Тікелей эфир

"Бір жылда 12 ғасыр тарихын оқиды". Алматылық ұстаз оқу бағдарламасын өзгертуді ұсынды

Оның айтуынша, мектепте тақырыпты бекітуге де, қайталауға да сағат қарастырылмаған.

Тарих пәні бойынша оқу бағдарламасын әзірлеу барысында мамандар баланың жас ерекшелігі мен ойлау дағдыларын назарға алмаған. Мысалы, 5-сыныптың өзінде Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасында бірден тарихтың жүйелі курсының басталып кетуі оқушылардың тақырыпты меңгеруіне қиындық туғызып отыр, деп мәлімдеді Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Дәурен Сағынғалиев.

"Біріншіден, Қазақстан және дүние жүзі тарихының оқу бағдарламасын қайта қарау қажет. Бұл ретте оқулықпен қатар бағдарламада да мәселе бар. Оқу бағдарламасы базалық ойлау тарихи дағдыларына, тарихи деректердің интерпретациясына, уақыт пен кеңістікте бағдарлану, тарихи талдау мен түсіндіруге бағытталуы тиіс десек те, оқу бағдарламасын дайындау барысында мамандар баланың жас ерекшелігі мен ойлау дағдыларын назарға алмаған. Мысалы, 5-сыныптың Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасында бірден тарихтың жүйелі курсының басталып кетуі оқушылардың тақырыпты меңгеруіне қиындық туғызып отыр. Шешім ретінде 5-сыныптың оқу бағдарламасын Қазақстан тарихына кіріспе курс ретінде, яғни тарихи әңгімелер топтамасы ретінде беруді ұсынамыз", – деді Дәурен Сағынғалиев.


Оқи отырыңыз: Қазақ тарихындағы қызықты деректер


Ұстаз күрделі тақырыптарды меңгеру үшін оқушыларға қосымша сабақ уақыты берілмейтініне де тоқталды. Әсіресе, 6-сынып оқушыларына арналған тарих кітабының бағдарламасы оқушы жасына сай келмейді. 

"Екіншіден, тарихи концепциялар негізінде күтілетін оқытудың нәтижелеріне қол жеткізу үшін оқу бағдарламасының білім мазмұнын қайта қарастыруымыз керек. Қолданыстағы оқу бағдарламасында ежелгі Қазақстан тарихы – 5-сыныпта, орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы – 6-сыныпта, жаңа замандағы Қазақстан тарихы – 7-сыныпта, ал қазіргі Қазақстан тарихы – 8-9-сыныпта қамтылған. 6-сыныптағы оқу мазмұны 12 жастағы оқушы үшін күрделеніп, хронология жағынан ең көлемді  V-XVIII ғасырлардың аралығын қамтиды. Бір оқу жылында ел тарихының маңызды оқиғаларын қамтыған 12 ғасырды оқытуға тура келеді. Тақырыпты бекітуге де, қайталауға да сағат қарастырылмаған", – деді ұстаз.

Дәурен Сағынғалиев шешім ретінде 6-9-сыныптың білім мазмұнын оқушының жас ерекшелігіне сәйкес бейімдеп және тарихи кезеңдердің мазмұнын қайта қарауды ұсынды. Айтуынша, жүйелі Қазақстан тарихы 6-сыныптан басталуы тиіс.

Еске салсақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1200 оқушыға арнап салынған мектепте 5 мың бала оқитынына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда жаңадан салынып жатқан мектептердің көпшілігі талапқа сай келмейді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары