Әлемде әрбір жетінші адам туған жеріне тұрақтамайды екен. Қазақстанда қалай?
Әлем тұрғындарының 1 миллиарды олай-бұлай көшіп-қонады екен
"Халықаралық мигранттар саны 258 миллион адам деген дерек бар. Тиісті түрде басқара алған жағдайда көші-қон – керекті құбылыс" деп санайды БҰҰ Көші-қон агенттігінің (Халықаралық көші-қон ұйымы) сарапшылары.
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылы қоныс аударушылардың 38 пайызы оңтүстіктен оңтүстікке, 35 пайызы оңтүстіктен солтүстікке, 23 пайызы солтүстіктен солтүстікке, 6 пайызы солтүстіктен оңтүстікке қарай көшкен.
Оқи отырыңыз: Еңбек мигранттарын құжаттандыру. Этникалық қазақтардың азаматтық алуын жеңілдетін заң жобасы талқыланып жатыр
Ал құрлықаралық көші-қонды алатын болсақ
Европа құрлығының өз ішінде 41 миллион, Африка аясында 19 миллион, Азия құрлығының өз шегінде 63 миллион, Азиядан Солтүстік Америкаға 17 миллион адам көшкен.
Африкадан Европаға 9 миллион, Азиядан Европаға 20 миллион, Европадан Азияға 7 миллион, Европадан Солтүстік Америкаға 8 миллион, Латын Америкасы мен Кариб аймағынан Солтүстік Америкаға 26 миллион адам қоныс аударған.
Көшу үздіксіз құбылысқа айналып отыр
Осынау үдере көшкендердің 48 пайызы – әйелдер екен. Соғыс өртіне ұшыраған Сириядан бір ғана Түркияға көшіп келгендердің саны 4 миллион адам болған. Иорданияға 1 миллион сириялық келді деген дерек бар.
Оқи отырыңыз: Көші-қон полициясы тіркеуді сатып жүргендермен күресе алмайтынын айтады
Ал Мьянмада қыспаққа ұшырап, көршілес Бангладешке үдере көшкен рохинжа мұсылмандарының саны 1 миллионнан асады. Бұл адамдардың барлығы қазір келген жерлеріндегі босқындардың шатырлы аймағында күн кешуге мәжбүр.
Қазақстан әлемдегі өз қандастарын қайтаруды қолға алған 3 елдің бірі
Германия және Израильде басқа. Тәуелсіздік жылдарында 1 миллиондай қазақ елге оралды.
Әлеуметтанушы (социолог) Серік Жақсылықовтың мәліметінше, осы жылдарда ішкі көші-қон айналымы да 2,5 есе өскен. Оның айқын мысалы – Елордасы. Мұнда 1989 жылы тұрғындар саны 281 мың болса, қазір 1 млн 70 мың адам болып, 3,8 есе артты.
– Қала тұрғындарының 80 пайызға жуығы – байырғы тұрғындар емес, басқа өңірлерден көшіп келгендер, – дейді Серік Жақсылықов.
Оқи отырыңыз: Солтүстікте ауылдар қаңырап жатыр. Ал оңтүстіктен келетін қазақ көші әлі шабан
Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру, бірқатар әкімшілік реформалар, соның ішінде Түркістанды облыс орталығына айналдыру да осы қатарда. Өйткені, республика бойынша барлық ауыл тұрғындарының 40 пайызы оңтүстікте, Түркістан мен Алматы облыстарында тұрады екен.
Этникалық қазақтарды репатриациялау бағдарламасы шеңберінде өңірлік квоталар белгілеу, оңтүстік тұрғындарын солтүстік өңірлерге көшіруге бағытталған "Нұрлы көш" бағдарламасы, оңтүстік облыстардың ауыл жастарын солтүстіктегі оқу орындарына бағыттауға арналған "Серпін" мемлекеттік оқу гранты және т.б. бағдарламаларды атауға болады.
Қазақстаннан сыртқа көші-қон
ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше 2009-2017 жылдар аралығында Қазақстаннан:
- Ресейге – 272 112;
- Германияға – 17 186;
- Беларусь мемлекетіне – 7073;
- Өзбекстанға – 2398;
- АҚШ-қа – 2158;
- Украинаға – 1996;
- Канадаға – 1415;
- Қырғызстанға – 1311;
- Израильге – 998;
- Қытайға – 450 адам көшкен.
Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс әлемдегі көші-қонды тіптен ушықтырып жіберді
2016 жылы Европада миграциялық дағдарыс басталды. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан бастау алған миграциялық дүрбелең ешқашан қабырғасы қақырамастай сезілетін Европаның өзін есінен тандырды.
ЕуроОдақтың бірқатар мемлекеттері келушілерге қарсы виза ережелерін қатайтып, шекарасын жапты, шекара сызығын бойлай тікенекті қоршаулар тарта бастады. Заңдарын барынша қатайтты. Бұрын жәрдемақысын аямай келген кейбір мемлекеттер қатаң үнемдеу саясатына көшіп, еңбек миграциясына қатысты бағдарламаларын қысқарта бастады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 76 мыңнан астам шетелдік азамат жауапқа тартылған
Америка Грин-карт бағдарламасын жабу туралы ойлана бастады
Бұл негізін мигранттар қалаған АҚШ-тағы әңгіме. Мұнда сан ондаған жылдар бойы білімді мигранттары тартатын Грин-карт бағдарламасы жұмыс істеп келеді.
Дональд Трамп командасы оны жабу туралы жарлық жобасын әзірледі. Көршілес Мексикамен арада қамал-қабырға тұрғызу мақсатында демократтар билейтін Конгреспен қырқысуға мәжбүр.
Миграция құбылысы Европаның да бірлігін бұзды
Бір үйде бір баладан артық асырмайтын олар өздерінің болмыстарынан айрылу қаупі төнгенін шындап сезінді. Европада ксенофобия дерті күшейді. Бірқатар елде мигранттарға қарсы шерулер ұйымдастырылды. Оларды қылмыстық және басқа да тұрғыдан қудалай бастады. Европалықтардың әйгілі толеранттылық саясаты құлаудың аз-ақ алдында қалды.
Кәрі құрлықтағы ең дамыған мемлекет Германияның өзінде мигранттарға қатысты жайттарды бүркемеледі және көші-қон үдерісін тоқтатпады дегенді желеу етіп, евроскептик саясаткерлер Ангела Меркельдің өзін өкілеттілік мерзімі аяқталғанда биліктен кетем деп айтуға мәжбүрледі.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер
Брекситке де бірден-бір себепкер – көші-қон мәселесі
Европа аясындағы шекараның ашықтығынан Азия мен Африкадан келушілердің ағынын басқарудан қалған Ұлыбританияға Одақтан шығу туралы референдум өткізуге тура келді. Брексит Тереза Мэйдің үкіметін де орнынан түсіре жаздады.
Австриялық Майкл Ньюсон Халықаралық көші-қон ұйымының Оңтүстік-Шығыс Европа, Шығыс Европа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі және адами даму мәселелері жөніндегі аға маманы.
Оның пікірінше, Брекситтен кейін де, қазір де Ұлыбританияға мигранттар қажет, бірақ олар елге қандай, қанша адамның қалай келіп жатқанын білгісі келеді. Ал демографиялық және еңбек нарығында қалыптасып отырған ағымдарға сәйкес Европалық Одаққа 2050 жылға таман 50 миллион мигрант қажет болады.
Оқи отырыңыз: Бай болса – шетелдік инвестор, кедей болса – оралман
Көші-қон ешқашан тоқтамайды
Халықаралық ұйым сарапшылары осылай деп санайды. Африкадан үрлемелі қайықтармен Италияға бет алып, жолай өлім құшқан мигранттардың нақты санын ешкім білмейді. Осылайша, 21 ғасырда мигранттардың сапары өмірге қатер тудыратын саяхатқа айналып отыр.
World Press және Spot News-тің фотосинглдер байқауында жылдың фотосуреті деген марапатқа Уоррен Ричардсонның "Жаңа өмірден үміт" атты фотосуреті ие болды.
Мұнда Сербия мен Венгрияның шекарасында Рошке қаласындағы шекараның тікенек қоршауы арқылы баласын беріп жатқан ер азаматтың фотосуреті бейнеленген. Сурет 2015 жылы осы Венгрияда көші-қонға қарсы көзқарас қайнап тұрған кезде түсірілген.
Оқи отырыңыз: Азаматтықтан шығу. Қазақстанда бұл рәсім қалай жасалады?
Сирияға кеткендер де – мигрант. Енді қайтқандарды не істейміз
Мемлекет қазір ондағы исламшылардың сапында болғандарды, олардың отбасы мүшелерін кері қайтарып алуға әрекет жасап жатыр. 30 адамның қайтарылғанын арнаулы қызмет сәтті операция ретінде жария етті де.
Майкл Ньюсонның пікірінше, енді оларды қоғамға кері тарту керек.
– Тек Қазақстан ғана емес. Жалпы экстремизмнің қармағына түсіп қалуы ықтимал жандарды дөп басып табу, оларды қоғамға қайта интеграциялау, бетін кері бұруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру біршама қиындық тудырады. Бірақ бұл бағытта ойланатын шаруа өте көп, – дейді ол.
Ішкі мигранттарды да интеграциялау қажет
Майкл Ньюсонның пікірінше, еңбек нарығын реттемесе, шетелден еңбек күшін тарту жұмыс орындары үшін бәсекелестікке, әлеуметтік қайшылыққа әкелуі мүмкін. Мемлекет қоғамның қас-қабағын аңдып, жан-жақты ойластырып, сараптап отыруы тиіс.
Қазақстан биыл осы бағыттағы жұмыстарға деп 26 млн теңгеге тендер жариялаған. Қазір үкіметтік емес ұйымдар құжат тапсыруда.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктерді міндетті түрде тіркеуді алып тастау жұмыстары қарастырылып жатыр
Қазақстанда ішкі көші-қонның ағыны екі бағытта өрбіп отыр
Бірі – Астанаға, екіншісі – Алматыға. Өңіраралық миграциядағы оң сальдо тек осы екі қалада.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы Алматыда 1 млн 134 мың адам тұрған. Қазір мұндағы халық саны 1 млн 854 мың. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, алматылықтардың саны соңғы бір жылда 51,6 мың адамға артқан.
Ал мегаполиске еңбек көші-қонымен келген шетелдіктерді тағы да қосыңыз.
Алматыға шет елден бастық пен маман шақырады
Әлеуметтік даму жөніндегі басқарманың ақпаратына сәйкес, 2019 жылы Алматыға шетелдік жұмыс күшін тартуға 4322 квота бөлінген. Олар негізінен бизнесті дамыту жөніндегі менеджер, қаржы директоры, басқарма басшысы, өндіріс жөніндегі атқарушы директор, жоба жетекшісі, маркетинг жөніндегі директор, синхрондық аудармашы, инженер-технолог және т.б. қызметтерге шақырылады.
2017 жылдан бастап Қазақстанда жоғары кәсіби білікті мамандардың ашық нарығын қалыптастырылды. Мәселен, 2001 жылы еңбекке рұқсат алуға 4-5 ай уақыт кетсе, қазір ол электрондық форматта 20 күннен аспайды.
Оқи отырыңыз: Оралман, қандас, бауырлас, ағайын немесе отандас. Дұрысы қайсы?
Ел өңірлері арасындағы теңсіздікті қысқартуға нақты жоспар қажет
Халықаралық көші-қон ұйымының сарапшылары Қазақстандағы интеграциялық қызметтер негізінен ішкі мигранттарға және этникалық қазақтарға ғана бағытталған деп санайды. Олардың пікірінше, керісінше, еңбек мигранттары ақыл-кеңеске мұқтаж.
Мамандар көшіп келушілер мен жергілікті тұрғындар арасында кикілжіңді болдырмау, сегрегацияның қалыптасуына жол бермеуді әуел бастан қаланы жоспарлауда ескерілу керек дейді. Тіпті көлік желісін жоспарлағанда да мұны естен шығармаған жөн екен.
– "Дженерал моторстың" отаны ретінде гүлденген Детройт қаласы қазір, ақ нәсілділер қаладан жаппай қоныс аударғаннан кейін, жұмыссыз қара нәсілділердің қылмыс пен қарақшылыққа толы "елес қаласына (призрак)" айналғанын дүние жүзі біледі. Дәл осы секілді сегрегация Ұлыбританиядағы Бирмингемде де бар. Оған жол бермей, қала тұрғындарының өзара танысып-білісіп, интеграциялануына оңды әсерінің мысалы – Сакраменто, –дейді Майкл Ньюсон.
"Ел үкіметі бұған дейінгі көші-қон ағындарын реттеу бойынша нәтижесіз аяқталған қадамдарынан сабақ алу керек, осы саладағы басты саясатты өңірлік еңбек нарығын жақсартуға және ел өңірлері арасындағы теңсіздікті қысқартуға бағыттағаны жөн. Және Қазақстанды солтүстік, оңтүстік және батыс деп идентификация тұрғысынан бөлуге мәжбүрлеп отырған өңірлік айырмашылыққа барынша назар аударылуға тиіс"дейді Серік Жақсылықов.