Жуырда Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке деректердің тарап кетуі көпшілікті сары уайымға салды.
Жаппай egov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп көрсетілген қызмет тізімін қарай бастаған жұрт өздері тапсырыс бермеген қызметтің көрсетілгенін Facebook желісінде жарыса жазып, тіпті жеке меншік үйінде бейтаныс адамдардың тіркеуде тұрғанын айтып алаңдай бастады.
Адам жоқ – қоқысы бар
Дилара Савруктың 1999 жылдан бері тұратын пәтерінде соңғы үш жылда танымайтын ер адам тіркеуде тұр. Және ол өзінің атына сот орындаушыларынан хат келіп жатқанын айтады.
Дилара бұл адамды әкесінің де тіркемегеніне сенімді. Себебі әкесі осыдан алты жыл бұрын дүниеден озған.
– Басқасын айтпағанда, үйімде кімнің тіркеуде тұрғанын базадан біле алмайтыныма қорқамын. Осылай жалғаса берсе, тіркеуде тұрғандардың бірі ебін тауып пәтерімді өз атына аударып алмайтынына кім кепіл? Ақыр соңында үйіңде кімнің тіркелгенін өзің қадағалауың керек еді деп, бәленің бәрін өзіме аудара салады ғой, – дейді ол.
Айтуынша, былтыр уақытша тіркеу мәселесі күйіп тұрған кезде ол өзін мазалаған осы сұрақты Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне қойған екен. Орталық қызметкерлері ол адамды біреу пәтеріңізге тіркеп қойған шығар, біз базаны көре алмаймыз деп шығарып салған.
Бергі жағын айтар болсам, сол адам үшін мен ай сайын қоқысты шығару қызметіне 300 теңге төлеп отырмын. Аз да болса ол – менің ақшам. Неге мен тұрмайтын адам үшін коммунальдық қызмет ақысын төлеуім керек, – дейді Дилара.
Мен өз бетімше анықтауға тырыстым...
– Үйге келіп жатқан хаттардан ол адамды алимент төлемей қашып жүргені үшін іздестіріп жатқанын түсіндім. Хатта арызданушы әйелінің номері көрсетіліп тұр екен. Сол кісіге хабарластым. Ол адам Шымкент қаласында тұрады екен, ал мына мекен-жайда тіркелгенін оған заңгерінің тауып бергенін айтты.
Енді қараңызшы, айдаладағы заңгер кімнің, қайда тұратынын оп-оңай анықтай алады, ал халыққа қызмет көрсету орталықтары мұндай ақпарат бермейміз дейді, бұл – ақылға қонымсыз. Сонда олар тіркелушіні қайда тіркеп жатқанын көрмейді ме, – дейді Дилара.
Ақшаң болса, тіркелу оңай
Шындығында мекен-жайға тіркелу мәселесі – халықтың жанды жері. Себебі балабақшаға кезекке тұру үшін де, жұмысқа кіру үшін де талап етілетін тұрақты тіркеуді айтпағанда, бір жерде 10 күннен артық тұрақтасаңыз уақытша тіркеуге тұруға міндеттісіз. Әйтпегенде айыппұл салынатыны тағы бар.
Алайда, ақшаңыз болса, бұл мәселені де шешуге болады. Аттап бассаң, тіркеудің қандай түрі болса да жасап береміз деген хабарландыру көп.
Мәселенің анық-қанығына жету үшін олардың біріне біз де хабарласып көрдік. Өзін Қанатпын деп таныстырған жігіт тіркеудің әр түрінің құнын тізбектеп берді.
Тұрақты тіркеу қымбат
Қанат әңгімесін уақытша тіркеуден бастады. Қолымнан осы ғана келеді деген ол, сөйлесе келе, қалтаңыз көтерсе барлығын жасауға болады деп ашық айтты.
– Тұрақты тіркеу қымбат – 25 мың теңге. Алматы ауданы бойынша тұрақты тіркеуге қойып бере аламын. Тек қай мекен-жайға тіркейтінімізді айта алмаймыз, сол күні ғана белгілі болады, – деді ол.
Айтуынша, соңғы кездері бұрынғыдай емес, бұл процедура біршама қиындай түскен. Сондықтан да анау-мынау бағаға ешкім келісе қоймайды. Дегенмен олардың өзі уақыт өте шығарып тастамайтынына кепілдік бере алмайды екен.
– Халыққа қызмет көрсету орталығы тіркейді. Қазір сенімді емес бәрі. Егер қоқыс үшін немесе су үшін түбіртекте шығып қалатын болса, амал жоқ шығарады, – дейді Қанат.
Тіркеуден шығарып тастаса, ақшаңызды қайтарып ала алмайсыз
– Әрі қарай да тіркеу керек болса, тағы ақша төлейсіз. Ана жақта бөлісетін жерлер бар. Баға 25 мыңнан арзандамайды. Мен істеймін, істей алмасам басқа адамдар істеп береді. Мен Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істемеймін, арасында жүгіріп жүремін.
Сарыарқа ауданына тіркеу істей алмаймыз, қымбат. Бір рет тіркесең, шығарып тастаса екінші рет қайта тіркей алмайсың. Ал негізі Сарыарқа ауданына тіркелем десеңіз 35 мың теңге, отбасылы болсаңыз ғана бірнеше адамды тіркей аламыз, әйтпесе бір мекен-жайға бір адамнан артық тіркемейміз, – дейді Қанат.
Астана арзан, Алматы қымбат
Айтуынша, Астанада баға салыстырмалы түрде арзан. Себебі Алматы қаласында дәл осылай тіркеп беру үшін адам басына 65 мың теңге алады екен.
– Өткен күнмен тіркеу қазір жоқ, болған күннің өзінде қымбат, қалтаңыз көтере алса ғана аласыз. Бір адамға 150 мың теңге сұрайды. Мен оны сұрастырып көрейін, – дейді ол.
Айтуынша, аса көп кедергі бола бермейді. Тек сайлау мен референдум болмаса болды. Себебі тек сол кезде бір үйде қанша адам тіркеуде тұрғанын әкімдік тексере бастайды. Қанша адам дауыс береді деп анықтайды, – дейді ол.
Азаматтарға арналған үкімет: Біз емес, көші-қон полициясы
– Жалпы тіркеу үрдісі тіркеу бөлімінен басталады. Ол жерде келушіге электронды кезек талоны беріледі. Әр кезек, әр қадам ақпараттық жүйеде тіркеледі. Яғни, белгілі бір талап шеңберінде. Кезекте тұру, сізге қызмет көрсету уақыты да 20 минуттан аспауы керек.
Жалпы барлық үрдіс мемлекеттік қызмет стандарты бойынша жіктеліп жазылған, – дейді Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметін үйлестіру департаментінің директоры Ерлан Шуренов.
Айтуынша, тіркеу бойынша қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарында отыратын көші-қон полиция қызметкерлері көрсетеді.
– Уақытша тіркеу жаңадан енгізіліп жатқан кезде, қарбаласты, процессті жеңілдету үшін тіркеуге тұратын адамдардың құжатымен үйдің иесінің келуіне рұқсат берілген болатын. Енді ол мүмкін емес. Үйдің иесі мен тіркелетін адамның өзі келуі шарт.
Сонымен қатар, пәтер иесін ескертпей адамды тіркеу мүмкін емес. Тіркеуге алатын пәтер иесінің келісімі керек. Егер келісімінсіз тіркелу жағдайлары болып жатса – ол көші-қон полициясының құзырында. Барлық тіркеу бойынша атқарылатын іс-әрекеттер ІІМ ақпараттық жүйесінде тіркеледі, – дейді Ерлан Шуренов.
Тіркеуге тұру оңтайланады
– Принцип сақталады. Өзгеретіні – талап етілетін құжат тізімі, – дейді Ерлан Шуренов. Айтуынша алдағы уақытта тұрақты да, уақытша да тіркелуге бір ғана жеке куәлігіңіз болса жеткілікті.
Қайталап ескертеміз: үй иесі де, тіркеуге тұратын азаматта өз аяғымен келуі шарт.
Бұрын тіркелу үшін үйдің құжатын, жеке куәлігіңізді, одан басқа үйдің техникалық паспортын, ертеректе, тіпті, әскери комиссариаттан құжат сұратып жататын. Ал қазір ақырындап оңтайланып жатыр. Бір дорба құжат арқаламай жеке куәлікпен келіп, біршама жұмыстарды бітіріп алуға болады. Біз осыған келе жатырмыз, – дейді Ерлан Шуренов.
– Сіздің ЖСН бойынша базадан үйіңіз бар ма, жоқ па көрініп тұрады. Болса қандай үй, кімді тіркегіңіз келеді – барлығы үйдің иесінің келісімі бойынша жүзеге асып отырады.
Енді жылжымайтын мүліктің де ЖСН-ы болады
– Сонымен қатар алдағы уақытта, әрбір пәтер не жер, не басқа да жылжымайтын мүлік үшін арнайы МТК (мекен-жай тіркеу коды) берілетін болады, – дейді Ерлан Шуренов.
– Оны жылжымайтын мүліктің ЖСН-ы деп түсіну керек. Бірақ ол енді енгізіліп жатыр. Ол – 17 цифрдан құралады. Алдағы уақытта жылжымайтын мүлігіңіз туралы ақпаратты осы 17 сан арқылы біліп отырасыз. Бір сөзбен айтқанда қағаз құжаттан құтыламыз, – дейді ол.
Айтуынша, жоба Алматы мен Астана қалаларында сынақ жүзінде іске қосылғанына жарты айдай уақыт болыпты.
– Бірінші қарашадан бастап республика бойынша жүйедегі ақпарат жаңартыла бастайды. Алайда, проблемалар болуы мүмкін, оны жоққа шығара алмаймыз, – дейді Ерлан Шуренов.
Мысалы, сіздің жылжымайтын мүлік нысаныңыз бойынша МТК коды болмауы мүмкін. Нысан бойынша құқығыңыз бұрын МТК код болмаған кезде тіркелуі мүмкін. Мұндай жағдайда, архитектура осы МТК кодтарды береді. Ол үшін сол халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, мекен-жайды анықтап барып, МТК код беріледі.
– МТК код берген соң, жүйедегі басқа ақпараттар да жаңартылып, алдағы уақытта сіздің МТК кодыңыз бойынша кез келген операцияны жасауға болады. Әділет министірлігінің есебінше, тұрғын үйлердің жалпы санының 1-2 пайыз үлесінде ғана осындай мәселе туындауы мүмкін екен.
Осы код барлық мәселені шешіп береді
– Біздің тарапымыздан жасалатыны тек электронды кезек, ыңғайлы отыратын орындар, күту залдары. Бұрын қалай еді, естеріңізде болса? Паспорт столдарының маңында қандай кезек тұрушы еді? Біз барлығын орталықтандырдық.
Алайда, тіркеу де басқа да процесстер де тіркеу бойынша көші-қон полициясының міндеті болып қала береді. Олар – құқық қорғаушы орган. Оларда қолданыстағы заң жүктеп отырған әкімшілік және қылмыстық кодекс бойынша белгілі бір жауапкершілік бар, – дейді Ерлан Шуренов.
Айтуынша, халық тарапынан үйімде кім тіркелген, қанша адам тіркелген деп білгісі келетіндер көп. Сол сұрақтарды жою үшін МТК код енгізіліп жатыр.
– Бұл міндет үкімет деңгейінде тұр. Дәл қазір электронды үкімет порталын пайдалана алсаңыз мүлігіңіз бойынша ақпарат бар. Ал қанша адамның тіркелгені туралы ақпарат әзір жоқ.
Енді үйіңізде қанша азаматтың тіркелгені, қашаннан бері сіздің үйіңізде тіркеуде екендігі туралы ақпарат ашық болады. Ұзақ уақыт зерттелген бағдарлама. Қазір мәреге жетіп қалдық. Аз қалды, бір екі ай ғана, – дейді Ерлан Шуренов.
Көші-қон полициясы: Біз хабарландыруды жұла алмаймыз
Көші-қон полициясының айтуынша да, үйіңізде тіркеуде кімнің тұрғанын нақты білу қиын. Себебі кезінде, жүйе енгізілген уақытта техникалық қателіктер болған, соның салдарынан ол ақпаратты көре алмайды екенбіз.
