағы Шәуешек келісімі Абылай хан мен Маньчжур билігі арасында белгіленген шекарамен бірдей. Сондықтан Қазақстанның шығыс шекарасы Абылай тұсында нақтыланғаны – дәлелді дерек. Бұл аумақ Цин императоры Цяньлун сызғызған картада анық берілген", – дейді тарихшы.

Тарихшының айтуынша, бұл картада Ертіс бойындағы, Шәуешек, Іле жеріндегі елді мекендер бұрынғы атауымен, Кеңгір-Тұра, Семейқала, Тұзкөл деп түркіше-қазақша жазылған.

"Семей – орыстың сөзі емес, сүме – ойратша храм деген сөз, орыстар соған "палата" дегенді қосқан. Бұл бір. Екіншіден, Семейдің жанында Доланқарағай деген жер бар, "жеті қарағай" дегенді содан алған болуы мүмкін. Ал Семей тауы қазақта бұрыннан бар", – дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары