Мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы дау әдетте дәстүрлі түрде ата-аналар жиналысында шешіледі. Дегенмен, мұндай мәселелер мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасында жасалатын шарт аясында реттелуі тиіс. Бұл шартта екі тараптың да міндеттері мен құқықтары көрсетіледі.

Өкініштісі, көптеген мектептер ата-анамен шарт жасасуды құнттамайды не жасасқан жағдайда ол тек қағаз жүзінде шартты түрде ғана іске асады. Сәйкесінше, ата-аналар да, мұғалімдер де өз құқықтары мен міндеттері туралы толыққанды хабардар емес. Соған орай Informburo.kz Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, шарт жасасудың тәртібі туралы ақпарат ұсынып отыр.

Оқи отырыңыз: Шетелде бакалавр оқу үшін дайындықты 9-сыныптан бастау керек

Заңда не жазылған?

Білім беру қызметін көрсету жөніндегі шартқа отыру "Білім туралы" заңның 26-бап, 13-тармағында қарастырылған:

Әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу шарт негізінде жүзеге асырылады, оның үлгілік нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Оқи отырыңыз: Оқушы білімін бағалаудың жаңа жүйесі. Ата-аналар неге наразы?

Шарттың барлық мектепке ортақ үлгісі бар ма?

Мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандары Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 93 бұйрығымен бекітілген.

Шарт не үшін жасалады?

Шарт орта білім беру ұйымы мен баланың ата-анасы, өзге де заңды өкілдері арасында баланың орта білім беру ұйымында болған кезеңінде тараптардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ, білім алушыны тәрбиелеу мен оқытуға өзара жауапкершілік тетігін белгілей отырып, өзара қарым-қатынасты реттейді.

Шарттағы міндеттер орындалмаса...

Шартта көзделген өз міндеттемелерін орындамағаны үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапты болады. Тараптар арасында келіссөздер, өзара қолайлы шешімдер жасау жолымен шешілмеген мәселелер республиканың қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі. Міндеттер орындалмаған жағдайда шарт бұзылады.

Шарт бұзылған соң...

Ата-аналар өз міндеттерін орындамаған жағдайда келісімшартты бұзуға құқылы. Келісімшарт бұзылған соң, бала мектепте оқуын жалғастырады. Ал ата-анаға әкімшілік жаза қолданылады. Шарттың орындалуын мектеп әкімшілігі қадағалайды.

Шарт бойынша ата-ана қандай кеңес ала алады?

"Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығына сәйкес, пән мұғалімдерінен және мектеп психологтарынан ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты кеңестер ала алады.

Оқи отырыңыз: Алматы мектептеріне сыймаған 30 мың оқушының мәселесі қалай шешіледі?

Оқушы сабаққа кедергі жасайтын техника әкелсе...

Сабаққа кедергі жасайтын түрлі техникаларды әкелмеу туралы мектептің жарғысында және мектептің ішкі тәртібінде көрсетілуі керек. Егер де оқушы сабаққа түрлі техникаларды әкелсе, сабақ уақыты аяқталғанша сынып жетекшісінде немесе пән мұғалімінде болу керек. Сабақ аяқталған соң, оқушыға қайтарылып беріледі. Бұл туралы мектеп пен ата-ана арасындағы келісімшартта көрсетілуі керек.

Оқушы зиянды әдеттерге әуестенсе...

Мектеп әкімшілігі оқушылардың темекі тартпауы, ішімдік пен нашақорлыққа әуес болмауы туралы алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруы қажет. Мәселен, түрлі сынып сағаттарын өткізеді, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Егер бала зиянды әдеттерге әуестенсе, ата-ана баланың тәрбиесімен айналыспағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бала тәрбиесіне көңіл бөлу туралы

Мектеп әкімшілігі келісімшарттың орындалуын ата-анадан талап ете алады. Алайда міндеттерді талап ету министрліктің құзыретіне кірмейді. Себебі, келісімшарт ата-ана мен мектеп әкімшілігінің арасында жасалады. Шарт үлгісінде "отбасында ұл-қыздың тәрбиесіне (әсіресе, қыз бала тәрбиесіне) қатты көңіл бөлу" ата-ананың міндеті деп жазылған. "Әсіресе, қыз бала" деп көрсеткен себебі – зорлық-зомбылыққа көбіне қыз балалар ұшырайды. Сондықтан қыз баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлу мақсатында көрсетілген.

Орта білім беру ұйымдарының құқықтары мен міндеттері

Құқықтары:

  • білім алушыдан, ата-анадан білім беру ұйымының жарғысын, актілерін сақтауын талап етуге;
  • білім алушыға кітапханадағы ресрустарды және тапсырмаларды орындау үшін компьютер техникасын қолдануына мүмкіндік беруге;
  • білім алушының ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде мектептен мектепке ауыстыруға;
  • білім алушыларға қосымша білім беру (ақылы немесе тегін) қызметтерін ұсынуға құқылы.

Міндеттері:

  • білім беру және тәрбие процесіндегі оқу жүктемесінің көлемін анықтап, санитарлық гигиеналық талаптарды сақтауға;
  • мектеп формасының талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз етуге;
  • білім алушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, моральдық, физикалық және психологиялық денсаулығын нығайтуға;
  • шартты бұзған жағдайда білім алушыға түскен кездегі құжаттарын қайтарып беруге;
  • білім алушыны ата-ана келісімінсіз және оның оқу үдерісіне зиян келтіретін болса қоғамдық және басқа да тапсырмалар орындауға тартуға жол бермеуге;
  • оқудың толық курсын сәтті аяқтағаннан кейін және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім туралы құжатты беруге міндетті.

Ата-ананың құқықтары мен міндеттері

Құқықтары:
  • баланы тәрбиелеу мен оқытудың барлық бағыттары бойынша білім беру ұйымымен өзара қарым-қатынас жасауға;
  • ҚР қолданыстағы заңнамасында көзделген оқыту-тәрбиелеу үдерісін іске асыруға қатысуға;
  • ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңесі, ата-аналар жиналыстарының шешімін орындауға;
  • ата-аналар комитеті арқылы білім ұйымының басқармасы органдарының жұмысына қатысуға;
  • өз балаларының үлгерімі, тәртібі және оқу жағдайына қатысты ақпаратты алуға;
  • психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда өз балаларын оқыту және тәрбиелеу проблемалары бойынша консультативтік көмек алуға;
  • қосымша қызметтерді алуға құқылы.
Міндеттері:
  • білім беру ұйымының Жарғысын және осы шарттың ережесін сақтауға;
  • ата-аналар жиналысына баруға, қажет болған жағдайда оқу-тәрбие процесі және нақты педагогикалық көмек көрсету бойынша жеке педагогикалық әңгімелесу үшін әкімшіліктің немесе мұғалімдердің шақыруы бойынша білім беру ұйымына баруға;
  • мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға;
  • білім беру ұйымын баланың сабақта болмайтыны жөнінде хабардар етуге;
  • ҚР заңнамасына сәйкес білім беру ұйымына оқушының кінәсімен келтірілген материалдық залалды қайтаруға міндетті.