– Желідегі көтеріліп жатқан мәселелер бойынша ештеңе айта алмаймын. Өйткені үй иелерінің өздерінің арыздарымен тіркейді. Мысалы сіз үйдің иесі болсаңыз, осындай азаматтарды менің үйіме уақытша не тұрақты тіркеуге алуыңызды сұраймыз деген арызбен келесіз. Сол арызға байланысты сіздер мемлекеттік алым төлеп, біздің қызметкерге бересіз. Болды, – дейді Астана қаласы ІІД көші-қон қызметінің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі инспектор, полиция подполковнигі Қанат Досмағанбетов.
Ал үйіңізде кімнің тіркелгенін білгіңіз келсе...
– ХҚКО-тарындағы не аудандағы көші-қон полициясының бөлімшелеріне арыз тастап кетесіз. Сол арыз бойынша қызмет атқарып, сізге жауап береді. Әзірге адамдар ашық түрде үйінде кімнің тіркелгенін біле алмайды, – дейді Қанат Досмағанбетов.
– Кейде бізге менің үйімде танымайтын біреу тіркеуде тұр деп келеді. Мысалы, Пәленше Пәленшеев делік. Енді біз оны анықтау үшін ол тіркелген адамның ЖСН-ы керек. Онсыз ештеңе көрінбейді. Ол болмайынша, біз ешқандай зерттеу жүргізе алмаймыз. Кімнің, қай жерде тіркелгеніне дейін жасырын қалады. Тіпті бір әріп қате кетсе де базадан ешқандай ақпарат шықпайды, – дейді Қанат Досмағанбетов.
Айтуынша, тұрақты да, уақытша да тіркеуге пәтердің көлеміне қарай еш шектеу жоқ. Мәселен, сіз 60 шаршы метр пәтеріңізге неше адам болса да тіркеуге алуыңызға болады.
Көшедегі хабарландыруларға қатысты ештеңе айта алмаймын...
– Біздің қызметкерлер оларға қарсы жұмыстар атқарып жатыр. Кейбіреулерін ұстап та алды. Жаздыкүні сондай хабарландыру іліп жатқан жерінен бір жігітті ұстап алып, хаттама толтырдық. Заңсыз істеп жүрген адамдар. Олар әрекеттерін қалай жүзеге асырып жүргенін айта алмаймын, дейді Қанат Досмағанбетов.
– Біздің бөлімде төрт-бес қана адам. Көше бойындағы хабарландыруларды жұламыз ба? Әлде басқа жұмыстарымызды істейміз бе?
Мүмкін бір жерде қателесті ме, әлде...
Айтуынша, көші-қонның ХҚК орталықтарындағы қызметкерлері онсыз да әкімшілік жазаланып келеді. Тіпті сөгіс те алады.
– Мүмкін бір жерде қателесті ме, әлде біреу үйдің иесімін деп алдап кетті ме, білмеймін. Мен анау істеді, не мынау істеді деп айта алмаймын. Бұрынғы кезде өтіп кеткен шығар. Біздің қызметкерлер құжаттарды ғана тексереді.
Мысалы, осыдан 4-5 жыл бұрын сайлау болғанда әкімдік тарапынан да мына қызметкерімізді, ана қызметкерімізді тірке деген де жағдайлар болған.
Мәселен, сіз әкімдікте жұмыс істейтін болсаңыз, әкімдіктің мекен-жайы бойынша тіркелетінсіз. Уақыт өте оны да алып тастадық, – дейді Қанат Досмағанбетов.
Абаев бәрінің жақсы боларына сенеді
Күні кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен ХҚКО жұмысын жақсарту жөніндегі жұмыс кеңесі өтті.
Министр Алматы қаласындағы ХҚКО қызметкерінің адамның жеке басына қатысты мәлімметтерді жариялап жіберген қателігіне байланысты:
– Менің білетінім, Алмалы ауданында бөлім басшысы мен маманы жұмыстан шығарылды. Алматы қаласы ХҚКО департаментінің директоры да қызметтен босады. Меніңше, бұл аз. Сондықтан ХҚКО жетекшілік ететін мемлекеттік корпорация төрағасының орынбасары Балташеваға сөгіс жариялауды тапсырамын, – деді.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер болмайтынына сенетінін айтты.
Жиында Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, еліміздегі ХҚК орталықтарында қызмет көрсету сапасына бақылау күшейтілген.
– Орталыққа қызметке кіргендер жұмысқа кіріспес бұрын, құпия ақпараттарды жарияламау туралы келісімшартқа отырады. Келешекте азаматтардың құжатын алмас бұрын, алдымен иесінен рұқсат сұрайтын болады. Атқарылатын барлық шаралар "Сандық Қазақстан" бағдарламасының аясында жүргізілетін болады, – дейді Абылайхан Оспанов.
Айналып келіп айлыққа тіреледі
– Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 75 мың теңге екенін білесіздер ме?
Ойлап қарасыңыз, күні бойы отырып осындай ғана жалақы алатын адам қосымша табыс табуға бейім болады. Тіпті бізде, тіркеуге тұрғызу ашық жүріп жатыр – газет-журналдарды ашып қалсаң, хабарландыру көп.
Мұның бәрі кім арқылы жасалып жатыр деп ойлайсыздар? ХҚКО қызметкерлері арқылы екені айдан анық емес пе, – дейді қоғам қайраткері, блогер Ғалым Байтук.
Азаматтарға арналған үкімет – арамтамақ жүйе
– Енді қараңыз, азаматтарға арналған үкімет құрды. Үлкен корпорация. Біз тағы бір арамтамақты қолдан жасап алып отырмыз. Тексеретіндердің үстінен тексеру үшін.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс жасайды, оларды 550 адам бақылап отырады. Олардың айлықтары жоғары. Барлық қызметті атқарып жатқан ХҚКО қызметкерлерінің айлығынан әлдеқайда көп, – дейді ол.
Айтуынша, ХҚКО қызметкерлері адамды тіркеуге тұрғызу немесе анықтама бере салу ештеңе етпейді деп ойлайды. Ал қазіргі жаңа заң оған тыйым салып отыр. Олар арам ниеттерінен бармайтын да шығар. 75 мың теңгеге күн көру қиын, оларға да ақша керек болғасын, қолында барда қоншынан басып қалғысы келеді.
Азаматтарға қызмет көрсету орталығы елдегі ең жүйелі мекеме болу керек
– Ал мен тіпті басшыларының кәсіби талапқа сай екеніне күмәнім бар. Олар адамдармен жұмыс жасап көріп пе екен? Олардың отырған кеңселерінің өзі жайлы. Бұл корпорацияның табысы соншалықты жақсы ма?
Жалпы бізге бұл корпорация керек пе? Неге жеке деректер жария болғаны үшін еден жуушыдан бастап, жұмыстан шығаруға дайын тұрады? Меніңше азаматтарға арналған үкіметтің басшысының өзі жүйелі қателік жасап, бәрін бұзып отыр.
Ол оны жұмыс барысында жөндей алмады. Өркениетті елде мұндай кезде басшы жұмыстан кетеді. Ештеңе етпейді деп отыруға болмайды. Проблема ұсақ-түйектен басталады, – дейді Ғалым Байтук.
– Көші-қон полициясы ХҚКО ғимаратына отырады екен. Барлық мәселеде осында. Егер миграцияның жұмысын жүйелі бақылауға ала алмаса 550 адам не қарап отыр сонда? Жұмыс істеу керек. Көптеген қызмет түрлері әлі күнге дейін ІІМ жүйесінде. ХҚКО алу керек өздеріне. Жүйе құрыңдар. Регламент жасаңдар, – дейді ол.
Шешілмеген тек ішкі мәселе
– Алик Шпекбаевтың басшылығымен арнайы топ құрып, бармақ басты көз қыстыны болдырмау үшін жұмыс жасадық. Біз жемқорлықтың сыртқы мүмкіндіктерін жойдық. Тексеріп жүрміз. Ішкі мәселелер қалып отыр, – дейді Ғалым Байтук.
– Үйінде кімнің тіркеліп тұрғанын таба алмай жүрген менің де таныстарым бар. Біз емес, көші-қон полициясы дегендері – сылтау.
Мен Абылайхан Оспановтың кетуін талап етемін. Осы ұйымда нақты кімдердің жұмыс істеп жатқанына дейін анықтайтын боламын, өте қызықты мәліметтердің шығатынына сенімдімін, – дейді Ғалым Байтук.